Мектепте тарих пәнін медицина тарихын оқытудан бастау керек
Informburo.kz медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасованың facebook желісіндегі пікірінің аудармасын ұсынады.
Қазір көп адам вакцина тақырыбында хайп жасай бастады: "ура, екпеге қарсы петицияға 73 мың антиваксер қол қойыпты" дейді. Көбінесе сапасыз вакциналар сатып алынады деген уәж айтылады. Төмендегі сурет 2020 жылғы 16 наурызда жарияланған, әлі де тұр, фармакологиялық бақылау сайтынан көруге болады.
Вакциналардың сапасы өте жоғары, үздік өндірушілерден (Жапония, Франция, Бельгия, т.б.) алынады. Бұдан артық қандай кепілдік керек? Шын мәнінде бәрі ойластырылған, антиваксерлер тек халықтың өндірушілер туралы хабары жоғын өз мақсатына пайдаланады.
Мына суретте қандай эксперименталдық вакциналар бар? Гардасил ма (жатыр мойны обырына қарсы)? Оның шыққанына 14 жыл болған! Бұл – осы күнге дейін әлемде ойлап табылған вакциналардың ішіндегі ең жақсысы.
Оқи отырыңыз: Вакцинацияға қарсылардың саны 17 мыңға жуықтады. Бас тарту себептері қандай?
Мен бұл тақырыпта иммунологпен сөйлесіп, Гардасил туралы арнайы пост жазғанмын. Бұл вакцинаның ерекшелігі – ұлдарға да әсері бар, яғни жыныс мүшесінің обырына қарсы салуға болады. Одан бөлек бірнеше жағымды әсері бар: денеге папиллома (сүйел) шықпайды, яғни, вакцина жатыр мойны обырынан ғана емес, папиллома вирусының барлық түрінен қорғайды.
Заң жобасында күштеп екпе салдыру туралы бір ауыз айтылмаған, міндетті екпе және қандай да бір көрсеткіштерге қарай уақытша салдырмау деген ұғым ғана бар.
Мен ол петицияны оқыдым – псевдоғылым мен ойдан шығарылған фактілерден құралған дүние.
Қазір пневмококктің өзіне ғана қатысты, (2001 жылға дейін) екпе салдыра бастағанға дейін пневмококктан болатын пневмониядан (өкпенің қабынуы) жылына 1 500 000 адам өліп отырғаны, оның бір миллионға жуығы – бес жасқа толмаған балалар екенін белгілі. Қазір бұл көрсеткіш – балаларды қоса есептегенде жылына 600 мың адам ғана.
Қызылша туралы бұрын көп жазғанмын. Бұл жерде антиваксерлер үстем болып тұр: 2017 жылы қызылша жұқтырған екі-ақ жағдай болса, 2018 жылы 500-ден асты, ал 2019 жылы – 13 226 жағдай тіркелген! Қызылша жұқтырудан былтыр бірінші орында Мадагаскар тұрса, екінші орында Украина (антиваксерлер біраз еңбектенген сияқты) тұр, тоғызыншы орын – біздікі! Мақтанарлық-ақ жағдай, иә? Қараңғылық пен надандық мақтан болса...
Оқи отырыңыз: Елдің батысы екпеге қарсы. Вакцинацияны міндеттеу кімнің құқығын шектейді?
Дүниежүзінде вакцинация жөнінде екпеге ерекше реакция беретін балаларды қалай анықтау керек екені ғана мәселе болып тұр. Ондай балалар аз болса да бар және антиваксерлер соларды өз пропагандасына жалау қылып ұстайды. Бірақ қазіргі медициналық шегеру тәсілі осы проблеманы шешіп отыр. Жақын арада бұған генетикалық анализдер қосылады.
Иә, антиваксерлер екпе салдыратындардан артып кетсе, ауру жөнінен ортағасырға бір-ақ түсеміз. Ортағасырды айтпай-ақ қояйын, осыдан жүз-ақ жыл бұрын қыздар 12-16 жасында тұрмысқа шығып, 25 жасқа келгенше оншақты бала табуы керек болатын. Олардың тым болмаса біреуі тірі қалуы үшін керек еді ол. Екі, үш баласын аман алып қалған отбасы кем де кем еді. Әйел тек үйінде отырып, аурудан көз ашпайтын балаларын бағуы керек болатын. Екпенің арқасында ғана әйелге құқық беріліп, ол балаларының көбі шетінеп кете береді деген үрейден арылды.
Иә, антиваксерлердің арқасында жер бетіндегі адам саны азаяды, жұрт қызылша, қызамық, шешек, күл ауруынан, көкжөтелден және басқа көптеген аурудан қырыла бастайды. Олар соны қалайтын да шығар.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Бұл ауру туралы не білу керек
Балаларымыз екпе салып бетін қайтаруға болатын аурулардан өлгенін қалайсыздар ма? Ендеше, антиваксерлерге сенерде ақылға салып ойланатын дүние көп.
Тағы айтарым. Қазірге дейін екпе салдырмағандар әлі ауырмай жүргені айналасында екпе салдырғандар көп болғанының арқасында ғана. Екпе салдырғандар инфекция тасымалдаушы бола алмайды. Олардың ағзасына түскен кез келген микроб өліп қалады, өзгелерге көшпейді. "Екпе салдырмасақ та, ауырмай-ақ жүрміз ғой" дейтіндер алдымен осыны ойласа екен.
Екпе салдырмағандар екпе салдырғандардың арқасында ауырмай жүргенін бағалай білсе...
(мәтінді ықшамдап аударған Назгүл Қожабек)