"16 жерінен пышақтаған". Соққыға жығылған әйелдерді кім қорғайды?
Заңгер қандай жағдай болмасын, татуластыруға өтінім беретіндердің саны көптігін айтады."Әйелі үйге кешігіп келсе, баласын ұрған. Күйеуі әйелін өз әкесімен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген". Сау адамның миына сыймайтын мұндай сұмдықты Түркістан облысының заңгерлері айтты, деп хабарлады 31 арнаның "Сөздің шыны керек" бағдарламасы.
Шымкенттік құқық қорғаушылар "лифт ішінде әйелін тепкінің астына алған немесе көшеде жарын соққыға жыққан жігіт туралы фактіні ел бейнежазбаға түсіп қалғандықтан білді. Бірақ мұндай сорақы деректер оңтүстік өңірде өте жиі кездеседі, сөйтсе де әйелдер өзін азапқа салған, соққыға жыққан күйеуінің қылмысы туралы жақ ашпайды. Ал оны көрген қайынжұрты көрмеген күй танытса, шырылдап шешесін қорғаған балалары да анасының жарасы жазылған күні ол сұмдықты ұмытады" дейді.
"Шарасыздықтан өзіме қол салмақ болдым"
"27-сі күні кішкентайым нан, сүт сұрап жылады. Соған ештеңе тауып бере алмай, шарасыз болдым. Осыларды алып, әркімге қол жайғаннан гөрі деп, кеткеніміз дұрыс деп, балаларымды шомылдырып, ертеңінде бұл өмірден кетуге дайындалдық", – дейді Маржан есімді кейіпкер (есімі өзгертілді).
Өз-өзіне қол жұмсамақ болған әйелді жергілікті билік өкілдері біліп қалып, райынан қайтарып, дағдарыс орталығына әкелген. Енді ол төрт баласымен Шымкенттегі "Көмек" дағдарыс орталығын бірнеше айдан бері паналап жүр.
Бастапқыда олардың баспанасын әйелдің інісі мен анасы кепілге қойып, қарызға ақша алғандықтан, отбасының шырқы бұзылған. "Кейін күйеуім үйге сирек келуді әдетке айналдырып, ақыры екінші әйел алып тынды" дейді.
"10-15 мың қалдырып кетті. Біз соны жаратып жүрдік. Азық-түлікке не болады? Кішкентайым қоспа ішеді, памперсі бар. Енді не істеймін, нан сұраса, сүт сұраса қайдан тауып беремін деп қиналдым. Ешкім хабарласпады, ешкім сұрамады. Керексізбін ешкімге", – дейді Маржан.
Оқи отырыңыз: "Баланы балаға бақтырады". Қараусыз ұрпақ қауіпсіздігіне кім жауапты?
"Некесіз төрт баласы бар болып шықты"
Зілиха Спатаева – төрт баланың анасы. Шымкенттегі "Үнсіз қалма" ұйымының негізін қалап, құқы тапталған әйелдер мүддесін қорғаумен айналысады. Ол 14 жыл отасқан күйеуінің басқа екі әйелден екі-екіден төрт баласы барын білген сәттен отбасының шырқы бұзылғанын, соққыға жығылғанын айтады. Айтуынша, полицияға арыз қалдырғанымен, іс аяғына дейін жеткізілмеген.
Бағдарлама ұжымы осы іс бойынша Шымкент қалалық полиция департаментіне сауал жолдаған, әзірге жауап келмеген.
Қазір Зілиха балалары мен енесімен бірге тұрып жатыр. Айтуынша, күйеуі екеуі бірге салған үйден қуып жіберіп, бес ай пәтер жалдап тұрған. Өзінің құқы тапталған сәттен "Үнсіз қалма" ұйымын ашқан.
"Әкесі жақтан ешқандай көмек болған жоқ. Қазір алимент те солай. Мүлдем төлеп жатқан жоқ. Оны да жауып тастайын деп тұр. Айтайын дегенім, қоғамда әйелдерге деген заң жоқ", – дейді Зілиха Спатаева.
Оқи отырыңыз: "Анаңа айтсаң, аямаймын". Зорлық көрген балалардың құқығын кім қорғайды?
"16 жерден пышақтаған"
Қазақстан Қызыл Ай қоғамының төрайымы, "Көмек" дағдарыс орталығының жетекшісі Малика Жусупованың айтуынша, орталықта күйеуінің екінші әйел алу туралы ойына көнбегендіктен, соққыға жығылып келген әйелдер бар.
"Тоқал алуға қарсылығым жоқ еді дейді. Бүкіл жинаған тергенімнің барлығын күйеуіме сеніп бердім, бірақ барлығын алып қойып, далаға шығарып жіберетіні басыма келмепті" дейтіндер бар", – дейді орталық жетекшісі.
Малика Жусупова көп әйелдің тек жарақаты жазылғанша ғана орталықты паналап, кейін күйеуін кешіретінін айтады
"16 жерден пышақтаған сегіз балалы әйелді не болмаса қамшымен арқасын ойып тастаған, қолын сындырып, басын жарып, жағын шығарған әйелдер келген", – дейді Малика Жусупова.
Осындай орталыққа түсетін келіншектерге құқықтық көмек беріп жүрген заңгер Гулизат Шүкірқызы да елдің сөзінен қорқып, кешірім беретін әйелдің көптігін алға тартты.
"Дәл таяқ жеген уақытында ашудың үстіне арыз жазады. Оны соңына дейін жеткізейік деп, барынша көмек көрсеткенімізбен, әйелдер орта жолда "кешірім берейін деп едім, өзімнен де болған сияқты" дегендей айтады", – дейді Гулизат Шүкірқызы.
Оқи отырыңыз: Жеті атаны толтырмай үйлену жиіледі. Дүниеге сал балалардың келуіне кім кінәлі?
"Қайынатасы келінін зорлаған"
Олар аяусыз соққыға жығылып, күйеуінің тепкісін көрсе де, даусын шығармай жылауды үйренген. Себебі, "ұят болады", "ел естіп қояды". Олар жарақаты ауыр болған жағдайда ғана полицияға шағымданады. Жарақаты жазылған күні шағымын қайтарып алады. Олар туған қызы күйеуінен зорлық көрсе де, күйеуінен емес, қызынан күдіктенеді. Қылмысты жасыру да – қылмыс. Түркістан облысының заңгерлері осылай деп дабыл қағып отыр, дейді бағдарлама жүргізушісі Ирина Советжанқызы.
"Ол бала өзінің әкесіне әйеліне жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткізген. Яғни, келінін қайынатасы зорлаған. Баласының рұқсатымен. Бұл жағдай мені қатты шошытты", – дейді "Әділдік жолы" РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Айжан Кесебаева.
Алайда, осындай қорлық көрген келіншек күйеуінің үстінен қылмыстық іс бойынша арыз жазудан бас тартып, тек ажырасуды қалаған. Өйткені, ол жұмыстан кешігіп келсе де, күйеуі қызғаныштан балаларды ұратынын айтады.
Сондай-ақ, заң орталығына жүгінушілер шағымын анонимді түрде қалдыруға тырысады екен. Айжан Кесебаеваның айтуынша, әйелдер жақындарының мазағынан, дұшпанының табасына қорқады.
Заңгер Гүлизат Шүкірқызы да қандай жағдай болмасын, татуластыруға өтінім беретіндердің саны көптігін айтады.
"Айына орта есеппен 90-100 отбасыдан татуластыру бойынша өтінім келеді. Басым бөлігі – таяқ жеген әйелдер", – дейді заңгер.
Жыл басынан бері Шымкент қалалық департаментіне отбасылық жанжалға байланысты 4800 адамнан шағым түскен. Оның ішінде әке мен баланың төбелесі, күйеуінен зәбір көрген әйелдің шағымы, ене мен келіннің кикілжіңі сынды түрлі мазмұндағы шағымдар бар. Ал зорлық-зомбылыққа ұшыраған 2002 адамға полиция қызметкерлері қорғау нұсқамасын берген. Оның 590-ына әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс құжаты рәсімделіп, сотқа жолданып, жауапқа тартылған.
"Біздің заң бойынша бір адамға бір некеге тұруға рұқсат. Екінші некесін қию үшін, алғашқы некесі бұзылуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, ол неке заңды емес. Бірақ мешіттердегі неке қию рәсіміне заңмен шектеу жоқ. Әйелдер күйеуінің көңілдесін заңдық жауапкершілікке тарта алмайды. Сондықтан көптеген азаматтар заңға сүйенбей-ақ, екінші, үшінші әйел ала береді. Ал, алғашқы әйелінің, балаларының алдындағы жауапкершілік неге оларға міндеттелмейді?", – дейді шымкенттік қоғам белсенділері.
Бағдарлама жүргізушісі айтылған барлық дерек бақылауға алынғанын айтады.
"Тағы да қайталап айтайын ешкімнің сізді ұруға, соғуға, тіпті, моральдық қысым көрсетуіне, тіпті, ол сіздің күйеуіңіз болса да, құқы жоқ. Дағдарыс орталығының басшысы айтқандай, әйел ұрғыштар, яғни агрессорлар мектебін қалыптастырғымыз келмесе, бұл мәселеге қоғам болып үн қосуымыз керек. Түркістан облысы заңгерлерінің дабылына құзырлы органдар назар аударады деп сенеміз", – дейді Ирина Советжанқызы.
"Сөздің шыны керек" жобасының авторы Ирина Советжанқызы