"Кеңесіп пішкен тон келте болмайды". Көзін жұмып латынға топ етіп ауысқан елдердің қалай қиналғанын білеміз. Басты шарт – тілдің үндестік заңын, дыбыстық-мағыналық құрылымын, буын мен тасымал жігі мен сөйлеу ырғағын бұзбау.

Жаңадан бектілген латын әліпбиінің жобасы


Жаңадан бектілген латын әліпбиі жобасы / akorda.kz сайтынан алынды

Жаңа "Әліппе" болады

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жаңа алфавит бойынша үлкен тестілеудің басталатынын және жаңа "Әліппенің" дайындалатынын ескертті.

– Біз тестілеуді өте мұқият жүргізуіміз керек. Мұғалімдермен, мектеп директорларымен, сарапшылармен талқылаймыз. Содан кейін іске асыру кестесін түземіз. Мемлекет басшысы айтқандай, бәрін асықпай, мұқият, үйлесімді түрде жасаған жөн, – деп журналистердің сауалдарына жауап берді.

Ерлан Сағадиевтің айтуынша, жаңа әліпбиді үйрену – ересектер мен балалар үшін қиындық тудырмайды. Тек уақыт пен әдістемелік құралдардың жеткілікті болғаны керек. Латын әліпбиі мектептегі дайындық сыныптан бастап, біртіндеп енгізіледі.

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиінің "заңды нұсқасы" тағы да өзгеруі мүмкін. Өзбек, түрік, әзербайжан және қазақ әліпбиі қаншалықты ұқсас?

Әріп басына нүктені қалай қоямыз?

Жаңа бекітілген әліпби нұсқасында 6 әріптің басына белгі қойылған. Ендеше, жаңа әліпби қабылданып, оған арнайы перне тақта әзірленгенге дейін ол белгілерді қалай қоямыз деген сауалдың толғандырары хақ.

Біз ол белгіні қоюдың екі тәсілін көріп тұрмыз:



Біріншісі, бұл ( ́) белгісін қою үшін қойылатын әріптен кейін "0301" санын теріп, артынан тез Alt+X комбинациясын басасыз.

Екінші тәсіл, "Вставка" → "Символ" → "Другие символы", және ашылған парақтан "обычный текст" шрифтін таңдаймыз, сосын "Объединенные диакр. знаки" таңдаймыз. Соңында қажетті белгіні тінтуір арқылы тауып, "Вставить"-қа басамыз. Бұл белгіні көп пайдаланатын бұйрықтар тақтасына бекітіп қоюға да болады.

Бейнетүсініктемеде "Вставка" → "Символ" → "Другие символы" ішінде біз үлгі ретінде мынадай көзге көрінетін ( ᷄) белгіні таңдадық. Мұнда ( ́) белгісінің басқа да бірнеше түрі бар. Оларды да жоғарыдағы екінші тәсіл арқылы жазуға болады.

Оқи отырыңыз: Латын əрпінің соңғы нұсқасы қашан қолданысқа енеді?

Диграфтан келген "екі қонақ" бар

Олар: "SH, sh (Шш), CH, ch (Чч)" әріптері. Шын мәнінде "Ш" әрпінің қазақ тілінде қолданылу жиілігі орташа. Яғни, қосарлы таңбадан құралғандықтан мәтіннің ұзындығына әсер етеді. Бұның тез жазу, уақыт және экономикалық тиімділікке де әсері бар.

Енді бір жағынан жаңа әліпбиді зиялы қауым өкілдерінің біркелкі қабылдамағаны белгілі болды. Мысалы, жазушы ағамыз Қазыбек Иса әлеуметтік парақшасында былай депті:

"...Ал Ш әрпін SH деп белгілегенше, біз ұсынғандай Ш-ны Ś деп белгілесе, Ч-ны Ć десе, немесе Ч-ны мүлде алып тастаса да дұрыс еді… Әрі бір-ақ таңба болар еді. Өйткені "Асхана", Асхат" сөздері Аshana – Ашана, ал Ashat – Ашат деп оқылады ғой… Есімі Ісхақ, Исхақ дегендер атын ертең Ishaq деп жазса, оны мынау Ш әрпін SH деп жазғанда, ел қалай оқып, қалай атайтынына аузым бармай отыр? Исхақтар жиналып, жаңа әліппе комиссиясының мүшелерін іздеп жүрмесін? Диграфтан ел болып айқайлап жүріп құтылғанда, екі диграф әріп кімдердің көңілі үшін кіргізілді екен? Бұларды да түзеу керек. "Жеті рет өлшеп, бір рет кес" деген қазақ".

Тағы бір түсінбестік тудырып отырған әріптер: И, Й, І, і


І, і, И, Й дыбыстарын таңбалауда да түсінбестіктер бар / informburo.kz

Атап айтқанда: – І,И дыбыстары. Аталған жаңа нұсқадағы латын қарпінде осы үшеу і – І таңбасымен берілген. Іі мен Ии әріптерінің жаңа нұсқадағы бас әріптері бірдей І болып таңбаланады.

Сонда мысалы: – ИГІ, СІЗДІ, ІСТІК, ИІР, ИІЛ, ИІС т.б. сөздердің IGI, SIZDI, IIR, IIL, IIS деп бір әріпті екі рет қайталап жазамыз ба?

Байқұлов Бауыржан Берікұлы, ақын: "Түркия да "Қ"-ны жоғалтпаймыз деген! Қазiр "Қ"-ларын ұмытқан! "К" деп қана сөйлейдi. "Каймак" деген сөзiн "Қаймақ" десең, түк ұқпайды! Сол сияқты бiз де "і,и"-ді қашанғы "І" болып жүреді?! Ұмытасың, жаңыласың! "И" деп айтасың түбi! Не "і" деп екі дыбыстың біріне ғана тоқтайсың"!

Нағима Өтеулі, желі оқырманы: "Екі "и" мен "й"-ді бір әріп етіпті. СаиданыСайда, АиданыАйда деп қате жазушылар көп еді, бұл дұрыс болды. Бірақ үлкен "і" мен "и"-ді де бір әріп "I" етіп қойыпты. Ертең әріп үйренген балалар Ish-іш-ті иш деп, Ilgek-ті – илгек деп оқиды ғой. "Ү" мен "Ұ" қазақтың ең керекті әріптері ғой. Олардың латынша таңбаларын орын ауыстырған дұрыс ау. "Ғ"-ны басын түрткен әріппен өзгерткендей "ұ"-ның басын түрткен жөн болар".

Оқи отырыңыз: Қазақстанда латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшетін болды

О мен Ө, Ұ мен Ү, У әріптеріне де пікір бар

Бақытбек Баймолдаұы, жазушы: "Біріншіден, перне тақтада жоқ нүктесіз кіші әріп "і" қайдан пайда болды, енді перне тақтаға қосымша таңбаны енгізу керек болады;

Екіншіден, криллицадағы "У" дыбысын жаңа дыбыс (y') жасамай-ақ перне тақтада бар, әлеуметтік желіде көп қолданыста жүрген "W"-ді пайдаланса жеткілікті еді. Мысалы: bay’yr, say’yr, say’yt, tay’yq қатарлы сөздерде екі бірдей "у" қатар келуі өте ыңғайсыз, көрер көзге жазудың көркемдігіне де кір келтіретіндей екен.

Әбдікәрім Нұрзия, педагог: "Иə, "ұ" мен "ү" ауыстыру керек. Жіңішке дыбыстардың белгіленуінде бір жүйені сақтау керек. Ал "қ" мен "к", "ғ" мен "г" тіліміздің үндестік заңының тұрғысынан қарасақ, негізі бір дыбыстың екі түрлі таңбасы ғой. Соны да ескеру керек. Осы мəселе бойынша Жүнісбек ағамыздың үні жоғары жаққа жетпеді-ау деймін".

Х мен Һ-ны өзгертіп, Ц мен С-ны көргісі келетіндер

Естеріңізге сала кетейік, жаңа нұсқада "Х" мен "Һ" әріптерін бір дыбыс ретінде "H" әрпі арқылы берген.

Аққаз Ален, тіл жанашыры: "Асхат, Асхана сөздерін Asxat, Asxana қылсақ қайтеді. Анау өзбек, әзірбайжан ағайындарда бұл "Х" əрпі сол түрінде қалды емеспе? Сосын "Сһ" болса, "ц"-ны белгілейтін "С"-ны қалдырсақ қайтеді. Tsement, Tsirk, Tsezar, Tsitrus, Aktsiya деп шұбыртып жақзғанша, Сement, Cirk, Cezar, Citrus, Akcia деген ыңғайлы"

Оқи отырыңыз: Әліпбидің айтылмаған әуресі

Кей адамдарға ренжуге болады

Бейсен Серікбай, педагог, қоғамдық белсенді: "Бүгіннен бастап "Латын қаріптерімен жазуды бастайық" деп жар салып жатқандар аз емес. Біразы өткен жолы бастап кетіп еді, енді ол жазуды тастап кетуге тура келеді. Сондықтан, шикіліктерін пісіріп алмай бастау дұрыс бола қоймас, қайта-қайта күлкі болу кімге керек? Әрине, алғашқыларына қарағанда 19 ақпанда қол қойылған нұсқа әлдеқайда жақсы, бірақ шикі. Асықпай, анықтап, қоғамның пікірін талқыға сала отырып, содан кейін мүмкін соңғы нұсқаны бекітіп жазуға болар. Ал, әзірше күлкіге қалмай тұрғанда қоя тұру керек".

Ең дұрыс нұсқаға жақындап келеміз

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, тіл маманы: "Әлімхан Жүнісбековтың ортақ түркі әліпбиі негізінде жасаған әліпбиіне түбі келеміз. Ол – сынақтан да, зерттеуден де өткен жоба еді. Қазір бекерден-бекер уақыт құртып жатырмыз. Сол әліпбиді қабылдауды халық күтіп жүр. Егер ол Әліпбиді қабылдаса халық үгіттеусіз-ақ соған өтіп кетер еді. Біздің соған өтуімізді шетелдегі қандастарымыз да, тіптен қырғыз секілді туысқан ұлттар да күтіп отыр".


2016 жылы Тіл білімі иниституты ұсынған Әлімхан Жүнісбековтың жобасы / informburo.kz

Оқи отырыңыз: "Біз латыншаға көшеміз бе" – дегенді емес, "Қалай көшеміз?" – деген мәселені талқылауымыз керек

Алыстағы ағайындар да күтіп отыр

Жанарбек Ақби, Моңғолиядағы қандасымыз: "...Құтты болсын ағайын. Ж (j) әрпім орнында, Қ(q) әрпімде керемет.

Менше әріп, жазу уақыт өткен сайын қысқарып отырады. Енді бір 100 жылда тағы қысқарар... Енді перне тақтада "Ң" әріпін қайда апарады екен деп қоям. Меніңше үш "у"-дің болмағанда,бірін алып салса, болар еді деп қоям. Екі әріп SH (Ш) CH (Ч)-терді айтам, қазақтың "ш"-сы тұрғанда "ч"-ны қысқарту керек еді. Жарайды енді латынша жазып үйрене берейік, тақ қазірден бастап. Әкем есімі Ақбиді Аqbi деп келгем, енді Aqby дейтін шығар деп жүргем, орнында қалыпты... Қазақ жазуындағы бас қатырмай екі (и,й)-дің бірін қысқарт деп едім, негізі қабыл болған сияқты.

Qazaq tiliniń jańa álipbıi құтты болсын! Barshańyzdy shyn júrekten quttyqtaımyn!"

Қосақтан құтылдық па?

Қайнар Олжай, журналист: "Бастапқы "а" мен "е"-ні қосақтап "ә" жасаған нұсқаға қарсылығымызды білдірдік. "Бір харіпті түсіру үшін екі таңба жазсақ, біздің өмірімізді кім екі есе ұзартып береді?" дедік әлеуметтік желіде. Ол пікірімізді бір газет жариялады да. Екінші нұсқаға да қарсы болдық. Өйткені, тағы сол кемшілікті көрдік: енді "ә" үшін "а" мен "үтір" таңбасын теру керек. Және екі жұмыс. Ол туралы "Балақтағы үтір басқа шықты" деп жазба жарияладық. Осы тұста көзі түзік саясатшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "мынау да түпкілікті нұсқа болмас" деген аталы сөзіне ішіміз жылып, оны өз парақшамызға көшіріп жарияладық. "Көш жүре түзеледі" деген рас. Міне, үшінші кезекте сәл-пәл түзелді. Ең бастысы: бір харіп үшін екі таңба теріп әуре болмаймыз. Бұл – жазуды кәсіп еткен журналистер үшін өте маңызды мәселе. Ақыры оңды шешілді. Қайырлы болғай!"

Үмітхан Мұңалбаева, ұлттық кітапхана директоры: "Әлемдік өркениетті елдер қатарынан қалмау үшін жасалған игі қадамдардың бірі деп санаймыз. Ұлт тағдырына қатысты мемлекеттік саяси науқан деп білеміз.

Деректерге сүйенер болсақ, дүние жүзі елдерінің көбі осы латын қарпін қолданып келеді. 1929 жылға дейін еліміз араб жазуын пайдаланды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы араб графикасына негізделген төте жазу мәселесін ұсынды. Ал 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді пайдаланды. Енді біз қайтадан осы жүйені қолға алып отырмыз".

Жазу реформасы славян-крилл қарпін латынмен айна-қатесіз алмастыра салу емес

Babakumar Khinayat , этнограф, ғалым, тіл жанашыры: "Түсінігімше жазу реформасы славян-крилл қарпін латынмен айна-қатесіз алмастыра салу емес, салмағы мың батпан тілдік реформаның бастауы болары анық. Маңызы – тілдің өзіндік əуезділігін қалпына келтіру, əрі туысқан түркі тілдеріне, арысы өркениет əлеміне жақындау үшін мүмкіндіктер ескерілген. Əнтек тікен орнына нүктенің келгені орынды болар еді. H орнына Х дегендей. Мəселен "жокующий" тіліміздегі Ж орныны J таңдалуы басқа түркілерге қолайлылық (И) тударады Келесі кезекте Емле мен Терминологияда тосын жайттар күтіп тұр. Мұндайда халықаралық транскрипция ережелері мен жасанды интеллектіні дамытуға барынша қолайлылық тудыратын жақтары ескерілері анық".

"Соңғы нұсқаны" өзгертуге әлі де мүмкіндік бар

2017 жылы 17 қарашада Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық комиссия құрылғанын мәлімдеп, жоспарларымен таныстырған болатын. Бұл жобада қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін біртіндеп көшіру көзделген.

Бірінші кезең: 2018-2020 жылдар – дайындық, талқы, соңғы латын нұсқасын бекіту кезеңі. Бұл тұрғыдан алғанда соңғы шешім шыққанға дейін әлі 1 жыл 10 ай уақыт бар. Осы аралықта тағы да сараланып, кемшіліктер болса түзетілуі әбден мүмкін.

Екінші кезең: 2021-2023 жылдар. Бекітілген нұсқа бойынша жалпы беттік дайындықты пысықтап, кезең-кезеңімен, сала-саламен латынға көшу.

Үшінші кезең: 2024-2025 жылдарды қамтиды. Латын графикасына өтудің соңғы басқышы.

Сонымен қатар сараптау мен тестілеу кезеңі, ұстаздар корпусын дайындау барысы, заңдық-құқықтық базаны жасау және жалпы жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу үрдісі Ұлттық комиссияның жіті назарында болады деп көрсетілген.

Ұлттық комиссия төрт жұмыс тобын құруды шешкен

Ұлттық комиссия қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдан болатын.

  • Біріншісі – орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін).
  • Екіншісі – әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін).
  • Үшіншісі – терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін).
  • Төртіншісі – сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін).

Жұмыс топтарына әр саланың кәсіби мамандарының тартылатыны хабарланған болатын.

Жұмысты неден бастап жатыр?

Ең алдымен, жаңа нұсқаны сынақтан өткізуден бастаймыз. Бұл туралы айтқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев алдымен "Әліппе" дайындалып, Астана мектептеріндегі дайындық сыныптарына берілетіндігін мәлімдеді. Яғни, балалар үйрене бастайды. Білім және ғылым министрлігі алғашқы дайындықты бастап кеттік деп отыр.

Екінші сатыда, көшелер мен мекеме аттарын латынға ауыстыру жүреді. Оның өзі белгіленген қала мен облыс орталықтарында ғана. Сол арқылы тағы да қоғам пікірі, әліпби мүмкіндіктері тексерілмек.

Үшінші кезекте, ұсынылған әліпбиге қатысты құрылған комиссияның сараптама қорытындысын жариялау арқылы қоғамдық талқыға салынады. Мысалы, технологиялық сала мамандарынан тыс тіл білімі ғалымдары, саяси зерттеу, эстетикалық көркемдік, методикалық талдау саласы мамандарының қорытынды сараптамасын тағайындау керек.

Әріптердің орналасу реті қалай болғаны дұрыс?

Қазақ тілі үндестік заңдылығын негіз етеді. Жуан-жіңішкелігі мен қатаң-ұяңдығына, үнділігіне, ерін мен езулік және мұрындық дыбыстардың табиғатына қарай қазақ әліпбиінің әріптерінің орналасу ретін тағайындау дұрыс. Бұл бір жағынан тез жаттау мен еске сақтауға ыңғайлы болу үшін де маңызды.

Этнограф ғалым Бабақұмар Қинаятұлының айтуынша қазақ әліпбиінің әріптері ағалшын алфавиті негізінде реттелмеуі керек. Логикалық құрылым жасақталуы тиіс.

Ақпараттық технологиялық, полиграфиялық, жасанды интеллектілік, экономикалық тиімділік мүмкіндіктері

Бабақұмар ағамыздың пікірінше, аталған жобаның техникалық мүмкіндігі қарастырылуы керек. Мысалы, әліпбиде қабылданған дыбыс беретін таңбалар технологиялық, техникалық жағынан сарпаталуы тиіс. Яғни WinDows, MAC, Android жүйелерінде пайдалануға икемді, Unicode жүйесінде бар болғаны абзал. Сонымен бірге бағдарламалық алгоритімдерде, арнаулы бағдарламалық модулдарда, жүйелік бағдарламалауда танылатын белгілердің алынғанын қадағалау керек.

Бұл бір жағынан экономикалық шығынды азайтады. Мысалы, сіз сатып алған кір жуғыш машина қазақ тілін тануы үшін, Unicode жүйесінде бар, тез орналастыруға болатын мүмкіндіктер де шет қалмауы тиіс.

Үшінші жағынан, жасанды интеллект мүмкіндігі. Мысалы заманның даму ағынына қарай, электронды сөздіктерде сөздерді дыбыстап оқып беру, автоматты аудару барысы мүлтіксіз болғаны дұрыс.

Төртінші жағынан, баспа, яғни полиграфиялық стандарттарды белгілеп, шрифтерді, платформаларды, әріптің кескінін жетілдіру жұмыстары жүйелі жүрілуі керек.

Бесіншіден, жазу-сызу барысында уақытты үнемдеу үшін диаграфты "Ш", "Ч" әріптері қайтадан қарастырылуы керек. Бұл екінші жағынан кейбір мағыналық түсінбестіктерден құтқарады, әрі экономикалық шығынды да азайтады.

Алтыншыдан, өзара кіріктіру яғни саяси логикалық тұрғыдан. Мысалы, "Ж" әрпі үшін "J" алынуы туысқан түркі жұрты үшін өте ыңғайлы. Себебі, кей түркі халықтары қазақтар "ж" деп дыбысталатын, мағынасы бірдей сөздерде "Ж"-ны "Й" етіп айтады. Бірақ мағынасын түсінеді. Бұл жерде түркі халықтарының дыбыстық, құрылымдық ұқсастығына қарай бейімделіп жасалған ортақ түркі әліпбиінің маңыздылығы да ескерілгені абзал.

Жетіншіден, жаңа нұсқаға сай маңызды құрылымдық (орфографиялық) өзгерістер болатыны белгілі. Бұл да зерттеп, дұрыс шешім шығаруды талап етеді. Мысалы, әріптің, жазудың көркемдік, эстетикалық талғамдары да ескерілетіні белгілі.

Сегізінші, халықаралық терминдерді дыбыстау мен жазуды бір жүиеге келтіру керек. Мысалы, ағылшынның "funiction" сөзін "функция" деп алу керек пе, "функшын" деп алу керек пе деген алда кездесетін қиындықтарды ойластырып шешу керек.

Жалпы тұрғыдан, бұл нұсқаның да өз ерекшеліктері бар. Тек зерттеп, сарптап барып қолданысқа енгізу – кейін кездесетін қателіктердің алдын алатын маңызды қадам.

Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят

Жұмысшы топтар қашан құрылады? Сараптамаларын қашан көрсетеді? Қауым соны күтіп отыр.

Ұсынылған жоба үндестік заңын, дыбыстық-мағыналық құрылымын, буын мен тасымал жігі мен сөйлеу ырғағын бұзбауы шарт.

Қазақта "тойдың болғанынан боладысы қызық" деген мақал бар. "Латын, латын" деп айқайлағалы да 16 жылдың жүзі болыпты. 2012 жылы Елбасымыз тапсырма беріп, арнаулы жұмыс тобы да құрылған. Бір жылдай бірінен соң бірі шұбатылып өткен отырыстар мен мәслихаттардан кейін олардың үні шықпай қалды. Ал 2017 жылы қарашада Үкімет тапсырма беріп, құру тапсырылған Ұлттық комиссия жасақтаған жұмысшы тобының да сараптамалық дәлелдемелерін әлі күтіп жүрміз.

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы – үшінші нұсқа

Ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы қаулы шығарды.

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, № 50-51-52, 326-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін: аталған Жарлықпен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

2. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Астана, Ақорда, 2018 жылғы 19 ақпан. № 637

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы жоба 2017 жылы 26 қазанда қабылданған болатын. Екінші рет 2017 жылы 11 қарашада өзгеріс енгізілді.

Алдыңғысы диграфты әліпби болып, онда 42 таңбадан құралған 25 әріптік негізде жасалған болатын. Екінші рет апострофты әліпби нұсқасына өзгертті. Соңғы нұсқада диграф та, апостроф та бар.

Жаңа өзгеріс қалай қабылданды?


2017 жылы 26 қазанда қабылданған әліпбидегі диграфтар / informburo.kz

Бұл туралы Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев былай деді: "Біз алдыңғы қабылдаған нұсқадағы нүктелерді алсақ, олар жеке белгі ретінде іздеу жұмыстарына, алгоритімдер мен экономикалық жұмыстарға кедергі келтірді. Елбасы техника тілін білетін мамандарымыздың пікірін қабылдады. Бізде латынға өтуге байланысты мықты мамандар жұмыс істеуде. Меніңше, жаңа нұсқа әлдеқайда ыңғайлы секілді".

Дәурен мырза "Идеалды әліпби әлемде ешқашан болмайды. Оны елдің бәрі біледі. Өмір өз талабын қояды. Алда қалай боларын көреміз. Менің ойымша, осы нұсқа анағұрлым ыңғайлы. Бұл тіл ғалымдарының ғана емес, интернет технологиялық саладағы мамандардың да шешімі" деп отыр.

Д. Абаев: Кезекті әліпби – түпкілікті


2017 жылы қарашаның 11-і қабылданған апострофты жоба / informburo.kz

Астана қаласындағы және бір бөлім облыс орталықтарында алдыңғы қабылданған латын әліпбиі негізінде маңдайшалықтар, көше атаулары ауыстырылып кеткен болатын. Енді олар не істемек деген тілшілердің сұрағына "Менің білуімше, сондай безендірулер көп болған жоқ. Әрине, барлығын дұрыстау керек деп ойлаймын. Кезекті әліпби – түпкілікті. Бұл қазірдің өзінде босатылған ақшаны өндіріп алу фактісін жоққа шығармайды", – деді Дәурен Абаев.