Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты өңірлер түрлі аумақтарға бөлінеді. Мемлекеттік ведомствоаралық комиссия мен өңірлердегі бас санитар дәрігердің шешімімен әр аумаққа нақты талаптар қойылады.

Қазір Қазақстанда өңірлер коронавирустың таралу қарқыны бойынша "жасыл", "сары" және "қызыл" аймақтарға келесі көрсеткіштерге байланысты бөлінеді:

  • R саны (репродуктивтік көрсеткіші немесе инфекция жұқтырғандардан байланысатын адамға берілу саны). Бұл сан коронавирусты бір науқастан қанша адам жұқтыруы мүмкін екенін көрсетеді.
  • 100 мың тұрғынға шаққандағы соңғы 7 күндегі аурушаңдық.

Екі көрсеткіш күнделікті бақыланады. Олардың нәтижесі бойынша өңір бір аумақтан екінші аймаққа өтеді не өз аумағында қалады. Егер облыста:

  • 100 мың адамға шаққанда 50-ден аса жұқтыру жағдайы анықталса және R көрсеткіші бірліктен артық болса – "қызыл" аумаққа;
  • "100 мың адамға шаққанда 25-тен 50-ге дейін жұқтыру жағдайы анықталса, R көрсеткіші бірліктен артық болса – "сары" аумаққа;
  • 100 мың адамға шаққанда 50-ге дейін жұқтыру жағдайы анықталса, R көрсеткіші бірліктен кем болса "жасыл" аумаққа кіреді.

9 желтоқсандағы мәлімет бойынша:

  • "қызыл" аумақта – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары;
  • "сары" аумақта – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай облыстары;
  • "жасыл" аумақта – қалған өңірлер бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, аймақтардың қандай аумақта екені сол өңірдегі карантиндік шектеулердің қатаңдық деңгейіне байланысты. Мысалы, "қызыл" аумақта қатаң шектеу шаралары енгізілсе, ал "сары" аумақта қолданыстағы карантин шараларын сақтау және олардың сақталуын бақылауды күшейту көзделген. "Жасыл" аумақта жағдай тұрақты болғандықтан шектеу шаралары жеңілдетілуі мүмкін.

Әр өңірдің қандай аумақта тұрғаны күн сайын Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сайтында жарияланады.

Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, облыс әкімдері қоғамдық тамақтану орнына келуші санын шектеу, кәсіпкерлік және өзге де қызмет нысандарының жұмыс кестесін қысқарту, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтату сынды қатаң шаралар қабылдайды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус бес өңірде өршіп, Алматы "сары" аймаққа кірді. Карантин қайта енгізіле ме?

Қазақстаннан өзге елдер де әкімшілік аумақтарын Covid-19 таралу көрсеткіштері бойынша түрлі түсті аумақтарға бөлген.

Америка құрама штаттары

АҚШ-та штаттарды зоналарға бөлу әр штаттағы халық санына шаққандағы күн сайынғы жаңа жұқтыру деректеріне негізделіп, "қызыл", "қызғылт сары", "сары", "жасыл" аумақтар бөлінеді. Мысалы, Ақ үй 100 000 адамға шаққанда коронавирусты жұқтырудың 100-ден астам дерегі анықталған және алынған тестілердің 10%-ы оң нәтиже көрсеткен штаттарды "қызыл" аумаққа енгізеді.

Штаттар өз іштерінде округтерді де зоналарға бөледі. Әр штат эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шараларын қабылдайды. Мысалы, Нью-Йоркте "қызыл" аумаққа дін ғимараттарында 10 адамға дейін болуға рұқсат етіледі, бұқаралық шараларға тыйым салынады, қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды кәсіпорындар ғана жұмыс істейді, тамақтану орындарынан тамақты алып кетуге ғана рұқсат, мектептер жабық. Ал "қызғылт сары" бұқаралық шараларға 10 адамнан аспаған жағдайда рұқсат берілсе, жұқтыру қаупі жоғары маңызды емес бизнес жабық, бір үстелде төрт адамнан аспаса сыртта отырып тамақтануға рұқсат. "Сары" аумақта бұқаралық жиындарға 25 адамның қатысуына, бір үстелде төрт адамнан аспаса ғимарат ішінде де, сыртында да тамақтануға рұқсат. Сондай-ақ, бизнес өзгеріссіз жұмыс істей береді. "Сары" зонада мектептер ашық, бірақ білім алушылар мен қызметкерлер апта сайын Covid-19 бар-жоғын анықтайтын тест тапсыруы керек.

АҚШ-та Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы зерттеушілер мен сарапшылар қатер деңгейін әзірледі:

  • "Қызыл" аумақ: 100 000 адамға шаққанда күніне жаңадан 25 жұқтыру дерегі тіркелсе, бұл вирустың таралуы бақылауға келмейтінін көрсетеді.
  • "Қызғылт сары" аумақ: 100 000 адамға шаққанда күніне жаңадан 10-24 жұқтыру дерегі тіркелсе, бұл вирустың таралуының күшейгенін білдіреді.
  • "Сары" аумақ: 100 000 адамға шаққанда күніне 1-9 жұқтыру дерегі. Бұл қоғамда вирустың таралуы белсенді екенін көрсетеді.
  • "Жасыл" зона: 100 000 адамға шаққанда күніне бір ғана жұқтыру дерегі тіркелсе, бұл вирустың таралуын ауыздықтауға жақын деген сөз.

Зерттеушілер "қызыл" аумақтағы аймақ тұрғындарына үйден шықпауға кеңес береді. Ал "қызғылт сары" аумақтағы штаттарда ПТР тестілеуді күшейтуді, жұқтырғандармен байланыста болғандарды қадағалауды ұсынады. "Сары" штаттар маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, тестілеуді, байланыста болғандарды қадағалауды жалғастыруы қажет.

Үндістан

Үндістанда коронавирустың таралуына байланысты "қызыл", "қызғылт сары" және "жасыл" аумаққа бөледі. PTI ақпарат агенттігінің мәліметінше:

  • аурудың таралуы айтарлықтай жоғары аймақтар "қызыл" аумаққа енгізіліп, ол жерде ешқандай қызмет түріне рұқсат берілмейді;
  • біршама жұқтыру деректері тіркелген аймақтар "қызғылт сары" аумаққа енгізіліп, шектеу шараларымен қоғамдық көлік жұмысына, ауыл шаруашылығы егістерін жинауға және басқа да санаулы іс-шараға рұқсат етіледі;
  • коронавирустың таралу қарқыны бәсең аймақтар "жасыл" аумаққа енгізіліп, шектеулер жеңілдетіледі. "Жасыл" аумаққа енетін аймақтарда кіші және орта бизнестің кейбір салаларына әлеуметтік қашықтықты дұрыс сақтай отырып қызметкерлердің жеке тұрғын-жайларында жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Оқи отырыңыз: Коронавирус па, тұмау ма? Ауруды асқындырып алмас үшін не білу керек?

Италия

Италияда жұқтыру деректері мен ауруханалардың жүктемесіне байланысты аймақтар "қызыл", "қызғылт сары", "сары" аумақтарға бөлінеді.

"Қызыл" аумақта қатаң шектеу шаралары қабылданады. Адамдарға қаладан не аймақтан шығуға, кіруге, сондай-ақ сол аймақтан басқа қалаға, елдімекенге барып-келуге тыйым салынады. Азаматтар жұмысына, денсаулығына немесе балаларын мектепке апару не әкелу секілді маңызды себептермен ғана үйінен шыға алады. Барлар, сыраханалар мен мейрамханалар, дүкендердің көп бөлігі жабық, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен шаштараздар ашық болады.

"Қызғылт сары" аумаққа енген аймақтарда мейрамханалар мен барлар жұмыс істемейді, бірақ дүкендер ашық болады. Жоғары сынып оқушылары қашықтан оқиды. Адамдар өз қаласында еркін қозғала алады, бірақ сол аймақтағы басқа қалаға барып келуге, өзгелерге кіріп-шығуға тыйым салынады.

"Сары" аумақтағы аймақтарда ел бойынша енгізген шектеулерден басқа талаптар қойылмайды. Мейрамханалар мен барлар 18.00-ге дейін ашық. Ал дүкендер қалыпты режимде жұмыс істейді. Сауда орталықтары демалыс күндері жабық. Аймақ ішінде, сондай-ақ басқа сары зонадағы қалалар мен елді мекендер арасында қозғалуға болады.

Украина

3 тамыздан бастап Украинада эпидемиологиялық жағдайға байланысты аймақтарды жіктеу басталды. Аймақтарды аумаққа бөлгенде Covid-19 жағдайы ескеріліп, соған сай карантин шаралары жеңілдейді не күшейеді.

Әр жұмада Украинаның техногендік-экологиялық қауіпсіздік және төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының отырысында елдегі Covid-19 таралу деңгейін анықтайды. Отырыс қорытындысы бойынша коронавирустыңтаралуы бойынша онлайн-карта жаңартылады.

Оқи отырыңыз: Аязды күні маска тағу дұрыс па? Қыста коронавирустан сақтану жолдары

Украинадағы коронавирустың таралуының интерактивті картасында "қызыл", "қызғылт сары", "сары" және "жасыл" шектеу деңгейлері бар аймақтар көрсетілген. Белгілі бір аймақты аумаққа енгізу үшін сарапшылар келесі көрсеткіштерге назар аударады:

  • ауруханалардағы төсек-орындардың жүктемесі;
  • аймақтағы тестілеудің орташа саны;
  • жаңа жұқтыру деректерінің саны;
  • анықталған жұқтыру деректерінің өсу динамикасы.

Түрлі аумақтағы шектеулер:

  • "Жасыл" аумақтағы шектеулер: Онлайн-картада "жасыл" аумаққа енген облыстар мен қалаларда кинотеатрлар жартылай толтырылуы керек. Қоғамдық көліктерде тек отыратын орындар пайдаланылды, адамдар тұрып тұрмайды. Қоғамдық орындарда және іс-шаралар өткен кезде адамдар маска немесе респиратор тағып, кем дегенде 5 м2 ара қашықтықты сақтауы керек.
  • "Сары" аумақтағы шектеулер: "Cары" аумаққа енген облыстар мен қалалар "жасыл" аумақтың ережелерін сақтауы керек. Сонымен қатар, қарттар тұратын әлеуметтік қорғау мекемелеріне адамдардың баруына тыйым салынады.
  • "Қызғылт сары" аумақтағы шектеулер: "Қызғылт сары" аумақта хостелдер мен туристік базалардың, фитнес-орталықтардың жұмысына тыйым салынады. Сонымен қатар, түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен тамақтанатын орындар жұмысы шектеледі. 20 м2 алаңда бір адамнан аспаса, көшеде 100 адамнан аспаса бұқаралық іс-шаралар өткізуге болады.
  • "Қызыл" аумақтағы шектеулер: "Қызыл" аумақта қоғамдық көліктің, оқу орындарының, мейрамханалардың және сауда ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынады. "Қызыл" аумақтан басқа аймаққа кірген кезде ПТР тест тапсырудың қажеті жоқ, бірақ "қызыл" аумақтың шекарасынан өз көлігімен ғана кесіп өтуге болады.