Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен жұбайы Эльмира Төлегенованың ісі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл іс тек бір отбасының ғана оқиғасын емес, әлеуметтік желідегі табыс табу жолы мен заңның түйіскен тұсын көрсетті. Енді қай блогер жауапқа тартылуы мүмкін? Желіде ұтыс ойнатудың жауапкершілігі қандай? Informburo.kz талдап көрді.

Маркетинг пе, әлде заң бұзушылық па?

Ерболат Жанәбілов пен жұбайы Эльмира Төлегенова 2025 жылдың 18-21 тамызы аралығында желіде 10 оқырманға автокөлік сыйлайтынын хабарлады және сол туралы видеоны парақшасында бөліскен адамға тағы бір көлік сыйлайтынын жеткізді. Алайда, кейін белгілі болғандай, ұтысқа қатысу үшін 30 мың теңге тұратын курсты сатып алу керек болған. Бұл іс Қаржы мониторингі агенттігінің назарына ілігіп, алғашында іс әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралған. Блогерлер тағылған айыптарға келіспегендіктен, іс сотқа жетіп, артынан қылмыстық сипат алды. Нақтырақ айтқанда  Жанәбіловтерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру) бойынша айып тағылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар курс сату арқылы 247 млн теңгеден астам қаражат жинаған. 

Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев сотта айыпталушыларды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді сұрады. Дегенмен, Төлегенова процессуалдық келісімге келуді сұрап, прокурор ұсынысты қабыл алған. Өз кезегінде айыпталушылар 247 млн теңге көлеміндегі келтірілген залалды толық өтеді.

Сот осыны ескеріп, Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу үкімін шығарды. Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол қауіпсіздігі минималды мекемеде өтеуі тиіс. Алайда, блогердің кішкентай баласы болуына байланысты, жазаны орындау 2 жылға кейінге қалдырылды.

Бұл іс неге маңызды?

Бұл кейс Қазақстандағы инфлюенсер экономикасының құқықтық шекарасын алғаш рет айқын көрсеткен ірі істердің бірі ретінде бағаланып отыр. Бұған дейін Қаржы мониторинг агенттігі 37-ден астам блогерге қатысты материалдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолдаған болатын. 

2025 жылдың қыркүйек айында сол кездегі мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев блогерлердің желіде пәтер, автокөлік, смартфон ұтысын ұйымдастыру арқылы заңсыз табыс тауып отырғанын айтып, Қылмыстық кодекстің 214-бабында көзделген табыс шегін төмендетуді және шараларды қатаңдатуды сұраған еді. Сонымен қатар депутат заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылған алаяқтардың қанша қаражат иемденіп, азаматтарды қалай алдағаны туралы толық ақпаратты бірыңғай желіде жинап, жариялап отыруды да ұсынды. 

Үкіметтің тапсырмасымен Туризм және спорт министрлігі құқық қорғау органдарымен бірге заңсыз лотерея ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс қозғау үшін табыс мөлшері шегін төмендету мәселесі бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу жұмысын бастаған. 

Жанәбіловтер кейсі басқа блогерлерге сабақ бола ала ма?

Жанәбіловтерге қатысты іс тек жекелеген блогерлердің әрекетімен шектелмейді. Бұл жағдай әлеуметтік желідегі табыс табу тәсілдері мен олардың құқықтық шекарасы туралы cұрақтарды күн тәртібіне шығарды. Әсіресе ұтыс және лотереяға ұқсас жобалардың заңдылығы, қаржылық ашықтығы және тұтынушыларды қорғау мәселесі өзекті бола түсті. 

Осыған қарамастан желіде әлі күнге дейін ұтыс ұйымдастырып жүрген блогерлер бар. Бірі тауарын сатып алғандарға, тағы бірі сабағын алғандарға, енді бірі тікелей эфирге қосылғандарға ақшалай, заттай сыйлық беретінін жарыса жазып жүр.

Алайда заңгер Нұрсұлтан Орынбеков блогерлерге Қылмыстық жауапкершіліктің нақты және қатаң санкциялары бар екенін ескертті:

– Жанәбіловтердің кейсі – еліміздегі 214-бап, яғни заңсыз кәсіпкерлік бойынша болған ірі істердің бірі деп айтуға болады. Алайда оларға қатысты соттағы жауапкершіліктің нақты ауыртпалығын әлі толық сезінбеген көптеген блогерлер мен инфлюенсерлер өз әрекеттерін әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Олар мұны маркетингтің артына жасыруы мүмкін.

Иә, кейбір жағдайда олардың да "Неге тек бір ғана лотерея ұйымдастырушы монополистке мүмкіндік берілген? Неге дәл "Сәтті Жұлдыз" деген өз уәжі болуы мүмкін. Бұл сұрақтардың да белгілі бір деңгейде орынды екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда лотерея операторы ретінде тек бір ғана ұйым – "Сәтті Жұлдыз" белгіленген. Оған Үкімет тарапынан 15 жылға осындай құқық берілген. Сондықтан басқа операторлар лотерея ұйымдастыра алмайды.

Кейбір блогерлер мұндай әрекеттерін "ынталандыру акциясы", "маркетингтік құрал" деп көрсеткісі келеді. Бірақ шын мәнінде, "билет алыңыздар" деген сипаттағы ұсыныстар немесе 500 теңгелік затты 20 мың теңгеге өткізу сияқты құнына сай келмейтін тауарларды сату ісінде адамдарды әдейі жаңылыстыру белгілері байқалады. Осындай фактілер болған жағдайда, тергеу органдары мұндай әрекеттерге бейжай қарамайды. Бұл үшін тиісті жауапкершілік қарастырылады.

Жанәбіловтардан кейін блогер Бейоғлыға қатысты да қылмыстық іс қаралуы мүмкін. Сонымен қатар бұған дейін тек айыппұлмен шектелген жағдайлардың өзінде де кейін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілуі ықтимал. Сондықтан бұл жағдайды елемеуге болмайды. Блогерлер мұны назарда ұстауы тиіс. Тіпті айыппұл төлеп құтылып кеткендердің өздері де кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Жалпы, бұл – жаңадан бастап жатқан блогерлер үшін де маңызды ескерту. Бұл ойын емес. Қылмыстық жауапкершіліктің нақты және қатаң санкциялары бар", – деп түсіндірді заңгер.

Айта кетейік, ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті блогер Сейфулла Бейоғлыға қатысты істі Кентау қалалық сотына жолдаған. Іс Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 445-1-бабы 7-тармағы – "Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу" бойынша қаралады. Комитеттің мәліметінше, бұған дейін блогер осы бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда бір рет айыппұл төлегеніне қарамастан, ол тағы да ұтыс ойынын ұйымдастырған. Енді оның әрекеттеріне сот баға береді. Блогерге тағы да айыппұл тағайындалады немесе Жанәбіловтер ісіндегі сияқты, іс материалдары қаржы мониторингі агенттігінің экономикалық тергеп-тексеру департаментіне қылмыстық іс қозғау үшін жолдануы мүмкін.