Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті.
27 сәуірдегі отырыста мемлекеттік айыптаушы процестік келісім аясында жаза сұрады. Прокурор Ерболат Жанәбіловті 2 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді, алайда Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 55-бабы негізінде жазаны шартты деп белгілеуді ұсынды. Яғни, сот оны кінәлі деп танығанымен, нақты жаза өтеуге жібермеуі мүмкін.
Ал Эльмира Төлегеноваға қатысты прокурор 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын, мүлкін тәркілеумен бірге, қылмыстық-атқару жүйесінің минималды қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұрады. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеуді 2 жылға кейінге қалдыру ұсынылды.
Сот прокурор ұсынған жаза түрлерімен келісті.
Оқи отырыңыз: Онлайн-курс дауы: блогер Эльмира Төлегенова сотта соңғы сөзін айтып, прокурормен келісім жасауға өтініш білдірді
Айта кетейік, 22 сәуірде прокурор ерлі-зайыптыларға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Ал 24 сәуірде Төлегенова процестік келісім жасау туралы өтініш білдірген.
Тергеу нұсқасы бойынша, блогерлер онлайн-курстар сату арқылы табыс тапқан. Оларға сұранысты арттыру үшін автокөлік және өзге де бағалы сыйлықтар ұтысын уәде еткен. Алайда тергеу дерегінше, бұл ұтыстардың жүлде қоры ұйымдастырушылардың жеке қаражатынан емес, қатысушылардан жиналған ақша есебінен қалыптастырылған.
USD:
459.1 / 462.1
EUR:
537.0 / 542.0
RUB:
5.93 / 6.05