Темекі түтінінсіз болашақ: Оған 2030 жылға қарай қол жеткізу қаншалықты мүмкін?
"Темекі тартпасаң – бастама. Тартатын болсаң – таста. Ал тастай алмасаң – оның балама түріне көш". Швейцарияның Нёвшатель қаласында өткен халықаралық Technovation медиа шарасы осы үндеу аясында өтті. Әлемнің ондаған елінің журналистерінің басын қосқан шарада сарапшылар зиянды шылымқорлық әдетпен күресте соңғы жылдары қолға алынған инновациялық жаңа технологияларды талқылады. Philip Morris International компаниясының ғылыми зерттеулерінің нәтижелері мен зияны азырақ балама темекі өнімдеріне көшудегі трансформациясының жетістіктері таныстырылды.
Шара барысында PMI компаниясының бас атқарушы директоры Яцек Ольчак қазақстандық журналистерге жеке сұхбат беріп, сұрақтарына жауап берді.
– Philip Morris International 2014 жылы зияны азырақ темекі өнімдеріне көшу бойынша ауқымды трансформацияны бастағалы бері қандай нәтижелерге қол жеткізді? Негізгі көрсеткіштер мен жетістіктер туралы айтып берсеңіз.
– 2014 жылы бұл бағыттағы жұмысты бастаған кезде түтінсіз темекі өнімдерін біз алғашқы екі нарыққа – Жапония мен Италияға шығардық. Ол уақытта біздің табысымыз 100 пайыз кәдімгі темекі өнімдерінен құралатын. Ал биылғы жылдың үшінші кварталында табысымыздың 36 пайыздан астамын түтінсіз өнімдер берді. Рас, біздің табысымыздың 64 пайызын әлі де бұрынғыша жанатын темекі өнімдері құрайтынын сынап айтатындар табылады. Дегенмен, мен стақанға жартылай бос емес, жартылай толы деп қарау керек деп есептеймін. Он жыл бұрын түтінсіз темекі өнімдерінен түсетін табысымыз ноль болатын. Ал қазір біз өнімдерімізді әлем бойынша 80-нен астам нарыққа шығарамыз.
Біздің стратегиямызға сәйкес, қай елде тұрмасын, табысының мөлшері қанша болмасын, біз шылымқұмар адамдардың бәріне бірдей қолжетімді өнімдер шығарамыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Біз өнімдерімізді шығарған нарықтардың жартысынан астамы – әлі даму кезеңіндегі нарықтар. Сондықтан, біз оларда темекімен күресу бойынша шешімдер ұсынуға айрықша мән береміз және оған күш саламыз.
2014 жылы түтінсіз темекі өнімдерінің нарығына шыққанымызда бізде бұл өнімдердің кәдімгі темекіден айырмашылығын дәлелдейтін ғылыми база болғанын айту керек. Ал қазір біздің тәжірибеміз артып, қыздырылатын темекі өнімдеріне көшкен шылымқорлардың өміріндегі оң өзгерістердің арқасында біліміміз де молая түсті.
20 миллионға жуық адам шылым шегуді тастап, жаңа түтінсіз өнімдерді пайдалануға көшті. Олардың бәрі де бұл өнімнің өз өмірін жақсы жаққа өзгерткенін айтады.
Өйткені, бұл арқылы олар шылым шегу мәселесінде өзіне тиімдірек шешімді тапты. Көптеген адамдар жыл сайын темекіні тастайды. Бірақ, біз одан да көп адамдардың темекіні қою керектігін түсінсе де, оны тастағысы келмейтінін білеміз. Дәл осы адамдар үшін, оның ішінде темекі шегуін жалғастырып келе жатқан қазақстандықтар үшін де біз бұл жаңа өнімдерді шығарамыз.
Бұл жерде "бізге не істеу керек?" деген сұрақ туындайды. Меніңше, қазір көптеген елде әңгіме темекімен күресте қол жеткізген жетістігімізге қуанып, шаттану қажет дегеннен басталуы тиіс.
Бірақ, бұл жерде тағы бір сұрақ туындайды: Ал біз бұл істі жеделдете аламыз ба? Қазақстанда тағы 500 мың адамның кәдімгі темекіден бас тартып, зияны азырақ түріне өтуі үшін тағы он жыл күту қажет пе? Неге көрсеткіш бірден миллионға не одан да көпке артпайды? Біздің бұл басқосуымыздың себебі де – осы идеяны әлемге жеткізу. Егер біз шешім қабылдауда батыл болып, бұл өнімді қолдамасақ, темекіқұмарлық әдеттің ғұмырын тек ұзарта түсеміз. Ал бұл ешкімге де пайдалы емес.
– Қай елдер түтінсіз болашаққа көшуде белсенділік танытып отыр? Олардың артықшылығы қандай және мемлекет бұған қандай қолдау көрсетеді?
– Мысалға шайнайтын темекі және никотин жастықшаларын қолданысқа енгізген Швеция сынды елдерді алайық. Олар темекі тарту деңгейін 6%-дан төмен көрсеткішке түсірді. Нақты Швецияны сөз етсек, бұл ел бірнеше жыл бұрын ғана темекі тартушылардың үлесі бойынша ЕуроОдақ елдері арасында орта деңгейлі елдер қатарына жататын. Шамамен ел халқының 20-30 пайызы – шылымқұмарлар болды. Швеция жылдам және өте қысқа уақыт ішінде темекімен күресте толықтай болмағанымен, соған жақын дерлік жеңіске жетуге болатынын көрсетіп берді.
Соңғы онжылдықта темекі шегетіндер санын 35 пайызға қысқартқан Жапония сияқты елдер бар. Токионы қарайтын болса, қазір темекі нарығының үштен бірін қыздырылатын темекі құрайды.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласының темекімен күресте қолданған ешбір шарасы – маркетингтік шектеулер, темекіге тыйым салу, салықты көбейту, бағаны өсіру, темекінің денсаулыққа зияны туралы ескертулер, қандай да бір көмек желілері – ешбірі және ешқашан дәл мұндай ауқымда адамдардың сана-сезімін өзгертетіндей әсер берген емес.
Әдетте бұл елдерде жаңа өнім туралы ақпараттандыруға рұқсат етіледі. Өйткені, адамдар мұндай өнімнің бары, оның артықшылығы туралы білмесе, оны кәдімгі темекіге балама ретінде қарастыра алмас еді.
Одан бөлек, бұл өнімдердің құны зерттеу, әзірлеу жұмыстары шығындарының есебінен темекіден қымбатқа түседі. Сондықтан, бұл саланы немесе осы салада қызмет ететін компанияларды әрі қарай жұмыс істеуге ынталандырудың маңызы зор. Мысалы, кей жағдайларда классикалық темекі өнімдерімен салыстырғанда салықты азырақ төлер ме еді?
Алайда, бұған мүлде кереғар ұстанымдағы Франция, Түркия немесе тіпті Сингапур сынды елдер бар. Бұларда темекіге балама өнімдердің ешбірі рұқсат етілмеген. Ал темекі өнімдерінің ішінде ең зиянды түрі – кәдімгі темекі екені белгілі екеніне қарамастан, оған рұқсат бар. Егер темекі сатылымының статистикасына зер салатын болсаңыз, бұл елдерде оның жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көруге болады. Бұлайша біз темекімен күресте мүлде керісінше мақсатқа қол жеткіземіз. Ал бұл қоғамдық денсаулық тұрғысынан қарағанда, тіптен де жақсы емес.
Оқи отырыңыз: Олжас Бибанов, "Филип Моррис Казахстан": Сигареты – это самая вредная форма табачных изделий
– Жаңа өнімдердің зиянының аздығы жөнінде нақты да ғылыми зерттеулеріңіздің бар екеніне конференция барысында көз жеткіздік. Адамдарды түтінсіз темекі өнімдерін қолдануға ынталандыруда да жетістіктеріңіз аз емес. Алайда дәстүрлі темекі өнімдерін тұтынушылар саны азайып жатқан жоқ. Оған не кедергі және түтінсіз болашақ бастамасын жүзеге асыруды қалай жеделдетуге болады?
– Бізде нарықтың түрлі топтары бар. Бұған дейін атап өткенімдей, Түркия, Үндістан сынды шылым шегетін азаматтар саны басым елдер бар. Сингапурда сәл ғана азырақ. Бұл қатарға Латын Америкасының көптеген елдерін де жатқызуға болады. Егер мемлекет билігі заңды түрде балама өнімдерге рұқсат бермесе, біздің бұл елдерде қолымыздан келері шамалы. Ол жақта классикалық темекінің сатылымы әлі жалғасып жатыр.
Екінші жағынан, жаңа өнімнің саудасына рұқсат беріп отырған елдер бар. Бірақ, рұқсат берумен қатар, мемлекеттік реттеудің де болуы маңызды. Реттеу темекінің зиянын азайту қағидасына негізделіп, тұтынушылардың өнім туралы ақпаратқа қолжетімділігіне жол ашуы керек. Яғни, егер сіз түтінсіз темекінің дәстүрлі темекіге қарағанда ең тиімді балама өнім екенін айта алмасаңыз, онда ешкім де темекі шегуді тастамайды. Біз мұны қаласақ та, қаламасақ та, осылай болады.
Сондықтан, қандай да бір коммуникация алаңының болуы маңызды. Мен бұл жерде маркетинг емес, жаңа өнімді нақты фактілер негізінде қолдап дамыту жөнінде айтып отырмын. Тұтынушыларға бұл өнімнің темекі секілді тұтандырылмайтыны, оның темекі түтінінде болатын көптеген зиянды заттарды бөлмейтіні туралы ашық айтылуы тиіс.
Ең абзалы, әрине, темекіні мүлде тастау. Бірақ, егер одан бас тарта алмайтын болсаңыз, онда жаңа, зияны аз өнімге көшу жайында ойлану қажет. Сондықтан, егер осындай жағдай жасалатын болса, онда темекіге әуес адамдар дұрыс шешемі қабылдап бастар еді. Бірақ, өнімге қолжетімділік беріп қана қоймай, адамдардың жаңа өнімге көшуін жеңілдетіп, қолайлы жағдайлар жасау қажет. Айталық, бұл процесс тұтынушылар үшін экономикалық тұрғыда да тиімді болуы тиіс. Оның бағасы кәдімгі темекіден арзан болса, тұтынушы қалтасынан салмақ салмаудан бөлек, оны темекіден бас тартуға да ынталандырар еді.
Тағы бір маңызды мәселе – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), дәлірек айтқанда осы ұйымға бағынатын Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенция (ТКНК) темекіге қарсы күресте нарықта жаңа өнімдердің пайда болғанын назарға алмай отыр. Рас, конвенцияның бұл бағыттағы стратегиясы жақсы, алайда онда соңғы 10-15 жылдағы жаңалықтар ескерілмеген.
Қазіргі ДДСҰ ұстанымына сәйкес, олар біз секілді компанияларға немесе жалпы индустрияға жаңа түтінсіз өнімдерді нарыққа шығаруға және дамытуға мүмкіндік бермеуі қажет. Ал бұл де-факто өнімге тыйым салу дегенді білдіреді.
Бұл жерде менің тарапымнан қарсы сұрақ бар: Онда неге біз темекі саудасына рұқсат береміз? ДДСҰ дәстүрлі темекінің темекі өнімдерін тұтынудың ең зиянды тәсілі екенінен хабардар. Ендеше, кәдімгі темекіге рұқсат беріп, ал оған балама өнімдерге тыйым салу арқылы сіздер (ред. – ДДСҰ) денсаулық тұрғысынан қарағанда ең тиімсіз шешімдер қабылдап отырсыздар.
Жақын уақытта Панамада COP10 басқосуы болады. Бұл тақырыптың осы басқосуда қалай өрбитіні аса маңызды. Өкінішке қарай, ТКНК темекіге балама өнімдер туралы ашық пікірталас құрғысы келмейді. Сондықтан, кездесулердің бәрі шектеулі форматта өтеді, тіпті оларға БАҚ өкілдерін қатыстыруда да шектеулер бар. Алайда, менің көзқарасым (оны біз биыл барынша айтып, көтеріп жүрміз) бойынша, конвенцияның бұл бағыттағы саясаты, жаңа өнімді реттеудегі әрекеті шән мәнінде оған тыйым салуға әкеле жатыр. Өйткені, егер өнім туралы ашық айта алмайтын болсақ, онда ол туралы ешкім хабардар болмайды. Сәйкесінше, шылымқорлар бұрынғысынша темекісін тартып жүре береді. Ал бұл біздің де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да (деп сенемін) негізгі мақсатымызға мүлде кереғар.
Меніңше, олардың қолданып отырған шаралары өте қатал. Оларды темекі шегетіндердің мәселелерінен гөрі темекі индустриясы көбірек алаңдататын секілді. Оның ішінде, әсіресе, "Филип Моррис" өндірісі. Ал анығында негізгі мәселе – шылымқорлар санының азаймай отырғаны ғой. Біз бұл мәселеде не істей аламыз? Иә, біз оларды темекіні тастауға немесе темекінің үздік баламасына көшуге ынталандырамыз. Мұны жасап отырған "Филип Моррис" пе, әлде кез келген басқа компания ма – ол жағы маңызды емес. Бірақ, егер ТКНК құжаттарына үңілсеңіз, онда тек темекі өнеркәсібі туралы жазбалардан көш ала алмайсыз. Ал шылым шегетін адамдардың мәселелері жайлы бір ауыз сөз жоқ. Сондықтан, мен конвенцияға қол қойған елдер мұның дұрыс емес екендігі жөнінде мәселе көтеруі керек деп ойлаймын.
Орайы келгенде айта кетейін, ТКНК құрылған кезде темекіден келетін зиянды азайту қағидаларын ұйымның басқарушы қағидалары етуі тиіс болатын. Алайда, оның орнына біз қазір электронды темекіні жойып, өзге де түтінсіз өнімдерді темекімен теңестіруге тырысып жатқанын байқаймыз. Ал бұл, тағы да қайталаймын, темекі тартатындардың зиянды әдеттен бас тартуына әкелмейді.
– Бұрынырақ сіз PMI Ұлыбритания мен Жапонияда кәдімгі темекі өндірісін тоқтататын жыл ретінде 2030 жылды атаған едіңіз. Өзге елдерге қатысты мұндай болжам айта аласыз ба?
– Шынына келгенде, кез-келген нарықта шешім қабылдайтын негізгі тұлғалармен әріптестік дұрыс жолға қойылса, ары кеткенде он жыл ішінде шылым шегушілікті тамырымен қоса жоюға болады. Бұл қолдан келетін нәрсе және оны біз бірқатар нарықтарда көрсетіп бердік. Мысалы, Жапонияда 35% темекі тартатындарды түтінсіз өнімге көшіру үшін бізге 9 жыл уақыт қажет болды. Бұл процесті біз жанатын емес, қыздырылатын темекі өнімінің алғашқы технологиясымен бастағанымызды ерекше атап өту қажет. Ал қазір біз Iluma индукциясына көшіп жатырмыз және одан әрі де технологияларды дамыта бермекпіз. Жаңа технологиялар темекі шегетіндерге жақсы баламаларға тез және тиімді өтуге мүмкіндік береді. Меніңше, алдағы екінші онжылдық әлдеқайда жедел және үздік нәтижелер беретін болады.
Бірақ, мынаны ойланыңыз: мүдделі тараптардың бәрі бірдей темекі тарту мәселесін шешуді қалай ма? Өйткені, көп жағдайда ерік-жігер жетіспейді. Сондықтан мен өз сөзімде Ұлыбританияның, Жапонияның тәжірибелерін мысалға алдым.
Шынын айтқанда, мұндай жақсы нәтижеге Қазақстанда да, басқа кез-келген елде де қол жеткізуге болады. Өйткені, біздің басты көзіміздің жеткені: темекі тартатын адамдар оны балама өніммен алмастыруды қарастыруға дайын.
Егер біреу темекіні тастау жолында болса, бұл керемет. Бұл өз денсаулығына алаңдайтын кез келген адам үшін ең жақсы таңдау. Бірақ, темекіні тастай алмайтындардың бәріне біз жақсырақ баламаға ауысу керек екенін айтамыз. Мұндай балама өнімдер туралы адамдарды қаншалықты жақсы ақпараттандырсақ, біз бұдан он жыл бұрын тіпті армандамаған да нәтижеге соншалықты тез қол жеткіземіз. Мен егер сізде ғылым мен технологиялар болса, оларды тығып ұстамай, қайта өз халқыңа барынша пайдасын тигізетіндей ашып ұстау қажет деп ойлаймын. Ол қазақстанның шылымқорлары болсын, өзге елдің адамдары болсын – еш айырмасы жоқ.
Оқи отырыңыз: Трансформация продолжается: PMI расширяет и углубляет сотрудничество с KT&G
– Трансформация процесінде мақсаттарды 2030 жылға дейінгі кезеңде жаңалаудың қандай қажеттілігі болды және қазір компания қандай нақты мақсаттарды алға қойып отыр?
– Біз 2030 жылға қарай компания табысының үштен екісін түтінсіз өнімдер түсіруі тиіс деп есептейміз. Бірақ, бұл бүкіл "Филип Моррис" үшін орташа көрсеткіш.
Оған қоса, бізде темекі түтінінен таза қанша нарығымыздың болатыны да маңызды. Біз көптеген елдерде табысымыздың жартысынан көбін қыздырылатын жаңа өнімдер беретін деңгейге қол жеткіздік.
Егер дәстүрлі темекі өнімдері ғана рұқсат етілетін Түркия, Үндістан сияқты нарықтар туралы айтатын болсақ, мұнда қандай да бір прогреске қол жеткізу қиын. Өйткені, балама өнімдер бұл нарықтарда заңсыз саналады. Сондықтан, біздің негізгі міндетіміз – инновациялық өнімдерді инвестициялауды жалғастыру болып қала бермек. Он жыл – бұл өте үлкен мерзім. Сондықтан, біз бұл міндет үдесінен шығамыз деп ойлаймын.
– 2023 жылдың үшінші кварталында бизнестің негізгі көрсеткіштерінің өсімі мен рекордтық табыс көрсеткішіне не себеп болды?
– Үшінші кварталда компания табысының драйвері – түтінсіз өнімдер болды. Ал АҚШ-та табыстың өсіміне ZYN брендіне ие никотин жастықшаларының үздік сатылымы ықпал етті.
– Трансформация инвесторлардың мүддесіне қалай ықпал етеді?
– 10 жыл бұрын компаниядағы қайта құрулардың компания үшін де, инвесторлар үшін пайдалы болатынына бәрі сенімсіздікпен қарайтын. Алайда, қазір темекіден бас тарту саласындағы көшбасшы компания – "Филип Морристің" бағалау құнын өзге кел-келген темекі өндіретін компаниямен салыстырып көріңіз. Үлкен айырмашылыққа куә боласыз. Нарықтық инвесторлар біздің жаңа өнімдердің тек темекіге әуес адамдар үшін ғана емес, сонымен қатар инвесторлар үшін де құнды екенін айқын түсініп отыр. Баға/табыс коэффициенті бізде өзге кез-келген темекі өндіруші компаниямен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Өйткені, тұрақтылық және бизнес тұрғысынан қарағанда, егер сіз ең нашар өнім болып саналатын кәдімгі темекіні ең үздік өніммен алмастыруға ден қойсаңыз – бұл үлкен мәнге ие. Мұны инвесторлар да бағалап, біздің трансформациямызды қолдайды.
Біз бұған 10 млрд доллардан астам қаражат жұмсадық, біздің жүздеген ғалым, техник, инженерлердің басын қосқан тамаша ғылыми-зерттеу орталығымыз бар. Қазірдің өзінде біз қыздырылатын темекі өнімдерінен 10 млрд доллар көлемінде табыс тауып отырмыз, ол бүкіл компания табысының үштен біріне тең. Түйіндеп айтқанда, мұның бәрі – бос сөз емес. Бұл – шын мәніндегі трансформация. Сондықтан, мен акционерлер мен инвесторлар біздің жетістіктеріміз бен алға қойып отырған бағытымызға оң көзбен қарайды деп ойлаймын.
– Панамада өткізу жоспарланған COP10 конференциясында "Филип Моррис" қатысушы елдерге қандай үндеу жасағалы отыр?
– "Әр іске ақылмен қараңыздар!"
Оқи отырыңыз: Вице-президент PMI: Сигареты уйдут в прошлое, если правильно регулировать табачные продукты
– Биыл "Филип Морристің" Қазақстандағы инвестициялық келісіміне 30 жыл толды. Мұның Компания үшін маңызы қандай?
– Біз биыл көптеген өңірде 30 жылдығымызды атап өтіп жатырмыз.
Қазақстанға келсек, біз бұл елдегі ең ертеден келе жатқан шетелдік инвестор болып табыламыз. Біз Қазақстанда жекешелендіруді бастан кешірдік, темекі компаниясын сатып алдық. Ол компанияны дамытып, қазір түтінсіз өнімдер өндірісіне көшіп жатырмыз. Ел бюджетіне қомақты көлемде салық төлейміз. Біз Қазақстанды ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз.
Оған қоса, бізде қазақстандық кадрлық резерв үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Қазақстан ғана емес, Philip Morris International тобында жұмыс істейтін қазақтар, Қазақстаннан келген азаматтар айтарлықтай көп.
Сондықтан, мен 30 жылда бірге қол жеткізген жетістіктеріміз өте көп деп ойлаймын. Біз Қазақстан экономикасында үлкен де маңызды роль ойнаймыз. Жаңа инновацияларды ендіріп, өнімдердің мәселесін шешіп келеміз.