Бұл – режиссер, сценарист Нұржан Еркінұлының екінші  толықметражды фильмі. "Бөлек шығайық" комедиясы көрерменге жол тартар алдында режиссермен аз-кем әңгімелескен едік.

– Нұржан, фильмді түсіру идеясы қалай келді? Неліктен осындай тақырыпқа тоқталдыңыздар?

–  "Бөлек шығайық" фильмінің қозғап отырған тақырыбы қазіргі қазақ қоғамында өте өзекті әрі маңызды мәселе деп ойлаймын. Өзіңіз де хабардар шығарсыз, қазір Қазақстан ажырасу бойынша әлемде алдыңғы орындардың қатарында тұр. Жұптардың жиі ажырасуының басты себептерінің бірі – ене мен келіннің сыйыспауы. Бұл бәлкім көп адам байқай бермейтін, тіпті байқаса да, фильм түсіруге батпай жүрген тақырып шығар. Біз осы туындымызды әркім мінді өзгеден емес, өз бойынан іздесе, бір-біріне түсіністікпен қараса, біраз отбасыны сақтап қалуға болар ма еді деген оймен түсірдік.

– Сценарийді жазған жандардың қатарында сіздің жұбайыңыз Ғазиза Мұратова да бар екен. Бұл фильмде отбасылық өміріңізден алынған сәттер бар ма?

– Иә, мұнда ойдан шығарылған ештеңе жоқ. Барлығы әйелім екеуміздің өмірімізден алынған. Жалпы, фильмнің идеясы менің жұбайыма тиесілі. Ол да бір кездері енесімен бірге тұрған келіншек, сол уақытта өзінің басынан өткен оқиғасы. Ғазиза идеясын ұсынды, мен оны қолдадым. "Әйелдің жанын әйел түсінеді" деп, авторлар тобында міндетті түрде әйел адамның болғанын қаладық. 

Сурет Нұржан Еркінұлының жеке мұрағатынан алынды

– Бұл сіздің режиссерлік дебютіңіз бе?

– Жоқ, былтыр менің режиссер Медет Қалибековпен бірлесіп түсірген "Бойдақ күйеу" атты романтикалық комедиям жарыққа шықты. "Бойдақ күйеу" 600 миллион теңгедей касса жинап, хитке айналды.

– Фильмде кәсіби актерлермен қатар әуесқой әртістер де бар екен. Құрамды неліктен осылай таңдадыңыз?

– Басты рөлдегі екі абысынды блогшы Сәбира Ақатай мен оның абысыны Мәдина Ақатай ойнайды. Абысындардың арасындағы химия сезілуі үшін екеуін басты рөлге бекіттік. Ал, олардың енесінің рөлін ойнаған актриса Қарагөз Тілеубекова апайымыз халыққа "Бауыржан шоу" театрынан жақсы таныс. Фильм әзіл жағынан ұтымды шығуы үшін актер Рамазан Амантайды арнайы шақырдық. Сценарийіміз басты рөлге таңдалған жандарға арнап жазылды.


Оқи отырыңыз: Балалар жылы балалар фильмі түсірілмеді. Қазақта неге "Қожаның" орнын басатын кино жоқ?


– Соңғы кезде ене мен келін тақырыбы тым көп қозғалып жүр деп ойламайсыз ба?

– Жоқ, олай ойламаймын. Ене мен келін тақырыбында түсірілген тек "Келінжан" сериалын атап көрсете аламын. Ал, "Келинка по назначению", "Келинка Сабина" сияқты фильмдер – қазақтың салт-дәстүрін, мәдениет, менталитетін жетік білмейтін адамдардың жұмысы. Оларды қазақылықтан мүлде алыс картиналар деп санаймын. Сондықтан, оларды бұл қатарға қоспаған дұрыс шығар.

– Фильмнің аудиториясы кім? Негізгі месседжді кімдерге арнадыңыздар?

– Киноға ата-енесінен бөлек шыққысы кеп жүрген жандар, отбасын құруға дайындалып жүрген қыз-жігіттер келсе екен дейміз. Жігіттердің де көріп, ой түйгені өте маңызды. Себебі, біз осы дүниеміз арқылы ер адамдарға әйелдердің ішкі қалауын, күйзелісін жеткізгіміз келді.

 Басты рөлде ойнаған Сәбира Ақатай, Мәдина Ақатай және режиссер Нұржан Еркінұлы

– Бұрын өзіңіз "Гәкку" арнасында "Ұят парад" бағдарламасын жүргіздіңіз, талай сапасыз өнімдерді шырайын шығарып тұрып сынадыңыз. Енді өз туындыңызды халыққа ұсынып жатырсыз. Алдағы уақытта айтылатын сынға, мақтау-мадаққа дайынсыз ба?

– Кез келген сынға дайынмын. Өзім YouTube арнасына контент дайындайтын адам ретінде талай орынды-орынсыз сынды естіп, етім үйренген. "Қазіргі кезде неге комедия көп?" деп қайта-қайта қойылатын сұраққа ерінбей жауап беріп жүрген адаммын.


Оқи отырыңыз: Продюсер: Отандық кино дегенде жұрт есінде тоқал, той туралы ғана фильмдер болса, бұл – өте ұят


– Фильмнің өз ойыңыздағы мінсіз нұсқасы осындай ма еді? Әлде, қаражат жетіспей не үлгермей, "әттеген-ай" деп қалған тұстарыңыз бар ма?

– Өзімді перфекционист санамаймын. Десе де, "мына жерін былай істегенде дұрыс болар еді" дейтін сәттерім көп. Қандай фильм түсірсек те өзімізге көңіліміз толмай жатады. Бұл фильм де сондай болды, шикі тұстарын байқап отырмын. Жалпы, өзім қатысқан кез келген жобаға сын көзбен қараймын.

– "Бөлек шығайық" коммерциялық жоба ма?

– Әрине, бұл – коммерциялық фильм. Егер біз фильмді халықтың ақшасына не ұлттық киноны қолдау ұйымдарының қаржысына түсірсек, әңгіме басқаша өрбитін еді. Біздің фильміміз прокатқа бюджеті өзінікінен әлдеқайда жоғары фильмдермен қатар шығып жатыр. Дегенмен, мәселе бюджетте емес, біз үшін басты нәрсе – идея. Халыққа керек тақырыпты қаузадық деп ойлаймын. Таза коммерциялық жоба ретінде барлығын дұрыс істеп жатырмыз.

– Алдағы жоспарыңыз қандай? Сізді енді кино саласына толықтай ден қойды деп айта аламыз ба?

– Кино саласында жүргеніме үш жылдан асты. Қазірге дейін 15 шақты толықметражды фильмнің сценарийін жаздым. Бұл – менің екінші режиссерлік жұмысым. Кино саласына толықтай кірістім деп айта аламын. Ал, жоспарға келсек, келесі жылы 2 көркем фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда, алдағы жылы менің режиссерлік 3 жобам жарыққа шығады. Оның екеуі – продюсерлік фильм.