Тікелей эфир

Продюсер: Отандық кино дегенде жұрт есінде тоқал, той туралы ғана фильмдер болса, бұл – өте ұят

Қанат Төребайдың айтуынша, бүгінде кино саласын терең ­реформалау қажет.

Кейде отандық фильмнің кезекті халықаралық кинофестивальде жүлделі орын алғаны туралы хабарды бәріміз де оқимыз. Бірақ әлемде ондай 6 мыңнан аса кинофес­тиваль бар, оның ішінде беделді әрі белгілісі өте аз. Бұл жүздеген миллион теңгеге түсірілген фильмдерді қазақстандықтар өздері көрді ме, дейді продюсер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребай "Ана тілі" газетіне жазған мақаласында.

"Фес­тиваль жүлделерімен марапатталған отандық  режиссерлердің тұтас бір тобы пайда болды, олардың есімдерін қарапайым қазақ көрермені естіп жүр ме? Олардың көптеген туындыларын қазақ  киносына жатқызуға бола ма? Негізінде бұл, әрине, авторлық фильм­ер. Киногерлер арасында "Егер фильмің қалағандай болмай қалса, оны авторлық деп атай сал" деген қалжың бар. Қысқасы, авторлық кино жанры біраз авторларды осылай асырап отыр", – дейді Қанат Төребай.

Продюсер әлем тәжірибесінде ұлттық кино жылына екі жүздей фильм шығарудан басталатынын, алайда Қазақстанда бұл әлдеқайда аз екенін айтады.

"Оның үстіне бұл есепке жанрлардың барлық спектрін қосу керек – тек тарихи және спорттық драмалар ғана емес, балалар, жасөспірімдер фильмдері, анимациялық және деректі фильмдер де... Осы тұрғыда балаларға арналған кем дегенде үш-төрт қазақ фильмін еске түсіріп көріңізші, атауға тырысыңыз, экраннан қашан көрдіңіз? Балалар қазір гаджеттерде, интернетте сағаттап отырады. Олар қазақша мульт­фильмдер көре ме? Олар тіпті бар ма? Егер бар болса – қайда? Марқұм Әмен Хайдаров тіріліп келіп, ­«Балапан» телеарнасында көрсетілетін мультфильмдерді көрген болса, бірден қайта өліп кетер еді", – дейді Қанат Төребай.


Оқи отырыңыз: Кинотанушы: Қазақша субтитрлер Google-мен аудара салғандай сапасыз


Продюсер қазір барлық кинопрокат жекенің қолында екеніне назар аударды.

"Олар нарық заңымен өмір сүреді, бұл бизнес. Кезінде мемлекет ең бай кәсіпорын – "Казкинопрокатты" банкротқа ұшыратып, сатып жіберді. Біз жиі сынайтын советтік дәуірде ең шалғай ауылдар мен аудандарда фильмдер көрсетілетін клубтар болды. Жылжымалы кино қондырғыларын  есептемегенде, республика бойынша мыңдаған киноэкран жұмыс істеді. Тәуелсіздіктің 31-ші жылында, XXI ғасырда елімізде 400-ден аспайтын ғана киноэкран (кинотеатр емес!) бар. Сонда отандық кино кім үшін түсіріліп жатыр, халықтың миллиардтаған қаржысы не үшін жұмсалып келеді? Ғаламторда көрсетіліп жатқан жеке немесе шетелдік ақшамен түсірілген фильмдер  жастардың санасына қалай әсер етеді, болашақта бұл қалай болады?", – дейді продюсер.


Оқи отырыңыз: Кинорежиссер: Әрбір қалада коммерциялық емес кинотеатр ашу қажет


Қанат Төребайдың айтуынша, бүгінде кино саласын терең ­реформалау қажет. Тез ­арада әрі жан-жақты реформа керек.

"Бұл саланың маңыздылығын бағаламау мүмкін емес. Кино – ол идеология. Кино – қару. Ең бастысы, қазір мәселе тіпті ақша бөлуде емес. Кем дегенде, мақсаттар мен міндеттерді дұрыс құру қажет: біз нені қалаймыз және оған қалай қол жеткізгіміз келеді. Бюджеттік ақшаға түсіріп, оны әрі тиімді ету үшін қандай жағдай жасауға болады? Отандық көрермен қазақ фильмінің келесі премьерасын асыға күтуі үшін не істеуге болады? Бұл мәселелер шұғыл түрде қолға алынбаса, тым кеш болады, даңқты да бай тарихы бар саламыз біржола өшеді. Біздің заманымыздың отандық киносы дегенде, жұрттың есінде қалатыны КВН-стайл фильмдер мен олардың  сабинка, тоқал, той тақырыбындағы сайқымазақтары болса, әлбетте өте ұят болады", – деп түйіндеді продюсер.

Серіктестер жаңалықтары