АҚШ пен Еуропада Салтанат Нүкенованы қолдау акциялары өтіп жатыр. Бишімбаев ісі қалай әлемдік деңгейге шықты
Еуропа мен АҚШ-тың бірнеше қаласында "Салтанат үшін" деп ұрандатқан бейбіт митингтер өтіп жатыр. Бейбіт жиын қатысушылары Салтанат Нүкенова мен оның отбасын қолдау білдіріп қана қоймай, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын еске алды.
Осы орайда Информбюро порталы Салтанат Нүкенова бейнеленген плакаттарды ұстап, "Әр әйел – жалғызым" деп ұрандатқан митингтер қалай өткенін баяндайды.
Ұлыбритания
13 сәуірде Лондонда ондаған студент Салтанат Нүкенованы қолдау мақсатында бейбіт шеру өткізді. Олар зорлық-зомбылық құрбандарының фотосуреттерін ұстап, "Салтанат үшін", "Етіміз де, сүйегіміз де өзіміздікі", "Заң Салтанат құрсын", "Әр әйел – жалғызым", "Сен жалғыз емессің", "Зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды" деген үндеумен алаңға шықты. Әйелді ұрып-соққаны үшін, тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды талап етті.
Басқа елде жүрсек те елімізде болып жатқан жағдайларға бей-жай қарай алмаймыз. Әділдік орнағанын қалаймын. Сол себепті бүгінгі митингке қатысып, қолдау білдіргім келді, – деді Нұрбол Құсайын.
Италия
Италияның бірнеше қаласында, атап айтсақ Милан, Рим, Флоренция, Болонья, Туринда акциялар өтті.
Флоренцияда өткен бейбіт жиынға қазақстандық студенттер ғана емес, жергілікті әйелдер де шықты. "Әр қазақ әйелі – жалғызым", "Фемицидті тоқтат", "Мен және біз – Салтанатпыз", "Салтанат заңы қабылдансын!" деген плакаттар ұстап шықты.
"Бейбіт митингтің бір бөлшегі болғаным үшін қуанып тұрмын. Қоғамға пайдам тигендей сезіндім. Ортақ іс үшін адамдардың қалай бірігетінін көру теңдессіз тәжірибе дер едім. Үйге келгенде үміт пайда болды. Үлкен нәрсені өзгерте алмасақ та, бір адамның болсын санасын өзгертсек, бұл үлкен жеңіспен тең. Біздің әрекеттеріміз әлемнің жақсы бола түсуіне айтарлықтай әсер ететінін ұмытпаған жөн", – деп жазды Адия Тұрған.
Сицилиядағы Мессина қаласында 30-ға жуық адам плакат ұстап шықты. Екі сағатқа созылған митингті қазақстандық студенттер Сабина Альдикова, Равина Болатчан және Алина Мелек пен Италиядағы феминист ұйымдардың өкілдері ұйымдастырған. Бейбіт жиынға Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген қыздар да қатысқан. Плакаттарға "Салтанат үшін", "Салтанатты әлем қолдайды", "Қыздар қыздарды қолдайды", "Тұрмыстық зорлық-зомбылық болмасын" деп жазылған.
"Молдовалық ұйымдастырушы қыз Салтанаттың тағдырына терең үңілгені сонша, бізге көп көмектесті. Италиян тілін білетін қыздар жергілікті тұрғындарға Салтанат Нүкенованың өлімі, елімізде болып жатқан әділетсіздіктер туралы, айтып берді", – деді Сабина Альдикова.
Оқи отырыңыз: Психолог: "Өлтіргенін күтудің қажеті жоқ". Тұрмыста зорлық-зомбылық көрсеңіз, кімнен көмек сұрау керек?
Германия
7 сәуірде Берлинде #Салтанатүшін ұранымен бейбіт митинг өтті. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тануды талап еткен митингке 120-дан астам адам қатысты. Митинг ұйымдастырушысы Сымбат Серікова Instagram-да "Берлин Қазақстандағы фемицидке қарсы" тақырыбында митинг өткізу туралы бастама көтерген.
"Қазақстанда зорлық-зомбылық мәселесі, бірінші кезекте әйелдерге қатысты мәселе әрдайым өзекті болып отыр. Оған бірден-бір себеп – тиісті жазаның болмауы. Салтанат Нүкенованың жантүршігерлік өлімі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алғашқы да, соңғы да мысалы емес. Сол себепті шетелдегі қазақтар бей-жай қала алмадық. Бізге Әзербайжан, Үндістан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина, Оңтүстік Корея секілді елдердің азаматтары қосылып, азаматтық ұстанымдарын көрсету үшін Берлиннің орталығына шықты", – деді Сымбат Серікова.
"Агрессор кінәлі", "Әйел өлтіруді тоқтат", "Әйел құқығы – адам құқығы", "Қазақстанда фемицид тоқтасын", "Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол жоқ", "Салтанаттың мұрасы – барша әйелге қауіпсіз болашақ", "Бізге гүл емес, қауіпсіздік қажет" деген плакаттар ұстапшығып, дауыстап ұрандатты. Митинг қатысушысы Наргиза Тайшыбай туған жерінен мыңдаған шақырым қашықта болса да, жүрегімен бірге екенін жеткізді.
"Германиядағы қазақстандық студенттер, қазақ диаспорасы және басқа да бұл мәселеге бей-жай қарамайтын адамдар әйелдердің диксриминацияға, зорлық-зомбылыққа, азаптау мен геноцидке тап болатынын айта отыра, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, алымсақтықты қылмыс деп танып, әйелдерді әйел болғаны үшін кемсіткендерді жазалауды талап етеміз. Әйел құқығын адам құқығы деп қорғауды талап етеміз. Қазақстан әйелдері мен халқын кемсітуге, зорлық-зомбылыққа және әділетсіздікке төзбеуге, өз абыройы мен ар-намысы үшін күресе беруге шақырамыз. Біз соттан Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша әділ үкім шығаруды талап етеміз. Салтанат үшін! Барша әйел үшін! Әділдік үшін!" – деп жазды Наргиза Тайшыбай.
Іңкәр Бекіш митинг үшін басқа қаладан келгенін, тіпті өзге елдің азаматтары болғанын жазды. Ал жиналғандардың жартысы – ер азаматтар.
АҚШ
13 сәуірде Нью-Йорктың Таймс-сквер алаңына жүзге жуық адам Салтанат пен Айтбек Нүкеновтердің отбасын қолдау мақсатында жиналды. Олардың арасында қазақстандықтар ғана емес, АҚШ, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан азаматтары өз елдерінің туы мен трмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы плакаттар ұстап шықты. Митинг қатысушылары тұрмыстық зорлық-зомбылық заңын қабылдауды және Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша әділ сот үкімін талап етті.
"Әрбір алтыншы қазақстандық әйел зорлық-зомбылыққа тап болады. Біз үнсіз қалмаймыз және зорлық-зомбылыққа жол жоқ дейміз. Біз әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мен бостандығын қолдаймыз", – деді митинг ұйымдастырушылары.
Митинг қатысушысы Әсел Дари "Әйел құқығы – ел бостандығы. Зорлама! Өлтірме!" деген плакат ұстап шықты.
"Қоғамда әйелдер кезігетін әділетсіздікке көз жұма қарап отыра алмаймыз. Әйелдер өзін қауіпсіз сезінетін ертеңіміз үшін күресуіміз керек. Өз орнымызды иеленіп, әділетсіздік көрген барша әйел үшін әділдікті талап ететін уақыт келді", – деді ол.
Литва
Вильнюсте 9 сәуір күні Қазақстан елшілігіне қарама-қарсы орында Салтанат Нүкенованы қолдау акциясы өтті. Акцияға Беларусь және Ресей азаматтары да қолдау білдірді. Ася Булыбенко шетелде бірінші рет осындай акция ұйымдастырған.
"Елшілік қызметкерлері далаға шығып, бізді фотосуретке түсіріп, алғысын айтты. Олардың бірі "еліміз осы сот процесін қадағалап отыр" дегенде сөзін"бүкіл әлем" деп түзеттім. Мені Беларусь еліндегі ғана емес, әлемнің кез келген тұсындағы өзекті мәселелер алаңдатады. Сот отырысын интернеттен кез келген адам көре алады, әрі үзінділері әлеуметтік желіде толып тұр. Сол себепті бұл іске назар аудармау мүмкін емес. Отбасымда бала кезімде анамның көгерген көзіне, жыртық киіміне, көз жасына куә болдым. Айту керек, айту маңызды. Бұл іс туралы ақпарат тарату орынды. Біздің сөзіміз жерде қалмайды", – деді беларусь суретшісі Ася Булыбенко.
Оқи отырыңыз: Айгерім Құсайынқызы: "Бишімбаев ісінен кейін Қылмыстық кодекске "әйел өлтіру" деген бап енгізілуі қажет
Грузия
Тбилисиде 14 сәуір күні Салтанат Нүкенованы қолдау акциясы өтті. Оған 40-қа жуық адам жиналды. "Әйел құқығын қорғау ұят емес", "Қызыңды қорға, ұлыңды тәрбиеле", "#Қызболсын", "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ" деген плакаттар ұстап шықты.
Митинг қатысушыларының арасында жергілікті тұрғындар да болды.
@sputnikgeorgia Акция #засалтанат прошла в #тбилиси #салтанатнукенова #грузия ♬ оригинальный звук - sputnikgeorgia
Енді 21 сәуір күні Прага мен Варшавада #Салтанатүшін ұранымен бейбіт митинг өтеді. Митинг ұйымдастырушылары заң қабылданғанымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық бір күнде жойылып кетпейтінін, сондықтан бұл мәселеге қоғам назарын аударып, зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғай беру керек екенін айтып отыр.