Қазақстанда "Таза табиғат" экологиялық жобасы бастау алды
Наурыз мерекесі қарсаңында елімізде "Таза табиғат" экологиялық жобасы басталды. Соның аясында Түркістан, Шымкент қалаларында және Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында ағаш отырғызылып, айнала қоқыстан тазартылды. Жалпыұлттық жоба Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасы негізінде қолға алынды. "Мекенім – жасыл елім" акциясына 60 мың адам ат салысып, 486 мың түп ағаш отырғызылды. Оқушылардың "Менің ағашым" челленджіне 31 мың адам қатысып, 39 мың көшет егілді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қоршаған орта ахуалын жақсарту бағытында тапсырмалар берді. Жалпыұлттық экологиялық шаралар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында да қарастырылған. Өзге өңірлерде де осындай шаралар ауа райына байланысты сәуірде өтеді", – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Түркістандағы шарадағы сөзінде.
Оқи отырыңыз: Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? Оған қанша қаржы қажет?
Түркістандағы акция аясында қала іргесінде құрылып жатқан Жасыл белдеуге көп жылдық ағаш көшеттері егілді. Шара барысында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы Ботаникалық баққа да ағаш отырғызылды. Жаңа әуежай жолындағы жеміс бауына өрік егілді. Саябақтар, аллеялар абаттандырылып, сенбілік ұйымдастырылды.
"Облысымыз бойынша 3 млн 131 мың га орман қоры жерлері бар, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 630 мың гектарды құрайды. Түркістан іргесіндегі Жасыл белдеу аумағын келер жылға дейін тағы 3000 гектарға кеңейтіп, толық аяқтау жоспары бар. Ал орман тұқымбақтарын дамыту үшін онда әр жылы 35,0-40,0 млн. әр-түрлі ағаш көшеттерін өсіреміз", – деп атап өтті облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Оқи отырыңыз: Наурызға ерекше көзқарас. Наурыз көже қалай жасалады? Астың кепиеті деген не?
Түркістан облысы әкімдігі мен министрлік бірлесе қабылдаған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін өңір аумағында жалпы аумағы 110210 гектарға 170000,0 түп көшет егілмек. Мағзұм Мырзағалиев "Таза табиғат" акциясының наурыз мерекесінде, Түркістанда өткізілуінің ерекше мәні бар екенін және жобаны дәстүрге айналдыру қажеттігін айтты.
"Түркі әлемінің бесігі болған киелі мекеннің гүлденуі ел абыройын арттырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көркейіп жатқан қалаға келген қонақтардың көзі алдымен айналаның тазалығы мен жасыл желекке түседі. Біз Наурыз мейрамын айналаны көгалдандыру мен тазартудан бастауды дәстүрге айналдыруымыз керек. Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жанашырлықты арттырады. Қазақстанда экология проблемаларына бейжай қарамайтын, осындай шараларға белсенді қатысатын азаматтар санының көбеюі бәрімізді қуантады", – деді министр.
"Таза табиғат" жобасы шеңберінде жоғарыда аталған барлық өңірде қоқыстан тазарту мақсатындағы "Бірге – Таза Қазақстан" жобасы жалғасын тапты. "Таза су айдындары" акциясы аясында өзен-көлдер жағасы тазартылып, бұлақ көздері, суармалы су арналады аршылды. Ұлттық парктер мен басқа да табиғи аумақтарда "Парктер шеруі" өтті.