Италияда коронавирус жұқтыру қарқыны бәсеңдеді. АҚШ Қытай мен Ресейден гуманитарлық көмек алды. Әлем жаңалықтары
Іnformburo.kz әлемдегі коронавирус пандемиясына қатысты оқиғаларға шолу ұсынады.
Қытайда өткен тәулікте Covid-19 жұқтырғандар мен көз жұмғандар тіркелмеді
Өткен тәулікте Қытайда коронавирус індетінен қайтыс болған бірде-бір адам тіркелген жоқ және жаңа Covid-19 жұқтырған науқастар да анықталмады. Бүгінгі күнге дейін Қытайда қауіпті дерттен барлығы 76 мыңнан астам адам емделді. Вирустың таралуы кезінде 81 мыңнан көп жұқтыру дерегі тіркелді, 3 305 адам қайтыс болды. Осылайша, Қытай ауру одан әрі таралмаған жағдайда тағы 3 мыңға жуық адамды емдемек.
Оқи отырыңыз: Әлемде коронавирус жұқтырып, көз жұмғандардың жартысынан көбі Италия мен Испанияда. Әлем жаңалықтары
Трамп Ресей жіберген гуманитарлық көмегі бар ұшақ туралы: "Бұл өте жақсы"
АҚШ коронавирус инфекциясымен күрес үшін басқа елдерден, атап айтқанда Қытай және Ресейден гуманитарлық көмек алды. Президент Дональд Трамп ресейліктердің қайырымдылығына көңілі босап, "бұл өте жақсы" деп жауап қатты. Дүйсенбі күні АҚШ-қа коронавирустың таралуын жеңу үшін көмек көрсетілді.
"Қытай бізге керемет нәрсе жіберді. Ресей бізге үлкен ұшақ, медициналық жабдықтар жіберді, бұл өте жақсы болды", – деді Трамп.
Ол сондай-ақ басқа мемлекеттердің шттаттарға көмек жібергенін айтып, оған таң қалғанын жасырмады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі
Италияда коронавирусты жұқтырудың рекордты төмен саны тіркелді
Үш апта бұрын Италияда енгізілген қатаң карантиндік шаралар 13 сәуір, пасхаға дейін ұзартылды. Бұл туралы дүйсенбі күні елдің Денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца мәлімдеді. Билік әсіресе індеттен қатты зардап шеккен Бергамо тұрғындарын үйден шықпауға шақырды. Ондаған еріктілер (олардың кейбіреулері жақында жақындарынан айырылып қалды) тамақ пен дәрі-дәрмекті әсіресе мұқтаж адамдарға таратуда.
Бір тәулік ішінде Covid-19 инфекциясынан Италияда 812 адам көз жұмса да, құрбандардың жалпы саны 11,5 мыңға жетті. Соңғы екі аптадағы деректермен салыстырғанда жұқтырғандар саны екі есеге азайды. Тағы бір жақсы жаңалықты азаматтық қорғаныс департаментінің басшысы Анджело Боррелли хабарлады. Ол "кешегі күнмен салыстырғанда, сауығып кеткен адамдардың саны 1 590-ды құрайды. Бұл біздің елімізде індет басталғаннан бері ең үлкен көрсеткіш" деді.
Оқи отырыңыз: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі
Токиода Олимпиада 2021 жылдың шілде-тамыз айларында өтеді
Коронавирусқа байланысты мерзімі ауыстырылған жазғы Олимпиада ойындары келесі жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтетін болды. Ал паралимпиада алдағы жылдың 24 тамызы мен 5 қыркүйегі аралығында болады. Мұндай шешімді дүйсенбі күні Халықаралық Олимпиада комитеті мен Жапония үкіметі қабылдады. Қазір Халықаралық федерациялар 2020 жылғы Олимпиада ойындарымен тұспа-тұс келмеу үшін әлемдік турнирлерді ұйымдастыру уақытын өзгертуде.
Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?
Финляндия шектеулерді 13 мамырға дейін ұзартты
Финляндия үкіметі елде енгізілген төтенше жағдай шеңберінде қабылданған шектеулерді ұзарту туралы хабарлады. Елдің Үкімет басшысы Марин Саннаның айтуынша, бұған дейін қабылданған шаралар өз тиімділігін көрсеткен. Сондықтан шектеулер 13 мамырға дейін ұзартылатын болады. Атап айтқанда, бұл мектептер мен басқа да оқу орындарына қатысты. Әрі бұқаралық іс-шараларды өткізуге, мейрамханалық қызметке қатысты қойылды. Үкімет елдің солтүстік және батыстағы мемлекеттік шекараларын кесіп өтуге қосымша шектеулер енгізуді дайындайды. Теңіз бойынша жолаушылар қозғалысы тоқтайды, тек жүк тасымалына мүмкіндік береді. Коронавирус індеті басталғалы бері Финляндияда 13 адам қайтыс болды, жұқтырғандар – 1313.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен АҚШ алға шықты. Украина шекарасын жапты.
Коронавирус Брюссельдің қоқыс жинаушыларына қауіп төндірді
Брюссельдің қоқыс жинаушылары қатарында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны көбейіп келеді. Соңғы кездері коммуналдық қызметтердің 20 пайыздан астамы ауруханаға жүгінген. Қоқыс жинаушылар жергілікті тұрғындар тастайтын заттармен физикалық байланыста. Осыны ескере отырып, Бельгия билігі мен кәсіподақтар персоналдың осы санатындағы инфекцияны азайту үшін шұғыл жиналыс өткізді. Нәтижесінде қоқыс жинаушылардың жұмыс күнін қысқарту және вирустан қорғаудың барлық қол жетімді құралдарымен жабдықтау туралы шешім қабылданды.