Брижит Бардо қорының халықаралық жобалар жөніндегі жетекшісі Брижит Олуа Қазақстанға келді. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрімен, елорда әкімдігі және азаматтық ұйым өкілдерімен кездесіп, өңірлердегі жануарларды қорғау ұйымдарының жұмысымен танысты. Айта кетейік, 2019 жылы Брижит Бардо қоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, елдегі жануарларды қорғауға шақырған еді. 


Оқи отырыңыз: "Ит етінен ас әзірлейтін дәмханаларды жабуды ұсынбақпыз". Тоқаевқа хат жазған Брижит Бардо қорының өкілімен сұхбат


Қазақстандағы жағдаймен таныстыңыз. Қандай әсердесіз? Елдегі жануарларға жасалатын қарым-қатынасты қалай бағалайсыз?

– Бүгін көріп-білгеніме қарағанда, Қазақстанда жануарлардың жағдайына алаңдайтын және сол бағытта жұмыс істеп жатқан адамдар көп екен. Олардың жұмысын өте жоғары бағалаймын және осы үшін рахмет айтқым келеді. Себебі, олар өте аз ақшамен, өте аз қолдаумен осындай үлкен жұмыс істеп жатыр. Оларға басқа адамдар, мемлекеттік органдар ешқандай қолдау көрсетіп отырған жоқ. Мен ең бірінші осы адамдар туралы ойламын. Өйткені, бұл кісілер болмағанда, елдегі жануарлардың жағдайы бұдан да жаман болар еді.

Бүгін елордадағы қараусыз иттер мен мысықтарға арналған панажайларға бардым. Ондағы жануарлар өте сүйкімді, адамға қастық қылатындай агрессивті емес, керісінше достық пейілде. Бірақ, өкінішке қарай, оларды үйіне алып кететін адамдар өте аз екен. Мен сіздер арқылы қазақстандықтарға хабарландыру жасағым келеді: Өтініш, панажайдағы иттер мен мысықтарды үйлеріңізге алыңыздар және көшеде жүрген иесіз ит-мысықтарға да қамқор болыңыздар. Себебі олар сіздерге бақыт сыйлайды. Мысалы, Францияда халықтың 20%-нан астамында – ит, 30%-нан астамында мысық бар. Осы кісілердің 90%-ы ит пен мысықтың оларға, балаларына қуаныш, бақыт сыйлатынына сенеді және осы жануарлардан біраз нәрсе үйренгенін айтады. Сонымен қатар ешқандай кедергі болмаса, жұмысқа барғанда да бірге алып жүруге әзір. Иттер мен мысықтардан қорқудың қажеті жоқ. Оларға көмектесіңіздер, қамқор болыңыздар, себебі олар керісінше бізге бақыт сыйлайды.

Қазақстанда жануарларды қорғау туралы заң жобасы қаралып жатыр. Онымен таныса алдыңыз ба?

– Заңда жануарларға төзімділікпен қарау туралы бап енгізу көзделген екен. Бұл өте жақсы. Бірақ, заңның қаншалықты тиімді болатынын айтуға әлі ерте. Себебі, оның қалай жұмыс істейтінін көру керек. Жалпы, иесіз жануарларды ұстап, панажайға орналастыру – нәтиже бермейтін шара. Себебі, панажайда үш мыңнан аса ит болғанымен, көшеде де сонша ит жүр. Мұны түзеудің жалғыз жолы – иттерді ұстап, егіп, залалсыздандырып, қайтадан жіберу.


Оқи отырыңыз: Тал мен Талдыкөл


Жиында Кіші Талдыкөл мәселесі туралы айтылды. Бұл мәселеге көзқарасыңызды білгіміз келеді. Себебі, ол жерде де жабайы құстар мекен етеді ғой.

– Әрине, мен көлдің сақталғанын қалаймын. Қорғап қалғым келеді. Себебі, бұл көлдің көзін жою экожүйеге, табиғатқа құрметтің жоқ екенін көрсетеді. Жалпы әлемді сол табиғатқа деген құрметсіздік құртып жатыр. Сол себептен мен көлді құрғатуға қарсымын. Брижит Бардо қоры да қарсы. Менің ойымша, бұл жерде өте үлкен лобби жүріп жатыр. Соған қарағанда ешқандай сөз бұл кісілерді тоқтата алмайтын сияқты, өйткені бұл жерде материалистік менталитет жоғары тұр. Өте өкінішті жағдай.

Биыл қордың құрылғанына 35 жыл болды. Осы уақыт аралығында қандай ірі жетістіктерге қол жеткізді?

– Өте көп. Қазір бәрі бірдей есіме түспей тұр. Мысалы, Брижит Бардо қорды енді құрған кезде теледидарда сөйлеп, жануарларды өлтірер алдында ұйықтатуға шақырды. Неге бұл маңызды? Себебі, бұрын жануарлар бірден өлтіріле салатын да, денесі, санасы жиырма минутқа жуық тірі жататын. Бұл өте қорқынышты жағдай еді. Бардо ханым осыны тоқтатты. Сонымен қатар Канадада ақүрпектерді (итбалықтың күшігі. – авт.) өлтіру тоқтатылды. Себебі, бұрын олардың жүнін алатын. Бұл да өте үлкен жеңіс.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жануарларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина әзірленеді


Айта кетейік, 2019 жылдың 11 желтоқсанында Брижит Бардо президент Қасым-Жомарт Тоқаева ашық хат жазған еді. Онда елдегі иесіз жануарларды аяусыз өлтіріп, тірідей өртеп жіберіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Президенттен жағдайды адамгершілік шеңберіне сай реттеуді сұрады. Хатқа ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан жауап беріп, Президенттің ризашылығын жеткізді және қормен ынтымақтастық танытуға дайын екенін білдірді.