Covid-19 кезінде ингаляция жасауға болмайды. Небулайзер деген не және ол не үшін қолданылады?
Covid-19 пандемиясы кезінде халық ішінде вирустың түрліше алдын алу және одан емделу жолдары туралы ақпарат тарады. Денсаулық сақтау министрлігі олардың біразын жоққа да шығарып үлгерді. Қате түсініктің бірі – өкпені жасанды жолмен желдету, яғни тыныс алдыру аппараты мен ингаляция жасауды шатастыру. Коронавирус жұқтырған науқастарға ауруханаларда оның біріншісі қолданылады. Ал ингаляция өзге тыныс алу сырқаттарына ем. Оны дұрыс қолдана да білу қажет. Әйтпесе, "ауру үстіне ауру жамап алу" қаупі бар.
Клиникалық медицинада ингаляция небулайзер немесе ингалятор аталатын арнайы медициналық аппаратпен жасалады. Осы орайда Informburo.kz Нұр-Сұлтан қаласындағы №4 емхананың учаскелік дәрігері, резидент-пульмонолог Аягөз Оразбекованың ингаляция процесі мен небулайзерге қатысты маңызды сұрақтарға берген жауабын ұсынады.
№1. Ингаляция не үшін қажет?
Науқасқа пневмония диагнозы нақты қойылса және оның жөтелі өте құрғақ боп, қақырық шықпаған жағдайда ингаляция жасау бекітіледі. Ингаляция қазірге дейін:
- бронихиалды демікпе;
- өкпенің созылмалы обструктивті ауруы;
- фиброз;
- созылмалы өкпе ауруы кезінде жасалатын.
Коронавирус пандемиясы пандемиясы кезінде ингаляция жасау қажеттілігі артқан. Әсіресе, кішкентай балаларға антибиотикті көп бермей, ингаляция жасау арқылы емдеген дұрыс.
№2. Небулайзер. Бұл не?
Небулайзер – ингаляция жасайтын аппарат. Ол өкпенің төменгі бөлігіне, яғни төменгі тыныс алу жолдарына дәріні тиімді жеткізеді. Небулайзерге құйылған дәрілік сұйықтық қысымның әсерінен аэрозольге айналады. Небулайзер негізгі блоктан, түтікшемен жалғанған және ауыз бен мұрынды жабатын маскадан тұрады. Аппаратта сығылған дәрі буға айналып, демалған кезде қабынған тыныс алу жолдарына әсер етеді.
№3. Небулайзерді қалай қолданады?
Ингаляция рецептін емдеуші дәрігер жазып береді. Сол рецептке сәйкес, небулайзер аппаратының дәрі құятын ыдысына дәрілік сұйықтық және физиологиялық ерітінді құйылады. Іске қосқаннан кейін аппарат сұйықтықты буға айналдырады. Ингаляция жасау кезінде ауызбен тыныс алу керек. Күніне екі мәрте жасалады.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың жеңіл түрінде ем жасау дұрыс па? Маман кеңесі
№4. Ингаляцияның артықшылығы не?
Небулайзермен ингаляция жасаған кезде қолданылған дәрі қанға сіңбейтіндіктен, ағзаға еш зиянды әсер етпейді. Сондықтан да оны кішкентай балаларға да қолдануға болады. Сондай-ақ, қақырық шығаратын шәрбаттарға аллергиясы бар адамдар үшін ингаляцияның тиімділігі жоғары.
№5. Covid-19 алдын алу және одан емделу үшін ингаляция жасау дұрыс па?
Коронавирустың ерекшелігі – бұл вирус алғашқы уақытта мұрын қуысы мен ауызда болады. Ал бірден ингаляция жасау арқылы оны өкпеге түсіріп жіберу қаупі бар. Сондықтан оны науқасқа нақты диагноз қойылған соң ғана дәрігердің кеңесімен қолдану қажет.
№6. Небулайзерсіз өз бетінше ингаляция жасау не үшін қауіпті?
Медицина өз бетінше ингаляция жасап емделуге рұқсат етпейді. Мәселен, ас содасымен, спирттің буымен демалудың зиян екенін айтып, дәрігерлер дабыл қағуда. Небулайзердің ерекшелігі – одан ыстық емес, салқын бу шығады. Дәрі мен ерітіндінің буы ыстық болмайды. Ал қайнап тұрған суға ас содасын салып, сол ыстық бумен демалған адамдар бетін ғана емес, ауыз қуысын, бронхын күйдіріп алуі мүмкін. Олай жасауға мүлдем болмайды.
Оқи отырыңыз: Дәрі тапшылығы мен антибиотиктер зияны. Үйде емделушілерге арналған маңызды 18 сұраққа жауап
№7. Небулайзердің қандай түрлері бар?
Ингалятор аппаратының:
- ультрадыбысты;
- толқынды;
- компрессорлы және т.б. түрлері бар.
Адамның өкпесі үш бөліктен тұрады: жоғарғы, ортаңғы және төменгі. Кейбір ингаляторлар дәріні ортаңғы бөлігіне дейін ғана жеткізе алады, енді бірі препаратты өкпенің төменгі бөлігіне дейін жеткізеді. Сондықтан, небулайзердің таңдаған кезде техникалық сипаттамасына мұқият болу керек.
№8. Ингалятор әр отбасыда болуы керек пе?
Кішкентай балалары бар отбасыда небулайзер аппарат болғаны өте жақсы. Өйткені, қазіргі кезде балалар аллергияға бейім. Артық қимыл жасаса, бронхтары қысылып, ынысы тарылады. Мұны медицина тілінде стеноз деп айтады. Осындай кезде ингаляция тиімді көмек береді. Негізінен, ингаляторды бала тұншыққан кезде жиі қолданады. Өйткені, балаларда көмей мен кеңірдектің қабынуы, өкпе тұншығуы кезінде бронх қабырғалары ісінеді де, бітеліп қалады. Оны ашуға ингаляция жасаудың пайдасы мол.
№9. Небулайзерді қалай таңдаған дұрыс?
Ингалятор бағасы шамамен 13 мың теңгеден басталады. Оны дәріханалардан, интернет дүкендерден сатып алуға болады. Маскасы, түтікшесі, дәрі құятын стаканымен бірге сатылатынын алған дұрыс. Әр аппараттың пайдалану кепілдігі де әртүрлі. Небулайзер шығаратын фирма көп болғанымен, Қазақстанда ең танымалы және медицинада жиі қолданылатыны OMRON маркалы ингалятор.
Оқи отырыңыз: Дәріханалар дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатса, қайда және қалай шағымдануға болады?
№10. Бір ингаляторды бірнеше адамның пайдалануына бола ма?
Болады, бірақ дезинфекция талаптарын мұқият сақтау қажет. Түтікше мен маска науқастың беті мен тыныс алу мүшелерімен жанасатындықтан, ол арқылы жұқпалы ауру таралуы мүмкін. Сондықтан, ингаляторды бір адам қолданғанна кейін жақсылап тазартып, дезинфекция жасау қажет.
№11. Небулайзерді қалай тазалайды?
Ауруханада ингаляторды зарарсыздандыратын арнайы орталық бар. Ал оны үй жағдайында тазалаған кезде аппараттың түтікшесі мен маскасын, дәрі құятын кішкентай ыдысын 3-4 минут қайнап тұрған суға салу қажет. Содан кейін судан шығарып, қалыпты ауа температурасында кептіру керек. Ал қолданар алдында масканы міндетті түрде 70 пайыздық спиртпен сүрткен жөн.
№12. Ауруханада ингалятордан ауру жұғуы мүмкін бе?
Ауруханада әр науқасқа жеке ингалятор қолданылады. Бір палатада үш орын болса, үш ингалятор тұрады. Оны басқа адам емес, науқастың өзі ғана қолданады. Науқас ауруханадан шыққанша дейін түтікшесі ауыстырылмайды, ал маскасы үнемі зарарсыздандырылып отырады. Соған байланысты, ингалятордан вирус жұқтыру қаупі жоқ.