Қазақстанда 2013 жылы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) әлеуметтік жобасы іске қосылған болатын. Жобаның мақсаты – ел азаматтарының барлығына білімнің қолжетімді болуын қамтамасыз етіп, балалардың болашақта білім алуына қазірден ақша жинауға ынталандыру. Алайда қазірге дейін бұл жобаға 21 мың азамат қана қатысыпты.

Informburo.kz бағдарлама операторы – "Қаржы орталығымен" бірлесе жинақ жүйесіне қатысу шарттары, банк пен мемлекет сыйақысы, ақшаны қалай жұмсауға болатыны және оның қандай жағдайда қайтарылатыны туралы сұрақтарға жауап береді.

Оқи отырыңыз: Мектеп пен ата-ана арасындағы шарт. Не үшін қажет және қалай жасалады?

№1. Жүйеге кім қатыса алады?

МБЖЖ аясында әрбір қазақстандық азамат өзінің немесе баласының атына жинақ ашып, кейін жиналған қаржыны Қазақстанда және шетелде кәсіби-техникалық және жоғары білім алу ақысын төлеуге пайдалана алады.

№2. Бастапқы жарна

Кез келген жеке тұлға банкте өз атына не баласының атына (ол туғаннан бастап) білім беру жинағын ашып, тұрақты түрде жарна енгізе алады. Жүйелі жарналардың мөлшері мен салымды толықтыру кезеңділігін жүйеге қатысушы адам өзі айқындайды. Бастапқы жарна мөлшеріне ғана талап бар, ол 3 АЕК (2020 жылы – 7 953 теңге) болуы тиіс.

Оқи отырыңыз: "Балаларды кітап оқуға баулу өте маңызды". Асхат Аймағамбетовтың ата-аналарға хаты

№3. Жинақты қай банктен ашуға болады?

Бүгінгі таңда жүйеге төрт банк – Halyk Bank, Нұрбанк, ВТБ Банк және Jýsan Bank қатысады.

№4. Банк сыйақысының мөлшері

Жүйеге қатысушы банктер Ұлттық банктің шартына сәйкес, сыйақыны өз бетінше белгілейді. Бірақ, банк сыйақысы 8,3 пайыздан 9,8 пайызға дейінгі мөлшерде болуы тиіс.

Оқи оытрыңыз: Балаларға – тегін тамақ пен мектеп жабдықтары. Әлеуметтік пакет туралы маңызды 10 сұраққа жауап

№5. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері

МБЖЖ 10 пайызға дейін банктік сыйақыдан бөлек, 5 және 7 пайызға дейін мемлекеттен сыйлықақы есептелетін AQYL арнайы жинақтаушы білім беру депозиттерінің көмегімен қаражат жинауға да мүмкіндік береді. Сонда депозит сыйақысы 17 пайызға дейін жетеді.

Есептеп көрейік:

Ай сайынғы салым

(міндетті емес)

10 жылда жиналатын қаржы

3 мың теңге

900 мың теңге

7 мың теңге

2 млн теңге

10 мың теңге

2,8 млн теңге

Білім беру жинағына ай сайын 10 мың теңге салып тұрсаңыз, он жылдан кейін 2,8 млн теңге жинауға болады. Бұл жерде жүйе қатысушысының салған ақшасы 1 198 000 теңге (43%) болса, мемлекет пен банктің сыйақысы – 1 628 000 теңге (57%).

Оқи отырыңыз: Мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап сабақты қалай оқиды? Министр түсіндірмесі

№6. Оқу ақысы қалай төленеді?

Оқу ақысы жиналған қаражат есебінен төленеді. Ол үшін білім беру ұйымы мен студент арасында жасалған білім беру қызметтері туралы шарттың көшірмесі қажет болады. Соның негізінде банк оқу орнына қажетті қаражатты аударады. Ал білім беру салымындағы қалған қаражатқа банктің сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы қосылады.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде балалардың уақытын қалай тиімді өткізуге болады? Пайдалы онлайн контент топтамасы

№7. Салымшылар саны

21 мың салымшы бар. Жинақтарының жалпы сомасы – 22 млрд теңге. МБЖЖ іске қосылғалы бері 3,642 млрд теңге мөлшерінде мемлекет сыйлықақы төленді. Бұл қаржыдан:

  • 833 салымшы отандық білім беру ұйымдарында;
  • 209 салымшы шетелдік білім беру ұйымдарында білім алу үшін өз салымдарын пайдаланды.

№8. Салымшы грант иеленсе не болады?

Мұндай жағдайда салымшы қаражат жинақтауды әрі қарай жалғастыра берсе болады не салымды үшінші тұлғаның атына қайта ресімдей алады. Сондай-ақ, қаражатты білімнің басқа деңгейлерін алуға не қолма-қол шешіп алуға құқылы.

Оқи отырыңыз: Эпидемиялық төтенше жағдай кезіндегі білім беру жүйесі туралы

№9. Мемлекет сыйлықақысы қайтарылады

Мемлекет сыйлықақысы келесі жағдайларда қайтарылады:
  • нысаналы мақсаты сақталмай, салым шарты салымшының бастамасы бойынша бұзылса немесе мерзімінің өтуіне байланысты салым шарты бойынша міндеттемелер тоқтатылса;
  • салымшының білім беру ұйымынан шығарылған күнінен бастап күнтізбелік үш жыл өтсе;
  • жинақтау мерзімі бір жылға жетпей тұрып, мемлекет сыйлықақысын төлеу фактісі анықталса;
  • салымшы Қазақстан азаматтығынан айырылса;
  • семлекет сыйлықақысының артық есептелу дерегі анықталса.

Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

№10. Салымдар сақтандырылған ба?

Білім беру салымдары 10 млн теңгеге дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен сақтандырылған, сондай-ақ мемлекет тарапынан да, үшінші тұлғалар тарапынан кез келген өндіріп алу шараларынан қорғалған. AQYL білім беру депозиттеріне ешқандай шектеулер мен өндіріп алулар қойылмайды.