"Батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады". Зейнеп Ахметованың өзекті ойлары
Informburo.kz Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың Жетісу телеарнасына берген сұхбатында айтқан өзекті ойларын ұсынып отыр.
Зейнеп Ахметова – Бауыржан Момышұлының келіні. "Шуақты күндер", "Бабалар аманаты", "Әзіліңді сағындық", "Күретамыр" кітаптарының авторы.
Адамзат қателігі
Қазіргі адамзаттың ең үлкен қателігі – қатыгездік. Осы қатыгездіктен барлығы туындап жатыр: табиғаттың бүлінуі, адам мен жаратылыс арасындағы көзге көрінетін, көрінбейтін байланыстардың үзілуі. Содан келіп неше түрлі ауру-сырқау, әр түрлі апаттар туады. Қарап тұрсаң, адамзаттың бірде-бір күні соғыссыз, қантөгіссіз өтпейді. Бір күн тыныштық жоқ екен.
Жаратқан ием пенделеріне Жер дейтін ғажап мекенді берген. Жер үстінде адамзатқа жеткілікті барлық нәрсе бар. Жалғыз адамзатқа емес, жан-жануарларға да, өсімдіктерге де. Біріне бірі өмір беруі, біріне бірі қорек болуы үшін солай жаратқан. Ал біз сол табиғатты әбден жұтатып, тепе-теңдікті жойдық. Жер-ана көтеріп жатыр. Бірақ, қашанғы көтереді?
Оқи отырыңыз: Ұлттық құндылықтар қалай жоғалады?
Бүкіл әлемде бір ғана ұлы кітап бар. Ол – жаратылыс. Өйткені, жаратушы иеміз барлық белгілерді, ілім-білімді Жердің өзіне берген. Бізге түсінікті болатындай нышандар бар. Бірақ біз пендеміз ғой, санамыздың каналдарының бәрі жабылып қалғандай, анықтап қарамаймыз. Ұлы кітапты бүлдіріп, Жерді шұрық-тесік етіп жатырмыз. Адамзаттың ең үлкен қателігі осы – қатыгездігі.
Ұлт қателігі
Ұлттық идеология жасалмағандықтан, көптеген кемістік кетіп жатыр. Күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл дегенмен, ұлттық идеологияның жоқтығынан ана тіліміз төрге шыға алмай отыр.
Ұлттық мемлекет болу үшін алдымен әрбір халық ата-бабасынан келе жатқан құндылықтарын бірінші орынға қоюы керек еді. Сол елдің, жердің иесі болып отырған халықтың мүддесі ең алдымен ескерілуі керек еді. Өкінішке орай, біз жалпақшешейміз.
Біз бәрінің көңіліне қараймыз. Үйіміздің ішінен бәріне отау тігіп бердік. Ол отау өседі, бала-шағасы өседі, басқасы болады. Үлкен үйіңе кесірі тиеді деп ойламайсың ба? Достық, ұлтаралық қатынас дейді. Ал неге достық бір жақты болуы керек? Жасыратын не бар, қай жерде бір жағдай болса, алдымен қазақ жазаланады. Құшағымызды ашыппыз, шекарамызды ашыппыз, егеменді елдің ертеңгі күніне, тұтастығына, болашағына кесірі тиеді деп ойлану керек қой.
Бір қорқынышты нәрсе бар. Қазіргі кезде біз өткенімізді, бүгінімізді білеміз, бірақ, бізде болашақ жоқ. "Болашақ жоқ" дегенді басқаша түсінбеуіміз керек, алдымызда сенетін бағдарлама жоқ. "Отыз жыл", "елу жыл" дегендер ұлттық бағдарлама емес.
Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?Кеңес үкіметін қанша жерден жамандасақ та, коммунистік партияның коммунизмге жетеміз деген керемет бағдарламасы болды. Халық соған сенді. Ал біз ертең не боларын білмейміз. Өйткені, ұлттың, халықтың алдында дайын тұрған жолды көріп тұрған жоқпын.
"Жарқын болашақ" деп айтады, сол жарқын болашаққа жасалған бағдарлама жоқ. Ең үлкен қателік – осы ұлттық идеологияның жоқтығы. Осы бетпен кете беретін болса, егеменді елдің болашағы нағыз қылкөпірдің үстінде тұрғандай болады. Болашағы тұманды.
Соғыс кезінде "аш-жалаңашты" вагон-вагонмен әкеліп, Қазақстанға төкті. Сонда өздері киер киімге, ішер тамаққа жарымай отырса да, азаматын майданға жіберіп отырған қатын-қалаштың өзі, жетім бала, жесір әйелдің өзі сол сырттан келгендерді паналатты. "Бұлар ошағы ойран болған, үйі өртенген жерден келіп отыр, ертеңгі күні балаларыма сауабы тисін" деп аузындағысын жырып берді.
Оны үлкендері ұмытпады, айтып жүрді. Бірақ, кейінгі жастардың көзін май басып кетті.
Қордайдағы дүнгендер мен қазақтар арасындағы, Шелектегі ұйғырлар мен қазақтар арасындағы, шешендер мен қазақтар арасындағы болған жағдайларды қазақ бастаған жоқ. Қазақтың намысына тиді, оның арын таптады. Айналайын, "жуас атты шабынан түрте берсең, бір күні аузы-мұрныңды қан қылады".
Қазақтың кінәсі
Шындап келгенде, қазақтың өзінде де кінә бар. Өзбектерге таң қаламын, бір жағынан сүйсінемін. Өйткені, өзбек кез келген ұлтты ым-жымын білдірмей, өзбек қылып жібереді. Біз сыйғызбаймыз. Неміс болса да, өмір бойы қазақтың сөзін сөйлеген Герольд Бельгерді, орыс болса да, қазақтың ұрпағын өсіріп отырған Надя апаны сыйғызбадық. Басқа ұлт болғаны үшін олар қазақтан төмен, кем сияқты. Қазақтар не дұрыстап өздері қазақ бола алмайды, не өзгені қазақ қыла алмайды.
Ұлы жүздің адамын кіші жүз, кіші жүздікін ұлы жүз сыйғызбауы мүмкін. Ұлттық қасиетімізді жинақтай алмай, ұлттық дәрежеге жете алмай жатырмыз. Әлі күнге дейін үш жүзге бөлінеміз. "Біздің жақта ондай емес, сенің жағыңда..." деп. Міне, "менікі", "сенікі" деген көп айтылады, "біздікі" деген сөз айтылмай жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақ жас ерекшелігіне неге мән берген?
Әр жердің өзіне тән сәл-пәл өзгешелігі бар, бірақ, соны қазақтың өзі жасады. Орыс, қытай келіп жасаған жоқ. Олай болса, неге сен соны ортақ етпейсің? "Оңтүстікте мынандай, шығыста мынандай" деп, неге қазаққа ортақ етпейді?
Содан кейінгі қазақтың кемшлігі – ана жақта өзге ұлттың өкілі түшкіріп қалса, мына жақта "жәркемалла" дейді. Жалпақшешей.
Біздің қателік
Кез келген нәрсеге, қызарғанның бәріне қызығамыз. "Англияда мынадай екен" деп оны әкеледі. "Америкада, арабтарда мынадай екен" деп мұны әкеледі. Бірақ, ол қазаққа сіңе ме? Өгізге кілем жапқандай болып тұрады. "Сауысқан тоты боламын деп жүрісінен жаңылыпты" дейді. Біз анаған да, мынаған да еліктейміз деп, өзіміздің бет-бейнемізден, ұлттық қадір-қасиетімізден айырылып бара жатырмыз.
Тіпті, кеңес үкіметі кезіндегі деңгейден төмен түсіп кеттік. Неге? Батыс келіп бізді жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады. Содан ат төбеліндей бір уыс қазақ қай жағына қарарын білмей, шақшадай басы шарадай болды.
Сөйтіп қаншама адам, әсіресе, жастар адасты. Әлі адасып жүр – ең жаманы сол. Батыстан келгеннің бәрін мәдениет деп қабылдайды. Мәдениет пен өркениетті ажырата алмайды. Өркениет дегеніміз – технология, мәдениет деген рухани дүние ғой.
Әр ұлттың өз мәдениеті, менталитеті бар. Жанұшырып жетіп жатқан жаһандану қаласақ та, қаламасақ та, келеді. Ал енді құр қарап отыра берсең, өзі бір уыс қазақ жаһандануға жұтылып кетеді. Сонықтан қазақ "ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме" дейді. Ықтырма болмаса, қора да бұзылады, қойыңды жел алып, үйіңді де құлатып кетеді. Бізде ықтырма ұлттық құндылықтар болуы керек. Сонымен ғана сақтай аламыз, сонымен ғана қалқан қоя аламыз. Құндылықтар ана тілі арқылы сіңеді.
Оқи отырыңыз: Ұлттың жеті қорғаны: қазақтың жағдайы қалай?Халық педагогикасы
Балабақшадан бастап халық педагогикасы сабағын өту керек. Әдеп сабағы болуы тиіс. "Тәйт" дегенді үйренбеген бала бетімен кетеді. 1992 жылы халық педагогикасынан "Кәусарбұлақ" деген бағдарлама жасадым. Ата атындағы №191 мектепте тәжірибе, әдеп сабағы ретінде қазақтың этикасы, тәрбиесі, сөз анасы сәлемнен бастап ұлттық құндылықтарды жүргіздік. Сол кездегі қала басшысы Заманбек Нұрқаділовке айтып едім, екі сөзге келмей, сабақты жүргізетін мұғалімге төленетін ақшаны тапты. Мектеп тәжірибесінен кейін қанша облысқа барып, бір аптадан мұғалімдерге лекция оқып жүрдім. Заманбек орнынан кетті, біздің мектеп директоры ауысты. Сөйтті де, сабақты тоқтатып тастады.
Өзім осыдан бірнеше жыл бұрын телеарна басшысына "аптасына он минут уақыт бер, басқа ештеңе керек емес" деп айттым. Баяғы Шерхан Мұртазаның кезіндегі секілді халық педагогикасынан ұрпақ үшін керек әңгіме өткізіп берейін дедім. "Мынауыңыз жақсы екен, вы должны нам платить" деді. "Бұл авторлық бағдарлама болады, сондықтан, сіз уақытты сатып алуыңыз керек" деді. Мен қарапайым зейнеткермін, тіпті, қанша зейнетақы алатынымды айтуға ұялатын адаммын. Одан басқа ештеңем жоқ. Содан кейін қойдым.
Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?
Теледидарға жоламаймын. Өңкей шулаған шоулар. Қазір орыстардан үйреніп, отының басындағы барлық былықты шығаратын болды. "Неге өйтесіңдер?" десе, "бұл қоғамда бар нәрсе, біз шындықты айтуымыз керек" дейді. Айналып кетейін, шындықтың да шындығы бар ғой. Мына жерде сен бүкіл әлемге отының басында әкесін сотқа беріп жатқан баласын, келінін сотқа беріп жатқан енесін көрсетіп отырсың ғой. Бұл – сұмдық. Бұл қазақтың менталитетіне, ұлттық қасиетіне жат. Ананы көрген адам "бұлай істеуге болады екен ғой" дейді. Ол одан тәрбие алмайды, одан әрі құриды.
Бүкіл ақпарат құралдары жағаңды ұстайтын жамандықты бірінен бірі өткізіп, құтыртып тұрып айтады. Алғашқы кезде денеміз тітіркеніп, қорқатынбыз, сескенетінбіз, түршігетінбіз. Бірте-бірте көз, құлақ үйренді, етіміз өліп кетті. Сұмдық бірдеңені көрсетіп жатса да, "обал болған екен" деп қоя саласың. Бұл адамдарды жайбарақаттыққа ғана емес, салғырттыққа, бейқамдыққа, біреудің қайғысына көңіл бөлмеуге, мейірімсіздікке әкелді.
Бұған сахнада ойнайтын, сатира, юмор көрсететіндер де жақсы еңбек сіңіріп жатыр. Өйткені, олары – арзан күлкі, түкке тұрмайтын көріністер, ыржақай. Халықты көрермен емес, тобырға айналдыруда. Әртіс, әншінің өзі – белгілі бір дәрежеде тәрбиеші. Жасөспірімдер солардың киген киіміне, жүрген жүрісіне, тұрған тұрысына, сөйлеген сөзіне қарайды. Пәленше апасындай, түгенше ағасындай болғысы келеді.
Қазір қазақта бір жақсы адам қалмады: келін – көкбет, ене – адуын, атасы – маубас, күйеуі – ішкіш. Мінекей, бұл – сахнадағы қазақтың бейнесі. Ең қорқыныштысы – соған лық толы зал езуі құлағына жетіп күліп отырады. Күлетін нәрсе ме?
Гендерлік саясат
Әйел мен еркек ешқашан тең бола алмайды, өйткені, екеуі – екі әлем. Алла Тағала солай жаратқан. Әйелдің өзінің Жер бетіндегі атқаратын тірлігі бар. Ер азаматтыкі де сондай.
Қытайдың ұлы ойшылы Сыма Цянь "Ер мен әйел теңелген жерде дүниенің шырқы бұзылады" дейді. Шынында да бұзылды: табиғаттың өзінен көрініп тұр. Мысалы, киіз үйді тіккенде, алдымен шаңырақты тек ер адам көтереді. Қалған тірліктің бәрін әйел істейді: керегесін кереді, уығын шаншиды, үзігін де, туырлығын да жабады. Ол – шаңырақ иесі.
Көшеде келе жатқанда алдыңнан шыққан жиырма әйелдің біреуі ғана көйлек киюі мүмкін. Қалғаны шалбармен. Әсіресе, жас қыздар көп киеді. Жап-жас келіншектер кішкентай қызына шалбарды тырыстырып кигізіп қояды. Сән деп ойлайды. Шындап келгенде, әсіресе, тұрмысқа шықпаған, әлі бала тумаған келіндер үшін бұл өте зиян нәрсе. Сүйек те, мықын да өзгереді, ол бала тууға үлкен зиянын келтіреді.
Қазір жіп-жіңішке қыздар көп: не мықын, не бел, не кеуде жоқ. Бұл кішкентай кезінен тырыстырып шалбар кигеннен.
Көйлек деген әйел адамның сәні ғана емес, қасиеті. Көйлек оның кем-кетік жерін жауып тұрады, отырғанда да етек-жеңін жинақтап отырады. Жүргенде де соған қарай ыңғайлап жүреді.
Колготки сияқты тырыстырып шалбар кигендер "бұтымда шалбар бар" деп ойлайды. Олар жалаңаш келе жатқанын білмейді. Аяғының қисықтығы да, арт жағының буылтық-суылтығы да – бәрі көрініп келе жатыр.
Оқи отырыңыз: Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ неге оны назардан тыс қалдырып алды?
Бірте-бірте ұят та кетеді. Бұтында шалбар болғаннан кейін аяғын керіп жүреді, айқастырып отырады. Еркек пішіндес, еркек жүрісті, еркекше сөйлеп, әрекет ететін әйелдер көбейді. Оған мақтанбай-ақ қойсын.
Мен де машинамен алыс жолға не тауға шыққан кезде көйлек етегі көлбеңдемесін, жолда ыңғайлы болсын деп шаблар киемін. Оны киетін жері бар ғой. Ал олар не істейді? Мешітке де, өлгенге де, театрға да шалбармен барады.
Театр – өнер ордасы. Театрға барсаң, кейбіреулерді базардан картошка сатып отырған жерінен жетектеп әкеліп кіргізіп жібергендей әсер аласың.
Атаның қолына көшіп келген кезде Ержан 3-те, мен 25-темін. Бірақ, ата алдында ешқашан жалаңбас жүрмедім. Әйтпесе, мен де жоғары білім алған адаммын. Қыз кезімде берет те, шляпа да, бөрік те кидім. Бірақ, ата алдына келін болып келгеннен кейін ешқашан сирағым жалаңаш болмады, басымнан орамалым түскен жоқ. Кеңес одағы кезінде ауылдағы апалар болмаса, ешкім орамал салмайтын. Сол кезде ерекшеленгеннен емес, бұл – менің уызға жарығандығым, анамның тәрбиесі болатын. Тіпті, қазақтың қарапайым қара шалына келін болсам да, атаның кебісіне аяқ сұқпайтын, ененің төсегіне отырмайтын тәрбие алған адаммын. Анам солай тәрбиелеген. Ата секілді бүкіл исі қазаққа ортақ, алты алаштың ардақтысы, ұлттың намысы болған адамның алдында менің басқаша жүруім, басқаша болуым мүмкін емес. Ол күнә болар еді.
Бірінші рет телеэкранға шыққанда режиссер Қасымов дейтін мінезді шатақтау кісі "орамалыңды алып таста " деді. Теледидарға сонда Кеңес үкіметі кезінде қойшының әйелін де орамалмен шығармайды. Орнымнан тұрдым. "Хабарыңыз жүрмей қалса да, орамалыма тиіспеңіз" дедім. Ағаға атаның келіні екенімді айттым. "Батырдың келіні сөйлеп жатыр" деп теледидар алдында үлкен де, кіші де, ақсақалды ата да, ақ шашты әже де отырады. Оларды сыйламауым керек пе?
Менің таң қалатыным, қалай болса, солай жүретін қыздарға шешелері ақыл айтпай ма екен? Ескерту жасамай ма? Қазақта "көргенсіз" деген қарғыс секілді сөз бар. "Тексіз" дейді. Тек деген өте керемет нәрсе. Келіндеріне ақыл айтатын енелер жоқ па деп таң қаламын. Өзі екіқабат, бірақ шалбар киіп келе жатады. "Әй, саған кез келген адамның көзі түседі ғой! Әр адамда әртүрлі көз, сұқ болады. Іштегі балаға зияны тиеді. Өлі не ауру болып тууы мүмкін.
Қазақтар неге кең көйлек киеді? Біріншіден, онсыз да тар құрсақта бала емін-еркін жатады, екіншіден, сырт көзден қорғайды. Осының барлығы қарапайым майда-шүйде сияқты болғанымен, айналып келгенде, ұлттық проблема.
Менің қателігім
Күнделік жазған адаммын. Ержан туғаннан кейін өсу процесін, тілі шыға бастағанын, еңбектегенін – бәрін жазып жүрдім. Ол Бақытжанның екі кітабына шикізат болды. Бәкең маған "әңгімені жақсы айтасың, сен жаза аласың, жаз" деді. "Ой, қойшы, бір үйге бір жазушы жетеді. Сенің әр жақ, бер жағыңа қарамай, ештеңеге алаңдамай отырып жазуыңды жазатын жағдай жасасам, маған сол да жетеді" дедім. Көпке дейін жазбадым.
Ата қайтыс болғаннан кейін барып, оның сөздері, ұлағаты, неше түрлі іс-әрекеті – соның барлығы халыққа, ұрпаққа керек екенін түсініп, "Шуақты күндер" жазылды. Жалғыз кітаппен атақты болдым. Ол менің мықтылығымнан емес, кітап ата туралы болатын.
Әдебиет тарихында естелікті баласы, әйелі, қызы, туысы, жолдас-жорасы жазған, келіні естелік жазды деген болмапты. Мен соны бастаппын. Содан кейін "Шуақты күндер" бірден бұрқырап кетті. Кеңес үкіметі кезінде бірінші "Лениншіл жаста" шықты, сосын халық тілегімен кітап болып шықты. Бұрын кітап жазбаған адамның кітабы шыға қоюы ол заманда өте қиын болатын. Кеңес үкіметі кезінде екі рет қазақша, бір рет орысша шықты.
Күні бүгінге дейін кітап сегіз рет шығыпты. Не деген бақытты кітап деймін. Ол – атаның сүйреп жүрген биік рухы. Атаның атағына ортақатасып, "күріштің арқасында күрмек су ішкен" адаммын.
Содан кейін әрі қарай жалғастыра беруім керек еді. Жалғастырмадым, қанша уақыт өтіп кетті. 2012 жылы ғана "Шуақты күндердің" жалғасы – "Бабалар аманатын" жаздым.
Күнделіктерімде әлі пайдаланатын нәрселер бар. Осы кезге дейінгі бар-жоғы жазғаным – төрт кітап қана. 20 шақты үлкен мақала, сұхбаттарды қоспаймын. Мүмкіндігім болып, шамам келіп тұрып жазбауым, жалқаулық деп айтпаймын, ереңсіздіктен болды. Бақытжан ағаларыңның тілін алып, сол кезден бастап жаза берсем, осы кезге дейін пәленбай кітап болар еді. Айтарың болмаса, бір жөн, менің айтарым болды. Менің ең үлкен кемшілігім – осы.