Табиғатта әр жаратылыс иесінің өзіне тән ерекшелігі, ешкімге ұқсамас даралығы бар. Солардың ішінде балықтарды алсақ, ғалымдардың көпшілігі балықтар осыдан 450 миллион жыл бұрын, яғни динозаврларға дейін пайда болған деп топшылайды.

Әлемде 250 мыңға жуық балықтың түрі бар екен. 15 мыңға жуығы әлі зерттелмеген. Жер бетіндегі сүтқоректілердің, бауырымен жорғалаушылардың, суда да, құрлықта да тіршілік ететін қосмекенділердің барлығын қосқанда, балықтардың санына жетпейді екен.

Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?

Сирек кездесетін (эндемик) балықтар азайып барады

– Арал теңізінің шипасы, Сырдарияның тасбекіресі (лжелопатоносы), Каспий теңізінің ақбалығы, кутум балығы, Балқаштың алабұғасының (окунь), көкбасының (осман) саны азайып кеткен. Оған әсер еткен себептер әртүрлі. Көбі адамның араласуының кесірінен. Мысалы, Балқаш көліне сазан балығын жіберудің соңы эндемик балықтардың азаюына әкеп соқты. Мұнда тіпті кішкене торта балықты ұстап алу оңай емес. Яғни, басқа жақтан әкелінген сазан, тұқы (карп), аққайран, шип, көксерке, Арал қаязы жіберілгелі бері ежелден көлдің өзінде өскен балықтарға жойылып кету қаупі төнді. Қызыл кітапқа енгендіктен эндемиктерді аулауға қатаң тыйым салынады, – дейді Балықтарды өсіру және аква мәдениет басқарамасының басшысы Нариман Жүнісов.

Ихтиологтар болса, сазанды жібергеннен алабұға мүлдем азайды деген пікірмен келіспейді. Өйткені, Балқаштың алабұғасы жыртқыш, ұсақ алабұғаны да, сазанды да, салпы ерін балықты (губач) да жеп қояды. Яғни, өз-өздерін жейді. Бұл – табиғатта өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан, тұрғындар алабұғаны шектен тыс аулағандықтарынан азайып кеткен деп болжайды.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы бірқатар кондитерлік цехтарда өнімдерінің зең басып, көгеріп кеткені анықталды


Балықтың еті де, уылдырығы да пайдалы. Ал терісінен балық майы алынады / sabaq.kz сайтынан алынды

Балық атаулары

Ақкөз – суы тұщы өзендердің сағасын мекендейтін тұқы тұқымдас балық.

Аққайран – кәсіптік маңызы өте жоғары, тұқы тұқымдас балық

Алабұға – бауыр жағы ақшыл сары, түсі өзгеріп отыратын жыртқыш балық.

Бекіре – еті мен уылдырығы өте жоғары шеміршекті ірі балық.

Қаяз – теңізде өсетін еті дәмді балық.

Жайын – аузының айналасында үш жұп мұртшасы бар, басы үлкен, ірі жыртқыш балық.

Қортпа – кәсіптік маңызы зор, бекіре тұқымдас ірі балық.

Қылағай – шортанның қылтаннан үлкен шорағайдан кішісі.

Қылтан – шортан тұқымдас кішкентай балық.

Лақа – мұртты, басы жалпақ және теңбілдеу, қоңыр түсті үлкен балық.

Мөңке – сазанның кішкене түрі.

Сыла – ірі ақ балықтың бір түрі.

Табан – теңізде тіршілік ететін кәсіптік маңызы бар балық.

Теңге балық – үстінде дөңгелек теңбілдері бар балық.

Тұқы – тоған суларында өсірілетін сазан балықтың түрі.

Шоқыр – еті мен уылдырығы бағалы, тұмсығы семсер тәрізді балық.

Шорағай – шортан тұқымдас кішкентай балық.

Шортан – аузы үлкен жыртқыш балық.

Балықтардың да бір-бірімен "сыйыспайтындығы" бар

Балқаш көлінде тез көбейе қоймайтын ұсақ алабұға мен сазан артып кеткен кезде, суға көксерке балығы жіберілген екен.

Көксерке басқа балықтарды өзінің тіршілігіне қажет мөлшерде ғана жейді. Ал ақмарқа болса – қойға тиген қасқырдай құйрығымен бір топ балықты бір-ақ ұрады екен. Жайын қорек талғамай, кездескенін түгел қылғи береді. Бір қызығы, оның жауы жоқ. Ол үнемі өзінің уылдырығын қорғаумен болады.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

Ал, сазан уылдырық шашқан соң жөніне кетеді. Сазанның маңына торта шабақтар да уылдырық салады. Бірақ, олар сазанның уылдырығын кезіктіре қалса, жеп қояды.

Каспий теңізіндегі көксерке, шортан, жайын, ақмарқа балықтары жыртқыш деп есептеледі. Зерттеу жүргізген кезде олардың асқазандарынан бекіре тұқымдастардың шабақтары табылмапты. Сондықтан, бұл балықтармен бірге бекірелерді жібере беруге болады.

Шиптің қара уылдырығына браконьерлер қызығады

Балқашта жүз килограмға дейін салмағы бар бірлі-жарым ірі шиптер кездескен. Бірақ, ол әлі көбейіп кете алған жоқ. Себебі, көлде онымен қорекке таласатын табан балық көп.

Сонымен қатар, уылдырығы бағалы болғандықтан, заңсыз аулап жатқандар бар. Өзен не көл суы неғұрлым лайлы болса, ұлулар (моллюскі) онда соғұрлым тезірек көбейеді. Ал, 20-25 қарапайым ұлу бір тәулік ішінде 400 литрге жуық суды тазартатындықтан "адал санитар" деп аталып кеткен.

Оқи отырыңыз: Қар барысы қолға үйретіледі. Жоғалу қаупі бар жыртқышты сақтау үшін тағы қандай шаралар қолға алынды?

Балықты аулауға рұқсат етілетін жерлер

– Өзен жағалауында, су қоймасында орналасқан туристік базаларда балықты аулауға арнайы рұқсат алу керек. Ол үшін шаруашылық ретінде сол маңайды жалға алады. Жергілікті мекемелермен келісім шартқа отырғаннан кейін ғана жолдамаларын тарата алады.

Екі түрлі негізде балық аулауға болады. Оның бірі – заңмен бекітілген су айдындары. Балық аулауға рұқсат алғаннан кейін сол маңайды ақылыға айналдырып, жолдамаларын таратады. Табиғат аясында демалып, заңды балық аулағыңыз келсе, инспекцияда тіркеліп, әуесқой балықшы билетін алғаныңыз дұрыс. Тек, бестен көп қармақ ілмегін алып шығуға болмайды

Ал, ешкімнің атына бекітілмеген су айдындарының резервтік қорында ешқандай рұқсатсыз-ақ 5 келіге дейін балықты тегін аулауға болады. Бұл мөлшерден асып кеткен жағдайда, екі жұмыс күнінен кешіктірмей белгіленген ақыны төлеу керек, – дейді Нариман Жүнісов.

Оқи отырыңыз: Тұран жолбарысын "тірілте" аламыз ба?

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің "Аңшылық пен балық шаруашылығы" кафедрасының аға оқытушысы Жақсығали Қуаншалеев 2016 жылдан бері бекіре тұқымдастарын аулауға тыйым салынғанын айтады. Қызыл кітапқа енген балықтардың тізімін соңына қарай сілтеме арқылы жариялаймыз.

Балық аулауда қолданылатын құрал-жабдықтар:

Ақпа – үлкен өзендерге пайдаланылатын аудың бір түрі.

Ақан ау – Қызылбалық аулайтын ау.

Жорамал – ұстаған балықты тізетін жіп.

Жұтпа – балық жұтып қоятын қармақ.

Жылым – теңізден балық аулау үшін қолданылатын ау.

Ине қармақ – Инеден иіп жасалған қармақ.

Керме – балық аулайтын тор, ау.

Қабадан – талдан тоқып жасалған балық аулайтын құрал.

Қаза – балық ұстау үшін нар қамыстан тоқыған қоршау.

Қама – қамыстан буып, яки тоқып жасаған ау.

Қоржын ау – балық аулайтын екі бөлімді ау.

Құрма ау – балық аулайтын үлкен ау.

Қармақ – балық аулауға арналған қарапайым құрал.

Сүзгі – судағы балықты сүзіп алатын ау.

Сүймен – балық аулауда қолданылатын құрал.

Тартым – балық аулайтын аудың бір түрі.

Сүңгі – балық аулайтын құрал.

Шанышқы – балық ұстайтын үш айыр істігі бар құрал.

Тор – балық аулайтын ау.

Әуесқой (спорттық) балық аулау кезінде...

Өзімен бірге:

  1. Жолдама (бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде);
  2. Рұқсат (балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында бес килограммнан астам балық және басқа да су жануарларын аулау кезінде);
  3. Жеке басты куәландыратын құжат;
  4. Жылтырауық, қармақ, жыртқыш балықтарды аулауға арналған қармақтар, спиннингтер, су асты аңшылығына арналған қару, шаяндар мен басқа да су жануарларын, омыртқасыздарды аулауға арналған арнайы аспаптарды, қақпандарды алып баруыңызға болады. Су асты аңшылығына арналған қару халық демалатын аймақтан тысқары арнайы бөлінген жерлерде пайдаланылады.

Мынаны ескерген жөн: Еліміздегі су айдындары ешкімнің жекеменшігі емес. Тек белгілі бір уақытқа қана жалға беріледі.

Оқи отырыңыз: Қасқыр торыған ауыл. Қасқыр туралы ырым-танымдар

Сондай-ақ, балық аулаудың мынандай түрлері бар:

  1. Кәсіпшілік балық аулау (бір мезгілде көп мөлшерде аулауға мүмкіндік беретін өңірлер);
  2. Ғылыми-зерттеу үшін аулау;
  3. Бақылау үшін аулау (балықтарды, су жануарларын, ихтиофаунаның жай-күйін бақылау);
  4. Мелиорациялық аулау (арзан бағаланатын балықтар түрлерін аулау);
  5. Өсімін молайту мақсатында аулау тәртібі заңда толыққанды түсіндірілген. Сілтемесін соңына қарай жариялаймыз.

Дафнияларды Қытайға тасымалдау үшін ешкім рұқсат алмаған

– Дафнияларды өзге елге тасымалдау үшін арнайы лицензия алу керек. Біз ешкімге рұқсат қағазын берген жоқпыз. Ондай өтініш те келіп түскен жоқ, – дейді Нариман Жүнісов.

Оқи отырыңыз: Астанада көшеден ит-мысық асырап алуға болмайды. Әкімшілік жазаға тартылуыңыз мүмкін


Дафнияларды аквариум балықтарына азық ретінде пайдаланып жүр. Сондықтан, оларды да қолдан өсіруге болады / akvariumnyerybki.ru алынды

Балықтың кейбір түрлерін сырттан сатып аламыз

– 2017 жылға тоқталар болсақ, импорт мөлшері 26,9 мың тонна, яғни 52,8 млн долларды құрады. Өз ішімізде балық жетпейтіндіктен импорт жасап жатқан жоқпыз. Керісінше, мұхит пен теңіздердегі балықтардың мысалы, Ресей, Норвегия, Финляндияның скумбрия, албырт (лососёвые), асшаяндары (креветки) т.б.сияқты бізде жоқ түрлерін сырттан сатып әкеліп жатырмыз.

Экспортқа келер болсақ

– 2017 жылы 59,6 млн доллар тұратын 27,2 мың тонна балық сыртқа жөнелтілген.

17 отандық шаруашылық Еуропалық одақ елдеріне, Германия, Латвия, Польша, Франция, Канада, Литва, АҚШ-қа жөнелте алады. Былтыр алғаш рет Қытайға балықтарды экспорттай бастадық. Бұл дегеніңіз сұраныс бар деген сөз, – дейді Нариман Жүнісов.

Оқи отырыңыз: Мысықтарға арналған дәмхана мен қонақ үй Астанада ашылды (фоторепортаж)

Өзге елден тиляпия мен африкалық жайындарды ғана әкелуге рұқсат бар

– Сырттан әкелінген балықтарды жерсіндіру үшін арнайы рұқсат алу керек. Ал жасанды жолмен өсіретіндердің тек ветеринарлық қауіпсіздікке арналған құжаты болса болғаны. Олар көбінесе тоғандарда, арнайы құрылғыларда тиляпия, африкалық жайындарды (сом) өсіреді. Тез жетілетіндіктен коммерциялық бағытта ұтымды. Басқа балықтарды біздің елге алып келіп, жерсіндіруге шетелде тыйым салынған. Олардың жетіліп кетуі де неғайбыл, – дейді ол.

Жасанды жолмен балық өсіруді бизнеске айналдыра аламыз

Қазір әлем жасанды жолмен балық өсіруге көшіп жатыр. Біз де. 104 шаруашылық осындай тәсілді қолданып отыр. Бизнесті дамыту үшін мемлекет инвестициялық субсидия береді. Арнайы құрылғыны сатып алатын болсаң, белгілі бір мөлшерін сізге қайтарып береді. Сонымен қатар, балықтардың азықтарына әр келісінің 30 пайызына субсидия беріледі.

Бассейндік балық өсіру технологиясын меңгерген ғылыми орталыққа бардық

Астана іргесінде орналасқан "Учхоз" елдімекеніндегі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне қарасты ғылыми орталыққа барып, балықтың түрлерімен танысып қайттық. Аңшылық пен балық шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы Жақсығали Қуаншалеевтың айтуы бойынша, бұл орталық 2016 жылы құрылған.

Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз

Мұнда бекіре (осетровые), африкалық жайын (африканский клариевый сом), тиляпия, австралиялық шаяндар мен қоса эндемиктерге жататын тұқы (карп), ақ амур, мөңке балық (карась) та өсіріледі. Ғалымдар ақсерпе (белуга) мен сүйрікті (стерлядь) шағылыстырып, гибридті ойлап тапқан. Ол да мұнда бар.

– Бұл орталықта ғылыми жобаларды жүзеге асырудан басқа студенттерді оқытады. Олар балықтардың жынысын ультра дыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы анықтай алады. Балықтарды жасанды жолмен қалай көбейтуге болатынын, қалай тамақтандыратынын ұғынып қайтады. Әрқайсысы бөлек-бөлек тақырып. Елімізде аквамәдениет туралы білетін мамандар тапшы. Оларға сұраныс жоғары. Өйткені, бұл сала бізде енді ғана аяғынан тұрып келеді. Бір жылда бір адам 10 келі балықты тұтына алады. Денсаулық сақтау министрлігі бір жылдық тұтыну көрсеткіші 14 келі деп көрсетті. Осы салада жүргендер 75-80 мың тонна балықты әлі де өсіру керек дейді. Демек, ішкі нарықта сатылымды арттыру үшін балықтың санын көбейту керек. Осының бәрін жүзеге асыратын, әрине мамандар. Ал оларды оқыту үшін мемлекеттен аз ғана грант бөлінеді. Бірақ, болашақта қолға алатын шығар деп үміттенемін, – деді Жақсығали Қуаншалеев.

– Бекіре (осетровые), африкалық жайын (африканский клариевый сом), тиляпияның сүйектері майда, әрі дәмді. Сондықтан, қорықпай балаларға ұсына беруге болады. Оларды Оңтүстікке жөнелтіп жатырмыз. Қостанай, Қызылжар (Павлодар), Қарағанды қалаларына және Астанада шабақтар (мальки) мен жайындарға сұраныс түсіп тұр. 3-4 айда жүзеге асыру жоспарымызда бар, – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Ит етінен ас әзірлейтін дәмханаларды жабуды ұсынбақпыз". Тоқаевқа хат жазған Брижит Бардо қорының өкілімен сұхбат



Жарты сағат жарық өшіп қалса, балықтардың бәрі өліп қалады

– Балықтарды арнайы азықпен тәулігіне үш рет, ал шабақтарды екі сағат сайын тамақтандырады. Балықтарға арналған тағамдарды отандық кәсіпорындардан аламыз. Сапалы шығарып жатқандықтан болашақта шетелдің кәсіпорындарын басып озады. Африкалық жайын мен мөңке балығы бассейнде болса да, қосымша оттегіні қажетсінбейді. Өсіру технологиясын дұрыс қолданса, бұл балықтар тез жетіледі.

Ал тиляпияларға оттегімен дем алу үшін арнайы құрылғылар орнаттық. Олардың бір ерекшелігі – уылдырықтарын жанданғанша арды ұртында сақтайды. Сүйрік, сібір бекіресі, тұқылар бір бассейнде "бейбіт" өмір сүре алады. Қыста бекіре тұқымдастарын бір ай бойы суды салқын ұстаймыз. Бұл процесті жасанды жолмен өсіргенде арнайы құрылғысыз реттей алмаймыз. Жарық сөнген кезде, дереу арнайы аппаратты қоспасақ, бәрі шетінен қырылып қалады. Сондықтан, қызметкерлер түнгі кезекпен жұмыс істейді, – деді ол.

Балықтың жынысын ультра дыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы анықтадық

– Методиканы түсінетіндер сәуріктің ұрғашы немесе еркек екенін түріне қарап-ақ ажырата алады. Олар шағылысатын кезде өз территориясын қоршап алады. Жасанды жолмен ұрықтандырудың бәрі қолмен жасалады. Оларды үнемі бақылап жүреді. Белгілі температурада. Тиляпия өзінің ұяларында ғана шағылысады.

Оқи отырыңыз: Ұшақтар мен пойыздарда жануарларды алып жүру тәртібі

Балықтар қыстыгүні анабиоз жағдайында болады

– Өткенде балықтардың қырылып жатқаны туралы естідік. Олар неге көктемде өледі? Себебі, мұз ерігеннен кейін судың құрамында биогендер көп кездеседі. Сонымен қатар, шортан (щука) мен алабұға (окунь), көксерке (судак) жыртқыш болғандықтан, қыстыгүні тамақтануын тоқтатпайды. Ал басқа балықтар ешқандай қорек жемейді. Яғни, метаболизм азайғандықтан, анабиоз жағдайында болады. Олар ұйықтап қалады екен деп ойлап қалмаңыз. Әдеттегідей жүзіп жүре береді. Тек ештеңе жемейді. Көктемде мұндай жағдайдан шыға бастағанда балықтар әлсірейді. Оған қоса мұздың астында оттеқ азаяды. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, мөңке балық (карась) оттегі жоқ су қоймаларында, өзендерде тіршілік ете алады, – дейді Жақсығали Қуаншалеев.

ТМД елдерінің ішіндегі алғашқы мұхитбақ Астанада ашылған

Ол – мұхиттан 3000 шақырым қашықтықта жатқан жалғыз океанариум. Мұхит суына айналдыру үшін 3 млн литрге 120 тонна теңіз тұзы пайдаланылыпты.

Жүзден аса теңіз жануарларының 2000-нан аса түрін көргіңіз келсе, Елодадағы "Думан" ойын-сауық орталығына барыңыз. Міне, сол жерденәлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген балықтармен таныса аласыз. Бір қызығы, суасты туннелі арқылы акулаларды қол созым қашықтықта көресіз. Акулаларды түскі 12:00 мен кешкі 18:00-де қоректендіреді. Сол кезде 45 минутқа созылатын шоуды тамашалай аласыз.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай емдік шөптер өседі. Оларды ажырата аласыз ба?

"Думандағы" өзіміз айтқан 20 акуланың өздері түрлі-түрлі акула тұқымдастарынан тараған ұрпақтар.Олар акулалардың "Леопартовый" , "Нянка-акула" , "Лимонная" , "Белоплавничный" , "Черноплавничный" тұқымдарынан тарағандар.

Бірінші көрме бөлімінде Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның тұщы су қоймаларының балықтары бар. Бұл жерден нағыз жыртқыш пираниялар мен оның шөпқоректі жуас туыстарын, теңіз жұлдыздарын, түрлі шаяндарды кездестіресіз. Екінші көрме бөлімінде: теңіз аттары, теңіз инесі, сиыр балық, ит балық, түлкі балық, актиниялар тəрізді маржан жартастарын мекен етушілер топтастырылған. Қауіпті балықтарға жататын кірпі балық, тас балық мурена, т.б. көре аласыз.

Кіру бағасы: үлкендерге – 3000 теңге, балаларға – 2500 теңге.

Бұқтырма су қоймасындағы балықтар кокцидоз ауруымен ауырған

Биыл сәуірден бастап балықтар өзендер мен су қоймаларда жаппай қырыла бастады. Өңірлерде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, жергілікті атқарушы органның, Су инспекциясының, экологияның, ветеринарлық қызметтің және ғылыми ұйымдардың қызметкерлерінен арнайы жедел топ құрылды.

Көкпекті және Күршім аудандарындағы Бұқтырма су қоймасында мөңке (карась) балығының жаппай қырылуының нақты себебі анықталған.

– Балықтың барлық түрі уылдырық шашқаннан кейін ауырады. Бір жағынан күннің ыстығы бар. Оған қоса Бұқтырмада мөңке балық күрт көбейіп кеткен еді. Осы себептерге байланысты кокцидиоз туындады. Қазір бұл аурудың белгілері жоқ.

Оқи отырыңыз: Асыл тұқымды мал импорты ұйымдасқан қылмыстық топтың қолында ма?

Естеріңізде болса, 2016 жылы, 23 мамыр күні Зырян ауданы, Огневка кентінің маңындағы Бұқтырма су қоймасы жағалауынан өлі балықтарды көрген тұрғындар үрейленген болатын. Экологтар дереу өзен суынан сынама алып, тексеру жүргізген. Алтай филиалының ғылыми ұйымы жүргізген ихтиологиялық сараптамасының нәтижесінде, балықтардың Бұқтырма СЭС-нің турбинасына түсіп мерт болғаны белгілі болған, – деді Балықтарды өсіру және аква мәдениет басқарамасының басшысы Нариман Жүнісов.

Атырау облысындағы Жаңғылдыкөл өзенінде де балықтар өлді

– Жылыой ауданы арқылы өтетін Жаңғылдыкөл өзені балық шаруашылығына арналмаған. Былтыр Жем өзеніне қосылып, суы біршама көбейген еді. Биылғы көктемде Жем өзені Жаңғылдыкөл өзеніне келіп құймады. Судың мөлшері аз болғандықтан, балықтарға оттегі жетпей қалған. Оның үстіне бұл таяз өзен. Суы күннің қызуынан жылып кеткен. Соның салдарынан балықтар қырылған болуы мүмкін. Өйткені, күн ысығанда балықтарға оттегі жетпей қалады.

Айта кетейік, Атырау облысында шілде айының басынан бері ауа температурасы өте жоғары болды. Кейбір аудандарды термометр бағандары 45-46 градусқа дейін жетті. Әлеуметтік желіде ми қайнатар ыстықта жұмыртқа қуыруға болатыны туралы түрлі бейнежазбалар тарағанын білесіздер.

Талас өзенінде 2,5 мың данадан астам балық қырылды

Соңғы жылдары Жамбыл облысындағы Талас өзенінде балық өлген емес. Жергілікті мамандар балықтардың өле бастағанын көрші Қырғыз елінен келетін су мөлшерінің күрт төмендегенінен, су арналарын бақылауда ұстайтын кәсіпорындардың өзара келіссөз жүргізбеуінің салдары деп біледі. Ал, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті не дейді?

– Өзендегі су деңгейі жоғары болса, балықтың табиғи түйсігі оянады. Уылдырық шашу үшін ағысқа қарсы жүзуге мәжбүр ететін қатты ағыс болуы керек. Былтырғы жылмен салыстырғанда өзенде судың мөлшері аз. Біріншіден, бұл аймақтарда көбісі егістігін суарып жатыр. Екіншіден, Қырғыз елі бір айда барлық суды бізге қарай жібере салатын болса, өзен құрғап қалады. Ол жақтағы су қоймасында да былтырға қарағанда су аз. 150 мың балықты аман алып қалдық.

Сондай-ақ, СҚО Айыртау ауданы Жақсы-Жалғызтау су қоймасының солтүстік-батыс жағалаудан 83 келі өлі балық тапқанын анықтады.

Оқи отырыңыз: Шипагерлік - қазақ даласында ертеден бері бар ғылым. Оның басты ерекшелігі қандай?

Балықтан түрлі тағамдар жасалады

Балық етінде көп мөлшерде фосфор, кальций, калий, натрий, магний, күкірт, хлор бар. Сондай-ақ темір, мыс, кобальт, марганец, мырыш, йод, бром сияқты элементтер де кездеседі. Бұл минаралдар зат алмасуды қалыптастырады. Теңіз балықтарының көбінде майда еритін А және Д дәрумендері бар, ал суда еритін дәрумендердің ішінде В тобының дәрумендері, никотин қышқылы кездеседі.

Адам кем дегенде міндетті түрде аптасына бір рет рационына балық етін қосу керек. Жаңа ауланған сапалы балықтың желбезектері алқызыл түсті, көздерінің мүйізше қабаты және қабыршағы мен көзді қаптап тұрған шырышы мөлдір, құрсақ бөлігі ісінбеген және зақымдаған, қабыршағы денесіне жабысып және барлық бөлігінде жағымсыз иіс болмағаны жөн.

Темір банкідегі балық консервілердің түбі ішіне қарай ойысқан болса, томпайып тұрса жеуге жарамсыз деген сөз. Оларды 0 градус температурадан төмен жағдайда сақтаса, консерві банкісінің көлемі мұз кристалдарының еру салдарынан үлкейеді. Сондықтан консерві банкілерін +2-ден +10 градус температурада сақтау қажет. Сыртында жазылған мәтініне мән берер болсақ, өнімнің қашан, қай жерде шығарылғандығы және қай уақытқа дейін жарамды екендігі, өнімнің құрамы көрсетіледі.


Өте тереңде және жер асты суларында тіршілік ететін балықтарда иіс сезу, сезім, есту, көру қабілеті болмайды / itest.kz сайтынан алынды

Балықтан жасалған тағамдарды әзірлегіңіз келсе, дайындалу жолымен танысыңыз.

Балық аулау қағидалары туралы білгіңіз келсе, заңды қарап шығыңыз.

Қызыл кітапқа енген балықтар туралы қызықтырса, сілтемесі мұнда.

Балық арқылы жұғатын аурулар туралы осы жерден білесіз.

Қара уылдырықтың пайдасын ұғынып алыңыз.