Атырау және Алматы облыстары бала өлімі бойынша көш басында
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен "Дені сау бала – ұлт болашағы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды. Шараға еліміздің үздік педиатрлары, шетелдік ғалымдар, өңірлік және қалалық денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.
Сәби өліміне не себеп?
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаеваның айтуынша, елімізде сәби өлімі азайған.
"Соңғы 10 жыл көлемінде елімізде сәби өлімі 2 есе азайды. Бірақ бұл көрсеткіш ЕАЭО елдерімен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары екенін мойындауымыз қажет. Қазақстанда, әсіресе, Атырау және Алматы облыстары бала өлімі бойынша көш басында. Бес жасқа дейінгі балалар арасындағы ауру мен өлім санының көптігі қатты алаңдатады. Үлкен балалар көбіне асқазан-ішек жолдары және көз ауруларына жиі ұшыраса, бес жасқа дейінгі балалар арасында тыныс жолдарымен байланысты және ауа арқылы жұғатын вирустардан болатын аурулар көп. Кейінгі кезекте асқазан-ішек жолдары мен қан аурулары. Қан ауруы, негізінен, темір жетіспеушілігінен (анемия) туындайды" – деді Риза Боранбаева.
Оқи отырыңыз: Шақалақтың тоңазытқышта тірілгенін жасырған атыраулық перзентхана 25 мың теңге айыппұл төлейді
Еліміздің бас педиатрының сөзінше, мәселені шешу үшін соңғы уақытта бірқатар шаруа қолға алынған.
"Қазақстанда жаңа перинаталды орталықтар мен балалар ауруханалары ашылды. Бес ғылыми орталық Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университет құрамына кірді. Бұл білім, ғылым және практиканың өзара интеграциялануы үшін жасалып отыр. Соның арқасында қазір университетте оқытушылар ғана емес, ғылыми орталықтың білікті мамандары да дәріс беріп жатыр", – деді ол.
Балалар қандай ауруға көп шалдығады?
Педиатр дәрігер Болат Хабижановтың пікірінше, бұрын елімізде балалар арасында ревматизм белең алса, қазір ревматизм тектес аурулар да көбейіп кеткен.
"Қазір балалар арасында жүре пайда болатын жүрек ауруларына қарағанда, туа бітті жүрек аурулары жиі кездеседі. Оны емдеу үшін бізге тиісті кардиографиялық шараларды қолға алу керек", - деді ол.
Ресей профессоры Валерий Выков балалар арасында кең тараған бірнеше ауруды атап берді. Арнайы баяндама жасаған маман перинаталды неврология, церебралды сал ауруы, эпилепсия, метаболикалық және нейродегенеративті аурулардың бой бермей тұрғанын айтты. Ол педиатрия саласында кешенді өзгерістер жасау үшін перинаталды энцефалопатия терминінен бас тарту керек. Сондай-ақ, ол әбден ескірген ЭХО, ЭГ, РЭГ әдістерін бұдан әрі пайдалану тиімсіз деп есептейді.
Оқи отырыңыз: Дәрігерлер ауру деп болжаған баланың сау туылатыны жиі кездеседі. Керісінше сау дегендерінің ауру болатыны қалай?"Балалар неврологиясын өз алдына бөлек мамандық ретінде оқыту қажет және оқу мерзімі үш жылдан кем болмауы тиіс. Европа елдері мен АҚШ-та бұл мамандық, тіпті, 5 жыл оқытылады. Сондықтан да, жас мамандарды міндетті түрде шет мемлекеттерге тәжірибеден өтуге жіберу керек", – дейді Валерий Выков.