Тікелей эфир

Шақалақтың тоңазытқышта тірілгенін жасырған атыраулық перзентхана 25 мың теңге айыппұл төлейді

Фото alt.kp.ru
Фото alt.kp.ru
Атырау облыстық перинаталдық орталықта биылғы жылдың тоғыз айында жаңа туған 98 сәби шетінеген. Перзентханада жүргізілген тексеру нені анықтады?

"Сәби өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңдегі жағдай, инфекциялық аурулар, туа біткен кемістіктер, жазатайым оқиғалар", – деді ҚР Денсаулық сақтау министірлігінің Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова.

Жалпы облыс бойынша, биылғы жылдың тоғыз айында 156 сәби шетінеген. Оның ішінде 98 бала Облыстық перинаталдық орталықта, қалған 54 бала басқа медициналық ұйымдарда көз жұмған.

"Тексеру барысында тамыз-қыркүйек айларында перинаталдық орталықта санитарлық-эпидемиялогиялық режим сақталмауы салдарынан жаңа туған нәрестелерге инфекция жұққаны белгілі болды. Бұл факт эпидемиялогиялық тексеру нәтижелерімен расталды", – деді Людмила Бюрабекова.

Айтуынша, перинаталдық орталықта кір жуатын орын жоқ. Басқа ұйыммен келісім шарт бойынша жұмыс істеген. Ол жер де ешқандай санитарлық ережелерге сай болмай шыққан.

"Дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің, бір рет қолданатын заттардың болмауы, 2016 жылы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан бері бір корпуста желдеткіш істемеген, екінші корпуста желдеткіш мүлдем қарастырылмаған", – деді Людмила Бюробекова.

Сонымен қатар, сәбилерді ауыл-аудандардан әкелген кезде инфекция жұғуы мүмкін, деді ол.

Комиссияның қорытындысы бойынша, тамыз-қыркүйек айларында сәби шетінеген 42 жағдайдың 26-ы перзентханадағы инфекция салдарынан болған.

Комитет төрағасының айтуынша, өлім-жітімнің айтарлықтай өсуі биылғы тамыз бен қыркүйек айларында байқалған. Осыған байланысты, осы екі айда шетінеген 42 баланың медициналық картасына егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Олардың арасында 73,4 пайызы шала туғандар.

"Перинаталдық орталықта инфекцияның таралуы бойынша ешкімге қылмыстық іс қозғалмайды. Олар әкімшілік жаза алды. 25 мың теңге көлемінде айыппұл төледі", – деді Людмила Бюрабекова.

"Сәбидің алғашқы бір апта ішінде шетінеуін өлі туғандардың қатарына қоса есептеуге келетін болсақ, біз бұл жұмысты жазда істегенбіз. 2018 жылдың қорытындысы бойынша бірінші орында Атырау облысы тұрды", – деді комитет төрағасы.

Айтуынша, жазда сәбилерді патологоанатом критерийлері бойынша бала тірі туып, бір апта ішінде өлді ме, әлде өлі туды ма анықтаған.

"Нәтижесінде 282 сәби тірі туып, өмірінің бірінші аптасында шетінегені анықталған. Бұл сандар да өңірдегі бала өлімінің көрсеткішіне әсер ететіні сөзсіз", – Людмила Бюрабекова.

Серіктестер жаңалықтары