Асыл тұқымды мал импорты ұйымдасқан қылмыстық топтың қолында ма?
Мал шаруашылығын дамытудың он жылдық бағдарламасы
Қазақстанда былтырдан бастап 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту ұлттық бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарламаға сай, шаруа қожалығы мал басын асылдандыру үшін міндетті түрде шетелден әкелу керек, Қазақстаннан асыл тұқымды мал басын сатып алуға болмайды. Ал асыл тұқымды мал басын импорттаудың қаржылық операторы – "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ.
Шетелден асыл тұқымды ірі қара сатып әкелуге ниетті шаруа қожалығы ең алдымен несие алып, өңірлік оператормен келісімшарт жасасады. Өңірлік операторлар, яғни шетелден мал әкеп беруші компания өтінімді жинақтап, малды жеткізу кестесін құрады. Артынша шаруалар қаражатты төлегеннен кейін шетелдік экспорттаушылармен келісімшарт жасайды.
"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның мәліметінше, 2019 жылы 65 мың ірі қара малын импорттау жоспарланған. Соның ішінде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Қарағанды облыстарынан өтінім көп түскен.
Шетелдік монополист
Бағдарлама туралы аз-кем түсінікті болса, шаруа қожалықтарының қазіргі таңда осы мәселеге байланысты арыз-шағымдарына тоқталайық. Естеріңізде болса, бірер ай бұрын Ақтөбеде шаруа қожалықтары наразылық митингіне шыққан еді. Дәл осы мәселе бойынша. Алайда, отандық ақпарат құралдары мәселені сол беті жауып қоя салғанды жөн көрді.
Сонымен, қазір шетелден асыл тұқымды мал импорттауға (ішкі нарықтан сатып алуға болмайтыны айтылды) ниетті шаруалар бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Қағазбастылық пен тасымалдаудағы ауыртпалықты былай қойғанда, шетелден мал әкелумен айналысатын операторлардың жұмысында ашықтан-ашық заң бұзушылықтар байқалған.
Шетелден асыл тұқымды мал әкелу үшін құзіретті органдар бекіткен операторларға ғана тапсырыс беру керек. Олардың саны көп емес, үш-төртеу ғана. Ең қызығы, солардың ішінде біреуі ғана жұмыс істейді. Шаруалар бір ауыздан тек "КамАгро" жауапкершілігі шектеулі қоғамы ғана жұмыс істеп отырғанын айтады. Қалғандары туралы дерек мүлде жоқ: ресми сайттары да, телефон нөмірлері де.
Ал "КамАгро" ЖШҚ Ресейде, нақтырақ айтқанда, Татарстанда тіркелген компания. Қазір шетелден асыл тұқымды мал сатып алу үшін отандық шаруалар тек осы монополистпен ғана жұмыс істеп отыр. Шаруалардың шағымдары осы компания тарапынан жасалған алаяқтық пен заңсыздықтарға қатысты.
Оқи отырыңыз: Дайындалып жатқан жаңа бұйрықтың жобасы қолдау күткен шаруаны шалқасынан түсірді
Ірі қараны не үшін Австралия мен Аргентинадан импорттайды?
"Кеңес үкіметі кезінде тұтас одақты етпен қамтыған "ет белдеуі" болғанын білесіздер. Ресейдің Алтай өңірінен бастап, Челябинск, Орынбор, Самараға дейін етті мал басы қазірдің өзінде жеткілікті. Қазақстан да етті мал шаруашылығын дамыту үшін арнайы бағдарлама жасап, Ресейден импорттауға мүмкіндік алдық. Басында жап-жақсы жұмыс істелді. Бірақ, кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ресейдің облыстарын біртіндеп жаба бастады. Яғни, ол жақтан мал сатып алуға болмайды", – дейді шаруа Руслан Шүйіншалин.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің мәліметінше, Ресейдің аталған өңірлерінде індет тараған.
"Бірақ біз ақшамызды төлеп қойдық қой. Әрине, мал болған жерде ауру болатыны белгілі", – дейді Руслан Шүйіншалин.
Оның айтуынша, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Халықаралық Эпизоотикалық Бюроны (ХЭБ) алға тартып, Ресейден мал импорттауға мүлде тыйым салып тастайды. Ал ХЭБ тек ұсыныс білдіреді, оның мәжбүрлейтін құқығы жоқ.
"Біз секілді шаруалар несие алып қойған. Біреулер 40 млн, біреулер 100 млн теңгеге дейін несие алдық. Ресей нарығы жабылды. Не істеу керек? Ақырында Австралия, Аргентинадан мал импорттап отырғанымыз сол", – дейді шаруа.
Оның пікірінше, Австралия мен Аргентинадан келген ірі қара Қазақстанда жерсінбейді. Ол жақта орташа ауа райы тұрақты, +25 градус. Ал Қазақстанның көп өңірінде -40 пен +40 арасында.
"Исаеваның достары"
Бір қызығы, Ресейдің барлық облысы жабылғанымен, тек Татарстаннан ғана мал импорттауға рұқсат етілген. Ал ол жақта "КамАгро" жұмыс істейді.
"Самараны жапты, Челябинскті жапты, ал Татарстан ашық тұр. Қандай негіздемемен Татарстанға тыйым салмай отыр?" – дейді шаруалар.
Мәселенің мәнісі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы минситрлігі мен Татарстанның "КамАгро" компаниясы арасындағы "әріптестікте" көрінеді. Тіпті шаруалар аталған компанияға "Исаеваның достары" (автор: Исаева – Ауыл шаруашылық вице-министрі Гүлмира Исаева) деп ат қойған.
"КамАгро" қазақстандық бірқатар шаруаларды ашықтан-ашық алдап кеткен көрінеді. Руслан Шүйіншалиннің айтуынша, "КамАгро" компаниясы қазақтарды ғана алдап отырған жоқ. Дағыстанның, Волгоградтың кәсіпкерлерін де бұл компания тақырға отырғызып кеткен екен.
Шаруалардың пікірінше, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ресейдің өзге облыстарынан мал импорттауға тыйым салмаса, шаруалар "КамАгроға" жем болмас еді.
"Керек десеңіздер, Орынбор мен Челябинскке барып, малдың қаны мен анализдерін алып, өзіміздің зертханада тексерейік. Ешкім оны істегісі келмейді. Есесіне, "КамАгро" сол Орынбордан малды сатып алып, Татарстанға әкеп тіркеп, бізге үстіне ақша қосып сатып отыр", – дейді Руслан Шүйіншалин.
Яғни, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ресейдің кей өңірлерінен мал әкелуге тыйым салып, кей өңірлерде сол дерт болса да, лоббилау арқылы импортқа шектеу қойылмай отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда сүт өндірісіне жаңа талап қойылады. "Родина" ауылынан фоторепортаж
2016 жылы жаңа індет түрі анықталған
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасы Арман Өтеғұловтың мәліметінше, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті жауып тастады деп айыптау орынсыз.
"Заңнама бар, Халықаралық Эпизоотикалық Бюро нормасы бар. Біз шетелдік эпизоотикалық жағдайды бақылап отырмыз. Сайтымызда малды импорттаудың алгоритмі бар. Жағдайға қарай алголритм өзгеріп тұрады", – дейді комитет төрағасы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің айтуынша, ірі қарада болатын түйіндік дерматит деген ауру Ресейге 2014 жылы келген. Қазақстанда оны 2016 жылы анықталған. Оған дейін аса қатерлі бұл ауру туралы отандық мамандар мүлде білмеген екен. Аталған ауру анықталғаннан кейін Ресейдегі кей облыстардың жабыла бастауы содан екен.
Комитет төрағасының пікірінше, комитеттің Ресейдің кей облыстарынан мал сатып әкелуге тыйым салуы негізсіз емес. Ол өңірлерде індет әлі басылмаған. Ал бір облыс ішінен кей аудандарға рұқсат беріп, кейбіріне тыйым салу мүмкін емес.
"КамАгроның" күмәнді келісімшарттары
Шаруа Руслан Шүйіншалиннің айтуынша, Татарстанда экспортқа шығаратын етті ірі қара жоқ. Тек сүтті тұқымды сиырлар ғана бар. Ал "КамАгро" Ресейдің өзге өңірлерінен ірі қараны килограмына 140 рубльден сатып алып, үстіне 10 рубль қосып Қазақстанға сатып отыр. Дегенмен, комитет төрағасы Арман Өтеғұлов бұл деректің расталмағанын, алып-қашпа әңгіме екенін алға тартады.
"Аталған күмәнді схеманы тексеру қиын емес. Орынборда тіркелген ірі қараны нөмірі бойынша сайттарынан тексеріп, оның Татарстан арқылы Қазақстанға кіргенін анықтауға болады", – дейді шаруа.
Сонымен қатар, шаруалардың пікірінше, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті шетелден сатып алынатын малдың тұқымын да белгілеп, тиісті рұқсат береді екен. Ақтөбелік бірқатар шаруалардың сөзіне сүйенсек, аталған комитет әлгі "КамАгро" арқылы Чехтиядан герефорд тұқымды ірі қара сатып алуға рұқсат берген. Дегенмен, кейін анықталғандай, Чехияда бар-жоғы 50 шақты ғана герефорд тұқымды сиыр бар екен. Ең қызығы, "КамАгро" компаниясы ақтөбелік шаруалармен Чехиядан герефорд сиырын алып келуге келісімшарт жасасып, ірі қараны жеткізгенімен, кейін олардың герефорд емес екені анықталған.
Тағы бір кәсіпкер 2018 жылы "КамАгроға" 250 млн теңгеге герефорд тұқымды ірі қараға тапсырыс берген. Әлі күнге дейін не ақша жоқ, не мал жоқ.
Оқи отырыңыз: Кәсіп ашқыңыз келсе... Шағын несиеге қалай қол жеткізуге болады?
"КамАгромен" ғана жұмыс істеуге мәжбүрлейді
Жалпы, шетелден асыл тұқымды мал импорттайтын операторды Ауыл шаруашылығы министрлігі анықтайтыны айтылады. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаевтың айтуынша, Ауыл шаруашылы министрлігі "Аграрлық несие корпорациясына" жіберілген хатта бекітілген операторлармен ғана жұмыс істеу керектігі тапсырылып, вице-министрдің қолы қойылған.
Өз кезегінде "Аграрлық несие корпорациясы" шаруаларға ұсынылған операторларлдың тізімі берілетін жоққа шығармайды. Бірақ, шаруа өз қалауымен басқа да операторларға тапсырыс бере алатынын алға тартады.
Шаруалардың сөзіне сүйнесек, жоғарыда айтылғандай, тізімдегі үш-төрт оператордың ешқайсысын табу мүмкін емес, тек "КамАгромен" ғана байланыс бар. Жалпы, шаруалар "КамАгроның" күмәнді бизнесінің айналасында тұтастай ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істейтінін айтады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев мәселені соңына дейін жеткізіп, Прокуратура мен өзге де құқық қорғау органдарына да шығуға бекініп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түсінік берді
«КамАгро» компаниясының асыл тұқымды малдарды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамау мәселесіне қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түсінік берді.
"Бүгінгі таңда елімізге Чехия Республикасынан асыл тұқымды мал ретінде коммерциялық (тұқымсыз) малдарды кіргізудің бірнеше фактілері тіркелген. Бұл малдар заңсыз қолдан жасалған асыл тұқымдық куәліктермен және белгіленген үлгілерге сәйкес емес ветеринарлық сертификаттармен рәсімделген", – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, жоғарыда аталғандай әдіспен Қазақстанға отандық 15 шаруа қожалығы мал кіргізген. Олар Чехия Республикасынан асыл тұқымды ет бағытындағы ірі қара малды әкелу туралы (жалпы сомасы 1,5 млн еуро, 1,3 мың бас ірі қара) «Камагро» ЖШҚ (Татарстан Республикасы) мен келісім-шартқа отырған. Туындаған мәселені шешуде көмек көрсету үшін аталмыш шаруа қожалықтары Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтініш берген.
Шаруалардың қатарында «Есбол» шаруа қожалығының басшысы Мұхамбетхан Карсаков та бар, ол татарстан компаниясымен 5,3 млн рубль сомасына 56 бас сатып алуға келісімшарт жасаған.
"2019 жылғы 28 қараша күні шаруалардың өтініштерін қарастырып, оларға көмек көрсету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясы Қазан қаласына арнайы барып, Татарстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің өкілдерімен және «Торговый Дом «Камагро» ЖШҚ құрылтайшысымен кездесу өткізді", – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Тараптар бір-бірін тыңдап, ортақ келісімге келді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Татарстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігі қазақстандық фермерлерге қаражатты толық қайтаруға ат салысу мақсатында «КамАгро» ЖШҚ қызметіне қатысты қаржылық бақылау жүргізуге, сондай-ақ компанияға қатысты қылмыстық іс пен соттық іс-әрекеттерді қайта жаңдандыруға көмек көрсететіндерін жеткізді.
Сонымен қатар, "ҚазАгро" АҚ" ұлттық басқарушы холдингі" тарапынан істің сотта қарастырылатын уақытына дейін шаруалардың алған несиелері бойынша төлемдерді кейінге шегеру шаралары қарастырылды.
Оқи отырыңыз: Ауыл қалай жекешелендірілді?
Жануарларды әкелу шарттарына қатысты министрлік былай делінген:
"Қазақстан Республикасының аумағына жануарларды аса қауіпті аурулары бойынша қолайлы кез келген жерлерден кіргізуге рұқсат беріледі. Өзге жағдайда, әкелуге тыйым салынады".
- Нодулярлық дерматит бойынша Ресейден (Астрахан, Омбы, Орынбор, Курган, Новосибирск, Самар, Саратов, Свердлов, Түмен және Челябинск облыстары, Краснодар және Ставрополь өлкесі, Дагестан, Ингушетия, Калмыкия және Удмуртия);
- Аусыл бойынша Ресейден (Владимир облысы, Башқұртстан, Забайкальский, Приморский және Хабаровск өлкесі).