Алматы тұрғындарының саны өскен сайын жол қозғалысы да қиындап барады. Әсіресе, қалаға кіре беріс көшелер бойында мәселе ушығып тұр. Қала әкімдігі бұл түйткілді шешу үшін қолға алған жобалардың ішінде Төле би көшесін Яссауи көшесінен батыс бағытқа қарай ұзарту бар. Алматы Мобилділік басқармасының тапсырысымен құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Ол тұрғындардың назарына ұсынылып, қоғамдық тыңдаудан өтті.

Оқи отырыңыз: "Алматы-2050": алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?

Төле би көшесінің ұзартылатын бөлігінің бірінші учаскесі:


Төле би көшесінің Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейінгі ұзартылатын аумағы / Суретті жобалаушы "Казахский Промтранспроект" мекемесі ұсынды

Төле би көшесін батыс бағытта ұзарту жұмысының бірінші учаскесі Яссауи көшесінен басталып, Әшімов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аумақта ұзындығы 2,2 шақырым болатын жол төсеу көзделуде. Халық жиі қоныстанған аумақта 160 жер телімі қызыл сызыққа түседі. Құрылыс кезінде тұрғындардың бау-бақшасы мен көшелерде өскен 1 223 ағаш кесіледі деп жоспарлануда.

Құрылыстың жоспары:

  • Көше – 6 жолақты, оның екеуі қоғамдық көлікке арналады;
  • Көшенің ені – 80 метр;
  • Қос бағыттың ортасына инженерлік желілер жүргізіледі (ені – 15 метр);
  • Жаяу жүргіншілер үшін 4 жерүсті өтпежолы салынады;
  • Веложолақ пен тротуар жасалады;
  • Қоғамдық көлік үшін 16 аялдама тұрғызылады;
  • Көше Қарағайлы өзенін кесіп өтеді, онда 1 көпір салынады.

Құрылыстың жобасын "Казахский Промтранспроект" мекемесі әзірлеп жатыр. Учаскенің бас инженері Дулат Жармышевтың айуынша, жобалық-сметалық құжат осы айдың соңында толығымен аяқталады. Одан кейін республикалық сараптамаға жіберіледі.

Оқи отырыңыз: Құрылысы үш жылда бітпеген үш жолайрық: 145 жер телімі әлі босатылмаған

Төле би көшесінің ұзартылатын бөлігінің екінші учаскесі:


Төле би көшесінің Әшімов көшесінен қала шекарасына дейінгі ұзартылатын аумағы / Суретті жобалаушы "KZ EXPO-2017" ЖШС ұсынды

Төле би көшесін батыс бағытта ұзарту жұмысының екінші учаскесі Әшімов көшесінен басталып, қаланың шекарасына дейін созылады. Бұл аумақта ұзындығы 2,5 шақырым жол жасалмақ. Бірінші учаскемен салыстырғанда мұнда бос жатқан жер телімі көп. Сондықтан, бұзылатын үйлердің де, оталатын жасыл желектің де саны аз. Жоба жасаушылар әзірге 701 ағаш кесіледі және 80 телім қызыл сызыққа түседі деп болжап отыр. Дегенмен, бұл әлі нақты сан емес.

Оқи отырыңыз: Құрылысы үш жылда бітпеген үш жолайрық: 145 жер телімі әлі босатылмаған


Ұзартылған көшеден веложолақ қарастырылады / Суретті жобалаушы KZ EXPO-2017 ЖШС ұсынды

Құрылыстың жоспары:

  • Көше – 6 жолақты, оның екеуі қоғамдық көлікке арналады;
  • Көшенің ені – 80 метр;
  • Қос бағыттың ортасына инженерлік желілер жүргізіледі (ені 15 метр);
  • Жаяу жүргіншілер үшін 4 жерүсті өтпежолы салынады;
  • Веложолақ пен тротуар жасалады;
  • Қоғамдық көлік үшін 4 аялдама тұрғызылады;
  • Көше Тастыбұлақ өзенін кесіп өтеді, онда үлкен диаметрлі құбыр орнатылады.

Оқи отырыңыз: "Сарыарқа" және "Достық" метро бекеттерін аяқтау мерзімі шегеріледі. Оның басты себептері қандай?


Тастыбұлақ өзені сел қаупін туғызбайды / Суретті жобалаушы KZ EXPO-2017 ЖШС ұсынды

"Ұзартылатын көше Тастыбұлақ өзенін кесіп өтеді. Ол шағын өзен болғандықтан, көпір салуға қажеттілік жоқ. "Қазселденқорғау" мекемесінен өзеннің сел қаупін тудырмайтыны туралы тиісті анықтама алынды. Осыны ескере отырып, өлшемі 4,0*2,5 метр, жалпы ұзындығы 70 метр тікбұрышты темір-бетон құбырларын орнатуды ұсынамыз. Жоба ақпан айында су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясымен келісілді", – деді екінші учаскенің бас инженері, KZ EXPO-2017 ЖШС өкілі Анар Оспанова.

Көшені ұзарту жобасы қоғамдық талқылаудан өтті

Ауқымды құрылыс кезінде бірнеше үй бұзылып, көптеген жасыл желек кесілетіндіктен және құрылыс су қорғау аймағында жүргізілетіндіктен, қоғамдық тыңдау өткізілді. Оған жер телімдері қызыл сызыққа түсетін тұрғындар шақырылды. Алайда жиынға тек жиырмаға жуық адам келді.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?


Қоғамдық тыңдауға келген тұрғындар / Іnformburo.kz фотосы

Тұрғындардың көпшілігі қаланың бас жоспарының жиі өзгертілетініне шағымданды. Олар бұған дейін үйлерінің қызыл сызыққа түспейтініне сенімді болып, қымбат жөндеу жұмыстарын жасағанын алға тартты.


Үйі бұзылуға жататын тұрғын Жадыра Алдамбергенова / Іnformburo.kz фотосы

"2012 жылы әкімдіктен біздің жеріміз қызыл сызыққа түспейді деген қағаз берген болатын. Енді жоспар өзгеріп кетіпті. Көңілімізден шығатындай ақшасын төлесе, ала берсін, еш қарсылығымыз жоқ. Жерім 6 сотық, 8 жеміс ағашым бар", – деді Айтбаев көшесінің тұрғыны Жадыра Алдамбергенова.

Оқи отырыңыз: Қалаға үдере көшкен қазақ Алматыға сыймай жатыр не Алматы маңынан жер сатып алам десеңіз


Қыдырбеков көшесінің тұрғыны Әлия Ақпанова / Іnformburo.kz фотосы

"Жақында ғана жол төседі, кәріз құбырларын жүргізіп, орталық су жүйесіне қосып берді. Енді ғана тұрмысымыз тіктеліп келе жатыр еді, қызыл сызықта екенімізді естіп, көңіліміз түсті. Жерім 11 сотық, үйім 120 шаршы метр, жөндеу жұмысын жүргіздік. Әрине, қала үшін бұл құрылыстың маңызды екенін түсінемін. Өйткені, біз тұратын аумақта расымен қозғалыс өте қиын. Төмен жағымыздағы Райымбек даңғылы кептелістен көз ашпайды. Егер мүлкімізді нарық бағасымен есептеп, дәл қазіргі тұрып жатқанымыздай жер үй сатып алғанға жететін қаражат берсе, көшуге қарсы емеспіз", – деді Қыдырбеков көшесінің тұрғыны Әлия Ақпанова.

Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданы: 61 млрд теңге неге жұмсалды?

Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталуы мүмкін


Төле би көшесінің ұзартылатын аумағы 6 жолақты болады / Суретті жобалаушы KZ EXPO-2017 ЖШС ұсынды

Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бас маманы Мақсат Аумолдаев көңілдері күпті болған тұрғындарды сабырға шақырды. Ол үй бұзу жұмыстары бірден жүргізілмейтінін алға тартты.

"Алматының аумағы ұлғайған соң, қаланың бас жоспары да өзгерді. Бұрын Төле би көшесі Әшімов көшесімен бітетін болса, оны енді Үлкен Алматы айналма жолына дейін созу жоспары бар. Демек, Төле би көшесі Алтын ордадан ары қарай да ұзаратын болады деген сөз. Бірақ ол Алматы облысының құзырына қарайды. Ал біздің жоспарымыз қазір тек жобаланып жатыр. Биыл жобалық-сметалық құжаттарды аяқтап, мемлекеттік сараптамаға жібереміз. Одан оң қорытынды алған жағдайда республикалық бюджеттік комиссиядан құрылысқа қаражат сұраймыз. Қаржы бөлінсе құрылыс келесі жылы басталуы мүмкін", – деді Мақсат Аумолдаев.

Төле би көшесі ұзартылған жағдайда қала кептелісін қанша пайызға азайтатыны және құрылысқа қанша қаражат жұмсалатыны әзірге белгісіз. Жобалық-сметалық құжаттама толық аяқталған соң, жобаның жалпы құны анықталмақ. Десе де, мамандар Төле би көшесі ұзарғанда Райымбек пен Абай даңғылындағы, әрі аталмыш көшелермен қиылысатын бірнеше тораптағы кептеліс айтарлықтай азаятынына сенімді.