Бүгін Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда бір топ белсенді рұқсат етілген митинг өткізді. Бұл – бейбіт митинг өткізу туралы жаңа заң қабылданғалы бері әкімдікпен келісіліп өткізілген алғашқы жиын. Шара күндізгі сағат 11.00-де басталды.


Митинг болатын аумақ темір қоршаумен қоршалды / Алмаз Төлекенің фотосы

Митинг Шевченко көшесінің бойында, Қонаев пен Пушкин көшелері аралығында өтті. Дәл осы аумақтағы көлік қозғалысы шектеліп, жол темір қоршаумен жабылды. Маңайды тәртіп сақшылары бақылауға алды. Олардың жанына медицина қызметкерлері жайғасып, адамдарды жиын болатын жерге дене қызуын тексеріп барып жіберді. Дәрігерлер үстеліне антисептик пен медициналық маска қойылды. Митингке маскасыз келген адамдарға ол тегін үлестірілді.


Медицина қызметкерлері термометрмен жабдықталған/ Алмаз Төлекенің фотосы

Жаңа заңға сәйкес, митингке келушілерге пиротехника, қару, спирттік ішімдіктер, есірткі, улы және жарылғыш заттарды алып жүруге болмайды. Сондай-ақ, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты олар міндетті түрде маска тағып, 1,5 метрлік ара қашықтықты сақтауы тиіс және залалсыздандыратын құралы болуы керек. Жергілікті әкімдік әлеуметтік ара қашықтықты сақтау үшін жерге келесі фотосуреттегідей арнайы белгілер сызған.


Әлеуметтік ара қашықтықты сақтау белгілері / Алмаз Төлекенің фотосы

Оқи отырыңыз: "Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?

Митинг ұйымдастырушы белсенді топ шараға мыңға тарта адам қатысатынын алдын ала хабарлаған болатын. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаңа заңға сәйкес, шараға келушілер 250-ден асса, әкімдік баспасөз орталығын ұйымдастыруға міндетті. Сондықтан, жаңа талапқа сай, митинг өтетін аумақта баспасөз орталығы да жасақталды. Ал шара туралы ақпарат таратуға келген БАҚ өкілдері жаңа заңға байланысты көк жилет киіп жүрді.


Баспасөз орталығы / Алмаз Төлекенің фотосы

Ұйымдастырушылар шеру барысында билік тарапына өздерінің талаптарын жеткізді. Бастамашыл топ мүшелері көтерген негізгі үш тақырып:

  1. Барлық қазақстандықтарға несиелік амнистия жариялап, халықтың несиесін кешіру;
  2. Шетелдіктерге жерді жалға бермеу;
  3. Қытай экспансиясына қарсылық.

Көпшілік алдында ойларын бұқпай айтуды көздеген шараға қатысушылар ортаға шығып кезекпен сөз сөйледі. Бірақ, бұл ретте әлеуметтік ара қашықтық сақталған жоқ. Шеруге қатысушылар топтасып бір жерде тұрды.


Әлеуметтік ара қашықтық сақталмады / Алмаз Төлекенің фотосы

Әуелгі сөзді саяси белсенді Жанболат Мамай алды. Ол Қазақстанда бейбіт жиын еркіндігі жоқ екенін және қабылданған заңға қарамастан әлі де шектеулер бар екенін мәлімдеп, митингке жиналған қауымның талап-тілегін жеткізді.

"Біз қарапайым халыққа кредиттік амнистия жариялансын, банктерге көмек көрсету тоқталсын деп талап етеміз. Халықтың несиесі кешірілсін. Бұл ешқандай популизм емес, күнделікті өмірден алынып отырған бағдарлама. Мұндай бағдарлама Грузияда және Моңғолияда қабылданды. Басқа да елдерде қабылданып жатыр. Сондықтан біз кредиттік амнистия жариялансын деген бастаманы көтеріп отырмыз және бұл мәселені соңына дейін жеткізуіміз керек. Кеше Ақордаға 100 мыңға тарта азаматтың арыздарын апарып тапсырдық", – деді Жанболат Мамай.


Жанболат Мамай билікке талабын жеткізді / Алмаз Төлекенің фотосы

Оқи отырыңыз: Алматыда митинг өткізетін жерлердің саны артуы мүмкін. Бейбіт шеру орнын 8 ауданда белгілеу ұсынылды

Митингке келгендер қолдарына әртүрлі ұрандар жазылған плакаттар ұстап жүрді. Қағазда "Шетелдіктерге жер сатылмайды", "Қытайға беретін қазақтың жері жоқ", "Несиелік амнистия талап етеміз", "Арон Атабек пен Макс Боқаевқа бостандық!", "Чжан Сяо, Қазақстаннан кет!", "Қытай экспансиясына жол жоқ" деп жазылған. Жиынға қатысқандардың кейбірі "белсенділердің жазықтан-жазықсыз ұсталып, қамалып жатқанын айтып" қудалауды тоқтатуды және оларды бостандыққа шығаруды талап етті. Кейбір азаматтар "жер шетелдіктерге сатылмасын" деп айқайлады.


Митингке келгендер талаптарын плакатқа жазып жеткізді / Алмаз Төлекенің фотосы

Атқарушы орган ұйымдастырушыларға "митинг тақырыбынан ауытқымауды және санитарлық талаптарды сақтауды" ескерткен. Бірақ, жиынға қатысушылардың тек бекітілген тақырып аясында сөйлемей, Арон Атабек пен Макс Боқаевқа бостандық талап етті. Сондықтан, әкімдік қызметкерлері ұйымдастырушыларға ескерту жасады.

"Ұйымдастырушылар митингке мың адам қатысатынын жариялаған болатын. Бірақ, одан аз адам келді. Ұйымдастырушылар тарапынан белгіленген тақырыптан ауытқу болды. Оларға ескерту жасадық. Кей азаматтар саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті және Мемлекет басшысына тіл тигізді. Бұл заңға қайшы нәрсе. Сол тұрғыдан ескерту жасадық. Егер ұйымдастырушылар бекітілген тақырыптан ауытқымай, заңды түрде өткізсе, біздің тарапымыздан бейбіт митингтерге еш қарсылық жоқ", – деді Алматы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков.


Айдар Есенбеков журналистерге сұхбат беріп тұр / informburo.kz фотосы

Оқи отырыңыз: "Митингке қатысушыларды жаппай ұстап, қамауға алу дұрыс емес". Қазақстандықтардың бейбіт шеруге қатысты пікірі

Шараға қатысушыларды алаңдатқан тағы бір маңызды мәселе – Жер кодексіне жарияланған мораторий мерзімінің аяқталуы. Белсенділер 2021 жылдың аяғында мораторий мерзімі біткесін, қазақ жері шетелдіктерге жалға беріледі деп есептейді. Сондықтан, олар жерді Қазақстан азаматтығы жоқ тұлғаларға жалға беруді және сатуды заң жүзінде тоқтату керек деп мәлімдеді.

"Жер – халықтың қазынасы. Бұл жерге иелік етуге биліктің еш құқығы жоқ. Билік келеді және кетеді, ал халық қалады. Сондықтан, жерден айырылсақ, біз барлығынан айырыламыз. Жер біздің тұғырымыз. Тұғыры жоқ халық халық емес. Сол себепті, атадан қалған аманатқа ие болайық", – деді жиында сөйлеген тағы бір белсенді Сағидолла Мергенбаев.

Жергілікті әкімдік ұйымдастырушыларға 3 сағат уақыт берген. Алайда жиын тек екі сағатқа созылып, 13.00-де аяқталды. Белсенділер билік тарапы бүгінгі митингте көтерген талаптарды орындалмайынша, жиынға шығуын тоқтатпайтынын мәлімдеді. Олар атқарушы орган бұдан былай рұқсат бермесе де, митингке шығатынын жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осындай шара бүгін Алматыдан бөлек, Қазақстанның өзге де қалалары мен облыс орталықтарында өтті.