42 500 теңге әлеуметтік төлемі үшін қанша қаржы бөлінді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде жұмыс берушілердің өндірістік қызметі мен жұмысшылардың жұмыс орнына қолжетімділігі шектеулі болғандықтан, Үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар қабылдаған. Мәселен, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы қабылданды. 2020 жылы жұмыспен қамту шаралары 1,2 миллион адамға жетеді.

Сонымен қатар, мемлекет төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған кәсіпкерлер мен жұмысшыларды қолдау мақсатында әлеуметтік төлем тағайындады. Бұл төлем мына санаттарға берілді:

  • ақысыз еңбек демалысына жіберілген шағын және орта бизнес, ірі кәсіпкерлік субъектілері (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес ұйымдар (мемлекеттік секторды қоспағанда) жұмысшылары;
  • жеке кәсіпкерлер;
  • жеке тәжірибемен айналысатын адамдар;
  • бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (оның ішінде БЖТ төлеген бейресми жұмыспен қамтылғандар);
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалар (бұдан әрі - АҚС).

"Біз өтініш беру үдерісін барынша жеңілдеттік. Ол үшін әртүрлі техникалық шешімдер іске асырылды. Атап айтқанда, 42500.enbek.kz веб-порталы, "электрондық үкіметтің" веб-порталы, 18 Telegram-бот. Банктердегі ұзын-сонар кезектің пайда болу қаупін азайту мақсатында банк деректемелерінсіз өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды, есепшоттарды онлайн ашу бойынша шаралар қабылданды. Бұл шаралардың барлығы өтініштерді беру және қарау үдерісін тездетуге мүмкіндік берді. Барлығы 8 миллион адам өтініш берді, оның 4,6 миллионына төлем тағайындалды. Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды", деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге тағайындалмаған азаматтардың өтініші қайта қаралады. Ол үшін не істеу керек?

Вице-министрдің айтуынша, алғаш рет 194,2 млрд теңге сомасындағы 4,6 млн төлем тағайындалды, оның ішінде бірінші айға 158,9 млрд теңге сомасында 3,7 млн, екінші айға 35,4 млрд теңге көлемінде 834 мың тиесілі. Екінші айда 2,9 миллион адамға төлем ұзартылды. Бұл мақсатта 122,2 млрд теңге бөлінді.

Кімдерге әлеуметтік төлем берілмеді?

Өтініш берушілердің мәліметтерін тексеру кезінде жеке кәсіпкерлер мен қызметкерлердің аталған талаптарға сәйкес келмеуі жағдайлары анықталды. Атап айтқанда:

  • зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы;
  • төтенше жағдай кезінде зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың өсуі (сәуірде);
  • жеке кәсіпкерлердің кірісті жоғалтқанын растамауы;
  • бірнеше кірістің болуы;
  • өтініште көрсетілген жұмыс беруші зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеушіге сәйкес келмеді.

Сонымен қатар, кейбір азаматтардың өтініші төмендегі себептер бойынша қанағаттандырылған жоқ:

  • жұмыссыздық мәртебесінің болуы;
  • қайтыс болған адамдардың атынан жалған өтініш жолдау;
  • шетелге шығып кеткен адамдардың атынан өтініш беру;
  • қамауда отырған адамдардың өтініші;
  • төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген мемлекеттік сектордың, квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің және басқа кәсіпорын қызметкерлерінің өтініші;
  • белсенді зейнетақы және жәрдемақы алушылардың өтініші.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұдан бұрын төлемнен бас тартуға шешім қабылдаған азаматтардың өтінішін қайта қарайтын болды. Ол үшін азаматтар аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтінішін беруі керек", деді Ақмәди Сарбасов.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 42500.enbek.kz сайтында өтініш беруге болады

Өтінішті кімдер бере алады?

  • Жұмыс беруші тарап шағын және орта бизнес, ірі кәсіпкерлік (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес заңды тұлғалар үшін өтініш бере алады. Бұл жағдайда өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартуға шешім қабылдаған қызметкерлер үшін беріледі.
  • Әлеуметтік төлемді тағайындаудан бас тарту (тоқтату) туралы шешім қабылдаған жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар өз бетінше өтініш бере алады.
"Ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін аудандық (қалалық) штаб 42 500 теңге әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығының бары немесе жоғы туралы қорытынды шығарады. Оң қорытынды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы бөлімшесіне беріледі. Ол "Өтініш берушінің электрондық іс макетін" қалыптастырады және деректерді МӘСҚ филиалына береді. МӘСҚ филиалы әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық (қалалық) штабтың қорытындысымен немесе МӘСҚ филиалының шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші растайтын құжаттарымен аудандық (қалалық) штабтың жұмыс органы арқылы облыстық (қалалық) штабқа жүгінеді, содан кейін қайта қарау процедурасы қайталанады. Карантин талаптарын ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында өтініштер 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін қаралатын болады", – деді вице-министр.

Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу

Карантин кезінде жұмыс беруші мен қызметкердің ара қатынасы қалай реттеледі?

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, карантиндік шаралар жағдайында жұмысын қайта бастауына рұқсат етілмеген жұмыс берушілердің қызметкер жұмысын ұйымдастыруға және олардың еңбегіне ақы төлеуге қатысты мәселелері туындағанын атап өтті. Осыған байланысты, вице-министр қолданыстағы еңбек заңнамасында өндірістік қызметке қатысты толыққанды шектеулер болған жағдайда еңбек қатынастарын рәсімдеудің бірнеше нұсқасы қарастырылғанын атап өтті.

  1. Қашықтан жұмыс істеу тәртібі (Еңбек кодексінің 138-бабы). Қашықтағы жұмыс шарттары еңбек шартына қосымша келісімдерде белгіленеді, ал жұмыс беруші қызметкерді қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етуі керек;
  2. Толық емес жұмыс күні. Жұмыс беруші толық емес жұмыс күнін (күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту, толық емес жұмыс аптасы не осы екі нұсқа да) белгілеуге құқылы;
  3. Ақысы төленбейтін демалыс. Оған қызметкердің бастамасы бойынша және жұмыс берушінің келісімімен ғана рұқсат етіледі (некені тіркеу, баланың тууы, жақын туыстарының қайтыс болуы жағдайында жұмыс берушінің келісімі талап етілмейді);
  4. Жұмыс беруші мен қызметкердің бақылауына жатпайтын жағдайларға байланысты жұмысты тоқтата тұруды рәсімдеу (Еңбек кодексінің 112-бабы). Жұмысты тоқтата тұру 1 ең төменгі жалақы мөлшерінен (42 500 теңге) кем болмайтын мөлшерде төленуі керек. Осы тұста жұмыста тоқтата тұру нұсқасы барлық ұйымдарға сай келмейтінін атап өткен жөн. Жұмыстың тоқтап қалу себептері ұйымның жұмыс істеуін жалғастыруының мүмкін болмауына негізделуге тиіс (мысалы, егер бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен осы ұйымның қызметіне толық немесе ішінара тыйым салынған жағдайда).