42 500 теңге әлеуметтік төлемді тұрақты негізде жасау: масылдық па әлде қажеттілік пе?
Қазақстанда күзге болжанған пандемияның екінші толқыны мен карантиндік шектеулерден кейін жұмыссыздар саны 1,5 млн адамға жетіп, 4,8 млн адамның табысы азаюы мүмкін. Қазірдің өзінде 1,1 млн адам кедейлік шегінде болса, халықтың біраз бөлігі күнін әзер көріп жүр.
Осы орайда өнеркәсіп иелері мен кәсіпкерлердің "El Tiregi" одағы атынан Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев 42 500 теңге төлемді азаматтарға тұрақты түрде төлеу бастамасын көтеріп, сарапшылармен пікір алмасты.
Халыққа не үшін 42 500 теңге тұрақты негізде берілуі керек?
Депутаттың сөзінше, пандемия кезінде халықтың басым бөлігі табыссыз қалады деген қауіп бар. Сол себепті әрбір адамға 42 500 теңгеден берілуі керек. Бұл төлем ешқайда кетпейді, ел экономикасында қалады.
"Әзірге мұны пилотты режимде жасауды ұсынамыз. Мысалы, бір-екі жыл бойы төлеп, ел экономикасына әсері мен халықтың әл-ауқатына қалай әсер еткенін көруге болады", – деді депутат Нұржан Әлтаев.
Оның айтуынша, кедейшілікпен күреске бюджеттің бұдан да көп қаржысы кетеді. Жұмыссыздық, табыстың болмауы салдарынан қылмыс көбеюі мүмкін. Отбасын асырай алмай қалған адам кез келген қылмысқа барады: ақша табу үшін көліктің айнасы мен дөңгелегін ұрлап, тіпті адам өлтіруі мүмкін. Табыстың азаюы мен жоқшылық салдарына көп ақша жұмсауға тура келеді.
"42 500 теңге карантин кезінде төленді. Көп адамға көмек болды. Алайда бұл көмекті нағыз зардап шеккен адамдардың бәрі бірдей алмады. Қазақстандағы жемқорлық деңгейі көптеген адамның медициналық көмекті жеткілікті көлемде ала алмауына әсер етті. Карантин кезінде өлім-жітім көп болды. Кей бизнесмендер халықтың өзін кінәлі деп тапты. Мен мұнымен келіспеймін. Кейбір сарапшылар базалық табыс туралы "халық масыл болады" деген пікірде. Бұлай деу арсыздықтың шегі деп ойлаймын. Масыл адамдарды басқа жерден іздеу керек", – деді Нұржан Әлтаев.
Оқи отырыңыз: Карантин екі аптаға ұзартылып, кезең-кезеңімен жеңілдетіледі
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова әріптесін қолдап, шартсыз базалық табыс бірінші кезекте балалар мен қаржылық жағдайы нашар адамдарға берілуі тиіс екенін айтты.
"Пандемия кезінде күн көруге ақша таппай отырған отбасылар бар. Адамдар қандай жағдай болмасын әйтеуір өмір сүруі керек қой. Төлем қажылық жағдайы нашар отбасыларға берілуі тиіс. Мұндай отбасылар өте көп. Жұмыс істегісі келмегеннен емес, жұмыссыз қалуға мәжбүр. Көптеген кәсіпорындар жабық. Осындай қиын кезеңде отбасыларға уақытша болсын, пилотты жоба ретінде болсын, базалық табыс төленуі керек. 42 500 теңгенің өзі қазір өмір сүруге жеткілікті емес", – деді Ирина Смирнова.
Аружан Саин бала санына қарай төлеуді ұсынады
Балалар омбудсмені Аружан Саин пандемия дағдарысы әлемдегі барлық балаға әсер еткенін айтты. Сол себепті дағдарысқа табысын жоғалтқан адамдарға берілетін 42 500 теңге тарапынан ғана емес, отбасындағы бала санына қарай төлем жасау тұрғысынан қарауды ұсынды.
"Жұмыссыз қалған жалғызбасты ана үшін 42 500 теңге бала-шағасын асырауға жете ме? Отбасында бірнеше бала болса, тіпті мүлдем жетпейді. Ресейде үш ай бойы отбасындағы бала санына қарай 10 мың рубльден төленді. Германияда жұмыссыз қалғандарға жұмыс берушілер арқылы кәмелетке толмаған және жұмыссыз қалған ересек баларадың әрбіріне жәрдемақы берді", – деді Аружан Саин.
Балалар омбудсмені шектеулер болған жағдайда төлемді отбасындағы балалардың санына қарай беруді қарастыруды сұрайтын 87 500 адамнан қол жиналғанын айтты. Жақын күндері азаматтардың өтініші президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізіледі.
Оқи отырыңыз: Мыңнан астам педофил бостандықта. Оларды жазаға тартуда қазақстандық сот жүйесі неге дәрменсіз?"Жұмыс істеп, салық төлейтін, бірақ пандемияға байланысты ақысыз еңбек демалысына шығып, жұмысынан айырылған не өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар мемлекет тарапынан ең нашар қорғалған адамдар болып отыр", – деп түйіндеді ол.
Халықтың тұрмысын жақсартуға 42 500 теңге жеткілікті ме?
Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров коронавирус ахуалының өршіп кетуіне халық кінәлі емес екенін айтты.
"Халықтың кінәсі – ол осы жерде туып, осы жерде өмір сүріп жатқанында. Халықты кінәлау – ең лайықсыз іс. Халықты кінәлауға болмайды. Ададмар ел гүлденуі үшін жұмыс істеді, бәрін берді. Президенттен бастап билік пандемияға еш дайын болмады. Бір уақытта бәрін ашып тастап, үлкен қателік жасады. Бұлай болмайды. Бүкіл әлем кезең-кезеңімен қалыпты өмірге оралып жатты. Иммунитетіміз дайын болған кезде ғана шектеулерді алуымыз керек еді", – деді ғарышкер.
Тоқтар Әубәкіровтің сөзінше, пандемия кезінде берілген 42 500 теңге – тым аз сома.
"Табыссыз қалған адамдар күн көруі үшін 100% қамтылуы керек. Ең төменгі жалақы 42 500 теңгені ештеңесі жоқ адамдарға ғана таңдап беруді қорлау деп ойлаймын. Қазақстанның әрбір тұрғынына ай сайын 1000 доллар көлемінде жәрдемақы беруді дұрыс деп санаймын", – деді ол.
Қоғам қайраткері Бақыт Сыздықова коронавируспен күреске миллиардтап ақша бөлінсе де, халықтан дәрі-дәрмекке ақша жинайтынын айтты. Оның пікірінше, адамдарды вирус емес, жемқорлық өлтіріп жатыр.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алатындарға нұсқаулық. Өтініш бүгіннен бастап қабылданады"Қазақстанның бір жылдық бюджеті шамамен 12 трлн теңге. Мемлекеттік жобалар мен тендерлердегі пара беру көлемі 20% болса, шамамен 2,5 трлн теңге жемқорлардың қалтасында кетеді. 42 500 теңге негізсіз тағайындалмағаны туралы 900 адамнан өтініш келіп түсті. Базалық табыс 42 500 теңгеден де көп болуы тиіс. Екінші карантинде президент әр мұқтаж адамға төлем берілуі тиіс деді. Ал мұқтаж деген кім, оны қалай анықтайды? 18 млн ғана халқымызға бюджеттен ақша таба алмаймыз ба?" – деді қоғам қайраткері.
Бәріне бірдей 42 500 теңге төлеуге бюджет қаржысы жете ме?
"Пандемия кезінде адам жұмыссыз қалуға мәжбүр. Кәсіпорынды жапты, қызметкерлер жұмысқа шыға алмайды. Осы жағдайда төлем сөзсіз берілуі керек. Жұмыс істеуді шектесе, "үйде отыр, төлем береміз" деген секілді балама болуы тиіс. Төлем берілмесе онда жұмыс істеуіне тура келеді. Пандемия төлемі карантин кезінде міндетті түрде, ал бизнес қалпына келгенше 2-3 ай берілуі тиіс", – деді CSI аға серіктесі Олжас Құдайбергенов
Оның сөзінше, дамыған елдерде базалық табысты еңбек өнімділігін арттыру әдісі ретінде көреді. Десе де, дамушы елдерде базалық табыс беру тәжірибесі оң әсерін көрсеткен.
"Базалық табыс адамды жоқшылықтан шығару деңгейінде беріледі. Жоқшылықтан шыққан адам өзінің денсаулығын, балаларын ойлайды, нәтижесінде саналы, тәртіпті бола түседі. Бәріне бірдей төлеуге мемлекет қаржысы жете ме деген сұрақ туындайды. Халықтың бір бөлігіне тәжірибе жасағанда қаржы жетеді. Ал елдегі барлық адамға төлеу керек болса бюджетке салмақ түседі. 42 500 теңгеден беруге бюджеттің шамасы жеткенімен, 100-200 мың теңгені көтере алмауы мүмкін", – деді Олжас Құдайбергенов.
Сарапшы базалық табысты енгізу оны алатын адамдаран басқа әлеуметтік төлемдерді алып тастауға және салық саясатын өзгертуге әкеп соқтыратынын ескертті. Оның сөзінше, бизнеске салынатын салық жүктемесін арттырмай-ақ бюджет қаржысын еселеудің мүмкіндігі көп.
Оқи отырыңыз: Бүгіннен бастап тұрмысы төмен адамдарға 5556 теңгеден көмек беріледі. Оны кімдер алады?"42 500 теңгені көктемде бір берді, оны үзіп шілдеде тағы бір берді. Бірден жыл соңына дейін беріп, халықтың өзін қалай ұстайтынын, ақшаны қалай жұмсайтынын көру керек еді. Әлі де кеш емес, шілдеден жыл соңына дейін ұзартуға болады", – деді ол.
Базалық табыс масылдыққа әкеле ме?
Basic income Earth Network негізін қалаушы Филипп Фан Парейс базалық табыс дегенге анықтама берді. Ол – ешкімге жұмыс істемеуге тыйым салмайды, басқа әлеуметтік төлемдердің берілуін тоқтатпайды. Базалық табыс оны қажет ететін адамдарды базалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етеді. Бқл төлем адамдардың қосымша жұмыс істеуіне, басқа әлеуметтік төлем алуға өтініш беруіне кедергі болмауы тиіс.
"Әлемде көптеген елде жұмыссыз қалған, қаржылық қолдауға мұқтаж адамдарға күнкөріс деңгейінде төлем беріледі. Адам жалақысы аз жұмысқа тұрса да төлем беруді тоқтатады. Сөйтіп ол одан сайын қаржылық қиындыққа тап болады. Базалық табыс деген адамның жұмыс тапқан-таппағанына тәуелді емес", – деді Филипп Фан Парейс.
Ол Қазақстан Финляндиядағы жағдайды еске түсіретінін, "базалық табыс масылдыққа әкеледі" деп қорқудың негізсіз екенін айтты. Өйткені Финляндияда базалық табысты енгізу халықтың экономикалық және сатып алу белсенділігін арттырған. Ақша елден ешқайда кетпейді, экономикада айналымда болады.
Құқық докторы, заңгер Халида Әжіғұлованың пікірінше, базалық табыс азаматтардың тамақ, киім, баспана секілді күнделікті қажеттілігін жабуға көмектеседі. Сондай-ақ, елдегі әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: "Зейнетақы жинағының 10 пайызын салымшыға беру қажет". Сейпульниктің бұл ұсынысы неге қолдау таппады?"Ұлыбританияда алты жыл, АҚШ-та бір жыл тұрдым. Ұлыбританияда ең төменгі жалақы – 1200 фунт стерлинг. Бұл ақшаны кез келген адам ала алады. Жартысына пәтер жалдап,қалғанын тамаққа, киімге, дәрі-дәрмекке жұмсайды. Бізде 42 500 теңге тіпті пәтер жалдауға жетпейді. Сонда да әр адамға осы төлемді берсек, кедейшілікпен, аштықпен күресуге көмектеседі", – деді ол.
Базалық табысты төлеуге ақшаны қайдан алуға болады?
Экономика ғылымдарының кандидаты Мадияр Кенжеболат базалық табыс енгізген елдерді екіге бөлді:
- ұлттық деңгейде халықтың 90% қамтыған;
- белгілі бір табыс шегінен төмен адамдарға берген.
Халықаралық тәжірибе бойынша кедейлік деңгейі әрайым медианалық әдіске негізделіп есептеледі. Осы әдіс бойынша табысы медианалық деңгейден 60 пайызға төмен адамдарды кедей санатына қосады. Еуропа Одағы, ЭЫДҰ елдері базалық табысты медианалық табыстың 60 пайызынан төмен адамдарға береді. Қазақстанда соңғы он жылда мұндай адамдар үлесі халықтың 10% құраған.
"Базалық табыс төлеуді ең алдымен халықтың ең осал тобынан бастау керек. Шамамен 1,9 млн адамға 42 500 теңгені жыл бойы төлеп тұруға 970 млрд теңге (ЖІӨ 1,4%) кетеді. Ақшаны қайдан аламыз деген сұраққа келсек, Есеп комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 428 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Көлеңкелі экономиканың үлесі – 24%. Осы экономиканы жарыққа шығарса ЖІӨ-нің 4 пайызын беруі мүмкін. Салықты көбейтпей де ақша таба аламыз. Халықтың 10 пайызына ұрақты түрде базалық табыс беруге ақша табуға болады", – деді экономист.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев "базалық табысты енгізу тым қымбат" деген пікірге жауап беріп, ақшаны қайдан алуға болатынын айтты.
"АҚШ-та базалық табысты барлық адамға төлеуге 336 млрд доллар (ЖІӨ 1%-і) кетеді. Ал қылмыспен, кедейшілікпен күреске, денсаулық сақтау жүйесіне кететін шығындар 500 млрд астам долларды құрайды. Яғни, кедейлікті жою оның салдарымен күресуден әлдеқайда арзан. Ақша жоқ дейді. Бұл ақшаны оффшордан, жемқорлардың айналасынан, олардың іс-әрекетінен іздеу керек. Қажетсіз шаралардан, жөндеуді қажет етпейтін, бірақ жылда жөнделетін көшеледен іздеу керек. Халықтың ақшасын ысырап ететін әкімдер мен ұлттық компания басшыларынан іздеу керек. Бұл бай-бағдандардың, шенеуніктердің ақшасы емес, бұл халықтың қалтамыздан жиналған ақша", – деді ол.