2021 жылдан бастап жеке басты куәландыратын құжаттарды алар кезде кәмелетке толған әрбір қазақстандық міндетті түрде саусақ ізін тапсыруы тиіс. Осылайша жаңа жылдан бастап жаңартылған жеке басты куәландыратын биометриялық құжаттар беріледі. Сондай-ақ, қылмыстардың алдын алу және қаза болғандардың жеке басын сәйкестендіру мақсатында азаматтардан биологиялық үлгілер алынады.

  • Ішкі істер органдары саусақ іздерін қандай мақсатта пайдаланады?
  • Міндетті тіркеуден бас тартса, жазалана ма?
  • Биометриялық деректер қанша уақыт сақталады?
  • Қазақстандықтар жаппай құжаттарын аустыруы керек пе?

Informburo.kz "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Заңға сүйене отырып саусақ ізі мен биологиялық үлгілерді тапсыруға қатысты сұрақтарға жауап береді.

№.1 Саусақ ізін міндетті тіркеу қашан басталады?

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Заң қолданысқа енеді. Заңда дактилоскопиялық, геномдық ақпаратты жинау, өңдеу және қорғау көзделген.

№.2 Дактилоскопия деген не?

Дактилоскопия адам қолы терісінің папиллярлық бедерлерінің қасиеттері мен сипаттарын, саусақтардың ізін алу, бекіту, табу және оған сәйкестендіруді зерттейді. Яғни, саусақ ізінің кімдікі екен­ін анықтайды. Саусақтағы папиллярлық сызықтар ана құрсағында жат­қан баланың бес айлығында пайда болып, өмір бойы өзгеріс­сіз сақталады. Әр адамның саусақ ізі әртүрлі.

№.3 Дактилоскопиялық тіркеу не үшін қажет?

Папиллярлық өрнектердің электрондық коды Қазақстан азаматтарының биометриялық паспортында және жеке куәлігінде болады. Бұл соттардың, құқық қорғау органдарының, атқарушы өндірістік, тергеу, жауап алу органдарының сұрауы бойынша жеке басты растау немесе анықтау үшін, мемлекеттік шекараны кесіп өткен тұлғаларды сәйкестендіру, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

№.4 Кімдер саусақ ізін міндетті түрде тапсыруы тиіс?

16 жасқа толған:

  • Қазақстан азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алатын;
  • ҚР теңізшісінің жеке куәлігін алатын Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;
  • Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар;
  • Қазақстанда тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін алуға немесе оны қалпына келтіруге, ауыстыруға өтініш жасаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
  • Қазақстанға үй шаруашылығында жұмыс істеуге келгендер;
  • ҚР аумағынан тысқары шығаруға жататын не ҚР ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
  • ҚР визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар;
  • шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстанның шекарасынан өткен кезде дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндеттеледі.

Оқи отырыңыз: Жеке куәлік пен паспортты кім және қалай тегін жасата алады?

№.5 Кімге дактилоскопиялық тіркеуден өту міндеттелмейді?

12 жастан кіші балалар мұндай тіркеуден өтпейді. 12-16 жас аралығындағы балалар төлқұжат алар кезде қалауы бойынша немесе ата-анасының я қамқоршысының келісімімен саусақ ізін тапсырады. Қолы жоқ мүгедек азаматтар дактилоскопиялық тіркеуден босатылады. Олардың паспортындағы биометриялық чипте электронды саусақ ізі туралы мәлімет болмайды.

№.6 Саусақ ізін тапсыру үшін жеке куәлік пен паспортты ауыстыру міндеттеле ме?

Жоқ, құжаттарды 2021 жылдан бастап бірден өзгерту міндетті емес. Көрсетілген мерзімнің соңына дейін сол құжат жарай береді.

№.7 Саусақ таңбасы қалай алынады?

Саусақ таңбасы электрондық дактилоскопиялау жүйесін пайдалана отырып, бояусыз әдіспен алынады. Адам екі қолын дактилоскопиялық сканерге қояды. Мұндай техникалық мүмкіндіктер болмаса, қағаз тасымалдағыш – дактилокартаға арнайы бояудың, валиктің немесе штемпельді жастықшаның көмегімен де саусақ ізі алынады. Барлық жинақталған қағаз тасымалдаушылардан дактилодандар цифрлық форматқа көшіріледі.

Саусақ таңбаларын жинау ішкі істер органдарының міндеті. Виза беру кезінде бұл міндет Сыртқы істер министрлігінің шетелдік бөлімдеріне жүктеледі.

№.8 Саусақ ізі қайда және қалай сақталады?

Барлық ақпарат шифрланған электронды түрде ІІМ қорғалған мәліметтер базасында және жеке басын куәландыратын құжаттың чипінде сақталады. Ұлттық дактилоскопиялық базада саусақ ізі де, алақан да болады. Бірақ, құжатқа салынған чипте бас бармақтың ізі сақталады. Ішкі істер органдары дактилоскопиялық ақпаратты жинақтаумен және сақтаумен айналысады.

Оқи отырыңыз: Жеке куәлікті қалай қайта жасатуға болады?

№.9 Дактилоскопиялық базада қандай мәліметтер бар?

Заңға сәйкес, 2021 жылдан бастап берілетін биометриялық паспорт пен жеке куәлік чипінде келесі деректер болады:

  • аты-жөні;
  • туған күні және жері;
  • жынысы;
  • ұлты (иесінің қалауы бойынша);
  • азаматтығы;
  • фотосуреті;
  • қолдарының саусақтарының және алақандарының папиллярлық бедерлері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпарат;
  • құжат берілген күні, нөмірі, қолданылу мерзімі;
  • қолтаңба;
  • ЖСН (ол болған кезде);
  • дактилоскопиялық тіркеуді жүргізу күні және негізі;
  • құжатты берген орган атауын;
  • дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) қамтиды.

№.10 Дактилоскопиялық ақпарат қанша уақыт сақталады?

Жеке куәлігі немесе паспорты бар қазақстандықтардың қайтыс болу фактісі анықталғанға дейін, сот азаматты хабарсыз кеткен деп таныса немесе азаматты қайтыс болды деп жарияласа, Қазақстан азаматтығынан айырылса немесе одан шыққан жағдайда олардың мәліметтері жүз жасқа толғанға дейін сақталады.

Теңізші жеке куәлігі бар, сондай-ақ ҚР визаларын алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың деректері тіркелген күнінен бастап 10 жыл сақталады. Дактилоскопиялық ақпарат сақталу мерзімдері өткен соң жойылады.

№.11 Саусақ ізін тапсырудан бас тартуға бола ма?

Бұл заңмен міндеттелетін болғандықтан бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартқан қазақстандықтарға 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдар елден шығарылады. Сондай-ақ, жеке куәлік пен төлқұжат берілмейді.

Оқи отырыңыз: Елге оралған қандастар жинайтын құжат саны жиырмаға қысқарады

№.12 Геномдық тіркеу деген не?

Геномдық ақпарат – адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін оның ДНҚ-сының белгілі бір фрагменттері туралы кодталған ақпараттары және дербес деректері. Биологиялық материал мен геномдық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, адамның жеке басын анықтау немесе растау мақсатында геномдық тіркеу жүргізіледі

№.13 Геномдық деректер базасы не үшін керек?

Геномдық ақпарат:

  • қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды ашу және тергеп-тексеру, қылмыс жасаған адамдарды анықтау және белгілеу;
  • хабарсыз кеткен қазақстандықтарды, Қазақстанда тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіру;
  • танылмаған мәйіттердің жеке басын анықтау;
  • іздестіріліп жатқан немесе анықталып жатқан адамдардың туыстық қатынастарын анықтау мақсатында пайдаланылады.

№.14 Кімдер міндетті геномдық тіркеуден өтуі тиіс?

ДНҚ деректері міндетті түрде:
  • қылмыстың жекелеген түрлері үшін сотталғандардан;
  • тергеу әрекеттері барысында анықталмаған адамдардан;
  • танылмаған мәйіттерден алынады.
Хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары жазбаша келісіммен геномдық ақпаратты ерікті негізде бере алады.

№.15 Геномдық тіркеу үшін биологиялық материал қалай алынады?

Адамның биологиялық үлгілері бір реттік стерильденген тасымалдағыштарға алынады. Коллектормен буккальді тіндердің үлгілерін алу үшін ауыз қуысының ішкі жағы бірнеше рет сүртіледі.

Оқи отырыңыз: Электронды денсаулық төлқұжаты іске қосылды. Енді дәрігердің қабылдауына кіру оңайлайды

№.16 Геномдық ақпарат қанша уақыт сақталады?

  • сотталған адам геномдық тіркелген күннен бастап оның қайтыс болу фактісі анықталғаннан кейін 25 жыл өткенге дейін, ал оның қайтыс болғаны туралы мәліметтер болмаса немесе сот оны қайтыс болды деп жариялаған кезде ол 100 жасқа толған күнге дейін;
  • тергеу әрекеттері барысында алынған геномдық ақпарат тіркелген күнннен бастап 25 жыл;
  • биологиялық туыстарының ақпараты хабарсыз кеткен азаматтың жүрген жері анықталса немесе қылмыс құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылғанға дейін;
  • танылмаған мәйіттің жеке басын анықтағанға дейін, бірақ геномдық тіркелген күнінен бастап 25 жыл сақталады.

№.17 Геномдық тіркеуден бас тартқандар жазалана ма?

Қазақстан азаматтары, шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар міндетті геномдық тіркеуден өтуден бас тартса 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Шартты түрде сотталған адамның геномдық тіркеуден өтуден жалтаруы Қылмыстық-атқару кодексінің 176-бабында көзделген шартты соттаудың күші жойылғанға дейінгі жауаптылыққа әкеп соғады.

№.18 Мұндай тәжірибе қай елдерде бар?

Саусақ ізі бар құжат 2004 жылдан бері АҚШ-та, 2007 жылдан бері Еуропа елдерінде қолданыла бастады. Паспортты беру кезінде дактилоскопиялық таңбаларды тіркеу жұмысы 2009 жылы Түркияда қолға алынса, Қытайда толығымен аяқталған. Ресей 1998 жылы Дактилоскопиялық тіркеу туралы заңды, 2008 жылы Мемлекеттік геномдық тіркеу туралы заңды қабылдады. Осыған ұқсас заңдар Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Молдова, Өзбекстан, АҚШ, Ұлыбритания, Францияда қолданыста. Бүгінде жүзден астам мемлекет биометриялық тіркеу бойынша ұлттық жобаларын енгізіп жатыр.