Отбасы құндылығы неден құлдырады
"Қолымды мезгілінен кеш сермедім" деуші әкелер легі көбейді. Отбасындағы басты құндылық – әке мен бала арасындағы ізгілікке толы қарым-қатынас болуы тиіс екенін бұрынғы өткен аталарымыз түсінген. Қабылдаған. Жүзеге асырған. Біз де санамызбен қабылдаймыз. Іс жүзіне келгенде ше?
Балаға балапан кезінде мән бермеген үш әкенің қартайғанда терген жемісі бір-біріне өте ұқсас. Әр-түрлі жолмен жеткенмен, нәтиже бір. Үш тағдырлы әкенің бауыр еті баласымен тонның ішкі бауындай боп тілдесуі қиын. Арасында мұзға айналған тоң жатыр.
Бірінші әке
Баламмен тілдескім келеді. Өкініштісі, не айтарымды білмеймін. Екеуміз – екі бөлек әлембіз. Есейген кезде тілге келіп қалатынбыз. Үйленсе түсінер деп ойладым. Бүгінде ұлым отау құрып, өзі де әке болды. Ештеңе өзгермеді. Бір-бірімізді түсінбейміз.
Өзіме жақындатқым келеді. Бірақ, жақындай алмаймыз. Қарапайым ғана үй тірлігін істей қалатын болсақ, балам мен көрсеткен тәсілмен емес – өз тәсілімен жасайды. Ұсынған жолым жұмысты тездететінін айтсам, осы күнге дейін не істесе де менсіз атқарғанын бетіме айтқанда, тілім байланды.
Қарап тұрсам, ұлыммен бір тілде сөйлесеміз. Бірақ, екі түрлі тілдесеміз. Оның түсінігі мен менің түсінігімнің арасында байланыс жоқ. Үйлеспейді. Көп ойландым. Жаным ауырды. Жауабын таптым. Кінә менде екеніне көзім жетті. Өкініштісі, уақыт тілі өтіп кетті.
Балаларымның кішкентай кезі елімізде қайта құру кезеңіне тап келді. Жаппай жұмыссыздық. Айлықты алты айлап алмайтын кез. Жаппай жұмыстан қысқарту деген шықты. Бар жұмысыңнан айрылып қалмау үшін жұмысқа азанда кетіп, үйге жатар орынға бір-ақ оралатынмын.
Сілелеп келіп бала ойнатуға мұрша жоқ, тамағымды апыл-ғұпыл іше сала төсегіме құлай кететінмін. Таңмен тағы сол диірмен қайта айналады. Осы күні ойланып қарасам, бір рет те баламның мектебіне барып, сабақ үлгерімін, тәртібін мұғалімінен сұрамаппын.
Баламды не қызықтырады, қандай маман болғысы келеді дегенді ойлауға жұмысбасты болып жүріп мән бермегеніме енді өкінемін. Үш балам ешкімнен кем болмасын, қарны тоқ, киімі бүтін болсын деп шапқылаумен болыппын.
Жұмысымнан бөлек тапсырыс қабылдайтынмын. Оған шапқылаймын. Тапқанымды үйге әкелемін. Бірақ, ең маңызды мәселе – балаларымның қалай өсіп жатқанын өткізіп алыппын.
Екінші әке
"Әке бола білу" сөзін түсінбеппін. Жас кезімде арақты қатты іштім. Жастық жындылықпен үйге келіп бала-шағаның мазасын алу мен үшін қалыпты жағдайға айналды.
Жасыратыны жоқ, әйеліме қосып балаларымды сабайтынмын. Өмір бойы қажыр-қайратым бойымда тұра береді, менің дегенім орындалады деп жаңылыппын. Бүгінде үшінші топ мүгедегімін. Тәнім мүгедек болғаны ештеңе емес екен, жаным мүгедекке айналатынын ертерек білсемші.
Әлі есімде, кенже ұлым мектепте өтетін спорт жарысына аяғына киетін аяқкиім сатып алуға ақша сұрады. Бермедім. Сол ақшаға арақ алып ішкенді артық көрдім. Балам жалынып сұрап, бермегеніме күйіне жылап: "Мен сізді жеккөремін, әке?!" – дегені үшін аяусыз таяққа жықтым.
Балаларымның ешқайсының маңдайынан сипамадым. Өзім түсінбеймін. Балаға өте суық болдым. Кейде әйелім балаларға жылы сөз айтып, маңдайынан сипай салуымды өтініп жалынатын. Бірде сол сөзі үшін әйелім таяқ та жеді. Не деген ақымақ болғанымды енді түсіндім.
Анасына жаны ашып шырқырап араға түскен кенже ұлымды сирағынан ұстап лақтырғаным есімде. Балам қатты мертігіпті. Бір айдай ауруханада жатқанында артынан бір рет те іздеп бармадым.
Үйге оралған ұлымның көзінен жасынан бұрын есейгенін көрдім. Бұрын сау кезімде еркелейтін. Енді мүлде еркелемейтін болды. Балалығын соққымен ұрладым. Сау кезімде кінәмді түсінетінмін. Бірақ, сол құрғыр "әкесімін" деген қукеуде, соқыр көкіректік жібермейтін.
Балаларыма іштей жеккөрмейтінімді, жақсы көретінімді білдірген емеспін. Шынымды айтсам, өзді-өзінен солай болуы керек деген заңдылықты санама шегелеп алғаным сонша, жақсы көретінімді білдіруді қажет деп санамадым.
Бүгінде, қара шаңырақта бірге тұратын кенже ұлыма сөйлеуге жасқанамын. Ешқашан тілдеспейді. Айтқысы келгенін баласы арқылы жеткізеді. Арамызда суықтық бар. Жылу өтпейді. Мұзға айналып кеткен.
Жас келген сайын жылы сөз, жылы пейілді іздейді екенсің. Ұлым мен жатқан бөлмеге мойын бұрмайды. Жұмыстан келгенде ашық тұрған есігімнің тұсынан үнсіз өтіп кетеді. Кейде: "Әке қалайсыз? Көңіл-күйіңіз жақсы ма?" – дегенін қажетсінемін. Өкініш уына шыланып, үнімді шығармай жата беруге мәжбүрмін.
Бірде қатты ауырып қалдым. Үйде ұлым екеуміз ғана едік. Жедел жәрдем шақырту керек болды. Бар дауысыммен жедел жәрдем шақыруын өтіндім. Ауызғы бөлмеден ұлым телефонмен жедел жәрдем шақыртты. Арғы жақтан менің кім болатынымды, жасымды сұрады білем, кім екенімді айтпастан, жасымды айтумен шектелді.
"Әкем" деген сөзді айтпады. Тап сол сәтте тәнімнің жаныма батқанынан, ұлымның "әке" сөзін айтқысы келмегені шымбайыма қатты батты. Не деп кіналайын. "Еккенің тікен болса, орарың балауса болмасты" атам қазақ мендейлерге арнап айтқанын кеш түсіндім.
Үшінші әке
Ұлыммен арада қақтығыс болады деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Қаладағы ең қымбат балабақшада сәбилік кезеңін өткізді. Мектеп жасына жеткенде, қаладағы ең мықты ақылы мектепке бердім. Жоғары оқуды Лондонда оқыттым. Оқу бітірген соң да қалаған елінде жұмыс істеді.
Ешқашан ештеңеден қолын қақпадым. Аузынан шыққанды орындау мен үшін заң болды. Үйленген соң, елге оралғысы келді. Қаланың қақ ортасынан ойып тұрып бес бөлмелі пәтерді сыйға тарттым. Астына шетелдік қымбат машина мінгіздім.
Әкелік міндетімді толық атқарсам да, баламның көңілінен шықпаймын. Бірдеңе сұрай қалсаң, жауап беруі қиын. Берген күнде діңкілдеп, қит етсе айқайлап кетеді. Әкеңе неге діңкілдейсің деп мен де айқайлап кететін кезім болады. Бітті. Ерегіс басталады. Айлап өздігінен телефон шалып, жағдай сұрау дегенді білмейді. Шыдай алмай өзім телефон шаламын.
Иә, тәрбиелеуге уақытым болмағанын мойындаймын. Бірақ, кезінде менің әкемнің де маған қарауға мұршасы болмаған. Одан мен қатыгезденген жоқпын. Қайта, жаным ашыды. Қазіргі балаға не керегін түсінбейсің. Ештеңеден аянбаған сайын балаң болғанына міндеті күшті.
Шырқырап жатқан қоғам шындығы
Отау көтерген ұлымен сөзі жараспайтын үш әкенің шындығы – қоғамның шындығына айналды. Бір тілде сөйлегенімен – тілдесуі бөлек. Бір дастарқанда отырғанмен – үндесуі бөлек әке мен бала.
Аталарымыз ат жалын тартып мінген ұлын қайда барса да қасынан тастамай балапанша баптаған. Қаталдығы басым болашаққа түзде жорытқан бөрідейін баулыған. Жәндікше жорғаламай, биік болуды өз ісімен көрсеткен.
Уақыт дөңгелегі озуымен адам да өзгерді. "Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатын Бедірей деген қызың болады..." дегенді Мөңке би қаншама ғасыр бұрын дөп басып болжап кеткеніне таңырқана бас шайқайсың.
Шымбайға батарлық ащы шындықты араға ғасырлар салып бүгінгі біздер жүзеге асарудамыз. Әке мен баланың түсініспеушілігінен туындаған күрмеуі қатты түйін – обырға айналуда. Ісініп бара жатқан мәселе сағат санап ұлғайып, отбасылық қасірет қалыңдай түседі.
Кей қарияға қарасаң, "баласы бардың өңі ойнар, балтасы бардың қолы ойнар" деген бабалар нақылы кері кетіп қалғандай әсерде қаласың. Бір шаңырақта ғұмыр кешіп жатқан әке тіршілігі бір бөлек, бала бір бөлек. Екеуі – екі әлем.
Өкінішке орай, басты құндылығымыз сағат тілімен түпсіз тұңғиыққа қарай құлдырауда. Бой көрсетіп жатқан "құнсызданған құндылықтың" шешімі қиын түйіні – бала тәрбиесіне ата-ананың мойын бұруға мұршасы болмауына келіп тіреледі.
Балаға көңіл бөлгісі келгенімен, бас көтертпейтін жұмыстан қолы босамаудың басты себепке айналуы әлемдік тығырыққа тән мәселеге айналып үлгерді. Себебі, жаһандану процессі жер жүзіндегі барша халыққа бірдей өз өктемдігін жүргізуінің қоғамға ықпалы көп жағдайда қайырымсыздыққа апарып тірейді.
Шаңырақ көтерілген соң, әр отбасының жарық дүниеде тапқан бұлдырықтың ұясындай болса да ұясы бар. Ұяда жылу барма, жоқ па, маңыздысы осында. Ұя – қауашақтан жаңа жарық дүниеге шыққан балапанның жылу алатын, ата-ананың махаббатын алғаш қабылдайтын жері.
Құс екеш құс та ұясына жылулық беруге жанын салғанда, адамдардың ұясында жылулық бар ма? Күн көзі байланғанда отбасы мүшелері жан-жақтан сүріне-қабына үйіне жиналады. Әрқайсы күні бойғы мұң-мұқтажын өзімен ілестіре келеді.
Балада әке-шешеге деген қажеттілік жоғын байқауға мұрша жоқ. Балаға да керегі сол. Жанына қажетті әлемді қолындағы ұялы телефоннан тапқан. Дастарқан басында бір ауыз жылы сөздің айтылмайтыны күнделікті әдетке айналуының ақыры неге апарып соғарын елейтін ересек жоқ.
Осыдан келіп екі арада бейтараптық белең алып, отбасы мүшелігінен – көршіге айналып кете барады. Баланың сұрағына ата-ананың жауап беруге мұршасы жоқтығымен қоса ықыласы жоқтық, шолақ тілдесумен шектелетін мылқаулықпен тынады.
Өзімізді ақтап алатын басты себеп – жұмысбастылық. Осы орайда Мөңке бидің: "Лағнет қамыты мойнында, жұмыстан қолы босы жоқ" дегені замана қатпарынан жарып шыққан нағыз көріпкелдік екенін мойындайсың.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1⚠️ Доброе утро! С началом трудовой недели! Предлагаем обзор главных новостей за 22 декабря
- 3123
- 0
- 7
-
2💵 50 млрд тенге из ЕНПФ вложили в облигации холдинга "Байтерек" в ноябре
- 3275
- 1
- 27
-
3✈️ Частный самолёт рухнул на жилой квартал в Бразилии: все, кто были на борту, погибли
- 2822
- 1
- 29
-
4💦 Сколько воды поступило в высыхающие реки и озёра Казахстана в 2024 году
- 2644
- 2
- 25
-
5🔵 "Не видны на рентгеновских снимках". Об опасности водяных шариков предупредили британские медики
- 2626
- 0
- 40
-
6🍉🍌 Фруктоза может способствовать росту опухолей – результаты исследования учёных из США
- 2628
- 0
- 23
-
7🛍 Три компании, управляющие пенсионными накоплениями казахстанцев, показали доходность ниже ЕНПФ
- 2513
- 3
- 20
-
8✈️ Самолёты России и стран Центральной Азии будут ремонтировать в аэропорту Актау
- 2568
- 3
- 65
-
9🇷🇸 В Белграде прошли массовые протесты, связанные с гибелью 15 человек на вокзале
- 2452
- 0
- 30
-
10🇺🇳 Какие проекты из стран Центральной Азии оказались в центре внимания ООН
- 2401
- 0
- 7