Прямой эфир Новости спорта

Бала асырап алу жөніндегі агенттік қаншалықты қажет?

Сурет Айдын Рахымбаевтың Facebook парақшасынан алынды
Сурет Айдын Рахымбаевтың Facebook парақшасынан алынды
Кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың бала асырап алу жөніндегі агенттік құру бастамасын драматург Сая Қасымбек қуаттайды. Ол әңгімелескен жастардың сөзі көпке ой салады.

Кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құру бастамасын қуана қабылдадым. Қазіргі таңда бала асырап алу туралы заң жобасы Мәжілісте тыңдалып, Сенатқа жолданды. Әрине, бұл бір күнгі жұмыстың нәтижесі емес. Бұған дейін "Ана үйі" жобасы арқылы екі мыңға жуық баланы жетімдіктің шырмауынан құтқарған кәсіпкер көптен бері жетім балалар мәселесін шешуге күш салып келеді. Оның мәліметінше, Қазақстанда 109 балалар үйі болса, ол жерде 5 мың бала бар екен. Аз сан емес.

Әрине, болашағынан үміт күтетін періштелердің көздері жәудіреп, балалар үйінде тәрбиеленгеннен гөрі ата-ананың мейірімді алақанында өскенге не жетсін, бірақ... Бәріне бірдей көзқараспен қараудың да соқтықпалы-соқпақты тұсы болары анық. Осы жайында балалар үйінде тәрбиеленген бірнеше жаспен тілдестім. Белгілі себептермен аты-жөндерін өзгертсем де, ойлары мен сөздері өздерінікі.

Оқи отырыңыз: Көз жасы құрғаған қыз тағдыры

Жайна. Балалар үйінде түрлі жағдаймен, себеппен түскен тағдыры мен мінезі әртүрлі балалар бар. Асырап алу жөніндегі ниет дұрыс болғанмен, өте қиын. Бала асырап алып, кейін қайтып өткізгендер өте көп.

Бала бәрібір бөтендікті сезеді. Барған үйдің туыстары тарапынан болсын, бала-шағасы болса, солардан болсын, іштей жиырылып тұратындарын сезінеді. Бес саусақ бірдей емес. Теріс ниетпен алатындар да бар.

Патронаттық тәрбиеге ай сайын төленетін ақшасы үшін, кейі тіптен, жұмысқа салу үшін алады екен. Бұндай ниет баланың мінезін, психикасын бұзады. Өз басым асырап алушыларға сенбеймін. Одан да еркіндікте, достардың арасында өскен дұрыс.

Бала кездегі зәбірді бәрібір ешкім жаза алмайды. Есейген соң да өмір бар. Айдаладағы біреуден теперіш көргенше, үкіметтің үйінде болған дұрыс. Тастап кеткен биологиялық ата-анаңнан басқаға налымайсың.

Оқи отырыңыз: Жұмадағы бір садақаның сыры

Болат. 16 жасқа дейін асыранды бала екенімді білмедім. Ата-анам өте жақсы адамдар болып кезікті. Қарындасым бар. Мені асырап алған соң үш жылдан соң анам өзі босаныпты. Қазақта сондай ырым барын кейін білдім.

Не ішем, не киемін демедім. Бәрі жеткілікті. Бірақ, ата-анамның туыстарына сирек қыдырып баратынмын. Ата-анамның аялы алақанында болғандықтан, себебіне бас қатырған емеспін. Сыры кейін ашылды.

Бірде шетелге демалуға баратын болдық. Түрлі себептермен мен қалып қойдым. Мені әкемнің інісінің үйінде қалдырды. Баламыз ғой. Бірде көкемнің менімен жасты баласымен келіспей қалдым. Сол кезде менің асыранды екенімді, ата-анамның мені әдейі шетелге апармай, өз қыздарын әкеткенін айтып салды. Қатты күйзелдім. Әке-шешем оралған соң, әңгіменің беті ашылды. Анам кешірім сұрап жылады.

Шындығына келсек, ол кешірім сұрамауы керек еді. Бірақ, сол күннен бастап жан-дүнием жаурап шыға келді. Туыстарымыздың мені онша жақтырмайтыны, шеттетуінің сыры асыранды болғаныма байланысты екенін білгенде күйзелгенімді айтып жеткізе алмаймын.

Әке-шешеммен байланысым жақсы. Бірақ, бөтен екенің уақыт өткен сайын тереңдей береді екен. Әлде, о бастан асыранды екенімді білуім керек пе еді, білмеймін. Қалай болғанда да, бала жүрегі түбі бір соққы алады.

Оқи отырыңыз: Әліпбидің айтылмаған әуресі

Ольга. Балалар үйінің жақсы не жаман болуы басшысына тікелей байланысты. Бұзықтау болдым. Тәрбиеші тәтейден көп таяқ жейтінмін. Кейін басқа тәрбиеші келіп, таяқтан көзім ашылды.

Есейгенде түсіндім. Алғашқы басшымыз нашар адам болған екен. Кейінгісі балаға ерекше мән беретін басшы болғандықтан, таяқ мәселесіне тыйым салыныпты. Рас, кішкентай кезімде есіктен кірген ересекке "анам, әкем" деп жүгіретінмін. Сәби жүрек қой.

Тимур деген баламыз жақсы отбасына түсіп, бақытты болып кетті. Әрине, бақытты боп кетуі сирек. Жақында кездестік. Ата-анасының туыстары бәрі-бір шеттететінін айтып, мұңайып қалды.

"О баста тастанды болған тағдырды қанша жерден мәпелесең де, сынған жері сырқырап тұрады екен" дейді. Өз басым ақыры жетім болған соң, балалар үйінде тәрбиеленген дұрыс деп ойлаймын. Екі соққыдан гөрі бір соққы алған жеңілдеу.

Оқи отырыңыз: Тап тартысы әлі де бар

Серік. Патронаттық жүйеге онша сенбеймін. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімізде, Дәурен деген досымды патронаттық жолмен асырап алды. Дәурен өте көңілді жүретін, мінезі ашық-жарқын болатын. Бір жылдан соң, асырап алған ата-анасы қайтарды.

Мінездері сыйыспаған. Дәуреннің психикасының өзгергені сонша, ешкіммен сөйлеспейді. Жастығына тығылып, жылап жата беретін. Әзер дегенде өзіне келді. Сол кезде түйген ойым, жат үйге бала болғанға өз басым қарсымын. Әрине, жақсы адамдармен бірге өскенге не жетсін.

Бірақ, пиғылы теріс адамдарға түсіп қалсаң, бала тағдыры не болмақ?! Біз көзімізді ашқалы тағдырымызға мойынсынуды үйрендік. Бөтен босағада күйзелгеннен, не көрсең де, достарыңның арасында көрген артық.

Қазір жақсы отбасының қызына үйленіп, бақытты өмір сүрудемін. Балалық бақытымды ұрлаған обалым тастап кеткен әке-шешеме. Өзім балаларымнан ештеңе аймаймын. Жақсы әке болуға тырысамын.

Оқи отырыңыз: Үш әке терген бір жеміс

Ортақ тағдырлар. Бәріне ортақ мәселе – жан күйзелісі. Бірі – балалар үйінде жүріп кешсе, енді бірі – асыранды отбасында кешеді. Айтуларынша ішіп-жеуден емес, рухани жаурағаннан жандары жүдейді екен.

Айдын Рахымбаевтың мақсаты – жетімдікке жол бермеу. Тастанды нәрестелер толыққанды отбасында тәрбиеленсе деген асыл ой. Бала тәрбиелеп отырған әке ретінде барлық бала әке-шешенің мейірімін көрсе деген ниеті өте орынды.

Жобаны дұрыс жүзеге асыра алатына сенімім мол. Бірақ, өз ниеті таза болғанымен, таяқтың екі басы барын ескерсе артық болмас. "Мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде" дегенді атам қазақ текке айтпаған. Қоғамдағы пиғылы лас жандарға төтеп беру оңайға түспесе керек. Періште жүректі жаралайтын жандардан қорғанудың жолын табу қатал қоғамда оңайға түспесі анық. Ең дауасы – ессіз жастарымыз ойланып, тастанды бала атымен болмаса деп тілейік.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров