Прямой эфир Новости спорта

Арлы ел аяқ киіммен де озады

Іnformburo.kz иллюстрациясы
Іnformburo.kz иллюстрациясы
"Тоқсан келейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді..." демекші, "Экоаяқкиім"-ді де көрдік.

Еркін сауда жүйесінің жағымды, жағымсыз жақтары жеткілікті. Жағымдысы – қалтаңдағы ақшаңа қалағаныңды аласың. Жағымсызы – тауар сапасының нашарлығы. Өлімсіресе де өз өнеркәсібіміз жоқ, сырттан келген тауарды тұтынуға мәжбүрміз. Әсіресе – аяқ киім мәселесі ақсап тұр.

Алғашында қытайдан әкелінген аяқкиімді киюге мәжбүр болдық. Тіптен, қуана киген кездеріміз болғаны жасырын емес. Көшеге шықсаң, инкубатордан шыққандай киінген қазақтардан көз тұнған кез естен шыға қойған жоқ. Бәсекенің бір жақсысы, уақыт өте келе нашарын нарықтан мықтысының ысырып шығаратыны. Отқа жақпай, суға батырмай-ақ, бәсекенің пәрменімен әлсірете келе, тұтыныстан қалдырады. Әлбетте, түбегейлі деуден аулақпын. Ахуалы төмен отбасы әлі де қытай тауарына мүдделі.

Десе де, басын көтере бастағандар сапалы киімге ұмтыла бастады. Осындайда: "Екі төлердей асып жатқан ақшам жоқ" деген еврей халқының сөзі есіңе түсе кетеді. Бір зат болса да сапалысын алуға тырысасың. Әсіресе, көліксіз жаяу жүретінге аяқ киімнің тәуірі керек.

Шымкент шаһарындағы зәулім сауда үйлерінде шеттен келген сапасы жоғары тауар сататын бөлімдердің көбейгені көңіл қуантады. Оңтүстіктің қысының өзі сыбылыңқы, түнде жауған қары түсте еріп кетіп жатады. Қалың етіктен гөрі жеңіл бәтеңке киген тиімді. Не керек, сапалы бәтеңке іздеп зәулім дүкенге бардым. Кіре берісте көздің жауын ала "Экоаяқкиім" деген баданадай жазуы ілінген дүкенге бұрылдым.

Таза теріден тігілген аяқкиімнің сапасы мен сәні көңіліме қона кетті. Бағасына көзім түскенде, көңілім су сепкендей басылды. Удай. Әлгі орекеңдердің сатирасындағыдай: "Бес тиын, бірақ, өте үлкен. Үш тиын, бірақ, өте кішкентай"-дың кебін кидім. Сатушы қыз сапасы жайлы, тіккен фирмасы жайлы шұбырта айтып, құрақ ұшып жатыр .

"Неге экоаяқкиім?" деген сұрағыма сатушы қыз мүдірместен: "Себебі, таза теріден тігілген. Сол себепті экологиялық таза теріден тігілді дегенді білдіреді", – дегенде, аузым ашылып қалды. "Экоаяқкиім" дәрежесіне жеткенімізге күлейін бе, жылайын ба?!.

Аяқкиім фабрикасының қожайыны Дания мемлекетінде тұрады екен. Даттық алпауыттың таза көннен тіккен аяқкиімін сонша ел асып, бізге әкелердей, өзіміздің өнеркәсіп орындарына не көрінді екен десеңші.

Қазақстан етті ең көп жейтін мемлекеттер санатында. "Ет – етке, сорпа – бетке" деп, жетісіне ет асып жемесек, ішегіміз шұрқырап шыға келеді. Сенбінің таңымен таласа ет базарына асығамыз. Кірген сәтте-ақ: "Менің етім жас малдың еті. Маған келіңіз?!" деп, құрақ ұша алдыңнан шығатын ет сатушыдан көз тұнады. Сатушы бала күніне үш жылқының етін сататынын айтқан. Қаладан бірнеше ет базары, қаншама сатушы бар. Есептесеңіз, күніне қаншама қой, сиыр, жылқы сойылып, терісі алынады. Соның бәрі қайда кетіп жатыр деп едім, бір ет сатушы "Терінің бәрі Қытайға кетіп жатыр" деп жауап берген.

Қытай бізден су тегінге сатып алып, әдемілеп өңдеп, Еуропа елдеріне қымбат бағаға сатады екен. Дания мемлекеті – ауыршаруашылығына ерекше мән беріп отырған ел. Аз ғана халқы "кедей" деген сөзді естімегендігін әлеуметтік желіден оқығанда, аузымның суы құрыған. Тұрмысының жоғарылығы соншалық, көше сыпыратын адам таппайды екен? Шетелден оқуға барған студенттерге аптасына 800 доллардан төлеп дүкенінің маңайын, көшесін сыпыртады дегенді оқып қап, "Қайдасың Дания?!" дей жаздағанымды жасырмаймын. Қарап тұрсаң, біздерге апта сайын 800 доллар алу дегенің ертегі іспеттес қой?! .

Қой мен сиырды өсірсе, даттықтар өсірсін. Жер асты байлығынан жұрдай даттықтар, туризм мен теріден тігілген тауарымен-ақ, дүниені шыркөбелек айналдырып отыр. Дат елінде құнарлы сүттен дайындалған ірімшіктің бағасын тек өте байлардың қалтасы ғана көтеретіні ащы да болса шындық. "Өзіміздің Сайрамның ірімшігінен несі артық?!" деп, өз көңіліңді – өзің көтеріп алып, дат елінен келген өнімге мұрын шүйіре қарайсың.

Енді қалғаны "экоаяқкиім" еді, оны да көрдік. Обалы не керек, сапасында мін жоқ. Фирманың тағы бір ойлап тапқан қулығы – "Тоқсан күн ішінде табанынан су өтсе, жыртылса, желімі ажыраса, орнына судай жаңа аяқкиім береміз" деген маркетингтік қадамы. Техникалық тауарға барын естігенмін. Аяқкиімге ондай жеңілдікті алғаш естуім. Ойпырмайдың аяққа қона кететін сиқырын-ай?! Жайлы. Терісі бабымен иеленген, жұп-жұмсақ. Бағасы удай болса да, алдым.

Газ бен мұнайды өз жекеменшігіндей шетке өкіртіп сата бергенше, осындай қарапайым қажеттілікті өндіруге неге күш салмайды екен, ә?! Шексіз, түпсіз ештеңе жоқ. Газ да, мұнай да күндердің-күнінде таусылар. Ақшаны жамбасына басқандардың түгі кетпес. Халық сонда қайтпек?!

Қытай асқан теріні өзімізде өңдейтін зауыттарды көптеп салдыруға не кедергі екенін түсінбеймін. Өз зауытымызда өңделген сапалы былғарыдан жарқырата тіктірсек, қандай керемет болар еді. Айтпақшы, Шымкентте аяқкиім тігетін жеке фабрика ашылған. Жанға бататыны: үстіндегі терісі әжептеуір болғанымен, табаны сапасыз. Тез тесіледі. Сапасыз желім қолданған. Аяқ терлегенде сапасыз желімінің иісі әлем, бұрқырап шыға келеді. Міне, біздегі тауардың түрі.

Медицина саласы мамандарының сөзіне сенсек, сапасыз желімнен аяқта тері ауруы пайда болады. Ал, осыдан кеп желімі сапасыз аяқкиімнен қаншама қарапайым тұтынушы тері ауруына ұшырап жатыр.

Қолымдағы бағасы қымбат, сапасы керемет дат елінен шыққан аяқкиімге қарап, өз елімнің өнеркәсібінің дәрменсіздігіне өзегім өртенді. Менің маңдай терімнің қызығын, алты теңіздің арғы жағындағы даттың алпауыты көреді. Экономист емеспін. Бірақ, өзім бетпе-бет келген жайттардан түйсінгенім: біз – шет ел үшін жұмыс істейміз. Шет елдің өнеркәсіп алпауыттарын асыраймыз. Ұлттық қаржы айналымына арзымайтын ақшамыз түседі. Өйткені, ұлттық өнім жоқтың қасы. Сексен пайыз маңдай теріміздің рахатына жат елдік байлар шылқа майлары шылқи батып отыр.

Кілтипанның кілті кімде?!

"Ұлттық экономикаға басыңды қатырма?!" деушілер де табылар. Бірақ, ұлт дегеніміз – мен, сен, олар, бір сөзбен айтқанда – халық. Маңдайы таңдайға түсіп жүріп тапқан ақшасына халық сапалы киініп,дұрыс тамақ ішкісі келеді. Тек, ақшаңа сапасыз тауар алуға мәжбүр болатының күйдіреді.

Қазақ тері өңдеуді, теріден адамзатқа қажеттілікті өтеуді о бастан, көне заманнан игерген. Керек десеңіз іргеміздегі қытай тері өңдеуді бізден үйренген. Көне жәдігерлерге қарап тұрып, қазақтың теріден небір кереметтерді жасай білгеніне тәнті боласың. Ендеше, неге сол дәстүрді мемлекеттік деңгейде жалғастырмасқа. Мемлекеттік деу себебім, жеке кәсіпкерлер көбіне салықтың тұзағынан тұншығып, тастап кетуге мәжбүр боп жатады. Мемлекеттік дәрежеде болса, өрлеуі, жалпыхалықтық айналымға шығуы жеңіл.

Әсіресе, бүлдіршіндерге обал. Балалар аяқкиімі кіл – қытай тауар. Қытайдың өзінде балалар тауарын сапасыз шығарған алаяқтығы үшін алпауыттарын атып тастағанын әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Өзін аямаған қытай, бізге қай "сүтті сиырын" берсін?! Күріш пен жұмыртқаны синтетикалық жолмен жасап жеп отырған елдің сапалы тауары да бар болар. Өкініштісі, сапалы тауарын еуропаға, бізге – қалған-құтқанын тықпалайды. Оларда кінә жоқ. Алушы өзімізден кінәні іздейік. Алмай қойсақ, бізге де сапалысын берер ме еді?!

Бүгінгі бала – ертеңгі дардай азамат екенін ескерсек, болашақты осы бастан ойлау артықтық етпес. Сапасыз аяқкиім киіп өскен баланың денсаулығынан кілтипан шығып, отан қорғауға жарамайтын боп қалатыны – ащы шындық.

Ертеңіміз еңіремесін десек, бала аяқкиімін сапалы өндіруді бүгіннен қолға алайықшы ә?! "Алып зауыттарды қоя тұрып, қарапайым аяқ киім тігетін фабрикаларға мән берсе, тауар айналымы құлпырып шыға келер ма еді" деп те ойлап қоям. Тоя аш ішпесек те, қымбатына қарамай баламызға экоаяқкиім әпереміз-ау. Бірақ, басым көпшілігінің тұрмысы төмен халықтың арзан аяқкиім киген бүлдіршіндерін қайтпекпіз?!

Сапалы аяқкиім тіккенді баладан бастасақ, біздердің де аяқ киіміміз жөнделіп қалар деген есекдәме ғой, сол. Жоқ болса, бір сәрі. Олай деп армандауға толығымен мүмкіндігіміз бар. Арлы елдің аяқкиімі озып жатқаны жаныма батып-ақ кетті. Жайын жатқан жазира жерімізде мал шаруашылығын көркейтіп, экологиялық етін жеп, экоаяқкиімді өзімізде тігетін күн тезірек тусын деп тілейік.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров