Бұл мәлімдеменің артында не тұр және біздің елге келтірер пайдасы ия зияны қандай?

Жалпы, Үкіметінің шетелмен жасасатын кез-келген келісім-шартына, уағдаластығына Қазақ қоғамы зор күмәнмен қарайтыны ащы шындық. Мейлі ол Қытайдан қарызды көз жұмып алу болсын, мұнай кеніштерін батыс компанияларына беталбаты беру болсын, Ресейдің ғарыштық һәм әскери зымырандарын ұшыру болсын, арабтардың аңшыларын қорықтарымызда тайраңдатып қою болсын.

Себебі нәтижесінде елдің әркез көретіні – ұлттық мүдденің ескерілмеуі, шетелдіктердің ығына жығылуы, экологияның нашарлауы, әлеуметтік күйзелістің ушығуы т.б. Қоғамның өз билігіне деген осындай сенімсіздік танытуы өз алдына үлкен алаңдаушылық туғызады. Сондықтан қауіпті тығырыққа қалайша кіргенімізді, одан шығудың жолдарын ойластыру маңызды.

Мінеки, осы жолы да Путиннің бастамасы отандық әлеуметтік желілерде ашық наразылық тудырды. Жекелеген азаматтар ресейлік дипломатиялық өкілдіктердің алдында пикет ұйымдастыруға дейін барды. Осы тектес мысалдар азаматтардың бойында жоғарыда қабылданатын шешімдерге, оларды қаншама үлде мен бүлдеге орамасын, бей-жай қарамау, белсенділік таныту сынды қасиеттер жылдан жылға күшейіп келе жатқанын білдіреді.

Өз алдына сіз саясатпен айналыспасаңыз, ертелі ме, кеш пе саясат сізбен айналысады деген түсінік қоғамдық санаға еніп келе жатыр. Онымен қоймай, адамдарды сөзден нақты іске көшуге жетелеуде. Ендеше биліктің өзі осындай өзгерістерді қаншалықты елеп олармен санасуға дайын?

Қатерлі жобаның артында кім тұр?

Атом стансасы жайлы жобаға келсек, ол жайындағы әңгімелер кемінде соңғы жиырма жылдан бері көтеріліп келеді. Алдымен Балқашта орнатамыз деді, сосын Маңғыстауда деді, енді міне Алматының іргесінде салмақшы. Осындай мәлімдемелер жасалған бойда Семей, басқа да тажал полигондардың зардабын шеккен қоғам өре түрегеліп оларға қарсы шықты. Тәуелсіз ғалымдар, осы саланың мамандары жобаның түкке керексіз, тіпті аса қауіпті екенін егжей-тегжейлі дәлелдеп шықты.

Әлемдік тәжірибеге үңілсек, Ресей тұрмақ, әлдеқайда дамыған Жапония, Германия, Франция сияқты мемлекеттер бақылауға бағына бермейтін осынау дүлей күштен бас тартып жатыр. Қазақстанның өзі қуат көздеріне зәру болса, бір сәрі. Алайда халқының саны шектеулі, ал көмір, газ, мұнай қорлары басып артылатын біздің елге ондай жобаның керегі шамалы.

Олай болса, әлеуметтің наразылығына қарамастан билік осы мәселені неліктен қайта-қайта көтере береді? Демек, бұл жобаның артында әлдебір ықпалды топтардың мүддесі тұр. Олар жайлы түрлі жорамалдар жасауға болады. Бірақ, бірінші кезекте еске келетіні ресейлік лобби.

Мәскеу үшін атом стансаларын салу – ең алдымен саяси жоба екенін естен шығармау керек. Жалпы, кез-келген экономиканың артында саяси есептердің жататыны белгілі нәрсе. Бұл – жаһандық бәсекелестіктің заңдылығы, олай болса өмірдің де шындығы. Алайда бүгінгі имперлік бағытты ұстанған Ресей үшін қоршаған әлеммен экономикалық ықпалдастық – құр саяси ықпал ғана емес, кәдімгі отарлаудың құралы болып табылады.

Тиісінше, Ресейдің өз қолындағы газ құбырларын баяғыдан бері Украина, Беларусь, Польша сынды елдерге қысым жасау үшін қолданатыны белгілі. Бұның артынша әлсіздік немесе балалық сенгіштік танытқан елдерді қитұрқы келісім-шарттар арқылы қол-аяғынан матап, байлап тастайды. Сондықтан тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін ойлайтын, демократиялық ұстанымдағы елдер Ресейден мүмкіндігінше аулақ тұруға тырысады.

Айтылғанға көз жеткізу үшін Ресей атом стансаларын салуға келіскен елдердің тізіміне назар салайық: Мысыр, Венесеуэла, Иран, Өзбекстан, Бангладеш, Беларусь. Қарап отырсақ, аталған елдердің бәрінің жемқорлыққа белшесінен батқаны былай тұрсын, бәрі – дүниежүзілік сахнада авторитаризм мен адам құқықтарын тұншықтыруға жол берген, халықаралық санкцияларға ілінгендер. Қазақстан әлгіндей "қара тізімге" ілінсе, елдің абыройына нұқсан келтірері тағы бар.


Оқи отырыңыз: АЭС в Казахстане: возможность строительства обсуждают более 20 лет. В чём сложность?


Ұлттық брендтен қалай айрылдық

Атом энергиясы ураннан өндірілетіні мәлім. Сол уранның қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орында. 2008 жылы "Қазатомпромның" сол кездегі басшылары екі-үш жылдан кейін Қазақстан Австралия мен Канаданы басып озып, табиғи уран өндіру бойынша әлімдік көшбасшыға айналатынын мәлімдеген болатын. Бірақ жүре-бара "Қазатомпром" өзінің ең басты бәсекелесі "Росатомпромға" толықтай тәуелді кәсіпорынға айналды.

Ал 2011 жылы Владимир Путин Ресейдің уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші орынға шыққанын мақтана жариялады. Осылайша қолында тұрған кезекті алтыннан айрылып, Қазақ нешінші мәрте таз қалпында қалды.

Алаңдататыны – ел экономикасының шетелдіктерге тәуелділігі уақыт өткен сайын артып келе жатқаны. Кей сарапшылардың дәйегінше, аталмыш көрсеткіш бүгінде 60-70 пайызға жетіп отыр. Ал экономика тетігі кімнің қолында болса, саяси билік те, ықпал да соның қолында деген сөз. Бұның арты тек тәуелсіздіктің шайылуына, әлеуметтік теңсіздік пен алауыздыққа алып келетіні өз алдына, мемлекеттің құлдырауы мен халықтың өз болмысынан айрылуына соқтырады.

Негізгі сұрау өзімізден

Әрине, кез-келген олқылықтарға байланысты кінәні басқаға артып қоюға болады. Сол сықылды әлгі "Қазатомпромға", аты отандық заты бөтен басқа компанияларға келгенде шет елдерді айыптауға негіз жеткілікті. Бірақ, бұндай мінез әдетте болашақты емес, бүгінгі күнкөріс қамын, елдің емес, қара басын ойлайтын элиталар бастаған елдерге тән. Олардың қатарынан Ресейдің өзі де табылады. Шынтуайтына келгенде, басты сұрау отандық шенділерден болу керек.

Алысқа бармай, күнделікті жаңалықтарда иә өмірде ұшырасатын Ресейдің зымырандарын, ұшақтарын, көліктерін, сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай емес кез-келген техникасын мысалға алайық. Есі дұрыс, халқының амандығын ойлайтын елдер "Ресейде жасалған" деген айдары бар өнімнен әлдеқашан бас тартқан. Тек неге екені белгісіз, Қазақстан емес. Бұл маңайда бізді әлгі ешкімге керегі жоқ қоқысты сатып алуға, "Лада"-ны құрастырушы зауыттарды ашуға жол беріп, оған сіз бен біздің миллиардтарымызды беталбаты жұмсап отырған әлдебір сыртқы күш емес, өзіміздің шенділеріміз. Ендеше осы төңіректе кәдімгі жемқорлық пен ұлттық мүддені сату жәйттері болса, өз басым таңғалмаймын. Бірақ оны кім тексермек?

Жақында ғана ресейлік Ми-8 тікұшағының кезекті рет апатқа ұшырауы салдарынан күн аманда 13 боздақтан айрылғанымыз да жәй кездейсоқтық емес. Бұған әлгі өлім машиналарын біздің атымыздан, біздің есебімізден сатып алған лауазым иелері жауап беру керек. Және бұдан былай өркениетті әлем секілді ресейлік қалған-құтқанды Қазақ еліне әкелуді доғару керек. Ал кең ауқымда алғанда бүгінгі заманның талабы – қандай да шет мемлекетпен келісім-шарттар жасалған кезде саясаткерлерге сеніп қоймай, оларды мұқият қадағалап отыру, ұлттық мүддемізге сай болуын қамтамассыз ету – керек десеңіз, бұл – біздің аман қалуымыздың маңызды кепілі.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter