Прямой эфир Новости спорта

Әлеуметтік ахуалды түзеуге билік "әскері" неге әлсіз?

сурет shutterstock.com
сурет shutterstock.com
Қазақстанда дамып, өркендеу үшін қажеттінің бәрі: ұлан-ғайыр жер, табиғи байлық, оған қоса сауатты да еңбекқор халық бар.

Бұл әлеуетті реттейтін билік өкілдерінде де тапшылық жоқ. Бірақ күнкөрісіміз мәз емес. Неліктен?

1983 жылы Кеңес Одағының басшысы Юрий Андроповтың "Біз өзіміз тұрып жатқан елді білмейміз" деген сөзі бар. Әккі чекист, тәжірибелі коммунистің бұл сөзді айтуына елдегі басқару жүйесінің терең дағдарысқа енгені, партияның шынайы өмірден алшақтағаны себеп болған еді. Андропов осыны түсініп, былыққа батқан, "өзім білемін" дегенге тұйықталған менменшіл жүйені өзгертуге тырысты. Бірақ реформалар үстірт, жүйесіз болғандықтан, Андропов та, оның ізбасарлары да сәтсіздікке ұшырады. Әлгі мәлімдемеден кейін арада сегіз жыл өткенде КСРО күйреп тынды.

Өкінішті-ақ жағдай, Қазақстанда орнаған билік жүйесі елдегі ахуалды толықтай сезініп-түсініп отыр деп айта алмаймыз. Олай болған жағдайда "Азаматтардың 97 пайызы өзінің өмір деңгейіне қанағаттанады", "2020 жылға қарай халықтың 95 пайызы қазақша сөйлейді", "500 теңгеге тойып тамақтануға болады" сынды күлкі үйіретін мәлімдемелер жасалмас еді. "Бұлардың аяғы салбырап аспаннан түсті ме?" деп оған қоғам да кейімес еді.

Талайдан бері Отанымызда бір-бірімен онша қабыса бермейтін бөлек екі әлем қалыптасқаны ешкімге құпия емес. Бірі – күнде ойын, күнде той, төрткүл дүниені қияли табыстарымен тамсандырған Қазақстан да, екіншісі – шенділері жемқорлыққа батқан, экономикасы дағдарыстан көз ашпайтын, зейнеткерлері арып-ашыған, орта буыны жан сақтаумен әлек, ал жастары шетелге кетуді аңсаған Қазақстан.

Оқи отырыңыз: Баспасөзге басымдық бермей, қоғам сенімі күшеймейді

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары билік кінәнің бәрін Мәскеуге жабушы еді. "Өзіміздің қолымызда еш қауқар болмады, бізбен ешкім санасапады, айтқанымызға құлақ аспады, ал енді сәл шыдай тұрыңыз, елдің еңсесін көтереміз" деген сыңайдағы ақталу сөздері айтылатын. Алайда арада бес емес, он емес, жиырма сегіз жыл өтті. Институтты енді аяқтаған қыршын жастар бүгін немере тербеткен ата мен әжеге айналды. Қазақтың топты жарып, "екінші Кувейтке" айналғанын көрмей кеткен жандар қаншама. Тек баяғы өзі тұрып жатқан елін білмес данышпансымақтар көбеймесе, кеміген жоқ.

Енді, міне, кеш те болса, сең қозғалғандай сезім бар. Жоғарыда өзгерістердің қажеттігі жайлы жиі айтылуда. "Қоғам дайын емес, әлі де кідіре тұру керек" деген ұрандар тыйылғандай. Есесіне реформаларды саясаттан бастау керек екені мойындалып жатыр. Қалай болғанда да тұрақтылықты сақтап, алға жылжудың жалғыз жолы – демократияға жетуге деген ерік-жігер анық байқалады. Бірақ мардымды нәтиже болу үшін құр ерік-жігер жеткіліксіз. Реформалар кезекті көзбояушылық емес, ойдағыдай жүзеге асу үшін сауатты, ақылға сүйенген, жан-жақты таразыланған шешімдер керек.

Қарап отырсақ, Қазақстанда төменнен жоғарыға шейін маңызды мемлекеттік шешімдерді зерттеуші, ұсынушы, сұрыптаушы, тексеруші, мақұлдаушы, бекітуші, орындаушы, қадағалаушы, қадағалаушыны қадағалаушы, мүлт кетсе, жауапқа тартушы мекемелер жетіп артылады. Үкімет пен парламенттен бастап, аудандық мәслихат пен ұсақ статистикалық бөлімшелерге дейін. Бұл тұрғыдан алғанда біздегі мемлекеттік басқару жүйесі басқалардан еш кем емес. Тіпті сан жағынан алғанда әлемнің көш басында келеміз. Мәселен, 128 миллион халқы бар Жапонияда 9 мың шенеунік болса, 18 миллион халық тұратын Қазақстанда олардың саны 120 мыңнан асады. Сондағысы біздің елде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім жылына ресми 9,4 мың долларды құраса, Күншығыс елінде аталған көрсеткіш 38,4 мың доллар немесе төрт есе көп.

Оқи отырыңыз: Шыны үйдегі тіршілік

Көріп отырғанымыздай, гәп санда емес, сапада. Бұнымен "біздегі мемлекеттік қызметкерлер шетінен әлсіз, олардың кәсіби деңгейі төмен" деген баға беруден аулақпын. Кадр жасақтау ісінде тамыр-таныстық, бастыққа жағыну секілді олқылықтар көзге ұрып тұрса да, тиісті мекемелерде өз саласының білгір де адал мамандары аз емес. Олардың, әсіресе, орта және төмен деңгейде жұмыс атқаратындарының жалақасы да мәз емес. Еңбек уақыты ұзақ – қызметкерлер кейде заңмен белгіленген 8 сағаттық жұмыс күні жайына қалып, түнгі тоғыз-он бірге дейін кеңседе отырады. Ол аздай, кейде сенбі күндері де жұмысқа келуге мәжбүр. Сонда "орасан армияның күні-түні тынбай жасайтын жұмысы неліктен көңіл көншітпейді?" деген сауал пайда болуы заңды.

Бұл парадокстың көптеген себебін келтіруге болар. Бірақ солардың ішіндегі бастылары келесілер:

  1. Басшылықтың еңбек ұжымдары алдында ортақ стратегияға бағынған нақты міндеттерді қоя алмай, науқаншылдыққа бой алдыруы.
  2. Қызметкерлер мотивациясының төмендеп, адал еңбектің орнына жеке бастың қамы, жағымпаздық, ойын ашық айтудан тартыну сияқты келеңсіз сипаттардың алға шығуы.
  3. Қағазбастылыққа салынып, елдің қамы мен түпкілікті нәтижеге емес, әйтеуір жұмыс үшін жұмыс жасауға дағдылану.

Әр шендінің қазымет бабында жауапсыздыққа жол беруі басқару жүйесінің түгелдей іріп-шіруіне алып келеді. Шамалас жағдай бүгінде көршілес Ресейде орныққан. РФ президенті Владимир Путиннің тікелей эфирде отырып, Сібірдегі шалғай ауылдың мектебіне жөндеу жұмыстарын жүргізуі, Самарадағы қоқыс алаңын тазарту, басқа да ұсақ мәселелер бойынша Кремльден бұйрықтар үлестіруі қалыпты жағдай. Бұл орта және төменгі деңгейлерде түйткілдер тарқатылмайды деген сөз. Әбігерге түскен жұрттың президенттен араша не көмек сұраудан басқа лажы қалмаған.

Олай болса, "тышқан ауламайтын арамтамақ мысықтан" не пайда?

Анығы сол – мемлекеттік басқару жүйесіне, онымен қатарласып жүретін кадрларды жасақтау мен іріктеу саласына түбегейлі реформа қажет. Алайда мәселе реттелгеннің өзінде бастапқыда сөз болған өз елін танып-білу тұрғысынан ақпарат пен сараптама, статистика мен әлеуметтік зерттеуді мықтап қолға алған жөн. Онсыз кез-келген шешімнің оңтайлы да қолжетімді болуы екіталай.

Аталған бағыттарда да «әттеген-айлар» бастан асады. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша орташа жалақы 176 мың теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 мың теңге шамасында. Рас, жаманды жақсы, ақты қара қылып көрсетуді көздеген айла-тәсілдер билік басындағылардың құлағына жағымды естілетін де шығар. Бірақ бұл маңызды шешімдер осындай қисық деректерге сүйеніп қабылданатынын ескерсек, олардың өзі де қисық болатыны, ал әлеуметтік-экономикалық саясаттың ылғи ақсап жататыны әу бастан-ақ белгілі ғой.

Оқи отырыңыз: Қытайдағы қандастың күні хақында

Әділ сараптама күйі де сол сияқты. Халықтың тыныс-тіршілігі, толғандырған ойлары туралы мәліметтерді билікке бүкпесіз жеткізуге арналған әлеуметтік зерттеулерге келсек, ондай орталар Қазақстанда мүлде жоқтың қасы. Неліктен? Көзбояушылыққа еті үйреніп қалған ресми мекемелер тәуелсіз пікірді тыңдағысы жоқ, ондайларды назарға алып, елеуге құлық танытпайды. Тиісінше тек "жақсы хабар" әкелуші саясаттанушылар мен әлеуметтанушыларға жағдай жасайды. Демек, жағдай оңалу үшін бірден-бір алғышарт – әділ де сауатты сараптама жасаушы тәуелсіз орталарға жағдай жасау.

Түйін: Баспасөз ақиқатты айтудың орнына оны бүркемелеумен әлек, ал сот әділдіктен гөрі жоғарыдағы бастыққа кіріптар болса, статистика шынайы деректерді жариялаудың орнына, оларды сылап-сипайтын болса, күштік мекемелер қарапайым азаматты қорғау орнына билікті халықтан арашалайтын болса, бұндай қоғамның ертеңі не болмақ?

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров