2017 жылдан бастау алатын жергілікті түркітілдес халықтарға қарсы қуғын-сүргіннің сылтауы – өлкедегі қауіпсіздікті күшейту және діни экстремизм мен сепаратизмді ауыздықтау. Алайда аталған науқанның түпкі мақсаты ҚХР құрамындағы аз ұлттарды жаппай қытайландыру мен коммунистік идеологияға бағындыруға келіп саяды.
Тарихқа үңілсек, Шыңжаңдағы халықтардың (байырғы атауы – Шығыс Түркістан) Қытай билігіне ашық наразылығы ХХ ғасырдың 50 жылдарына дейін толастамаған. Қазақтардың ішінен отарлық саясатқа қарсы қарулы көтерілістерді әр кезде Жылқышы Ақтайұлы, Көбеш Айтбайұлы, Оспан Сәлімұлы, Жанымхан Төлеубайұлы сияқты ел ағалары бастаған. Оларды жауыздықпен тегістей басып жаншыды.
Кеңес Одағындағы қазақтың қасіретті қал-жағдайы Шыңжаңдағы ағайынның да басына келді. Бұнда да коммунистік басшылық ашаршылық, саяси қудалау, малы мен жерін тәркілеу секілді арамза әрекеттерге барды. Тепкіннің кесірінен көптеген Алаш баласы атамекенімен қош айтысып, Монғолияға, Тибет тауларынан асып Үндістанға, Иранға қашуға мәжбүр болды. Жолдың азабын көтере алмай мыңдаған адам жолай жан тәсілім етті.
Шыңжаңның өзінде бертін келе өңірдегі жағдайды ретке келтіру мақсатында Бейжің бірте-бірте жұмсақ саясатқа көшті. Оның мәнісі түсінікті де – жергілікті тұрғындардың көңілінен аулау арқылы ұлттық аймақтарды өзіне қарату. Осылайша Конституция мен заңдарға аспанасты еліндегі кіші ұлттардың мемлекет құраушы этнос Ханзумен тең құқылығын бекітетін баптар енгізілді.
Нақты қазақтарға қатысты айтар болсақ, 1960 жылдардан бастап Шыңжаңда қазақ мектептері, театр, газет пен жорналдар, баспа үйлері, радио-телеарналар ашылды. Бейжіңнің өзінде орталық радиода, университеттерде қазақ бөлімшелері құрылды. Мойындау керек, соның арқасында КСРО, одан бергі Ресейдегі қазақтардан өзге, Шыңжаңдағы қандастар ұлттық болмысын, тілін, ділін, дәстүрін сақтап қала алды. Бұдан басқа, Қытайдағы демографиялық өсімді тежеу үшін қабылданған "Бір отбасыда – бір бала" бағдарламасына қазақтар енгізілмеді. Ал енді 1990 жылдардан бергі ҚХР экономикалық өрлеуі аталған қалыпқа қолайлы үстеме болды.
Соның әсері болар 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғанда Қытайдан оралған қандастың нөпірі Монғолия, Өзбекстан, Ираннан ағылғандарымен теңесе алмады. Әрине, бұл ретте Қытайдағы да, Қазақстанның өзіндегі де қағаз-бастылық, жөн-жосықсыз шектеулер мен квоталар, аумалы-төкпелі заманда ажырап қалған ұлтымыздың бірігуіне кері әсер еткенін айтпай болмас.
Жоғарыда айтылғандай, 2017 жылы жағдай күрт өзгерді. Белгілі жағдайда оған алдыңғы жылдардағыдай Шығыс Түркістандағы ұйғыр ұйымдары жауапкершілікті өз мойнына алған террорлық әрекеттер себеп болған да шығар. Бірақ жекелеген қылмыскерді құрықтаудың орнына нысанаға тұтастай ұлттарды алу барып тұрған шектен шыққандық еді. Оған Қытай өзін алып держава сипатында сезінуі мұрындық болған сыңайлы.
Тиісінше бұған дейін артқа шегеріліп келген көптеген сезімтал мәселелерді күштеп әрі қысқа мерзімде шешуге бекінді. Олардың арасында еркін де капиталистік ұстанымдағы Гонконгты бағындыру, Тибет пен Шығыс Түркістанды қытайландыру саясаты жатты. Ал Қытайдың жабық мемлекет екендігі аталған науқанды мейлінше жасырын жүргізуге, қылмыстың арты ашыла қалған күннің өзінде саяси-экономикалық құдіреті қоршаған әлеммен, оның наразылығымен санаспауға мүкіндік береді деп санады.
Осы мақсатпен алдында Тибетке тізе батырған Шен Жуанго деген 2016 жылдың аяғында Шыңжаңға тағайындалып, оған төтенше лауазым берілді. Содан бері жергілікті қазақ, қырғыз, татар, дұнған, өзбектерден төлқұжаттарын тартып алу, діни көзқарастары, шетелге барғаны не онда балаларының оқып жатқаны, ғаламдық әлеуметтік желілірді пайдаланғаны сияқты еш сын көтермейтін айыптаулар мен түзету лагерлеріне қамау кең ауқымда жүргізіле бастады. Ақпаратты тежеу салдарынан саяси қуған-сүргін құрбандарының нақты саны беймәлім.
Алайда барлау мүмкіндіктері орасан АҚШ конгресінің мәліметінше, түзету лагерлерінің өзінде ұзын саны бір миллионға жуық адам бас бостандығынан айрылып, қамалған екен. Бұның өзі де шынайы ахуалға толық сипаттама болып табылмайды. Себебі азаматтарды үйқамақта ұстау, басқан әр қадамын аңду, мәжбүрлі жұмысқа жегу, діни мінәжәттарын атқаруға қарсылық көрсету, толып жатқан басқа да жауыз шаралары автономиялық аймақтың түгелдей лагерге айналғанын білдірсе керек.
Қалай болғанда да ҚХР билігінің ойлағандай болмады. Мұндағы сұмдықтарды беделді халықаралық ұйымдар, артынша АҚШ бастаған батыс мемлекеттері әп-сәтте әшкерелеп, ХХІ ғасырда адам хұқықтарын өрескел бұзу деп ресми Бейжіңнің бетіне басты. Айыптады. Әрине, гуманитарлық мәселелермен қатар бұндай қысым көрсетудің артында Америка пен Қытай арасындағы сауда соғысының, геосаяси тартыстың мүдделері сығалап тұрғаны құпия емес. Дегенмен Шыңжаңдағы қасіретті тоқтату тұрғысынан халықаралық қауымдастық жасаған қолқабыс ерекше маңызға ие.
Күнасты еліндегі езгіге ұшыраған бауырдың тағдыры әлбетте Қазақстан жұртшылығын бей-жай қалдырмады. Зиялы қауым өкілдері, шекараның арғы бетінде қалған азаматтардың осындағы туыстары, қоғам белсенділері наразылық танытты. Көрші елдің сесіне қарамастан Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де халықтың мұңын ескеріп, Қытай тарапына шағым түсірді.
Шыңжаңдағы қандастың тағдырына байланысты былтыр Қазақстаннан барған сондай бір топқа ілесіп ҚХР астанасы Бейжіңде мен де болдым. Жергілікті басшылармен кездескенде олар жағдайды бүркемелеуге тырысып бақты. Бұл тұрғыда мәселенің екі тұсына басымдық берілді: Біріншіден, сіздер, яғни делегация айтып отырғандай ауқымда түзету лагерлері жоқ. Қалғандары түрме сипатында емес, жай ғана қытай тілі мен жаңа мамандықтарға үйретуші орталықтар ғана. Екіншіден, асыра сілтеушіліктер орын алған күнде біз оларды тез арада доғарып, жағдайды қалыпқа түсіреміз.
Себебі бізге Қазақстандағы болсын, Қытайдағы болсын қазақпен достық қарым-қатынас сақтап қалу басты құндылық турасында. Делегация тапсырған дәлелдемелерді, сотталған, зорлық-зомбылық көрген азаматтардың тізімін мұқият тексереміз деп уәделетті. Солай бола тұра әлгі түзету лагерлеріне апару жайлы талабымыз сол күйі қанағаттандырылмады.
Сондай-ақ жағдайды өз көзімізбен көру үшін Үрімші және Құлжа қалаларына ат басын бұрдық. Бұндағы ахуал Бейжіңде айтылғандай жайма-шуақ болмай шықты. Тілдесуге шақырған жергілікті тұрғындар бізден қашқақтап, ашық әңгімеден жалтарумен болды. Көздерінде үрей байқалады. Тіпті "Ассалаумағалейкүм!" деп амандасудың діни сипаты бар дегендіктен шығар жергілікті компартия өкілдері әдеттегідегй жауап бермей, "Сәлеметсіз бе?" дегені қанжылтты.
Сапар барысында Қорғас маңындағы Қазақ-Қытай еркін сауда алаңында да болдық. Осында тексерістен өткенде шекарашылар делегацияның бір мүшесі, Қазақстан азаматы және көк түсті паспорттың иегерін бұғаттады. Сондағысы себебін де айтпайды, бізбен еріп, жанымызда жүрген Қытай сыртқы істер министрлігінің, елшілігінің уәждерін құлаққа аспады. Тек өңірдің бірінші басшысына бағынатын және өздеріне ғана белгілі нұсқаулары бар қолында. Әйтеуір бір-екі сағатқа созылған тәжікелесуден соң, паспортын қолына ұстатып, әлгі жерлесімізді қайтарып қоя берді. Бірақ, осы мысал бізге де, қытайлық өкілдерге де сұрапыл жүйенің шынайы бет-пердесін ашты.
Қалай болғанмен, аталған кезеңде Шыңжаңдағы ахуалды ретке келтіру, ондағы қандасқа төнген қауіп-қатерді болдырмау мақсатымен Қытайға біздің делегациямен қатар Қазақстанның бірқатар ресми өкілдері, саяси партияның мүшелері барып қайтты. Бірлескен әрекеттердің нәтижесі, бәлкім сонымен бірге халықаралық ұйымдардың ықпалы әсер етсе керек, содан бері Шыңжаңдағы қысым біршама саябырсыды.
Рас, көптеген түзету лагерлері әлі де күшіндегі шектеулерді алып тастаған жоқ. Сонымен бірге қапастан жүздеген бейкүнә қандас босатылды, көптеген отбасылар бірігуге, жастар Қазақстандағы оқуын жалғастыруға мұрсат алды. Әрине, тоқмейілситін жағдай емес бұл, десе де жоқтан жақсы ғой, қолға алынған шаралар да ізсіз қалмады. Ал негізінен қаншама құдіретті көрінгенімен, Қытайдың осал тұстарын пайдалану әбден мүмкін.
Ендігі ретте мәселенің шешіміне жету үшін не істемек керек? Біріншіден, алған беттен қайтпай, белсенділікті толастатпаған жөн. Бірақ, илегені бір терінің пұшпағы болған соң, бұл істе қазаққа арзан ұпай жинау үшін менменшілдік пен бірін-бірі алалауға ұрынбай, ортақ әрекет жасағаны тиімді. Сөйтер болсақ, көтерген жүктің соғұрлым жеңілдей түсетіні анық. Екіншіден, халықаралық қуымдастықтың әлеуетін барынша кәдеге асырғаны абзал.
Рас, Қытайдың қысымынан көптеген елдер Шыңжаңдағы қазіргі саясатқа қолдау болмаса да түсіністік танытып отыр. Олардың ішінде күні кеше түркітелдес елдердің намысын жыртып келген Түркияның, мұсылман үмбетінің мүддесін қорғаушымын деп жүрген Сауд Арабиясының табылғаны арадағы тартыстың қаншалықты күрделі екендігін байқатады. Олай болса, үшіншіден, Қытайға деген тәуелділікті мейлінше азайтуды да Қазақ ұзақмерзімді басымдыққа айналдыру керек.
Анығы сол, бірде жұмсақ, бірде қатқыл әрекеттерді өзара алмастырып Бейжің Шыңжаңдағы қытайландыру саясатынан айнымақ емес. Олай болса, арада тағы бір-екі ұрпақтан кейін бұндағы 1,5 миллион қандастың қаншасы қазақы болмысын сақтап қала ма, жоқ па белгісіз. Осы қатты алаңдатады. Бұл ретте қолдан келетін шаруалардың бірден-бірі – тоқтап қалған қазақ көшіне жан бітіру, яғни көрші елдегі ағайынның Қазақстанға оралуына тиісті алғышарттарды жасау.
Сөз болып отырғаны – жыл сайынғы квоталарды еселеп өсіру, құжаттандыру мен азаматтық беру рәсімдерін оңтайландыру, үйлестіру, қоныстандыру мен еңбекпен қамту сынды шаралар. Ағайынның қауіпсіздігі мен хұқықтарын сақтау өз алдына, олардың білігі мен күш-қуатын Отанымыздың игілігіне жұмсауға керемет мүмкіндік туындар еді. Онысы – енді бөлек әңгіме. Бұл саладағы былықтардың шаш етектен екені баршаға мәлім – қарапайым халыққа да, жоғарыдағы шендіге де. Сорақысы сол – ол үшін Қытайға, иә басқа біреуге айып таға алмаймыз. Тек өзімізге ғана.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.