Қазіргі таңда әлем назары Иранға тігілген. Тұтануы мүмкін ашық соғыс өрті Қазақстанды да алаңдатып отыр. Бір миллион әскері бар ислам республикасы мен алпауыт АҚШ арасындағы текетірес неге ұрындыруы мүмкін? Соғыс басталып кетпей ме? Көпшілікті осындай сұрақтар мазалайды. Рас, қазір бұл үрейлер сәл саябырсығанымен, оған алып келген алғышарттар сақталып отыр. Иранның өз ішіндегі жағдай жылдан жылға ушығып келе жатқанын және Иран мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың суығанына 40 жыл болғанын ескерсек, іс мұнымен бітпесі анық.
Таяу Шығыста, Парсы шығанағында, Каспий өңірінде, Орталық Азияда саяси, діни, əскери жəне экономикалық алауыздықты, босқындар мен есірткі бизнесі, лаңкестік, сепаратизм сынды проблемаларды Иранның әлеуетінсіз еңсеру мүмкін емес екенін мойындау керек. Иран осы аймақтарда таразы басын тең ұстап тұрған факторлардың бірі.
Оқи отырыңыз: Әлем диктаторларының құпия шоттары
Екінші жағынан, 1979 жылдан бері Иран көршілес жатқан суннит Араб әлемімен, сондай-ақ, Израильмен, АҚШ бастаған НАТО елдерімен текетірес жағдайында күн кешіп жатыр. Оның негізгі себептері қатарында Иранның Израильді мемлекет ретінде мойындамайтыны, араб елдеріндегі шиит диаспораларын жергілікті билікке айдап салып сес көрсетуі, жаппай қырып-жою қаруына қол жеткізуге ұмтылуы секілді түйткілдерді атап өткен жөн. Жалпы, көршілеріне қатысты өктем саясаты тұрғысынан Иранның іс-әрекеттерін Ресейге ұқсатуға болады. Тек Мәскеу көршілері есебінен "орыс әлемін" құрмақ болса, Тегеран "шиит әлемін" біріктірмек.
Осындай басқыншылық ұстаным аталған екі елге қарсы халықаралық санкциялардың енгізілуіне алып келгені мәлім. Айырмасы – Иран Ресейден әлдеқайда ұзақ мерзім – 40 жылдан бері қысымға төтеп беріп келеді. Бұған Иранның сан ғасырлық мемлекетшілдік дәстүрлері, халқының ұйымшылдығы, Ислам дінінің әлі де мықты біріктіруші фактор қызметін атқарып отырғаны, мықты күштік құрылымдары мүмкіндік беріп отыр. Экономикалық тұрғыдан орасан зор табиғи ресурстарға, оның ішінде мұнай мен газға иелік етуі де Иранның ұпайын арттырады.
Аталған саясаттың қаншалықты нәтижелі екенін бағалау қиын. Себебі, Иранның өктем әрекеттері мен шабуылшы үгіт-насихатынан көріп отырған пайдасы гипотетикалық зардаптан кем түсіп отырғандай. Есесіне жыл өткен сайын жергілікті қоғамның күн тәртібінде сыртқы саясат, оның ішінде Батыспен текетірес екінші кезекке өтіп, оның орнын елдің ішкі қиыншылықтары басуда. Негізінен сөз болып отырғаны: Ирандағы санкциялардың кесірінен әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы, жастардың қатқыл діни шектеулерге деген наразылығы орын алған.
Оқи отырыңыз: Заңсыз қос азаматтық алушылардың жазасы неге жеңіл?
Сөзімізге дәйек ретінде 2019 жылғы 15-17 қарашада Иранда бензин бағасының шарықтауына, кедейлік пен жұмыссыздыққа қарсы (ресми деректер бойынша –28,8 пайыз, бейресми – 40 пайыздан астам) орын алған ішкі толқуларды келтіруге болады. Алғашында Тегеранда бастау алған наразылық акциялары әп-сәтте 21 қалаға тарады. Оларға қарсы күш қолданылғанда ашынған тұрғындар үкіметтің кеңселерін, банк, дүкен, басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды нысанаға алды. Өз кезегінде ресми билік елде интернетті бұғаттап, ұялы байланысты шектеді. Ресми Тегеран шынайы ақпаратты жасырғандықтан, қақтығыстарда қанша адам жапа шеккенін анықтау мүмкін емес. Amnesty International полиция мен армия қолынан 106 адам қаза тапқанын хабарласа, Батыстың басқа дерек көздері 1500 деген санды алға тартады.
Өз кезегінде Иран басшылығы үйреншікті әдетімен бүлікті сыртқы күштер ұйымдастырды деп мәлімдеді. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Али Шамхани АҚШ, Израиль, Ұлыбританияға және ирандықтардың аймақтағы негізгі бәсекелесі – Сауд Арабиясына айып тақты.
"Біздің сарапқа сәйкес әлеуметтік желілердегі Иран билігіне қарсы хэштегтердің 27 пайызын қолданысқа енгізген саудтықтар", – деді Али Шамхани.
Оқи отырыңыз: Қытайдағы қандастың күні хақында
Шындығында парсы еліндегі толқуларды сыртқы күштер арандатты деуге келмейді. Себебі:
- Соңғы 30-40 жыл аралығында халықаралық санкциялардың құрсауында болып келген мемлекет ыдырап кетпеді, сыртқы күштердің озбырына да бой ұсынбады. Қайта биліктің ішкі, экономикалық, әлеуметтік саясатына көңілі толмаса да, Отанына бөгделердің қысымы күшейгенде Иран қоғамы ресми билікті әркез қолдап, айтарлықтай төзім танытты. Осы ретте ескеретін жәйт – халықтың бірталай бөлігі ресми билікке қатысты қанағат сезімін жоғалтпаған. Ендеше, бұл да ішкі саяси тұрақталықтың маңызды кепілі. Иранның "Араб көктемі" оқиғаларының құрбаны болған Египет, Ливия, Тунистерден айырмашылығы осыда.
- Онсыз да есігі тарс жабулы ислам республикасында сыртқы ықпал иелерінің емін-еркін арандатуымен айналысуы нейғайбыл. Әсіресе, билік қолындағы өте мықты, тыңшылары мен агенттері қоғамның барлық бөлігін қамтыған қауіпсіздік-репрессиялық аппарат бар екенін назарға алса. Мемлекеттің ақпараттық-насихаттық кеңістігі де толықтай Тегеран бақылауында.
- Ресми саясатқа қарсылық шерулері Иранда бұған дейін де байқалған. Ең елеулісі 2009 жылы орын алып оған президенттік сайлаулар нәтижесімен келіспеушілік мұрындық болды. Күштік орындары оларды дереу әрі қатқыл түрде басып отырған. Алайда соңғы толқулардың айырмашылығы – оларды бұған дейін Мир-Хосейн Мусавииә Меһди Карруби секілді оппозиция серкелері ұйымдастырмаған. Өйткені, ол секілді белсенділердің басым бөлігі түрмеде отыр. Сондай-ақ, бұрын толқулар негізінен ел астанасы Тегеранмен шектелсе, осы жолы наразылық шаралары ислам республикасының бірнеше қаласын қамтыды. Ендеше, бұл әлдебір күш ұйымдастырды дегеннен гөрі ашынған азаматтардың өзіндік екпіні дегенге саяды.
Ал әзірге тағы бір назар аударарлығы: оппозиция мен жастардың өкілдері жиі саяси ұрандар көтеретін болды. Олардың ішінде "Роханиге – өлім!" президентке қарсы бағытталса, "Диктаторға – өлім" Иранның діни көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеиді нысанаға алды. Ендігісі – "Реформаторлар мен консерваторлар, сендердің замандарың бітті" деген ұран. Оның астарында бүгінгі Иранның саяси сахнасында осы екі күштен басқа таңдаудың қалмағанына наразылық жатыр.
Оқи отырыңыз: Ауғанстандағы дауыл Орталық Азияға жете ме?
Билік пен қоғам арасындағы қарама-қайшылықтарды таяуда Иран мен АҚШ-тың кезекті шиеленісі қайта қоздыра түскендей. Еске түсіре кетсек, 2020 жылғы 3 қаңтарда Бағдат әуежайында АҚШ зымыранның жарылысынан Иранның ықпалды қолбасшыларының бірі генерал Касем Сулеймани және оның бірқатар үзеңгілестері қаза тапты. Билік осы қасіретті жағдайды қайта қоғамдық пікірді ішкі проблемалардан сыртқы саясатқа аударып, қоғамды өз айналасында біріктіруге барын салды. Сулейманиді жерлеу рәсімі ауқымды үгіт-насихаттық науқанға ұласты. Артынан генералдың өлімі үшін кек алу мақсатында Иран армиясы Ирактағы АҚШ әскери базасын бомбылады.
Өкініштісі де, таңғаларлығы да сол – Иранның америкалықтарға қарсы ашу-ызасы нақты әрекеттерге келгенде 56 жергілікті азамат (Сулейманидың жаназасы кезіндегі орын алған аласапыранда), 80 ирактық (Ирактағы АҚШ әскери базасын зымырандармен атқылағанда) және 176 Еуропа, Канада, Украина, басқа бірқатар елдің азаматтары (Тегеран маңында украиналық Боинг-737 апатқа ұшырағанда) құрбан болып, бірде-бір АҚШ азаматы зардап шеккен жоқ. Бұл жәйт те Иран мен Ресейдің ұқсастығын дәлелдей түсетіндей: екі жақтың саясаткерлері АҚШ-қа шүйліге отырып, лағнет жаудырып, айналып келгенде шамасы жетпегендіктен кегін не өз азаматтарынан, не еш кінәсі жоқ бөтен елдердің азаматтарынан алуға бейім.
Десе де, артынша шиеленіс саябырсығанда Тегеран, Иранның басқа да қаларының көшелеріне жастар шығып, жүргізіліп отырған сыртқы-ішкі саясатқа қарсы екенін айтып ұрандатты. Сонымен қатар, ирандықтар қателесіп атып түсірген Украина ұшағының апаты үшін үкіметті сынға алды. Ерекше атап өтерлік жәйт – наразылықтар барысында жас ирандықтар көшеде АҚШ, Ұлыбртания, Франция жалауларының суреттерін аяқпен таптаудан бас тартты.
Ұзын сөздің қысқасы – Иран сырттан шайқалтып, тізе бүктіретін әлсіз мемлекеттер санатына жатпайды. Мұндай қоғам күйзелсе, ол тек іштей іріп-шірудің салдарынан жүзеге аспақ. Өз алдына түбінде іс насырға шабатын бола, Ирандағы дағдарыс, әлемдік мұнай нарығы ғана емес, аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікке үлкен нұқсан келтірері анық. Атап айтқанда, онсыз да өршіп тұрған діни экстремизм мен терроризмді ауыздықтау, Таяу Шығыс, Парсы шығанағы, Каспий теңізі аймақтарында, әлемдік деңгейде Батыс пен Шығыс арасындағы құбылып отырған геосаяси тепе-теңдікті сақтауға теріс ықпал етеді.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5769
- 1
- 4
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5577
- 3
- 18
-
3⚡️Дмитрий Мун стал вице-министром цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности
- 2400
- 5
- 90
-
4❓В НИИ онкологии и радиологии Алматы бесплатно проконсультируют жителей
- 2398
- 0
- 7
-
5🤑Размеры двух пособий вырастут в Казахстане в 2025 году
- 2413
- 4
- 15
-
6📈 Денежная база Казахстана продолжает расти: что это значит для экономики?
- 2245
- 0
- 11
-
7⚠️Легковушка столкнулась с маршрутным автобусом на автомагистрали в Караганде
- 2201
- 1
- 17
-
8⭐️Сверхгигант, прячущийся в "коконе": астрономы сделали первый крупный снимок звезды из другой галактики
- 2163
- 1
- 13
-
9⁉️Чем известна Перизат Кайрат, возглавлявшая фонд BizBirgemiz Qazaqstan?
- 2311
- 15
- 42
-
10🇺🇸Как хотят справиться в США с бюрократией: меньше бумажек – больше дела
- 2135
- 1
- 21