Елеулі екі көрініс
Соңғы күндері Алатаудың іргесінде қалаға, керек десеңіз бүкіл қазақ даласына қатысты екі елеулі оқиға болды. Назар аударғандар да, бұл жәйттерді қысқа белдемше, шошқа асырау сынды қысыр әңгімелердің арасында естімей қалғандар да жеткілікті шығар. Осы екі оқиғаны үш жыл бұрын Австрия астанасынан көргенімізге қоса өріп шығуды журналистік міндет қана емес, азаматтық парыз санап отырмыз.
Алматының түбінде болған оқиғаның бірі – қоқыс жиналатын орынның өртенуі. Екіншісі – жылу орталығының күлтөкпесінің тола бастауы.
Жалпы целлофан мен пластик жаппай тіршілікке кірген соң әлем бойынша қоқыс деген үлкен экологиялық мәселеге айналды. Химиялық тәсілмен жасалатын ыдыс, құты, орауыш, дорба және басқасы тұрмыста қолдануға ұсынылғанша бұрынғы қоқыс негізінен темір-терсектен, жүн мен кендірден, ағаш пен әйнектен тұратын.
Ағаш пен қағаз, жүн мен кендір – органикалық табиғи заттар – өзі шіриді. Ақыры тыңайтқышқа айналады. Темір-терсек домна мен мартеннің көмейіне кететін. Шыны құмыраның бүтіні қайта айналымда жүрмек. Кезінде кеңестік 12 тиынға өткізуге болатын. Сынғаны жалаң аяққа қатерлі десек те, біртіндеп өзі жасалған құмға айналып кетпек. Көзіміз талай көрген жәйт.
Айтпақшы, Монғолияның Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгей қаласының іргесіндегі өзенге шомыламыз дегенде аяғымызды ырситып бөтелкенің сынығы тіліп өткен. "Өлгей де өгей жер емес, өзіміздікі сияқты екен" деп жұбатқанбыз жаралы жанымызды. Хош.
Оқи отырыңыз: Теңдік жолындағы текетірес
Жол-жөнекейдегі жағажай
Өлгейден жараланып шықсақ та, Жапонияда түрлі-түсті шыныдан тұратын жағажай бары көңілге медеу. Ол Моризоно табиғи паркінің бір бөлігі саналады. Омура қаласының іргесі. Әкімшілік бөлініс бойынша Нагасаки префектісіне қарасты. Мұндағы жағажай алуан түсті мөлдір шыны десек, оның себебі мынада.
Бұрын жағалау суына жаз айларында қалың балдыр өсіп, ол шірігенде маңайды сасық иіс басып қалатын. Жергілікті билік жағажайды дөңкиіп жатқан тастан тазартты да, оның орнына өңделген шыны қалдықтарын сеуіп тастады. Бұрынғы саз бен тас емес, мына шынының үстін балдыр баса алмады.
Ал жағаны тынымсыз ұрғылаған толқын онсыз да үгітілген шыны қалдығын бұрынғыдан жұмырлап, біркелкі, бірақ түрлі-түсті құмға айналдырды. Табиғатынан тапқыр жапондар осылай туристерді тартып тұратын және бір жағажай жасапты. Ал біз бала кезден бері талай рет аяқты шынының сынығына қанаттық-ау.
Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс
Күресін керегін білесің
Алматының 2-жылу-электр орталығы жағында үлкен дабыл қағылып жатыр. Мұндағы күл төгетін орын толып қалыпты. Шамамен үш жылдан соң аузы-мұрнынан шығады, содан кейін күлді қайда төгерін білмеген орталық жұмысын тоқтатады. Ал керек болса? Алып қаланың кемінде жартысы ыстық мен жылуды айтпағанда электр қуатынсыз қалмақ.
Бұл күресінге жиырма жыл бойы орталықтан шыққан күл жиналды. Есептерге қарағанда, 16 миллион текшеметр қалдық. Енді 6 миллион текшеметр күл сиятын орны бар. Қазіргі қарқынмен оны үш-төрт жылда толтырып тастайтыны хақ.
Күлтөкпеге берілген жердің 70 проценті толды. Оның үстін топырақпен жауып, бетіне шөп егеді. Астындағы күл қашан құрт түсіп, шіріндіге айналғанша ықылым заман керек. Әйтеуір, жер астына көміліп, көзден таса, көңілден ада болған.
Бұдан басқа жылу орталығына қарасты көл бар. Оның суы алдымен түтіннің құрамындағы күйені ұстап қалуға алынады. Сосын күйе мен күл аралас көпіршік болып қайта көлге құйылады. Күл түпке шөгіп, бетіндегі су тағы да күйе ұстайтын сүзгіге айдалады. Түбіне шөккен күлді құрғатып, манағы күлтөкпеге қосады. Бар технология – осы. Кеңестік қарадүрсін технологиямен отыз жыл осылай жұмыс істелді.
Оқи отырыңыз: Арнадағы ағын су
Арада Астанада ЭКСПО өткен. Жасыл экономика, таусылмас қуат көздері ұрандатылған. Ал алып қалаға қуат пен жылу беріп отырған орталықтың тірлігі отыз жылдан еш өзгермеген.
Бұл орталықты газ жағуға көшіруге 100 миллиард теңге керек депті мамандар. Мүлде жаңа газбен жұмыс істейтін орталық салса, оған 273 миллиард теңге қажет екен. Онда орталық ауаға зиянды қалдықтарды қазіргіден 5 есе аз шығарады. Алматының арманы осы емес пе!
Ал асқынған мәселені шешу мерзімі үш жылдан аспауы керек. Одан әрі күлтөкпе лықа толғандықтан жылу-қуат орталығы ешкімнің әмірінсіз тоқтауға мәжбүр.
ЭКСПО-ны дайындау үшін мемлекет бюджетінне 2015-2017 жылдар арасында 435 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржыға Алматыда газбен жұмыс істейтін жылу-электр орталығын салумен қатар ел астанасын газдандырудың біраз тірлігін тындырып үлгеруге болатын еді. Әттең...
Оқи отырыңыз: Түнгі аспандағы ақ тиін
Қоқыстағы оқыс өрт
"ЖЭО-2 амалсыз тоқтауы мүмкін" деген ақпараттан соң іле-шала Алматының іргесіндегі алып қоқыс төгу алаңы жанып жатқаны туралы хабар келді. Ол хабарға қоса қою түтіннен Алматы мен Қапшағай арасындағы ақылы жүрдек автожолдың жабылғанын естідік. Себебі жүргізушілер түтін арасында жолды көрмей, 8 автокөлік соғылған. Жолаушылар жарақаттанған. Жақсылық емес.
Дабыл бойынша төтенше жағдай қызметінің облыс пен Іле ауданындағы бөлімдерінен 70-ке жуық маман өртті сөндіруге жұмылды. Су таситын, топырақ төгетін автокөлігі, итеретін, көтеріп тастайтын техника отызға жуықтапты. Санап шыққанға қаншама шығын. Бейнет. Болмаған соң Ми-8 тікұшағымен төбеден су төккен. Ол саған бульдозер емес.
Мамандардың есебінше өрт шыққан қоқыс көлемі үш гектардан асып кеткен. Бұл бүкіл қоқыс аумағының оннан біріне жетеқабыл.
Осы өрттің кесірінен автокөлік соғылғанынан басқа ауаға қаншама залал тигенін ескеріңіз. Пластик, целлофан, бояу және басқасы жанғанда небір улы түтін тарады ғой. Құстар қырылған шығар. Онсыз да коронавирустан жанын зорға сақтап отырған адамдардың өкпесіне зиянды газ кірді десеңізші.
Ақыры су сеуіп, топырақ төгіп, өртті сөндірді. Бірақ қоқыс төгетін полигон тақырыбы топырақ астында жабылып қалмақ емес. Ол экологиялық сауаты бар әр азаматты ойландыруы тиіс.
Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті
Еуропадан еңсеміз төмен
Ал енді осының бәрін тура "ЭКСПО-2017" алдында бізді Австрияға арнайы апарып көрсеткен қоқыс өртейтін зауытпен салыстырайық. 1987 жылға дейін бұл жерде қатты тұрмыстық қалдықтарды буып-түйетін зауыт жұмыс істеген. Сол жылы өртеніпті. Бірақ, біздегідей үш гектар жер тұтас жалындамаған. Соданоның орнына қоқысты жағу арқылы Вена қаласына ыстық су, бу және электр қуатын беретін зауыт салған.
Әшекейі ерекше. Бастапқыда оның мұржасын телевизия мұнарасына ұқсатып, дәу де болса телевизиялық орталық шығар деп сырттай тон пішкенбіз. Қоқыс жағып, қуат алатын өндіріс орны екенін барғанда бір-ақ естігенбіз.
Біздің полигонда қоқысты автокөліктер ашық далаға төгіп кетеді ғой. Мұнда таразыға өлшенген соң бункерге жанасады. Екеуінің қақпағы қатар ашылып, ауаға иіс шықпайды. Шыбынның өзі қонып үлгермек емес.
Қоқыс бункерін әйнек арқылы көрдік. Сыйымдылығы 7 мың текше метр. Олимпиадалық бассейннің үшеуін қатар орналастыруға болады. Екі алып қысқыш қоқысты әрі-бері тасиды. Біздің вокзалдарда тиын тастап қысқышпен сыйлыққа ойыншық алып шығуға болатын автоматтар тұратын. Бірақ қаншама рет бақыласақ та, одан сыйлық алып шыққан ешкімді көрмеппіз.
Мұндағы оператор бірнеше батырманы кезек басып, қоқысты сапырып, конверторға тоғытып отыр. Қарпығаны қағыс кеткен емес. Бұл көзбен көруге болатын бөлігі екен. Одан арғысына компьютер жауапты.
Оқи отырыңыз: Астық – экономикадағы бастық
Кәсіпорында жылына 265 мың тонна қоқыс кәдеге жарайды. Оны жаққандағы қызу суды буға айналдырады. Бу турбина қалақтарын шырылдатып, енді электр қуаты алынады.
Үдеріс мұнымен тоқтамайды. Қалақты айналдырып шыққан ыстық бу құбыр арқылы Австрия астанасындағы 60 мың пәтерді жылытады. Турбина арқылы алынған электр қуаты Венаның үлкен ауруханасы бастаған жүздеген ғимаратқа беріледі.
Ал қоқысты жаққандағы күл мен шөккен тозаң қайда? Алматының жылу-электр орталығының мазасын алып отырған осы сауал емес пе? Австриялықтар күлге цемент қосып, сапалы шемен жасайды. Оны құрылыс алаңдарына төсейді. Қабырғаға емес, астыңғы жағына.
Түтін ше? Ол мұржаға бармас бұрын себезгіден өтіп, ең қауіпті канцерогенді заттар шайылады. Оны арнайы қапқа салып, жер астында сақтайды. Түтін одан әрі және екі сүзгіден өтпек. Бірінде аммиакты тұтып, сапалы гипс жасауға жіберіледі.
Ал әлгі түтінді себезгі арқылы жуған су қайтті? Біздің орталықта оның күлгін көпіршікке айналып, көлге құйылып жатқанын көрдік қой. Мұнда түтінді жуған және басқа қажеттілікке жараған су үш рет сүзіледі. Сөйтіп зауытқа канал арқылы Дунайдан келетін судан зауыттан Дунайға құйылып жатқан су таза болып шығады.
Мұнда көзбояу, сыбайласып жалған мәлімет жолдау, қате есептеу деген атымен жоқ. Мұржадан шыққан ауа таза ма, оған күмән жоқ таза! Өндірістен шыққан су таза деді ме, даусыз таза!
Оқи отырыңыз: Қазыққа байланған қанат
Ақ ләйлекті аз-кем армандағанда
Қапшағай жаққа қарай соққан жел бұрқыратып жатқан қара түтінді көргенде жасыл желек жамылған уайымсыз Вена осылай еске түскен. Айтпақшы, біздің Байбек Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда Австрия делегациясы онымен кездесіп, сондай зауыт салып беруге ниеттеніпті. Біз болған зауыттың іші-сырты мен мүмкіндігін көрсетіпті. Кездесудің ақпараты интернетте тұр.
Бірақ ниет әкімшілік ішіндегі экрандағы бейнекөріністен аспаса керек. Мына 38 гектарлық жыл сайын өртенетін қоқыс полигонының, ана 22 миллион текшеметр күлтөкпенің, анау әңкиіп тұрған ЭКСПО павильондарының орнына тұрмыстық қалдықтарды табиғатқа еш зиянсыз жағып, жылу мен жарық алатын, әрі Алматы мен айналасын тап-таза етіп ұстайтын мүмкіндік болған.
Қазақстан уыстан шығарып отырған жүздеген мүмкіндіктің бірі осы ғой. Ойлағанда ішің ашиды. Қара түтінге тұншыққан құстарды аяйсың. Ал Венадағы зауыттың мұржасына сұңқар ұялаған. Бізден сері сұңқар тұрмақ ақ ләйлек безіп кеткелі не заман. Қоқыс үсті қаптаған қара қарға ғана...