Қаладағы танкіні қалай тоқтатамыз?
Алматыны Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстанның ең әсем қаласы десек, мұнда өзіндік проблемалар болды. Оның ең өзектісі созылып жатқан көшенің ортасына көлденең ғимарат салып тастау еді. Айталық, сонау алпысыншы жылдары Алматы ауыр машиналар жасау зауытынан басталып жоғары қарай созылып жатқан Гагарин даңғылын ортасына бөліп Жандосов көшесінен көлденең ғимарат салына бастады. Бұл Алматы құрылысты жобалау ғылыми-зерттеу институты еді. Көп қабатты әрі ұзын институттың өзі аз болғандай желке жағынан бірнеше зертханалары мен жеке қазандығының құрылысы басталды.
Қала халқы ештеңе түсіне алмады. Көшені, онда да елеусіз, тар көше емес кең даңғылды ортасынан қақ бөліп құрылыс бастап кетудің сыры неде? Биік ғимарат енді ғана Гагарин даңғылы атанған бұрынғы 13-линияның тау жаққа шығар жағын тұйықтап тастады. Енді көлік ары қарай өрлеп жүру үшін не оңға бұрылып Розыбакиев көшесіне, не солға бұрылып Жароков пен Әуезов көшелерінің біріне түсуі керек.
Көшені көлденең жауып тастау – қала ішінде жүруді ғана қиындатқан жоқ. Экологияға алғашқы соққының бірі болып тиді. Өйткені, түнге қарай таудан соққан салқын леп қаланың түтінін еңіске, иен далаға ысырып, таңға қарай Алматының ауасы тап-таза, сап-салқын болып тұратын. Бұл үшін таудан келер түнгі ауа ағысының жолы ашық, яғни жоғары қарай шығатын көшелерде кедергілер болмауы тиіс.
Мұны бәрі түсінеді. Сол кездегі Алматыны жобалаушы архитекторлар да анық біледі. Білсе, неге мына ғимаратты көшеге көлденең салғызып жатыр? Өте заңды сұрақ еді. Бірақ, ол кезде жауап берілмеді. Архитекторлар ақиқатты айта алмады. Себебі, мұндай құрылысты салу пәрмені КСРО Қорғаныс министрлігінен түскен. Қалалық атқару комитеті үнсіз бас шұлғыған. Сөйтіп, не қарсыласа алмай, не халыққа, баспасөзге түсіндіре алмай, іштен тынған. Гагарин көшесін көлденең құрылыспен тұйықтау сырын әскери кафедрасы бар жоғары оқу орындарында сол кафедрадан сабақ алатын болашақ офицерлерді әкеліп тұрып түсіндірді.
"Бізге ықтимал қарсылас шабуыл жасай қалса, түп-түзу көшемен қаланы бір шетінен екінші шетіне көктеп өте алмауы керек, – деген әскери кафедралардың оқытушылары болашақта офицер атанатын студенттерді осында сабаққа жинап. – Ықтимал қарсыластың танкілері енді Гагарин даңғылымен төмен қарай Алматы ауыр машина зауытына бірден шабуылдай алмай қалады. Алдында мынандай алып ғимарат бекініс болып көлденең тұрады".
Міне, әскерилердің бүкіл логикасы – осы. "Біз Алматыны жауға алдырмай, Талғардың, Қаскелеңнің, ГРЭС-тің түбінде арпалысамыз" демейді. "Жаудың қалаға кіріп кеткен танкілерін көшедегі көлденең салынған ғимараттар арқылы адастырып жібереміз" дейді. Бүгін естісең күлкілі. Ал ол кезде еш күлкісі жоқ, таза басшылыққа алынған нұсқау болатын.
Ол кездегі Коммунистік даңғылына көлденең салынған Пушкин атындағы мемлекеттік кітапхана да жаудың танкісіне қарсы техногендік бөгет саналды. Сейфуллин даңғылы да Абай даңғылына келгенде тұйықталды. Абай даңғылын оңтүстікке қарай жауып, сол кезде Ленин атындағы, қазіргі Республика сарайын салып тастады. Алматының көшелері балалардың журналында "мысық тышқанды қалай тауып алады" деп шым-шытырық жолдың біреуінен басқасын тұйықтап тастайтын бас қатырғыш суреттегідей болды да қалды.
Айтпақшы, "ықтимал қарсылас" екеу еді. Біріншісі – Америка Құрама Штаттары, екіншісі – Қытай Халық Республикасы. Ол кезде Қазақстан астанасына қайсының танкісі қатерлі болғанын айта алмаймыз.
Кеңестің танкілерін қалай кідіртеді?
"Қырғи-қабақ соғыс" жылдарында Кеңес Одағының танкілерінен қорыққан елдер де бар. Айталық, соның бірі Герман Федеративтік Республикасы еді. Ол елдің қорқатын себебі болды. Кеңес Одағының аяқ астынан Прагаға танкі кіргізіп, бейбіт тұрғындарды таптап өтуі – сол жылдардың көрінісі. Қорқынышты мысал бар ма, оны қайталай салу Кеңес басшылығының қолынан келетін. Оның үстіне келесі себеп болды. Онда Германия екеу. Бірі – Кеңес Одағының ықпалындағы Герман Демократиялық Республикасы. "Екеуін күшпен біріктіру керек" деген желеумен қаптатып танкі аттандыруға неге болмасын?!
ГФР содан сескеніп отырды. Рас, оның мықты одақтасы бар – АҚШ. Ұлыбритания мен Франция бастаған Батыс Еуропа да қарап қалмасы анық. Сол үшін Солтүстік атлантикалық қорғаныс одағы – НАТО құрылған.
Бәрі дұрыс-ау. Бірақ аяқ астынан шұбырған танкі шабуылға шыққан жағдайда оны қалай кідірту керек? Герман Федеративтік Республикасы бұл кезде жақсы жол – автобандарды салып біткен. "Елдің дамуы – жолдың дұрыстығына тікелей қатысты" дейтін Бзежинский пайымдауын жүзеге асырып, экономикасы қалаарлық түзу де кең, кедергісіз жолдары сияқты қатты ілгерілеген. Сол жолдарға кеңестің танкісі түсіп алса, заулап бір қаладан екіншісіне тоқтаусыз өте бермей ме? Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста солай болған.
Неміс – ақылды халық. Орыс генералдары сияқты қала көшелерін көлденең ғимараттар салу арқылы шым-шытырық қылмады. Жаңа салынған жолдарды да аяқ астынан көлденең кесіп тастамады. Олар кеңес танкілері шабуылдай қалса сол жолды бөгеудің басқа амалын қарастырған еді. Оны көзіміз көрді.
Герман Демократиялық Республикасы Горбачевтің арқасында Кеңес Одағының құрығынан құтылып, екі Германия бейбіт жолмен біріккеннен кейін астанасын Бонн қаласынан ежелгі Берлинге ауыстырып жатты. Сол тұста біз журналист ретінде 9 мамыр қарсаңында Бонн қаласынан Берлинге автокөлікпен саяхатқа шыққанбыз. Бірнеше елшілік бірігіп Жеңіс күні құрметіне қабылдау өткізбекші. Соған шақыру алып, қатыспақ едік.
Екі қала арасында автабанға түстік. Біздің тек ХХІ ғасырда қолымыз жеткен автобанның рахатын ол кезде неміс халқы жаппай көріп отырған. Газет өкілі болған соң сонда алғаш автобан туралы ізденіп, көп материал жинағанбыз. Кейбірін сол кездегі елшілік қызметкерлері тауып, аударып беріп еді.
Германия автобан салуды сонау отызыншы жылдардан қолға алған. Үлкен қалаларды әрбір жағы үш не екі қатарлы, еш көлденең қиылысы жоқ, сансыз көпір асты-үстінен өтетін жолдармен жалғап қойды. Кешікпей болған соғыстың басында пайдасын көрді, әскері мен жүгін тез жеткізіп жатты. Соғыс соңында түзу жолдары өздеріне зиянға шықты, кеңес әскері де сонымен бір қаладан екіншісіне шабуылдады. Енді алда басқыншылық бола қалса, қайтпек керек?
Жоқ, олар кеңестік әскерилерге қарағанда басқаша ойлап, өзгеше шешім қабылдайды. Автобанның әр тұсына бетон шұңқыр жасап, оған темір қақпақ қойған. Үстімен автокөліктер заулап өтіп жатады. Оларға бөгеті жоқ. Біздің Қазақстандағы сияқты бетон шұқырдың қақпағын ұрлап кету, содан балалардың қайғылы жағдайға ұшырауы – немістер үшін ешқашан болмайтын жәйт.
Астынан ешқандай коммуникация өтпейтін бетон шұңқырлар не үшін керек? Кеңес танкілері шабуылға шыққан жағдайда әлгілерге мина қойылады да, жолды ортасынан жара салады. Ал заман тынышта көлденең ғимарат тұрғызып, тура жолды оң мен солға бұрып тастау – герман генералитеті үшін күлкілі көрініс шығар. Кім білген?
Айтпақшы, "қырғи-қабақ соғыс" кезінде Герман Федеративтік Республикасының автобандары әскери ұшақтардың ұшып-қону жолағына айнала алатын. Сол арқылы НАТО әскері мен техникасын елдің кез-келген тұсына жедел жеткізу мүмкін еді. Әскери техника таситын ұшақтар әлбетте, жеңіл емес. Бірақ неміс жолдарының табанының беріктігі оған төза алады. 24 сағатта жолдың үстін тазартып, екі жағындағы белгілерін алып тастауға болады екен. Жолдың осындай ұшып-қонуға да арналған бөліктерінде арнайы қызметтер дайын тұрған. Олар барлық құрал, техникамен жабдықталған. Мамандары жиі жаттығудан өтетін.
Міне, қарулы қақтығыстар үшін жолдарды жабудың осындай тәсілдері болды. Алайда, Алматыға ешбір "ықтимал қарсыластың" танкісі жолаған жоқ. Германия бергі тарихында жолды миналаған емес. Ал төтенше жағдай тұсында автобанды ұшаққа жолақ ету қызметі әлі де сақталған шығар. Оның соңғы деректері көзімізге түспеді.
"Өзім білем" дейтін өркеуделерге не шара?
Беріде тәуелсіздік алған соң Кеңес Одағы кезіндегі "ықтимал қарсыластың" бірі – Америка Құрама Штаттары әріптеске айналды. "Шеврон" бастап, қалғаны қостап осында инвестиция құйды. Алматы мен бүкіл Қазақстанды көктен десантпен танкі түсіріп басып алу жайында кезінде құпия жоспарлары болды ма, жоқ па кім білген, бірақ дәл қазір ондай ниеттері жоғы айқын. Қытай... өз азаматтарын қаптатып соғыссыз басып алу ниетінде ме, жоқ па, кім білген. Біз қорғаныс саласындағы стратег те, саяси сарапшы да емеспіз, қалай дегенде танкімен кіре қоймасы хақ. Демек, көшеге көлденең құрылыс салу тактикасы тоқтауы тиіс еді.
Оның үстіне Алматының өзінде Сейфуллин көшесін жоғары қарай созды. Бүкіл қаланы Саин – Әл-Фараби – Шығыс айналма жолы – Рысқұлов даңғылдары арқылы еш кедергісіз айналып шығатын етті. Демек, енді ешкімнің танкісі қорқынышты емес.
Бірақ кейінгі жылдың өзінде екі рет жолды көлденең бөгет тастаған кедергілерге кездестік. Ол кедергілер Алматы сияқты стратегиянық маңызы зор қалада кездеспегеніне шүкір. Бірақ, қалай десең де, жолаушы үшін кедергінің аты – кедергі. Себепсізден ондай бөгетке тап болғанда қаның басыңа шабары рас.
Бірінші жолы мұндай көлденең кедергіге Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында кездестік. Бұл ауданда шағын ғана Үштөбе деген ауыл бар. Біздің ата мекеніміз. Атамыздың, әке-шешеміздің зираты сонда. Жыл сайын арнайы барып Құран бағыштап қайтамыз.
Үштөбеге Аягөзден баратын қара жол тау арасымен өтеді. Жалпы бұл ауылға аудан орталығы Ақсуаттан да ең болмаса грейдер жол салынбаған. Екі жақ бағыт: Ақсуатқа да, Аягөзге де тау арасындағы бұралаң қара жолмен ғана қатынайды.
Ал бұл – ең дағдарысты деген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында бір үйі қирамаған ауыл. Қайта айналасына жаңадан үйлер салынып, бұрынғыдан өсіп кеткен. Себебі – мал ұстауға өте қолайлы. Бұл ауылдың малын Аягөз бен Семейдің, Талдықорған мен Алматының базарларынан табуға болады.
Жолға жарымаған ауылдың үкіметтен көрген жақсылығы – кейінгі жылдары салынған екі қабатты мектебі. Айтпақшы, "Қазақтелеком" мұнда интернет жеткізген. Соның арқасында кез-келген үйде "+7" қалааралық байланыс бар. Басқа ұялы байланыс операторларының аяғы жете қоймаған. Былтырдан бастап ауылға ауыз су құбырларын тарту басталды.
Біз Орталық Қазақстан өңірінде бір кезде совхоз орталығы болған ауылдардың нарық тұсында тып-типыл қирағанын да көрдік. Оның қасында ең қиырдағы бөлімше болған Үштөбенің өсіп-өркендеп жатқаны – малдың арқасы.
Сол малды бағып-қағу үшін тау арасы толы қыстау. Кеңес кезіндегі совхоз қыстауларының ешбірі қаңырап қалмаған. Қайта талайын жаңалап тастапты. Енді соны жерлерден қыстаулар сала бастаған.
Соның бірі біз жүріп өткен Аягөз бен Үштөбе арасындағы қара жолдың үстінен салынып жатыр екен. Қолдайтын әрекет. Бірақ қыстауын күре жолдың бір жағына, қорасын екінші жағына салғызушы қожайын құрылысшыларға жолды жауып тастауға әмір беріпті. Өтейік десек, құрылыс салатын көліктерді көлденең қойып тастаған. Алғызып тастауға маңайда құрылысшылары да, басқа да жұмысшылары көрінбейді. Басқа айналып шығар жер жоқ. Қатты қиналдық.
Жаңадан жол салып беріп "бұдан былай бұрылып жүресіңдер" десе құба-құп. Бірақ, ондай жол салмаған. Аягөзге қайтарда тағы осы кедергіге тап болдық. Енді жолды шпалдармен жапқызыпты. Бұл жолы құрылысшылары бар екен.
"Қожайын осылай бұйырды. Біз түсінеміз. Жолаушыларға обал. Енді не істейміз? Прокуратурадан тексеру келеді" деп алақандарын жаяды. Әупіріммен шпалдарды алғызып, біз Аягөзге аттанып кеттік. Прокуратура тексерді ме, жоқ па, ол жағын біле алмадық. Бірақ иен жатқан тау бөктерінен үй мен қора салатын орынды тура күре жолдың екі жағынан таңдаған қожайынның қылығына түсінбедік.
Бұрын қазақ алыс жолға шыққан жолаушыға барынша көмектесетін. Сусын ұсынады. Қонақасын береді. Атын ерттейді. Жарайды, оның бәрі қазір ақылы қызметке айналды. Бірақ, о заман да бұ заман жолын жауып тастағанды көргеніміз осы.
Ал көшені көлденең бөгеп тастауды жақында Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылынан көрдік. Орталық көше мен ауыл сыртынан Талғарға шығар күре жолды жалғайтын Н.Жақып деген көшені ортасынан әлдекімдер көлденең дуалмен қоршапты. Үй салмаққа. "Бұл жолмен әрлі-берлі көлік, мал, жаяу жүргінші толассыз жүреді, оны қалай үй салуға береді" деп тұрғындар өре түрегеледі. Арызданады. Анық-қанығын айтуды талап етеді. Ақыры құрылыс тоқтапты. Бірақ үш ай болды көшені көлденең жапқан биік дуалды ешкім алып тастамаған. Жол қалай жабылып қалды, солай әлі бөгеліп тұр.
Сонда Тұздыбастау ауылының әкімі жолға көлденең үй салғызу арқылы кімнің танкісінен қорқып отыр? Мына дуалмен қандай жауды кідіртпекші деп ойладық.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.