Күннің түсі
Біздің оқушы кезімізде Ғали Орманов деген ақын болды. Өзін көрмедік, бірақ ол кісі туралы бірсыпыра әңгімелерді беріде естігенбіз. Жыр бәйгесінде топ жарып, қара үзіп кете қоймаған. Бірақ көштен қалмай жүргені хақ. Өзінің поэзия көшіне қосылып, алғаш сапарға шыққанын баяндайтын мынандай өлеңі бар:
Сағыныштай сарғайып,
Сары белден таң атты,
Сахарада шалқайып,
Сарғая бір жол жатты.
Таңды, күнді "сары" деп суреттеу – бірталай ақындарға тән. Тіпті, арыдағы авторы белгісіз халық әндерінде жиі кездеседі.
Сары белден сарғайып таң келеді,
Жүйрік аттың соңында шаң келеді, – деп әндетіп отыратын шешелеріміз ауыл-аумақтың тойында.
Жұмекен Нәжімеденовтің мұрасына зер салсаңыз, аударма өлеңдерінің арасынан мынандай жолдарға жолығасыз:
Сап-сары күн көтеріліп келеді
Сәулесі оның сары жіп.
Егер біздің Тоқтар Әубәкіров ағамыз немесе Талғат Мұсабаев пен Айдын Әйімбетов ғайыптан тайып ақын болып кетсе, Күнді басқаша сипаттар еді. Ғарышкерлердің көзқарасы туралы сәл кейінірек. Алдымен Күнді сары деп санайтындарды түгендеп бітейік.
Ақындар тұрмақ бала бақшаға баратын балаларың өзі Күннің суретін сары бояумен салады. Миллиондаған демесек те, мыңдаған сондай суретті көргеніміз анық.
Астрономия ғылымының өзінде Күн "сары қортық" деп сипатталады. Иә, "карлик" сөзінің қазақшасы – "қортық" қой. Бұлай аталатыны – одан анағұрлым үлкен аспан денелері бар. Бірақ астрономдарыңыз Күнді "сары қортықтың бірі" деп атайды да, жалпы "сары қортық" тобындағылардың нағыз түсі әппақ екенін айтады.
Күн әппақ болса, бізге неге сары түспен көрінеді? Өйткені, оның сәулесі Жерді қоршап, қорғап тұрған тығыз ауа қабатынына өтеді. Атмосфера Күннен шыққан толқындар арасынан сары-қызғылтын бері өткізеді де, ульта күлгін толқынды ыдыратып тастайды. Себебі, қызғылт-сары толқындар ұзын да, ультра күлгіні қысқа көрінеді. Қысқа толқын тұтылып, ұзыны ауа қабатын көктеп өтеді. Осыдан барып бәріміз Күнді сары түсте көріп, солай деп ойлаймыз.
Ал, Жердің ауа қабатынан әріге, яғни оның тартылыс күшінен сытылып, ғарышқа шығып қарасаңыз, Күн әппақ болып тұрмақ. Әлгі үш ғарышкеріміз Күн туралы өлең жазса, оны әппақ дер еді дейтініміз содан.
Күннің дағы
Жас кезіңде оқыған нәрсең жадыңда жүреді. Әлде мектептің соңғы класында, әлде қой бағып жүрген кезімізде шығар, әйтеуір Алматыға келу арман болып тұрған тұста "Жалын" альманахынан "Күнге тағы дақ түсті" деген фантастикалық хикая оқыдық. Қос автор бірлесіп жазыпты. Бірі – Абдул-Хамит Марқабаев, екіншісі – Марат Барманқұлов. Екі жыл қойшы болып, содан Қазақ мемлекеттік университетіне түскенімізде журналистика факультетіндегі деканымыздың орынбасары Марат Барманқұлов екенін білдік. Ал біздің топқа Абдул-Хамит Марқабаев куратор болғанын естігенде аузымыз мүлде ашылып қалды. Фантастикалық повесі таңырқатқан екі автор осылай алдымыздан шыққан.
Сол повестің "Күнге тағы дақ түсті" деген атын оқығанда-ақ онда бұрыннан дақ болған-ау деп ойлайсыз. Әрі бекер емес. Күннің бетінде дағы – белгілі құбылыс. Күрең дақ оның бетіндегі суықтау тұстарды көрсетеді. Өзі жоғары магниттік белсендіктен пайда болады. Ондай магниттік белсенді кернеу балқыған плазмадағы токтің біркелкі тарамауынан туады.
Әрине, Күндегі "суықтау" ұғымы Жердегі суықтау дегеннен бөлек. Қошқыл дақ туындайтын маңайдың температурасы Күн бетіндегіден 1000-1500 градус аралығында төмен. Бірақ ол жақта мың градусыңыз да анау айтқандай алаңдарлық емес, өйткені дақтардағы қызу бәрібір 4700 градус маңайында көрінеді. Айтпақшы, Күннің қызуы туралы сөз болғанда градус өлшеміне бізге үйреншікті Цельсий емес, Кельвин алынады. Олардың айырмасы 273 градус. Цельсий өлшеміне тура 273-ті қоссаңыз, Кельвин болып шықпақ.
Қошқыл дақтардың ең кішкенелері жүздеген шақырымға жеткенмен, ол Жерден қарағанда көрінбейді. Көрінетін дақтардың ұзындығы 100 мың шақырымға созылады. Кейде алып дақтар да болып тұрады. Айталық, 1947 жылы 8-17 наурыз аралығында Күн бетінде пайда болған күрделі дақтың ұзындығы 214 мың 600 шақырым екен. Оған 350 Жер шары сыйып кетеді. Ондай ойық неғұрлым үлкен болса, соғұрлым ұзақ сақталады. Ғалымдар кейбір дақтардың Күн өз өзегін екі-үш рет айналып шыққанша сақталатынын есептеді. Ал Күн өз осін шамамен бір айда бір рет айналып шығады. Үлкеннің аты үлкен ғой.
Мұндай дақтар белсенді магнитті өрістен пайда болып, өз кезегінде күшті магнитті өріс тудырады. Ол Жерде дейін жетіп жатады. Кейде ғарыштық байланыс қызметінің, теле мен радио эфирлердің үзіліп қалуы, тіпті қуатты электр стансаларының істен шығып қалуы осыдан. Оған мемлекетіңдегі билікті айыптай алмайсың. Біздің биліктің күші жетпейтін табиғи құбылыстар баршылық.
Негізі Жердің өз магниттік өрісі Күннен жеткен "сәлемдеменің" әсерін азайтады. Бір бөлігін өзінің полюстеріне қосып алады. Атақты Солтүстік шұғыласының пайда болуы мен көрініп тұруы содан.
Бұл дақтар үнемі алып табақтың шығыс шетінен басталып, батыс жағына ойысып отырады. Оның сыры – Күннің өз өзегінен айналып тұруында. Бірақ олардың пайда болуында ешқандай ырғақ, біркелкі тәртіп байқалмайды. Тек өте жылдам өрістейді. Бір жолы Американың Ұлттық ғарыш агенттігінің мамандары бір дақты пайда болуынан бастап бақылауға алды. Ол 48 сағат ішінде 20 мың шақырымға созылып кеткен.
Ал америкалық әуесқой астроном Ховард Эскельдсен 1236 нөмірлі қошқыл дақты бақылап отырып, оның ортасынан жарық көпір көрінгенін фотоға түсірген. Дақ ортасын жарып өткен бұл жарық дәліздің ұзындығы 20 мың шақырымға жетіпті.
Кейде Күннің бетінде ешқандай дақ болмай қалады. Айталық, 2011 жылғы 14 тамызда тап-таза болып жарқырап тұрған. Бұл ғалымдардың алаңдаушылығын туғызды. Өйткені, дақтың пайда болу сыры түсіндіргенмен, жоқ болып қалу себебін ешкім айта алмайды.
"Бұл қорқынышты емес, – дейді Goddard Space Flight орталығының ғалымы Алекс Янг. – Өйткені, Күнді бар болғаны 50 жылдан бері жан-жақты бақылауға алдық. Ал ол 4,5 миллиард жыл бойы жарығын шашып тұр емес пе!"
Күннің әсері
Күн бүгін тұрып алды күреңітіп,
Шіркіннің ашылмайды реңі түк.
Күреңіткен ауылдың сырт жағында,
Мені де отыр ма екен біреу күтіп?
Күн сияқты ол-дағы күреңітіп.
Бұл – Мұқағали. Манағы Ғали Ормановтай баяу емес – екпінді, биязы емес – арынды. Күнннің күрең дақтары – оның белсенді болуының белгісі. Күннің белсенуі Жердегі тіршілікке тікелей ықпал етеді.
Жалпы жан-жануарға күннің көзі керек. Оны "Жазғытұры" атты өлеңінде Абай жазып кеткен. Өсімдік атаулы күн сәулесімен өседі. Сәулеге таласқан сайын бойлары ұзара түскен ағаштардан Бразилияның тропикалық орманы мен Ресейдің сібір орманы сияқты Жердің "қос өкпесі" пайда болды. Қазақ даласының қойнауынан шығып, алпауыттар қызығын көріп отырған көмір, мұнай мен газ да бір кездегі Күннің еңбегі еді.
Күннің бетінде жарылыстар болып тұрады. Мұндай кезде сұрапыл жалқын бөлінеді. Оның салмағы кейде 10 миллиард тоннаға жетеді. Бұл жүз миллион сутегі бомбасын бір сәтте жарғанмен бірдей қуат екен. Жарылыс кезінде алапат дыбыс шығатын көрінеді. Күннің алыстығынан ғана бізге естілмейді. Әйтпесе ол дыбыстың өзі ғана Жердегі тіршілікті тоқтатуға жетуі мүмкін.
Күннің мұндай жарылыстары көп, белсенді кезінде оның беті күрең тартады. Содан Жерге және магнитті құйындар жетеді. Бұл құйындар кезінде көптеген оқиғалар болып жатады. Адамдардың басы ауырғанынан бастап түрлі техногендік апаттар магнитті күндері көбейеді. Мұқағалидың ашынып өлең жазуы осындай кезге сәйкес келген.
Күннен бөлінген жалқынның шарпуы Жерге жеткенін ит пен дала бөрісі қатты сезеді. Себебі олардың терісін магнитті өріс дуылдатады. Шыдай алмаған ит ұлиды. Ал жаны шықпай ұзақ ауырып жатқан адамдар сондай кезде үзіліп кетеді. Қазақ пәленің бәрін иттен көрген. Сол ұлып жаманшылық шақырды дейді.
Егер Күннің бетінде жарылыстар болмай қалса, ол жақсылық емес, нағыз жамандықтың белгісі екен. Күннің белсендігі төмендесе, Жерге елеулі қатер келмекші. Мұндай жағдай бергі тарихтың өзінде тіркелген. 1310 жыл мен 1370 жыл аралығында және 1645 жыл мен 1715 жыл арасында Күннің күреңденуі мүлде байқалмаған. Сонда Жерде не болды дейсіз бе? Кәдімгі мұз басу кезеңі басталған. Еуропаңызда қыста қатпайтын Темза мен Сена өзендерінің бетінде бір метрлік мұз жатқан. Италияның түстігіне дейін қыс бойы қалың қар астында қалған.
Күн мен Жердің өзара қатысты ұзақ тарихында бұдан да ызғарлы кезең өткен. Күнге онда не болғанын кім білген, әйтеуір бұдан 700 миллион жыл бұрын Жер тұтас қалың мұз сауыт құрсанып қалыпты.
Алда не болары да бұл саланың мамандарын алаңдатуда. Өйткені, НАСА аппараты түсірген суреттерге қарағанда 2017 жылдың ішінде 32 тәулікте Күннің беті тап-таза болып, ешбір жарылыс тіркелмеген. 2018 жылы да соншама уақыт біздің табиғи жарық берушімізден белсендік байқалмады.
Астрономдар 2019 жыл қалай болар екен деп демін ішке тартқан. 15 мамырдан 15 қыркүйекке дейін С санатындағы, яғни Жерге әсері жететін бірде бір белсендік байқалмаған. Оның алдында азырақ жалқын бөлініп, әсері 15 мамырда бітіпті. Көптеген ғалымдар жаңа маундер басталады деп отыр. Маундер – он төртінші ғасырдағы және он жетінші ғасыр ортасы мен он сегізінші ғасыр басындағы кіші мұз дәуірінің ғылыми атауы.
Бұл кезекті суық кезең болумен бірге екінші қиындық әкелмек. Күн белсендігінің төмендеуі Жердің ультра күлгін сәулеленуін төмендетеді. Мана осындай сәулені Жердің жоғары ауа қабаты ұстап қалатынын айтқанбыз. Жәй ұстап қалмайды, сол арқылы өзін байытады. Егер бұл ультра күлгін сәуленің түсуі азайса, Жер атмосферасының ең жоғары қабатының тығыздығы селдірейді. Онда алыстан келетін аспан денелері мен өзіміздің жасанды жер серіктеріміз жоғары қабатта жанып кетпей, күнделікті төбемізден түсіп тұрмақ. Бетін ары қылсын.
Күннің сөнуі
Балабақшада, мектептің бастауыш сыныптарында айтқан әніміздің мәтіні есте:
Әрқашан күн сөнбесін,Аспаннан бұлт төнбесін, – деп басталатын. Жетпісінші жылдары үлкен ақпарат құралдарына басшылық еткен, өзі ғалым Құрманбек Сағындықов тіл мәселесіне арналған мақаласында бұл өлеңнің бірінші жолы дұрыс аударылмағанына назар аудартты. "Әрқашан күн сөнбесін" емес, "ешқашан күн сөнбесін" болуы керек деді. Бірақ бүкіл балабақша мен мектеп жатқа білетін бұл жол бәрібір өзгерісіз қалды. Әнді әлі солай айтып жүреді.
Тағы бір әнде "Айдын көлге өкпелеп, Күнді ұрлаған ақбұлақ " деген жолдар бар еді. "Күнді ұрлау" онша қисынды емес, ұйқас үшін алынғанын ішіміз сезетін. Кейінгі кезде өзі жиі шырқалмай жүр.
Ал Күнге қатысты үшінші ән мүлде айтылмайтын болды. Авторы есте жоқ, тіпті мүлде білмейміз. Бәрібір бала кезде жаттағандықтан ән жолдары зердемізден өшпепті:
Мүмкін сөнер күміс Күн,
Мүмкін сөнер алтын Ай,
Бірақ Ленин бейнесі,
Мәңгі тұрар жарқырай!
Тәубе, Күн де, Ай да сол қалпы, шығыстан шығып батысқа батады. Ал Ленинді бүгінгі ұрпақ мүлде танымайды.
Десек те, түбінде Күн сөнеді. Әйтеуір, оған әлі 5 миллиард жыл бар. Неге сөнеді? Оның орталық ядросындағы қызу бөліп тұрған сутегі таусылады. Сөнердің алдында Күннің көлемі қазіргіден үш есе ұлғаяды. Иә, ол кезде адамзат бар болса қазіргіден үш есе үлкен дөңгелекті көре алады. Содан кейін Күн астрономдардың тілі бойынша "сары қортық" емес "ақ қортық" аталатын жұлдызға айналады.
Ғалымдар Күн сөнген кезде не боларын да үлгілеп көрді. Бірінші тәуліктен Жер бетінде айсыз қараңғы түн басталады. Өйткені, Айдың өзінде төгетін нұр жоқ, бар болғаны Күннің сәулесін шағылыстыратын, енді оның да күні қараң.
Тоғызыншы тәулікте Жер бетінің барлық тұсында температура теңеледі. Күн жарықтықтың барында Жердің орталық белдеуі ыстығырақ, солтүстік пен оңтүстік жақтары суық болатын.
Жиырмасыншы тәулікте Балқаш пен Алакөлді айтпағанда, Каспий толық қатып қалмақ. Күн сөнген соң екі ай өткенде барлық тұстағы температура минус 50 градусқа жетеді.
Арада алты жыл өткенде Жер Плутон планетасының қасына жақындап қалмақ. Өйткені, Күннің тартылыс күші болмағандықтан адамзаттың бір кездегі жылы мекені әлдеқайда маңып барады. Плутон да сөз емес, біртіндеп бұрынғы Күн жүйесі аумағын тәркі етеді.
Он жылда Жер бетінің суықтығы минус 125 градусты көрсетеді. Бірақ әлі үміт үзілмеген. Өйткені мұхиттың түбі қатып біткен жоқ. Ал мұхиттың түбінде тіршілік бар ғой.
Күн сөнген соң 57 жыл өткенде ең терең дейтін Тынық мұхиттың түбіне дейін қатып бітеді. Демек, тіршілік сонымен тәмам.
Бұл – ғылыми үлгілеу. Әзірге күміс Күн де, алтын Ай да сөнбей-ақ қойсын. Содан соң "Күн сөнгенше Алаш жұрты сөнбесін!" Соңғысы – біздікі емес, Мағжаннан қалған сөз.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5678
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2530
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2618
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2341
- 2
- 27
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2224
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2211
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2280
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2331
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2259
- 2
- 47
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2248
- 0
- 6