Үйде – ұзақ үзіліс
2020 жыл басталғанда қайда бет алып бара жатқаны белгісіздеу, тұманды болса да, Қазақстанның көші қалыпты, тіршілігі ырғақты сияқты еді. Сол ырғақ кілт бұзылған. Біздің елде ғана емес, күллі әлемде. Жарқанаттан тарады ма, бұрыннан бар болып, тек пошымы өзгеріп пайда болды ма, ғарыштан әлдебір көк тасымен ілесе келді ме, құпия зертханалардан сытылып шығып кетті ме, әлде әдейі таратылды ма, қалай болғанда да ғалымдар Covid-19 деп таңбалаған вирус бүкіл жер жүзін үзіліске шығарды.
Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр
Сонымен ұзақ үзіліс пайда болды. Көптеген салалар мен қызметтерде. Өндіріс орындары мен мекемелерде. Әуемен және теміржолмен жолаушылар тасымалдауда. Жеке кәсіпкерлер мен оқу орындарында. Спорт командалары мен туристерде.
Бұл үзіліс жұмыр жердегі жанталасқан адамзатқа ғана емес, Жер жарықтықтың өзіне де керек еді. Бұған дейінгі бір мақаламызды "Коронавирустың күтпеген тұсы" деп атап, аталмыш жұқпалы ауру Қытайды экологиялық жағынан сауықтыруға септігін тигізгенін жазғанбыз.
Бірақ, күрделі есептер арқылы жұмыс істейтін зерттеуші ғалымдардың сөзіне қарағанда, ғаламдық жылыну үдерісін тоқтатуға бұл үзілістен еш көмек жоқ. Жердің ең болмаса ХХ ғасырдың ортасындағы қалпына оралып, сәл оңалып қалуы үшін мұндай үзіліс отыз жылға созылуы қажет екен. Нағыз ұзақ үзілістің көкесі керек.
Әрі кеткенде бір ай қамалып отыруға шыдайтын адамдар, бір ай тоқырап тұруға төзетін экономика отыз жыл коронавирус билігінде қалғанын математикалық үлгілеуге салсаңыз, жер үстінде басқа тіршіліктің бәрі қалыпты да, адамзаттың ғана жоқ екенін есептеп шығатын шығарсыз.
Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз
Сізді, бізді, Қытай, Италия және басқа елдердің тұрғындары тап болған үзіліс әлбетте, заңмен реттеледі. Бізде де солай, президент Тоқаевтың елде төтенше жағдай жариялау туралы жарлығы жоғарыдағы сөз болған үзілістің қоңырауы болып шылдырлады. Бұған қосымша Алматы, ел астанасы әкімдерінің құжаттары арқылы жеке аймақтарда төтенше жағдайдың салмағы еселене түсті. Миллионнан аса тұрғыны бар қалалар тұмшаланды.
Үзілісті таразы деп санасақ, оның екі жағына "пайда" мен "зиян" деген табақшалар қойылды. Соның қай табағы ауырлап, төмен тартарын кім білген? Мұны бағалауды келесі дәуірдің зерттеушілерінің еншісіне қалдырып, біз төтенше жағдайлар төңірегінде біраз ат терлетіп алғанды жөн көрдік.
Төрде – төтенше жағдай
Қазақ – қазақ болғалы қанша төтенше жағдайды бастан өткізді екен? Ашаршылық, шапқыншылық, шұбырынды, сұлама және басқасы есеп емес, де-юре түрінде, яғни құжатпен енгізілген төтенше жағдайлардан мыналар ойға оралған.
"Төтенше жағдай" деген сөзді алғаш аталарымыз, бәлкім қазіргі жастар үшін бабалар деген жөн шығар, естіген еді. Онда Бірінші жаһандық соғыс басталған. Ресей императоры ұлан-ғайыр патшалықта төтенше жағдай енгізді.
Оқи отырыңыз: Апаттар мен сабақтар
Дереу қазақ жерінің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарын басқарып отырған Дала генерал-губернаторы, кавалерия генералы Евгений Шмиттің ерекше қаулысымен төтенше жағдай кезінде жиындар, бой көрсетулер, ереуілдер жасауға тыйым салынды. Жұмыстан бас тартуға болмайды. "Патшаға, оның жергілікті өкілдеріне қарсы шығу өлім жазасына тартылады" делінді құжатта.
Сол жылдың тамыз айында тағы бір құпия құжат таратылды. Онда шаруалар мен жұмысшылардың кез-келген ереуіліне қарсы оқ атуға рұқсат етілді. Халықтық қозғалысты болдырмас үшін әрбір уезде "сенімді христиандардан" мұсылмандарға қарсы отрядтар жасақтау тапсырылды.
Қазақ даласының келесі бөлігі – батысы мен оңтүстігін, сондай-ақ қазіргі қырғыз бен өзбек елдері аумағын басқарып отырған Түркістан генерал-губернаторы 1916 жылы 17 шілдеде төтенше жағдай жариялаған. Бұл кезде Верный мен Бішкектің айналасындағы бұратана халық патшаның қара жұмысқа алу туралы маусым жарлығына қарсы атқа қонған.
Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды
Төтенше жағдайдағы Түркістанды басқару үшін қайтадан генерал-адъютант А. Куропаткинді генерал-губернатор етіп тағайындайды. Бұл төтенше жағдай құжаты бойынша патша үкіметінің әскеріне бағынбаған ауылдарды тегіс қырып-жоюға рұқсат етілген. Солай болды да.
Ақ па, қара ма, әйтеуір патша өзімен кетсін, кешікпей республика аумағына қызыл Кеңестер билігі орнайды.
Соңыра – соғыс жағдайы
1941 жылы 22 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі соғыс жағдайын жариялады. Ол тұтас ел аумағы емес, жеке республикалар мен облыстарды қамтыды. Мұндай жағдай жарияланған аймақта мемлекеттік биліктің қорғаныс, қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекеттік қауіпсіздік салаларындағы міндеттерін енді майдан, армия және әскери округ кеңестері атқарады.
Азаматтар қорғаныс нысандарын, қатынас жолдарын, байланыс пен электр желілерін салу мен қорғауға тартылады. Өрттерді өшіру мен басқа да апаттарды жоюға қатысады. Әскери бөлімдер мен мекемелерді өз үйлеріне тұрғызады. Жеке көлігі мен ат арбасын әскери мақсатқа берді.
Оқи отырыңыз: Ресейдің сәтсіз сынақтарының көбеюі Қазақстанға қауіпті күшейтіп тұр
Әскери билік мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыс мезгілін және жиналыстар мен митингілердің өту уақытын белгіледі. Соғыс жағдайы жарияланған жердегі тұрғындардың кіруі мен шығуын реттеді. Әлеуметтік қауіпті және қылмысқа қатысы болуы мүмкін күдіктілерді тапты.
Олар соғыс жағдайындағы аймаққа өз ережелері мен тәртіп талаптарын енгізе алады. Оны орындамағандарды ешқандай сотсыз 6 айға бас бостандығынан айырады немесе 300 сом айып салады. Әскери биліктің ұйғарымын жергілікті атқарушы билік еш талассыз, даусыз орындауы тиіс. Бұл аймақта балалар 12 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Соғыс жағдайының сыртында "құрсау жағдайы" деген құқықтық акті болды. 1941 жылғы 20 қазанда Москвада, 26 қазанда Тулада, 29 қазанда Қырымда, ал 1942 жылғы 25 тамызда Сталинградта құрсау жағдайы жарияланды. Бір ғажабы, нағыз құрсауда қалған Ленинградта мұндай жағдай енгізілмеген.
Қазақтың "бір қызымнан бір қызым сорақы болды" дейтіні сияқты, құрсау жағдайы соғыс жағдайынан да қатал еді. Айталық, тәртіп бұзғандар тергеусіз бірден әскери трибуналға тапсырылады, ал шиондар мен жаудың басқа да агенттері әскери трибуналсыз сол жерде атып тасталады.
Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы
Соғыс жағдайының қазақ даласына қатысы бар. Сталинград түбіндегі шайқас басталар тұста КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті қазіргі Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, ол кезде жай Орда аталған және Жәнібек аудандарында соғыс жағдайын жариялады.
Мұндағы билік әскерилерге өтті. Олар аудандардағы күш пен құрал-жабдықтың бәрін қорғаныс мүддесіне пайдалана алады. Азаматтар әскери командованиеге көмектесуге және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға міндетті. Жергілікті жердегі қозғалыс таңғы 4.00-ден басталып, 24.00 сағатқа дейін аяқталады. Одан кейін арнайы рұқсаты жоқ адамдар тоқтатылып, комендантқа жолданады. Аудандардағы мекемелер, өнеркәсіп орындары, барлық тұрғындар қараңғы түскеннен кейін жарықты өшіруі тиіс.
Жекелеген аудандар, облыстар мен республикаларды қойып 1943 жылы 15 сәуірде бүкіл темір жол соғыс жағдайына көшірілді. Қазақ даласында ол кезде бірқатар темір жол бар еді. Сол жылғы 9 мамырда барлық теңіз және өзен порттарына соғыс жағдайы жарияланды. Семей, Өскемен, Павлодар арқылы өтетін Ертісті айтпағанда, Сырдария мен Іледе өзен флоты бар. Кешікпей, 19 маусымда жарылу қаупі бар кәсіпорындар соғыс жағдайына өтті. Қазақстанның көптеген өндіріс орындары мина, снаряд, торпедо, оқ және оған қажетті нәрселерді жасайтын. Демек соғыс жағдайы Қазақстанның барлық қалаларын қамтыды деуге болады.
Оқи отырыңыз: Марафоншы Мауро жарқанат қанын ішіп, тірі қалған. Сүтқоректі жәндік туралы не білеміз?
1945 жылғы 25 қыркүйекте көптеген аймақтардағы, оның ішінде Орда мен Жәнібектегі соғыс жағдайы күшін жойды. Бірақ, Балтық бойы республикаларында, Украина мен Белоруссияның батыс бөлігінде, яғни Кеңес Одағына соғыс алдында ғана қосылған өңірлерде бұл жағдай 1946 жылдың жазында тоқтады. Темір жолдағы соғыс жағдайы соғыстың өзі біткенмен тағы бірнеше жыл сақталды.
Түрмеде – тамыз төңкерісі
Кеңес Одағының ортақ арбасы қирағанша Қазақстан келесі төтенше жағдайға тап болғаны есте. Бұл оқиға біздің буынның көз алдында өтті. Сондықтан әрбір сәті есте.
Әкей хал үстінде жатып, суыт демалыс алып, Тарбағатай қойнауындағы ауылға келгеніміз сол еді. 1991 жылы 19 тамызда аяқ астынан Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет деген құрылып, ол елдің бірқатар өңірлерінде төтенше жағдай жариялады. Алдымен радиодан естідік. Кешкілік теледидардан тыңдадық.
Ертесінде газеттен оқыдық. Кәдімгі өзіміз қызмет етіп жүрген "Социалистік Қазақстаннан", онда күнделікті шығатын облыстық газеттен. Тек бір ғана басылым – Қарағанды облыстық "Орталық Қазақстан" газеті – ТЖМК хабарларына қоса "Иә, бұл мемлекеттік төңкеріс" деген редактордың пайымдауын бірінші бетке басқанын Алматыға оралған соң көрдік.
Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе
Мәскеуде Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин де Қарағандыдағы Нұрмахан ұстазымыз сияқты (Н. Оразбеков біздің курс жұмысымызға жетекші болған, халықаралық шолу жазуға тікелей өзі баулыған еді) ТЖМК-ні мойындамады. Ресей азаматтарына үндеуінде оны "реакциялық, конституцияға қарсы төңкеріс" деп тапты. Дереу тура солай деп жазылған Жарлық жариялады. Алдымен бүкіл халық, одан армия мен басқа құқық қорғау органдары Ресей президенті жағына шықты. 21 тамыздан 22-сіне қараған түні төтенше жағдай жариялаушылардың үні өшіп, біртіндеп тұтқындала бастады. Ондай масқара болғысы келмеген бірең-сараңы өзіне өзі қол жұмсады.
Қазақ халқы басқалармен бірге үш тәулік бастан өткізген төртінші төтенше жағдай түптеп келгенде пайдаға шықты. Ол Кеңес Одағының тезірек ыдырауына, сөйтіп халқымыздың көксегеннен ертерек азаттық алуына ұласты.
Тек сол үш тәулік талайлардың жүйкесін жеді. Горбачевтік жылымық кезінде белсеніп шыққандар енді өздерін тұтқындайтын сәтті күтті. Әйтеуір, керісінше ТЖМК мүшелері абақтыға қамала бастағанын естігенде барып, жүректері орнына түскен.
Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер
Ендігісі – ерекше жағдай
2020 жылы наурыз айында бүкіл ел аумағына енгізіліген төтенше жағдайды өз президентіміз жариялады. Бұрынғылардан бір өзгешелігі – осы. Екінші өзгешелігі – бұл жолғы Жарлықтың соғысқа да, саясатқа да қатысы жоқ. Бәрібір ел аман, жұрт тыныш болуын көздеген шешім.
Бұрынғы төтенше жағдайлармен салыстырғанда мұның талаптары айналайын сияқты. Айталық, жоғарыда сөз болғандардың ішінде үшіншісі – соғыс жағдайы уақытында бірнеше қосымша құжат жарияланған. Оның бірі – тұрғындардағы радиохабар таратқыш және жолдағыш құралдарды жинап алу туралы. Ол кезде жылдам хабар алу мен жеткізудің ең дамыған технологиясы сол еді. Жарлық шыққаннан бастап әрбір елді мекенде мемлекеттік радио хабарын таратқыш қана қаңғырлап тұрды. Басқалардың радио ісіне араласуы мен жеке қолдануы ату жазасына дейін жеткізуі мүмкін.
Осыны қазіргімен салыстырып көріңіз. Біздің қазіргі президент ол кездегі Сталин сияқты болмағанына тәубе. Бүкіл гаджет, компьютерді өз қолымызбен апарып өткізіп жатуымызды көзге де елестете алмаймыз-ау!
Оқи отырыңыз: Жойқын қарудан – жәдігер
Сол "үшінші жағдай" кезінде тағы бір құжат шыққан. Онда соғыс жағдайындағы аймақтарда қауесет таратқандарды дереу анықтап, қатаң жазалап, атып тастауға дейін көзделген. Қазіргі WhatsApp пен әлеуметтік желідегі коронавирус туралы хабарлардың көбі жалған, дақпырт екенін ескергенде, біздің биліктің бұл саланы бақылауға талпынғанымен, өртті толық өшіре алмағаны талассыз.
Төтенше жағдай тұсында тағы нені аңғардық? Отыз жылда Отан, ел тағдыры ұғымынан гөрі жеке бас амандығы мен пайдасы алдыңғы кезекке шыққанын, тіпті бұл құбылыстың қазақтың ежелгі кісілік қасиеттерін топан судай басып өткенін білдік. Бұған жеке бас қамын жеп кеткен билік кінәлі ме, әлде халықтың өзінің түсінігі өзгерді ме, оны саясаттанушылар анықтай жатар. Ал саясаттанушы атаулының саны соңғы отыз жылда мына коронавирус сияқты күн сайын өсіп отырғанына дау жоқ.
Төтенше жағдай жарияланған соң аймақтарда оған қосымша нықтай, нақтылай түсетін жекелеген құжаттар шығатынын әлгі мысалдардан көрдік. Біздің елдің ірі қалалары мен жеке облыстарының әкімдері де ондай құжат шығарудан кенде емес. Бірақ, халықтың орындау тәртібі төмен екені аңғарылды.
Жабылған жолды айналып өтуге, секіріп өтуге тырысушылардың бойына бұл вирус отыз жыл бойы заңды айналып өтетін жолдарды табумен ғана айналысқан биліктегілердің өзінен жұқты ма, оны да келер ұрпақ анықтайтын болады. Бәрі де коронавирустан кейін...