Мүлде қойылмаған мүрде
Ақпарат саласында су ішіп, нан жеп жүрген соң түрлі елдердің арналары, сайттары нені, қалай көрсетіп жатқанына зер саламыз. Салыстыру, салмақтау үшін. Мәселен, Ресейдің айтқаны басқа елдің сөзімен қабыса қоймайды. Ақиқатты анықтау оңай емес. Арал мен Зайсанда айтатындай: "Балықшы болғың келсе, тор жамап үйрен".
"Тор жамау" демекші, Жұмекен Нәжімеденовте осы тақырыпта ғажап баллада бар. Әппақ басы үгітілер борға ұқсаған шалдың торды тарылтып отырғаны жайында. "Қиғаш өзенінде ірі балық қалмады, енді ұсағын ұстау үшін аудың көзін кішірейту керек" дейді өзі. Бұл сөзі ақынды ашындырады:
– Бұл ауылға, – дедім мен, – жетпеген бе заң әлі,
Тарылтасың онсыз да балықтың тар заманын.
Онсыз да тор – тар тірлік, тар түсінік, тар ұғым,
Тарылтасың сен тағы сорлылардың жарығын.
Жұмекеннің балықшы шалы сияқты біз де ұсақ, елеусіз ақпараттың өзін қапы жібергіміз келмейді. Сонымен жуырда Францияның RFI ақпарат сайты Әзірбайжанның Қарабағындағы Келбажар ауданы тұрғындарының қарбаласын көрсетті. Журналист мұнда аудан қайтадан Әзірбайжан жағынан өтерден бір күн бұрын барыпты.
Сұрапыл репортаж екен. Бүкіл көрінісін қайталау – бар болғаны аударма болып шығар еді. Біз сонда айтылған оқиғаның кейбірін өзіміздің арғы тарихтағы дүрбелеңмен ойша салыстырып отырдық.
Тілші Келбажарға барар жол, шіркеуге соңғы рет бас сұғып, сол жерде селфи жасаған жұрт туралы баяндай келіп, репортажының орта тұсында Левон деген армянмен тілдескен. Левон зиратты қазғанын айтады.
– Міне, машинамда табыт, табытта баламның сүйегі жатыр. Ол бірнеше жыл бұрын қайтыс болған, – дейді кейіпкер. – Осында жер қойнына берген едім, енді мүрдесін қалдыра алмаймын. Ереванға апарып, ертең қайта жерлеймін.
Осыны тыңдағанда алғашқы салыстыру ойға түсті. Онда шыбықты ат қылып шапқылаған баламыз. Айналаны тану ауыл іргесінен басталады. Ауыл іргесінде көне зираттар тұратын. Қара тастан қаланған. Бүкіл Тарбағатайдың теріскендегі дөң мен қырда көзге алдымен зират көрінеді. Ежелгі мекен екені содан аңғарылмақ.
Тумақ бар да, өлмек бар. Өлген адамды көмбек керек. Жай көме салмай, басын қарайту жөн. Көшпелі халықтың жазылмаған заңы осындай. Неғұрлым беделді, аты шыққан адам болса, бейіті де соғұрлым үлкен, биік болмақ.
Ақ селеулі далада теңіз төріндегі кемедей болып алыстан қарауытатын зираттардың бір шоғыры жоңғардан қалған. Шошайған құлақтарына ірі ақ тас қойған. Әрі қалау шеберлігі ерекше.
Иә, қазақ ата мекенді қайтарып алғанда шегінуге мәжбүр болған басқыншының екі-үш ұрпағы осында туып, алдыңғы екі-үш атасы осында жерленді. Ақыры атамекеннің азаттығы үшін ақ найзаны қолға алған Қабанбайдың қалың қолына төтеп бере алмай, жерді босатты. Қатын-баласын ертіп, малын айдап, оңтүстік-шығысқа көшті. Бірақ, мұнда жерленген адамдарының ешбірінің моласын қопарып, сүйегін әкетпеді.
Осылайша Тарбағатайдың әр тұсында қапысыз қалмақ зираты қалды. Батыр ма, бай ма, қонтайшы ма, қолға су құюшы ма, кім жатқаны беймәлім. Үш ғасырдан бері сол зираттың біреуінің шеті бұзылған жоқ. Жел қозғап, су шайып кеткені болмаса, ешқайсы адам қолымен қопарылмады. Ата жаудың моласын қазып, мүрдесін қорлау – біздің ұлтқа тән қылық емес.
Әзірбайжан – қазақ сияқты түркі текті, мұсылман дініндегі халық. Олар қойылған мүрдені көрден суырып қорлайды деп ойлау күпірлік шығар. Атамекенін азат еткендер ондай оғаш қылыққа бара қоймас. Әрі мына ғаламдық ақпарат жүйесі шөмеледен инені тауып алатын заманда. Ақпаратты алты сандыққа тықсаң да, бес құрылыққа жедел тарайтын кезде.
Ендеше армяндар Келбажар жерін иелеріне қайта босатарда жиырма жыл бойы жерленген адамдарының сүйегін неге жаппай кері тасып жатыр деген ойға қалдық. Біздің жақта тұр ғой. Мұнда да тұра берер еді ғой. Көшкен қалмақ пен ауған армян арасындағы алғашқы салыстыруымыз – осы.
Оқи отырыңыз: Даулы Қарабақ
Қашқаннан қалған Баспан
Француз сайтындағы репортажда Келбажарда соғыс болмағаны айтылды. Үшжақты келісімге сәйкес ерікті түрде, бейбіт босатылатын аудан. Ал көптеген үй отыз жыл бұрынғы соғыста қираған. Сол кезден бері қаңқиған қабырғасы тұр. Құтты мекендегі әзірбайжан мен күрділер қар басқан асу арқылы жаяулап қашқан дейді тілші.
Қазіргі армяндар олай емес. Жүгін шашау шығармастан тиеп, сабақты ине қалдырмастан түгендеп алыпты. Тек иттерін тастап кетуде. "Олар өздеріне жаңа ие тауып алады" деседі тілшіге. Әттең, репортажды біз жазсақ, осы тұсқа "ит жеті қазынаның бірі емес пе" деп қосар едік. Французда ондай мақал болмаса керек.
Тоқсаныншы жылдар басындағы Бірінші Қарабақ соғысына дейін ауданда 50 мың халық тұрған. Соның 97 пайызы әзірбайжандар еді. Бұл – кеңес заманындағы соңғы халық санағына түскен мәлімет. Армяндар мұнда қоныстанғалы небәрі 20 жылдан асқан. Әрі өздері соғыс кезінде қиратып тастаған әзірбайжан үйлерін жөндемей, баспананы жаңадан салған.
Француз тілшісі осы деректі келтіреді де, шіркеу жанында Вазген деген құрылысшымен сөйлеседі. Оның үйі беріде салынған.
– Үйіңді не істейсің?
– Ертең өртеймін де кетемін. Мұнда енді ешкім қалмайды, – дейді Вазген.
Осы сөзді оқығанда тағы алыстағы ауыл, оның үш жүз жылдан астам бұрынғы тарихы оралды. Баланың танымы біртіндеп ауладан әрі ұлғая бермек. Алдымен ауылдың бір жағында Қарамырза деген жер, екінші жағындағы Тауық деген жер барын білдік. Қарамырза – бізге көрші Қауыстың бабасы. Қауыстың шын аты – Қапсіләм. Біздің жақта ешкімді азан шақырып қойған атымен атай қоймайды. Не саған шешең еркелеткен ат мәңгі бекиді, әйтпесе құрдастар қойған ат қасыңнан қалмайды. Өзі туғанда қойылған атпен өмір бойы аталатындар сирек. Қабанбай батырдан бастап. Сексеннен асқан, әлі асауға мініп, қой бағып жүрген Бикеш ағамыздың шын аты Бейілхан екенін сол ауылда білетіндер сирек шығар.
Екінші жақтағы Тауық – қайбір жылы, шамасы Хрущевтің кезекті науқаны ма екен, "әрбір ауылда тауық фермасы болсын" деген нұсқау тұсында салынған алты-жеті үй. Солардың ауласында енді алты-жеті тауық жүрсе тәубе. Ал Тауық аты бұл жерге мәңгілікке бекіді. Айтпақшы, осы күзде жанынан өткенде байқадық: енді екі үй ғана қалыпты.
Осылайша түрлі жердің бедеріне, оқиғасына орай ат қойыла берген: Сынтас, Майлышат, Қосқызыл, Шимайлы, Молдажар, Қызылтас, Елеке сазы дегендей. Осы атаулардың көбі орысша бұрмаланса да, кезінде Зайсан, Көкпекті уездері құрылғандағы құжаттарда жазылған. Биік тау, арналы өзені картаға түскен. Оны беріде көрдік.
Не керек, атамекенді осындай аттарымен таныдық. Иә, археологтар кезекті Алтын адам тауып жатқан жер бала кезімізде біздің шаруашылықтың жайлауы еді. Шоферлер "пәлен шопанды Елеке сазына көшіріп келдім" деп шай үстінде әкемізге есеп беріп жататын. Әкеміз совхоздың бір бөлімшесін басқарған.
Сол бөлімшеге қарасты бір қыстау Баспан деген жерде тұрды. Баспан! Бұл – ерекше тарихи атау. Мән-маңызы Қалмаққырылғаннан еш кем емес. Тек насихаты жоқ. Қабанбай батыр бастаған қазақтың қалың қолы Тарбағатайдың теріскейін қайтарып алғанда шегініп бара жатқан жоңғар "бұл жерді қайта баспан" деп жылаған деседі. Баспан аты содан қалған.
Баспаны бар, басқасы бар бұл аймақтың табиғаты тамаша. Бірнеше тармақты Боғас, арынды Базар және оған қосылатын балықты Талдыбазар өзендері ағады. Сай-сайдың бәрінде бұлақ бар, бұлақ жағасында желкілдеп өскен құрақ бар. Қойнау-қойнау шоқ-шоқ тоғайға толы. Малға ықтасын, қой мен жылқы тебінмен-ақ қыстан шығады. Көшпелі халық үшін мұндай қолайлы мекен табу қиын. Жаудың қимай жылауының сыры осында. Олар да мал өсірген көшпелі халық еді. Өмір салты өздері сияқты қазақпен алып континент Азияның төсінде сиыспады. Бірі кетіп, бірі қалуы қажет болды. Сонымен жоңғар тарих сахнасынан түсті. Тек "бұл жерді қайта баспан" деген шерінен Баспан деген атау пайда болып, қазақ сахарасы мен санасында мәңгі қалды.
Репортажға арқау болған Келбажар армяндар үшін енді Баспан аталатын шығар. Әрине, өздерінің тілінде. Бұл екінші салыстыруымыз болатын.
Оқи отырыңыз: Түтіннен кейінгі бітім
Мәні бөлек мәрттік
Француз тілшісінің репортажындағы кейіпкер Вазген одан әрі былай дейді:
– 20 жыл бойы адамдар мұнда үй салды. Өмір сүрді.
Қарабақтың сыртындағы Келбажар сынды байырғы әзірбайжан қоныстарының орнына армяндар үй сала бастағанына 20 жыл ғана болғанын Вазген өзі айтып тұр. Ал армяндардың Қарабақтың өзіне табан тірегеніне әлі екі ғасыр толған жоқ. Бұл тарихқа сонау 1991 жылы газет тілшісі ретінде араағайындық делегацияға қосылған сапарда қаныққанбыз.
Сонда әзірбайжан ғалымдары аймаққа армян ұлтын қоныстандыру Ресейдің ықпалымен жүзеге асқанын бірнеше рет айтқан. ХІХ ғасыр басында парсы шахы мен орыс патшасы қайта-қайта соғысты. Кавказға таласты. Әрбір соғыс бейбіт келісіммен аяқталып отырғаны түсінікті.
Алғашқы Гүлстан, одан кейінгі 1828 жылғы 22 ақпандағы Түркіменшай келісімдері бойынша Иранның әлі күнге Әзірбайжан аталатын аймағында тұратын армяндар Ресей басып алған бұрынғы Қарабақ, Нахичеван, Ериван хандықтарына көшірілген. Бұл істі ұйымдастыру орыс армиясының полковнигі Лазаревке табысталған. Лазарев Ираннан Ресейге көшемін дегендерге көмек ретінде ақша таратқан.
Сол кезде Ресейдің парсы шахы сарайындағы елшісі Александр Грибоедов өзінің сыртқы істер министрлігіне хабарлама жіберген. Онда елші-жазушы армян архиепископы Нерсестің сөзіне сілтеме жасап, "Аракс өзенінен өтіп, біздің провинцияларға 8 мың армян отбасы қоныстаныпты" дейді.
Осы көш жайында тағы бір қызықты дерек бар. Өздерінің қоныс аударуына орыс патшасының қазынасынан ақша алған армяндар парсы жерінде қалып бара жатқан үйлері мен дүкендерін сатып үлгерген. Дойбышы қазақтың сөзімен: "Екі жеп, биге шыққан". Парсы шахына бұл хабар жетіп, олардың мүлкі мен үйін алмау, алса, арзанға түсіру туралы пәрмен түскенше, іс біткен. Қазақтың келесі сөзімен: "сауда сақал сипағанша" ғой.
Одан кейін орыс-түрік соғыстарының соңындағы келісімдер бойынша армяндар енді Түркияға қараған аймақтардан осы үш провинцияға әкелінді. Мұндағы түркі текті мұсылман халқы керісінше түрік сұлтанының қол астында болуды қалап, Босфор жағасын жағалаған.
Міне, қазіргі Қарабақ пен айналасындағы аумақтың берідегі тарихы осындай. Демографиялық жағдайды армяндардың өзі емес, Түркия мен Иранды келістіру арқылы орыс империясы түзеп берген.
Енді әлгі репортажға қайта оралайық. Құрылысшы Вазгеннің сөзі:
– Менің ішкі жақтан келгеніме екі жыл ғана болды. Бірақ, әйелім осында босанды.
Осы сөздер бізді тағы Тарбағатай төсіндегі ауылымыздың маңында үш ғасыр бұрын өткен оқиғаға оралтты. Ауылдың күншығыс жағындағы үлкен тауды Доланқара дейді. Арғы аталарымыз Бабай, Адамбай бидің қонысы осы таудың қойнауында болған. Бір шетінде зираттары тізіліп тұр.
Қара тау малға өте қолайлы. Сай-саласының шөбі қалың. Қар жұқа түседі. Қыста боран тұрмақ, үп кеткен жел соқпайды. Бергі баурайымен Боғас өзені ағады. Жағасы қалың ағаш. Одан ары не керек?! Суың да, жайылымың да жеткілікті.
Таудың Доланқара атануы қалмақ батырынан қалған. Оның атасы, әкесі, өзі бір ғасыр жайлаған жерді қайтаруға қазақтың қолы келіпті десетін біздің шалдар. Доланның ауылының іргесіне жақындап, "соғыса ма, жоқ еркімен босата ма, жауабын айтсын" депті. Не деген мәрттік! Қатын-баласын шулатып, бірден шауып алса болар еді. Әлгі Қарабақ аумағынан тыс Гәнжә мен басқа бейбіт қалаларды зымыранмен атқылаған зымияндық сияқты.
Жоқ, ол заманның соғысы бөлек. Осылай жауаптасып барып, келісе алмаса, қару көтеретін. Сонда Доланның жауабы: "қатыным жаңа босанды. Балам қырқынан шыққанша күтсін" болыпты. Демек, баланы қырқынан шығару дәстүрі көшпелі қос халыққа ортақ болып тұр ғой.
Екі жақ сөзге тұрған. Тура қырық күн болғанда қазақ батырлары Доланның ауылына келсе, жалғыз үйді қалдырып, басқасы түгел көшіп кетіпті. Маңайда жыбырлаған жәндік жоқ. Тігілген үйге Долан батыр толықсып тұрған бір қызын тастап кеткен. Біздің аталас ағайындарымыз осы қалмақ тоқалдан туған. Міне, соғыс. Соғыстағы азаматтық.
Осыны "Екі жыл бұрын келгенмін, әйелім енді босанды" деп өзі салған үйді өзі өртеп жатқан Вазгенмен салыстырып көріңіздер. Долан ба, Вазген бе, таразы басында қайсының салмағы ауыр екенін бағамдауды өздеріңізге қалдырдық.