Прямой эфир Новости спорта

Абай – бар болғаны бір-ақ кітап. Бірақ, оған бүкіл қазақтың болмысын сыйдыра білген

Абай – ақын. Ақын болған соң Абайдың мұрасы, негізінен, өлеңмен қалды. Сол Абайдың өлеңін талдау арқылы оның сырына, дүниесіне бойлап көрейік.

"Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасынан" бастап, "Көк тұман алдыңдағы келер заман" дейтін екі өлеңнің басын қосып бір қарайық.

Бүкіл қазақ баласының бір мәмілелі тоқтамы – Абайдың даналығы. Абай айтты дегенге айналмайтын, Абай тұжырым жасаған нәрсеге иланбайтын қазақ кемде-кем. Өйткені, Абайда бәрі бар. Не іздесеңіз – соны Абайдан табасыз. Мәселен, мектепті бітірген жастар: "Сен де – бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан" деп бір-біріне жол болсын айтып жатады. Топырақты өлімде, торқалы тойда да Абайға сүйенеміз. "Өлім барда қорлық жоқ" деп асып-тасып сөз айтсақ, "Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ" десек, енді бір жерде "Құлақтан кіріп, бойды алар" деп концертімізді ашып жатамыз.

Абайда расымен бәрі бар. Гете сияқты 143 том, Толстой сияқты 96 том жазған жоқ. Мұқаба үнемдеген адамға Абай – бар болғаны бір-ақ кітап. Оған бүкіл қазақтың болмысын сыйдыра білді.

Халықтық ұғымда қазақ Абайды ақын деп таниды. Бірақ, ол – ақындар ішіндегі, Әуезов айтпақшы, ақылдың ақыны. Абайдың жүріп өткен жолы, оның сүрген өмірі, шынында да, қазақтың ең бір отарлықтың қамытын әбден киіп, басқыншы жұрттың қарамағына толығымен кірген шағы.

Оқи отырыңыз: Абай қандай қазақты көргісі келді?

Абайдың өзі: "Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы" дейді. Саралау – классификациялау, жіктеу. "Қиыннан қиыстырар ер данасы". Рас, ақындық екінің бірінің қолынан келетін нәрсе емес. Соны меңзеп, Абай өлеңнің алғышарттарын айтады. "Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы. Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның ғылымсыз бейшарасы". Яғни, ақын дейтін аты қалады, ақын емес деп айтпаймыз, бірақ ғылымы жоқ бейшара, дарыны кем ақын деген сөз.

Осы жерде Абайды неліктен хакім атайтынымыз шығады. Оны Абайдың өз сөзімен айтсақ, "Әрбір хакім – ғалым, әрбір ғалым – хакім емес". Хакімдік даналық. Ал даналық екінің біріне берілмейді, тиісінше ғалым көп болғанымен, олардың бәрі хакім бола бермейді. Ал хакімнің бәрі ғалым бола алады. Өйткені, ол әр нәрсенің ретін біледі, әр нәрсеге даналық көзімен қарайды.

Ақын үшін не керек? "Әуелі аят, хадис – сөздің басы" дейді Абай. Аят – құранның бөлшегі, хадис – Пайғамбар Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) өнегесі. Сүйенетін нәрсең әуелі аят, хадис сөздің басы болу керек. Сүйенетін нәрсең сол. "Қосарлы бәйіт, мысал келді арасы". Бәйіт, мысал таихы, қиссасы бар дүние. "Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы" дейді Абай. Егер саған қисынды болмаса, ол қызық, яғни сенің өмірге, тұтынуыңа көмектеспесе, ол сенің қалай бала-шағаңды асырауыңа, қалай мал бағуыңа, қалай кәсіп қылуыңа, туыстық қарым-қатынас, қоғамдағы орның, осының бәріне қисынды, қызықты, ол сенің қызметіңе жарамаса, неменеге айтады?

Оқи отырыңыз: Абай баланы қалай тәрбиеледі?

Алла тағала ештеңеге мұқтаж емес деп Абайдың өзі айтады. Алла ештеңеге мұқтаж емес, адам баласы біз мұқтажбыз дейді. Ал Алла өлшеусіз, адам баласы өлшеулі. "Өлшеулімен Өлшеусізді өлшей алмақ емессің" деген Абай өзінің бір сөзін тағы мына бір тұста әдемілеп айтып кетеді. Сонда қарап отырсаңыз, Абай сүйенген нәрсе аят пен хадис. Осыны кейбірде айтқан кезде, әрине, "әй, сендер Абайдан молда жасамаңдар, қойыңдаршы осы сөздеріңді" деп айтып, қарсылық танытушылар көп. Енді өзінде жоқ нәрсеге адам баласының дұшпан бола кететін әдеті. Абайды түсіну үшін Абайдың жолымен жүру керек. Мәселен, спорттан жақсы тренер болу үшін чемпион болмасаң да, ең құрығанда кілемде жаға ұстасудан, шалысудан хабарың болу керек. Сол секілді Абайды түсіну үшін Абай сияқты тақуа болмасаң да, діннің негізгі элементарлы алғышарттарынан хабарың болу керек. Әйтпесе, Абайды түсіну мүмкін емес.

Абайды түсінемін десеңіз, Абайдың жолымен жүріңіз. Ал Абайдың жолы не дегенде, Абай: "Алланың, пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық иманымыз" дейді. Кімнің жолында? Алланың жолындамын, пайғамбардың жолындамын деп өзі айтып отырған Абайды "сен Исламнан бөлексің" деп қарау Абайға қиянат жасаумен тең.

Абай: "Құран – рас, Алланың сөзі-дүр ол, Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ" дейді. Рас деген сөзде жай ғана рас емес, абсолютті ақиқат жатыр. Адам баласының миының жемісі емес, бұл Алладан түскен ақиқат. Абайдың "әһлі кітап" деп отырған сөзі бұл жерде, шын мәнінде, Хақтан түскен, адам санасынан тыс Алланың сөзі дегені.

Оқи отырыңыз: Ұят туралы. Ұятмен қайдан шықты?

Абай: "Распенен таласпа мүмин болсаң, Ойла, айттым, адамдық атын жойма!" дейді. Адам деген атыңды сақтап қалу үшін рас нәрсемен, абсолютпен таласпа дегені. Енді бір сөзінде: "Ақсақал айтты, бай айтты, Кім болса, мейлі, сол айтты, Ақыл сенбей сенбеңіз" дейді. Өйткені, ол – адам миының жемісі. Ол абсолют емес, яғни, аят, хадис емес дейді. "Аят, хадис емес қой, Күпір болдың демес қой, Қанша қарсы келсеңіз. Надандарға бой берме, Шын сөзбенен өлсеңіз".

Абайдың көп сөздері бар. Соның ішінде бәріміздің есімізде бары – "Мені" мен "менікі". "Мені" мен "менікінің" айрылғанын "Өлді" деп ат қойыпты өңкей білмес" дейді Абай. "Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі". Осы бір нәрсе, жалпы, Абайға дейін тап осындай дәрежеде ғылыми теологиялық негізде айтыла қойған жоқ. Одан кейін де айтылғаны шамалы. Абаймен басталды, өкінішке орай, Абаймен сол әрі қарай аса бір қатты тәпсірленді деп айта алмаймыз.

"Көк тұман алдыңдағы келер заман". Келер уақыт белгісіз. Шынында да көк тұман. Ертең не боларын білмейміз. Осыдан жарты жыл бұрын "бүкіл әлем карантинде болады" десе, ешкім сенбес еді. Бір тарының қауызына сыйғандай адамның баласын үйінің ішіне, өзінің шаңырағына қуып тыққан нәрсені білмедік қой біз. Бүгінгі күн осыдан жарты жыл бұрын көк тұман еді. Сол сияқты, алдымызда келетін күн де белгісіз. "Көк тұман алдыңдағы келер заман". Адам болған соң, шайтан ғана үмітсіз. Бәріміз үміттенеміз. "Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр". 21-жыл, 23-жыл, 41-жыл, 2020, 2050 дегендей жаңа жылдар келе жатыр. Әрқайсында 365 күннен бар. "Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған. Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс, Келер, кетер, артына із қалдырмас. Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн, Арғысын бір-ақ Алла біледі рас". Таң қаласыз ба, таң қалмайсыз ба?

Оқи отырыңыз: Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі

Абай ойын жалғап: "Ақыл мен жан – мен өзім, ал тән – менікі" дейді. Мына киім – тән. Бар болғаны киім, сенің бұл өмірдегі уақытша сәнің ғана.

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
"Мені" мен "менікінің" мағынасы – екі.
"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі" өлсе өлсін, оған бекі.

Дүние қалады. Алланың алдына сен таза жаныңмен, иманыңмен барасың. Жалпы, адамды құдайдан қорқытатын, тақуа қылатын осы бір негіз. Жан – мәңгілік, ол өлмейді. Жан ертең жауап береді. Құранда кәпірлер "шіркін-ай, топыраққа айналып кетсем екен, осы беті жоқ болып кетсем екен" дейді. Бірақ жоқ болмайсың, бәрінің жазасы бар. Абай айтып отырған нәрсе осы. Жан – мәңгілік. Ендеше, кез келген нәрсеге сен ертең Алла алдында жауап бересің деп айтады. Абайдың жиі кездесетін сөзінде "мақшарда, Субһана Алла тағаланың алдына барғанда" дейтін сөзі бар, мәселе осы жерде тұр. Енді осы өмірде соны ескермей, имандылықты, тақуалықты ескермей, "Шырақтар, ынталарың "менікінде", Тән құмарын іздейсің күні-түнде. Әділеттік, арлылық, махаббат пен – Үй жолдасың қабірден әрі өткенде" дейді. Ынтамыз "менікінде" екені рас, біразымыз, бәріміз солай. Біраз дүниені бұл дүниемен шектеп тастағанымыз, бұдан кейін ештеңе болматындай. Абай тағы да айтады: "Әсте өлмесін білгендей қылық қылған, Өлейін деп өлмейді өлерлік жан, Әсте өлмесін білгендей қылық қылған". Өлместей тірлік қып, бір-біріміздің жағамызды жыртып, бұл дүние мәңгіліктей көріп, көңіл қалдырысып жатқан жағдайымыз жоқ емес. Абай соны айтып отыр. "Шырақтар, ынталарың "менікінде", Тән рахатын іздейсің күні-түнде".

Оқи отырыңыз: "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты президент мақаласындағы 10 өзекті ой

Абай: "Әділеттік, арлылық, махаббат" дейді. Әділеттік – Алланың сипаты, арлылық – ұят, махаббат ол – махаббат. Алла тағала махаббатпен жаратқан адамзатты. Осы "Үй жолдасың қабірден әрі өткенде". Адам қайтыс болғанда күні бүгінге дейін "иманы жолдасы болсын", "иманы саламат болсын". "Үй жолдасы қабірден әрі өткенде", "үй жолдасы болсын" деп айтады. Абай да осыны айтып отыр. "Үй жолдасың қабірден әрі өткенде", сол сенің бойыңдағы иманың, әділеттік, арлылық, махаббатың деп айтады. "Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі – Алланыкі. Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда, ойла, болады не сенікі?"

Жауап біреу-ақ. Екі жердегі екім төрт деген сияқты, сонда иманың қана қалады. Сол иманың саламат болсын! Иманың жолдас болсын! Жолдас болғанда не? Жолдас деген жолсерік деген сияқты нәрсе ғой. Ертең сені қолыңнан жетектеп жүретін жақсы ісің, жақсы қылығың. Алдында да айттық, "Малға сат, пайдаға сат қылығыңды, Ылайла ылай оймен тұнығыңды, – Сонда өмірден алдамшы бола алмассың, Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды" дейді. Өмір өтіп бара жатыр. Алдамшы болмау үшін өмір – шынайы нәрсе. Ол сыртқа емес, күнделікті адаммен қарым-қатынасың, күнделікті біздің эмоциямыз, көретін қызығымыз, қайғырған қайғымыз, қуанған қуанышымыздың бәрі бұл инсанияттың кәммәләттігі үшін, адамның өмірде сыналуы үшін қажетті дүниелер. Осында қару қылатын нәрсең – әділеттік, арлылық, махаббат дейді. Енді осыдан артық қандай уағыз болуы мүмкін? Осыдан артық бір адамшылыққа бастайтын жол болуы мүмкін? Абай бәрін айтқан. Тек біз түсіне білсек жетіп жатыр.

Оқи отырыңыз: Абайдың 175 жылдығына орай Алматыда ескерткіші ашылды

Адам өмірге кірісті. "Адамның адамшылығы – құдайды анығырақ тануымен" деп Абай айтады. Адам адамнанан дейді, кім Алланы анығырақ таниды, сондығымен артылады дейді. Біреу Алланы соншалықты таныған сайын, ол кішірейе түседі. Ол таныған сайын өмірдің өткінші екенін біледі. Өмірдің өткінші екенін білсе, ол көрінгеннің жағасын жыртпайды, дүние үшін, басқа үшін біреумен жаманшылыққа бармайды. Ондай адамнан жаманшылық күтпейсің. Қазақтың өзі де бекерден бекер айтпайды "Құдайдан қорықпағаннан қорық" деп.

Абай: "Мазлұм – өмірден зұлымдық көрген, қиыншылық көрген, кедейшіліктен көре ме, аурудан көре ме, адамнан көре ме, жалпы, зұлымдыққа ұшыраған, қиыншылыққа ұшыраған адамға" дейді, Абай: "Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын" – ол ұлт бола ма, қауым бола ма, әулетің бола ма – "Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін" дейді. Көптің қамына жасаған қызметің, ұлтқа жасаған, қоғамға жасаған қызметіңнің бәрі Алла тағаланың, былайша айтқанда, ризашылығында және оның қарауында, бақылауында тұрған дүние екенін Абай қандай әдемі қылып айтады!

Адам болған соң, әркімнің өзінің мақсаты бір керегіне қарай бұрылып тұрады. Абай: "Әркімнің өз мақсаты керегінде, Біле алмадым пысығын, зерегін де. Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар, Ақиқат та, дін дағы тереңінде" дейді. Тереңге сүңгіген сайын, анығырақ білген сайын көкірек көзіңіз ашылады. Бұл Абайдың өлеңі арқылы қазақ өзінің иманын табуға жақсы жолы бар деп ойлаймын. Абай сонысымен Абай. "Мені" мен "менікінің" айырылғаны" дегенде, "Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі" дегенде, бұл философияның, бұл Абай даналығының сырын терең түсінген қазақтың Алласын тануы, Алласын таныған соң бақытқа жол табуы анағұрлым оңай деп ойлаймын. Сонысымен де Абай құнды.


Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес. Бекболат Тілеухан


Поделиться:

Новости партнеров