USD: 488.3 / 490.9
  • EUR: 566.5 / 571.5
  • RUB: 6.53 / 6.65
Тікелей эфир
Алматы +25C
Все города

"Аманат" пен "Әділет" партиялары не үшін бірікті?

Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Сарапшы бұл одақтың бағдарламалық ұқсастықтары мен ішкі басқару жүйесіндегі айырмашылықтарға тоқталады.

Қазақстанның саяси сахнасындағы соңғы ірі оқиғалардың бірі – "Аманат" пен жаңадан құрылған "Әділет" партияларының бірігу процесі болды. Бұл қадам билік транзиті мен партиялық жүйені қайта форматтау кезеңінде қандай мақсатты көздейді? Саясаттанушы әрі халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Таир Нигманов бұл шешімнің астарында билікшіл электоратты бөлшектемеу және парламенттегі конституциялық көпшілікті, яғни дауыстың үштен екісін сақтап қалу стратегиясы жатқанын алға тартады. Сарапшының пайымдауынша, бұл бірігу идеологиялық қайшылық тудырмағанымен, жаңа ұйымның "Аманаттың" ішкі бюрократиялық аппаратына сіңіп, жұтылып кету қаупін күшейтеді. Осы саяси шешімнің "ішкі асханасы" мен оның қатардағы сайлаушыларға тигізер әсері туралы маманның пікірін ұсынамыз.

"Шынымды айтсам, "Аманаттың" "Әділет" партиясымен бірігуге неліктен мұншалықты құлшынып отырғанының себептері маған аса түсінікті емес. Меніңше, олардың басшылыққа алып отырған ресми логикасы – президентті қолдайтын электоратты бөлшектемеу. Екі партия да, негізінен, президенттік бағытты ұстанады, екеуі де центристік күштер, яғни саяси және партиялық кеңістікте оларды шынымен де көп нәрсе жақындастырады. Ал қатардағы сайлаушы үшін бұл екі партия бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ болып көрінуі әбден мүмкін. Шартты түрде айтсақ, талғамдары ұқсас адамдар, яғни сайлаушылар, мәселен, үш жағдайдың екеуінде "Аманатқа", ал біреуінде "Әділетке" немесе әлі өзін көрсете қоймаған басқа да жаңа партияларға дауыс береді. Осы тұрғыдан алғанда, партия лидерлерінің ресми ұстанымы, "Аманат" партиясы өкілдерінің өздері де айтып өткендей, президентті қолдайтын электоратты бөлшектемеуге бағытталған сияқты. Себебі соңғы нәтижеде, олардың пайымдауынша, "Аманат" партиясы, айталық, 50% дауыс жинауы мүмкін еді, 50%-дан кем алуы екіталай, бірақ сәл ғана асатын еді. Алайда мұндай партия үшін, мұндай саяси күш үшін, әрине, конституциялық көпшілікке, яғни дауыстың үштен екісіне ие болу маңызды. Сол себепті, әлеуетті сайлаушыларды бөлшектеп алмау үшін жаңадан құрылған партиямен бірігу туралы осындай шешім қабылданды. Бұны бір партияның рөлін күшейту әрекеті деп санауға бола ма? Меніңше, иә, дәл мен түсіндірген стратегиялық тұрғыдан алғанда солай. Яғни, бұл – жартысынан сәл ғана асатын, тіпті кім біледі, жартысына да жетпейтін дауысты бақылайтын ұйым емес, ең кемі дауыстың үштен екісінен үміткер партияға айналу әрекеті", – деді Таир Нигманов.


Оқи отырыңыз: Болашақ үшін күш біріктіру – AMANAT жаңа құрылған "Әділет" партиясына қосылады


Дегенмен, бұл шешімнің сыртқы саяси астарынан бөлек, партиялардың ішкі болмысына қатысты маңызды сауалдар бар. Сарапшы бұл одақтың бағдарламалық ұқсастықтары мен ішкі басқару жүйесіндегі айырмашылықтарына тоқталады.

"Біріккеннен кейін "Әділет" өз күн тәртібі мен идеяларын сақтап қала ма, әлде жаңа құрылымның ішінде сіңіп кете ме? Меніңше, олардың негізгі идеялары тұтастай алғанда жоғалып кетпейді. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, бұл партиялардың сипаты өте ұқсас, екеуі де президенттік бағытқа сүйенеді және өздерін центристік партиялар деп мәлімдейді. Ал біздегі қалған партиялар, әдетте, өздерін солшыл центристік немесе оңшыл центристік деп анықтайды. Сондықтан бұл бағытта "Аманат" пен "Әділетті" шынымен де көп нәрсе біріктіреді. Меніңше, сіңісіп, жоғалып кету қаупі идеологиялық тұрғыдан емес, көбіне құрылымдық-бюрократиялық деңгейде туындап тұр. Яғни, "Аманат" – өзіндік бюрократиялық тетіктері қалыптасқан, өте ескі саяси құрылым, байырғы партия. Ал "Әділет" болса жаңа ғана құрылды: олар саяси кеңесін сайлады, төрағасын белгіледі, енді ғана өздерінің ішкі процестерін жолға қоюға тырысып жатыр", – деді саясаттанушы.

Ары қарай Таир Нигманов екі партияның бірігуіндегі басты қауіпті атай отырып, бұл оқиғаның қатардағы сайлаушылар үшін қандай маңызға ие екенін нақтылады.

"Мәселе мынада, тіпті партиялардың көзқарастары мен идеологиясы бірдей болған күннің өзінде, олардың ішкі ахуалы – партияның іштен қалай құрылғаны, қай көшбасшының қандай рөл атқаратыны, жеке тұлғалардың ықпалы – бәрібір белгілі бір стилистикалық өзгешеліктерді тудырады. Ал Қазақстандағыдай партиялар арасындағы идеологиялық алшақтық аз болған жағдайда, осы стилистикалық айырмашылықтар үлкен рөл атқаруы мүмкін. Шын мәнінде, ең басты қауіп те осы жерде жатыр деп ойлаймын. Яғни, "Аманат" пен "Әділет" біріккен кезде, "Әділет" "Аманаттың" осынау ауқымды, тармақталған және өте күрделі архитектурасын бойына сіңіре отырып, оның ішкі құрылымын да толық қабылдап қоймай ма? Бұны уақыт көрсетеді. Саяси кеңестің қалай өзгеретінін, төрағаның тағдыры не болатынын бақылау керек. Дегенмен, партия жақын арада оны қайта сайлауға ұмтыла қоймас. Бірақ мұндай қауіп бар. Ал бұл бірігу қатардағы сайлаушыларға не береді? Меніңше, тұтастай алғанда, бұл сайлаушылардың қызығушылығын уақытша ояту ғана. Себебі "Аманаттан" қатардағы сайлаушылар біршама жалыққан да шығар. Ал бұл жерде партиялық кеңістіктегі өзгерістерге қызығатындар үшін өзіндік бір жаңару сияқты көрінеді. Сондықтан, бұл тек саяси процестер мен жалпы сайлауға деген қызығушылықты арттыру ғана деп ойлаймын. Бірақ бұл тікелей дауыс беру кезіндегі сайлау баламалылығы (альтернатива) тұрғысынан түбегейлі бірдеңені өзгертеді деп есептемеймін", – деп қорытындылады Таир Нигманов.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз