Тікелей эфир

Жәрдемақы өсіп, электр энергиясы қымбаттайды. Шілдеден бастап тағы қандай өзгерістер болады?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Шілдеден бастап көпбалалы аналар жоғары жәрдемақы ала бастайды.

Шілде айынан бастап қазақстандықтарды бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Informburo.kz солардың маңыздыларына шолу жасады.

Жәрдемақы мен зейнетақы өсті

Жұмыс өтілі жоғары зейнеткерлер үшін базалық төлем 13 мың теңгеге артты. Бұған дейін барлық азаматтар біркелкі, яғни, 15 274 теңге зейнетақы алып отырды. Сондай-ақ, сегіз және одан көп баласы бар отбасылардың жәрдемақысы ұлғайды. Енді 11 шілдеден бастап көп балалы отбасыларға әр бала үшін 4 АЕК (11 112 теңге) көлемінде төлем беріледі. Жәрдемақы көлемі төмендегідей:

  • 8 бала үшін – 88 896 теңге;
  • 9 балаға – 100 008 теңге;
  • 10 балаға – 111 120 теңге;
  • 11 балаға – 122 232 теңге;
  • 12 балаға – 133 344 теңге;
  • 13 балаға – 144 456 теңге;
  • 14 балаға – 155 568 теңге;
  • 15 балаға – 166 680 теңге;
  • 16 балаға – 177 792 теңге.

Оқи отырыңыз: Жәрдемақы мөлшері артты. Мүмкіндігі шектеулі жандар енді қанша ақша алады?

Электр энергиясы қымбаттайды

Қазақстанда электр энергиясының шекті тарифі өсті. Оның негізгі себебі – энергияны өндірудің өзіндік құнының осы күнге дейін бекітілген шекті тарифтен төмен болып келуі. 44 энергия өндіруші ұйымның 34-інде тариф ұлғайған, 9 ұйымда бұрынғы деңгейде сақталды, ал біреуінде төмендетілді. Электр энергиясына шекті тарифтерді қайта қарау 27 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жаңа тарифтерге сай, қазақстандықтар электр энергиясына орта есеппен айына 200 теңге артық төлейтін болады.

Темекі бағасы өсті

1 шілдеден бастап темекі бағасы қымбаттады. Енді сүзгісі бар және сүзгісіз темекі мен шылымның ең төменгі бағасы 440 теңгені құрайды. Бұған дейін темекінің ең төменгі бағасы 420 теңге болған еді. Ал 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап темекі құны 460 теңгеге дейін көтеріледі деп жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезіндегі төлемдер. Декреттегі аналардың жағдайы қалай өзгереді?

Заңсыз қаруды онлайн тапсыру

1 шілдеден бастап қазақстандықтардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу науқаны басталды. Қару-жарақты өз еркімен тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне, оның техникалық жай-күйіне байланысты, комиссия шешімімен 10-нан 100 АЕК-ке дейін (27 780 теңгеден 277 800 теңгеге дейін) сыйақы төленеді. Тіркелмеген қару-жарақты өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды. Айта кетсек, карантиндік шараларға байланысты заңсыз қаруды тапсыру үшін полиция департаментінің ғимаратына барудың қажеті жоқ. Құзырлы органның сайтында көрсетілген "қауырт желі" телефонына немесе "102" номеріне хабарласып, өтініш қалдыруға болады. Қаруды ішкі істер органдарының қызметкерлері өтініш берушінің мекен жайына барып қабылдап алады.

Шетелге тауар экспорттаушылар міндетті таңбалау жүргізу қажет

1 шілдеден бастап тауарларды Ресейге экспорттаушылар үшін міндетті таңбалау туралы заң күшіне енді. Бұл дәрі-дәрмек, аяқ киім және темекі өнімдерін жеткізушілерге қатысты. ЕАЭО-ға мүше елдер арасында тауарларды таңбалауға бастамашысы Ресей болды. Бұған дейін бұл процесс көлеңкелі айналыммен күресуге ғана емес, өнімнің бар-жоғын бақылауға мүмкіндік беретіндігі айтылды. Алайда, отандық бизнесмендер бұл қосымша қаржылық шығын екенін айтады. Нәтижесінде экспорттық тауардың ғана емес, әкелінетін тауардың да құны қымбаттамақ.

Серіктестер жаңалықтары