Тікелей эфир

"Жарды жанармен емес, ақылмен таңдаңыз". Бақытты отбасы болудың 100 принципі

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қазақстанда "отбасы және тәрбие" сериясымен Қазим Мұстахимұлының "Жұбайлар құпиясы" кітабы жарық көрді.
Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында шығарған бұл еңбегінде автор жастарға пайдалы кеңестер ұсынады. Халық арасында "жабық" саналатын тақырыпқа түрен салады. Еңбек 18 жастан асқан оқырмандарға арналған.
Кітап бес бөлімнен құралған:
  • Отбасының маңызы;
  • Жар таңдау;
  • Үйленуде ата-ана мен туыстардың ролі;
  • Бақытты отбасы болудың 100 принципі;
  • Жыныстық қатынас туралы түсінік.
Төменде оқырман назарына бақытты отбасы болудың 100 принципін ұсынамыз:
  1. Үйлену зорлықпен емес, қайта адамның сезімі мен ақылының қосылып ішкі қалауымен болады.
  2. Отбасыңызды асырай алатындай экономикалық, қорғай алатындай физикалық әрі тәрбиелей алатындай білім жағынан күшті болуға әрекет етіңіз.
  3. Үйленбестен бұрын үйленуге байланысты кітаптар оқып, отбасы құруға кеңес беретін курстарға қатысып, дұрыс отбасы құрған жақын адамдарыңыздан кеңес алыңыз.
  4. Кемшіліксіз жар іздеген адамның дұрыс отбасы құра алмайтындығын жақсы біліңіз.
  5. Жар ретінде таңдаған адамыңызды сыртынан болса да көрсетіп, ата-анаңыздың да көзқарасын, ақылын алуға тырысыңыз.
  6. Отбасы мәселесінде үйленетін жастардың арасында тепе-теңдік тек қана материя мен сыртқы көрініс немесе жас жағынан ғана емес, әлеуметтік көзқарас, мәдени түсінік, рухани құндылық жақтарынан да бір-біріне жақын болуы шарт.
  7. Қазір заман басқа, заң басқа деп "Жеті атадан қыз алмау" дәстүрінен алыстамаңыз. Бұл сіздің және сіздің балаларыңыздың денсаулығы үшін өте маңызды.
  8. Туыстардың, достардың, ата-ананың зорлығымен, өтінішімен өзіңіздің шешіміңізсіз үйленбеңіз.
  9. Бақытты отбасы құруды армандасаңыз, өзіңізге тең келетін бір адаммен үйленіңіз. "Айға секірген арыстанның жамбасын сындырғанын" естен шығармаңыз.
  10. Үйленгіңіз келген адамның сізге келетін ең негізгі керекті ортақ жақтарына (кішіпейіл, адал, сабырлы) баса мән беріңіз. Қалған ұсақ мәселелер уақыттың өтуімен ортақ шешуге әрекет етесіз. Болмаса барлық жақтан кемшіліксіз болған адамды табу өте қиын.
  11. Өмірде біз армандаған керемет отбасы болуы мүмкін, алайда шынайы өмірде ондай болуы екі талай.
  12. Үйленетін адамға басты шешім қабылдап, таңдау жасайтын алғашқы, әрі соңғы нүкте қоятын сізсіз. Қалған адамдар – ақыл, кеңес, өмірлік тәжірибесімен сізге жол көрсетуші.
  13. Үйленетін адаммен таныса салып үйлену деген осы деп тым асығыстыққа салынбаңыз әрі бір-бірімізді тани түсейік деп тым ұзаққа да созбаңыз.
  14. Балиғатқа толмастан отбасы құруға тырыспаңыз, яғни жауапкершілік арқалай алмайтындай тым ерте жаста отбасы құрудан сақтаныңыз.
  15. Отбасы құрар алдында, яғни, таңдаған адамыңызбен бірге шешім қабылдайтын кезде шынайы әрі нақты бейнелеріңізбен шешім қабылдаңыз. Жалған түр, жалған мінез, жалған уәдемен қабылданған шешім ұзаққа бармайды.
  16. Отбасының орнықты, нық тұруы үшін қажетті негізгі үш нәрсені ұмытпаңыз, олар: сүйіспеншілік, құрмет, сенімділік.
  17. Отбасы құру қиыншылықсыз болмайды, кез келген уақытта күтпеген жерден күтпеген сынақтар болуы мүмкін.
  18. Үйленемін деп шешкен адамыңыздың отбасымен де "үйленетініңізді" ұмытпаңыз.
  19. Жар қылатын адамыңызды алыстан армандап іздегенше, айналадан, өзіңіз танитын, білетін ортадан қарастырғаныңыз тіптен жақсы.
  20. Газет, журналдар мен интернет сайттары, TV шоу бағдарламаларымен дұрыс отбасы құрылмайтынын, олар арқылы жар іздеген адамның психологиялық немесе тәрбие жағынан сау адам емес екенін жақсы біліңіз.
  21. Үйленетін кезде, сезімге қатты берілмей, оны тек алғашқыда үйді ашып кіретін кілт сияқты қолданып, бастысы – нақты шешім қабылдайтын кезде ақылды дұрыс қолдана білу.
  22. Жарыңызды көзіңізбен емес, қайта ақылыңызбен таңдаңыз.
  23. Жар таңдауда жүректің қалауын ақылмен ұштастыруды да ұмытпаңыз.
  24. Үйленетін адаммен алғашқы кездесу мәселенің шешілуі емес, басталуы екенін, алғашқы бір қадам екенін ұмытпаңыз.
  25. Алғашқы кездесуде ұзақ-сонар әңгімеге уақыт ысырап етпей, қысқа да нұсқа, нақты мақсаттар мен негізгі мәселе туралы қысқа кездесу болсын. Себебі ұзақ сөйлесу екеуіңіздің жағымсыз жақтарыңызды көрсетіп, мәселе басталмай жатып аяқталуы мүмкін.
  26. Үйленетін адамыңызбен алғаш кездескенде жалған ілтипат, жалған сыпайылық көрсетіп өзіңізге жалған жарнама жасаудан сақтаныңыз. Қалай болсаңыз солай болыңыз.
  27. Алғаш кездесудегі сіздің түр-сипатыңыз, кескін-келбетіңіз, сөз сөйлеу мәнеріңіз өте маңызды. Алғаш кездесуде мән бермей жасалған бір қателік – үйленгеннен кейін де жылдар бойы жарыңыздың әңгімесіне азық болатын мәселе.
  28. Жүрегіңіз қаламаған, ұнатпаған, алайда біреудің таныстыруымен ешкімге кездесе салмаңыз. Себебі үйленетін адам машина емес жүргізіп көретін.
  29. Ғашықтық пен сүйіспеншілікті шатастырмаңыз.
  30. Қалау мен сүюді бір-біріне араластырмаңыз.
  31. Сіз жарыңыздан ұзақ уақыттық сүйіспеншілік қаласаңыз, сіз сонша уақыттық оған сүйіспеншілік сыйлаңыз.
  32. Сүйіспеншілік пен құрмет көрсетудің негізі – жарлардың бір-бірін тыңдай білуінде.
  33. Бір нәрсе алуды қаласаңыз, қалағаныңызды (мейірім, әдептілік, кішіпейілділік т.б.) әуелі жарыңызға сіз беріңіз.
  34. Дұрыс сенімі болмаған (атеист, буддист т.б.) яғни, қандай сенімде екені белгісіз болған адаммен үйлену қиын мәселе.
  35. Жар таңдаған кезде мәдениет және білім жақтан өзара жарысқа түспеңіз.
  36. Діни сенімі әртүрлі екі жастың отбасы құруы өте қиын.
  37. Таңдаған үйленетін адамыңызбен алдымен жақсы дос, соңында тұрақты жолдас болуға әрекет етіңіз.
  38. Үйленетін адамыңыз туралы ақпарат жинағанда әуелі оның отбасынан бастаңыз. "Алма – ағашынан алысқа түспейді".
  39. Үйленбестен бұрын бір-біріңізден үйленудегі мақсатын, үйленуден не күтетінін ашық сұраңыз.
  40. Үйленетін адамыңыз туралы ақпараттың екінші қайнар бұлағы оның достары мен жолдастары екенін ұмытпаңыз.
  41. Үйленетін адамыңыздан сіз іздеген ең басты қажетті фактор: тұлғалық жауапкершілік қабілеті.
  42. Бой жағынан толғанымен, ой жағынан әлі шала біреумен үйлену өте қауіпті.
  43. Ешқашан өзінікінен басқа ешкімдікін дұрыс санамайтын адаммен үйленбеуге тырысыңыз.
  44. Бос нәрсеге жоспарсыз ақша шашатын бір адамның кез келген нәрсесін (уақытын, денсаулығын, ақылын т.б.) осылай шашатынынан хабарыңыз болсын.
  45. Жар ретінде таңдайтын адамыңыздың сөйлеген сөздеріне қарамай, оның жасаған амал, әрекеттеріне, істеріне қарап шешім қабылдаңыз.
  46. Үйленетін адамыңызбен сөйлескен кезде барынша өзіңізді дұрыс қадағалауда ұстаңыз, сезімге берілудің немесе қатты рөлге берілудің керегі жоқ.
  47. Дұрыс жар тапқыңыз келсе, әуелі өзіңіз дұрыс болыңыз.
  48. Өз ата-анасын құрметтемеген адам ертең сізге жар болып та құрмет көрсетпейді.
  49. Жар таңдағанда өз баласын ант-су ішіп мақтаған отбасылардан абай болған жөн, себебі жақсы адамды асыра мақтамай-ақ айналасындағылар жақсы біледі.
  50. Әкесінің алдында қалаған киіммен, қалаған мінезбен, қалаған қылығымен әрекет еткен адам ертең сізге де тура солай әрекет ететініне күмәніңіз болмасын.
  51. Өтірік айтатын адамның ертең шын сөзі далаға кететінін жақсы біліңіз.
  52. Себепсізден себепсіз алдауға бару, көзіңізді бақырайтып қойып өтірік сылтау айту үйленетін адамыңыздың ертең жаман жолдарға да баруынан дерек береді.
  53. Сізді сіздің көзіңізше басы артық мақтаған адамды жар ретінде таңдаудан абай болыңыз.
  54. Кездескенде сізге өлшемнен тыс артық ілтипат көрсеткен адамнан алыс тұрыңыз.
  55. Үйлену соншалықты жауапкершілігі ауыр бір міндет болғаннан кейін үйленеміз деп шешкен адамыңызбен отбасы құруға кеңес орталықтарына барып кеңес алуға, сол арқылы үйленетін адамыңызды одан арман тануға тырысыңыз.
  56. Үйлену мәселесінде бойдақ, ажырасқан немесе карьера қуып отырып қалған адамдармен ақылдаспауға тырысыңыз.
  57. Үйлену үшін дұрыс отбасы құрып, ұзақ уақыт отбасын тұрақты сақтап бақытты болған таныстарыңыздан немесе жақын туыстарыңыздан кеңес алыңыз.
  58. Үйленетін адамыңызға алдын-ала, үйленбестен бұрын жеке шарттарыңыз болса, ашық айтыңыз.
  59. Үйленетін адамыңызға алдын-ала қоятын талап, шарттарыңыз болса, алдын-ала сөйлесіңіз. Мысалы, дәстүрге қатты мән бересіз, дінге қатты мән бересіз т.б.
  60. Үйленгеннен кейін туыстарыңызбен немесе ата-анаңызбен бірге тұратын болсаңыз, үйленетін адамыңызға шешім қабылдаудан бұрын ескертуге міндеттісіз.
  61. Көш жүре түзелер деп, көзді жұмып үйлене салудан аулақ болыңыз.
  62. Жеке басыңызға байланысты психологиялық немесе физиологиялық әлсіздіктеріңіз болса, алдын-ала үйленетін адамға ескертіңіз.
  63. Барлық сақтық шараларын жасау "супер отбасы болу" емес екенін жақсы біліңіз.
  64. Жарыңызды жақсырақ тану үшін кішкентай да болса кешігіп келу, сөзіне қарсы сөз айтып, аз да болса талас-тартыс шығару сынды сынақтар жасаудың да пайдасы бар.
  65. Менің ақшам бар, атағым бар деп, өзіңіздің теңіңіз болмаған адамға қол созудан аулақ болыңыз.
  66. Қазір жас қой, амалдап үйленіп алайын, сосын өзім тәрбиелеп алам деген жалған үмітке алданбаңыз. Қазір заман басқа, заң басқа, адам басқа.
  67. Ақша сіздің отбасыңызды уақытша өткінші ләззатқа бөлеуі мүмкін, бірақ ешқашан көңіліңізді рахатқа бөлемейді. Сондықтан отбасы мәселесінде ақшамен сатып ала алмайтын көп нәрсе бар екенін ұмытпаңыз.
  68. Жарыңыздың бойдақ күнінде қалыптасқан жағымсыз қылықтарымен үйленген сәттен бастап, тіпті үйленбестен бұрын ақылдаса отырып шешудің жолын ортақ қарастыруға әрекет етіңіз. Себебі "баланы – жастан, әйелді – бастан" деген мақалды естен шығармаңыз. Бұл амал тек еркектер жағынан әйелдерге ғана емес. Әйелдер еркектердің де бойындағы жаман амалдарымен басынан бастап күресуі керек.
  69. Отбасы құрмастан бұрын отбасында лидер кім болады, негізгі шешімді қабылдаушы кім болуы керектігін алдын-ала ақылдаса отырып шешім қабылдаңыз.
  70. Жарыңызды тану үшін жарыңыздың отбасымен бірге сапарға шығуды жоспарлаңыз әрі іске асырыңыз. Себебі адамдардың нағыз келбеті 3 жағдайда белгілі болады: сапарда, қарыз алып қайтарғанда, сауда жасағанда.
  71. Үйленуден бұрын қажетті сақтық шараларының барлығын қарастырыңыз, бұйырғаны болар деп уақытты босқа өткізіп, өкініп қалмаңыз.
  72. "Үйленетін адаммен жүріп көру" деп аталатын уақыт пен экономикаға зардап келтіретін, ертең екі жақта болмайтын нәрсеге бола ренжісіп, екі жаққа кететін әрекетті жасамауға тырысыңыз. Қысқасы, "үйленетін адамыңмен бір-екі жыл жүріп көру" зиянынан басқа ешқандай пайдасы жоқ.
  73. Үйленбестен бұрын не болса да үйленеміз ғой деп үйленуге таңдаған адамыңызбен некесіз жыныстық қатынасқа түсуден мүлде аулақ болыңыз. Мүмкін болғанша жеке, басқалар жоқ жерде жолықпауға тырысыңыз. Әсіресе қыздар үшін өте абай болатын мәселе. Танысқан жігітіне соншалықты сенгенінен ары мен намысынан айырылып, бармағын тістеп, өкініште қалған қаншама таныстарымыз бар ортада.
  74. "Үйленетін адаммен жүріп көру" деп аталатын амалдың астарында танысқан екі жас әр күн өткен сайын өздерінің кемшілігін жабу үшін жалған айту, алдау т.б. әрекеттерге бару толып жатқанын естен шығармаңыз.
  75. Үйленуден бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өткізетін орталықтарға барып, қан тапсырып, жалпы зерттеу жасатыңыз. Себебі, ертеңгі құратын отауыңыздың бақыты, болашақ балаларыңыздың дені сау болып туылуы үшін бұл өте маңызды мәселе.
  76. Басқалар ыңғайсызданатын аузыңызда немесе денеңізде түрлі иістер мен бөрткендер т.б. болса үйленбестен бұрын алдын алып, емдетуге тырысыңыз.
  77. Бойдақ күннен қалған шалқып (люкс) өмір сүру, спорт, саясат, жұлдыздар өмірінен фанатыңыз болса, үйленбестен бұрын оны шектеуге, тежеуге әрекет етіңіз.
  78. Үй алу, үй салу, үй ішін жөндеу, үйге жаңа жиһаздар алу т.б. амалдарды үйленгеннен кейін жарыңызбен бірге жасауға қалдырыңыз.
  79. Өмірде ешқандай қиыншылық көрмей өскенге қарағанда қиыншылық ішінде өскен, ержеткен адамның жардың қадірін жақсы білетінін естен шығармаңыз.
  80. Жар таңдау мәселесінде білім берумен, тәрбиемен айналысатын отбасында тәрбиеленген балалардың әлдеқайда тіл табысуға жақын екенін естен шығармаңыз.
  81. Үйленетін адамыңыздың қандай ерекшелігіне бола оны таңдағаныңызды қайта-қайта ойланып, ол ерекшелігінің немесе қасиетінің ертеңгі өміріңізге қалай әсер ететінін жақсы ойланыңыз. "Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа" немесе бетінің шұңқыры, күлген күлкісі т.б. ертең ештеңе болмай қалады.
  82. Жар таңдауда ең басты жасалатын нәрсе – Аллаға шын көңілмен дұға ету. Себебі, бұл дүниені, барлық себептерді, сені және үйленетін адамды жаратқан Алла екеуіңіздің көңіліңізді бір-біріңізге байлауы – тек Оның қолынан келетін іс.
  83. Отбасы мәселесінде алғашқы болып адым аттайтын, бодау беретін әрқашан сіз болыңыз.
  84. Ешқашан жарыңызбен отбасында билеуші болу, үстем болу жарысына түспеңіз.
  85. "Отбасында әйел маңызды ма, еркек маңызды ма" деген таласқа ешқашан кірмеуге тырысыңыз. Себебі, отбасы өзара селбесіп өмір сүретін, әркімнің табиғатына қарай жауапкершілігі бар бір орта.
  86. Рухани аурулары бар адамдарға "уақыт өтер, емделер" деген оймен қанша сүйсеңіз де үйленбеңіз.
  87. Жарыңызға қолыңыздан келмейтін іске сөз бермеңіз.
  88. Балаға қыры жоқ, баланы сүймейтін, ұнатпайтын адаммен үйленбеңіз.
  89. Таңдайтын жарыңыздың әкеңізге ұқсағанын немесе анаңызға ұқсағанын қаламаңыз.
  90. Сізбен танысқан күннен бастап сіздің жұмысыңызға, көлігіңізге, тұрған жеріңізге, баратын мейрамханаңызға қатты қызығатын, олар туралы үнемі сізге әңгіме қылатын адамнан алыс тұрыңыз. Бұндай адамдар ертең сізде жағдай болмай қалғанда өзінің жолын айырудан тайынбайды.
  91. Сізбен танысып отбасы құрудың қамында жүрсе де мақсаты мен арманы басқа жақта болып, отбасы құруды уақытша қажеттілік ретінде екінші орынға қойған адамдармен үйленбеңіз. Бұндай адамдар ертең өзінің арманы үшін отбасын құрбан етуден тайынбайды.
  92. Пайдасы жоқ істерге фанат болған адамдармен үйленбеңіз.
  93. Ер жетсе де балаларға тән істермен айналысатын адамдармен үйлену жоспарын жасамаңыз.
  94. Үйлену мәселесінде өмірлік тәжірибесі бар адамдармен, әулеттің үлкендерімен кеңесіңіз.
  95. Кеудесінде белгілі бір өлшемде қызғану қабілеті жоқ, отбасының мәселесіне атүсті қарайтын адаммен үйленбеңіз, себебі бұндай адам ертең отбасы жауапкершілігін арқалай алмайды.
  96. Жарыңызбен тек сөйлесу емес, дұрыс қарым-қатынас жасап, көңіліне жол табыңыз.
  97. Отбасыңызды "мен" деген түсінікке емес қайта "біз" деген ұғымның үстіне орналастырыңыз.
  98. Отбасында әрқашан "қазан-ошақ сылдырлап" тұратынын естен шығармаңыз.
  99. Жарыңызды қаншалық жақсы танысаңыз, оған деген сүйіспеншілігіңіз де соншалықты артады.
  100. Отбасында дер кезінде шешуі керек мәселелермен айналыспай кейінге қалдырсаңыз, ертең сіз үшін ең басыңызды ауыртатын мәселелер сол болуы мүмкін. Мысалы, жарыңызбен сырласу, сөйлесу, оның кімдермен араласатынын, қандай ортада жұмыс істеп жүргенін білу.
Кітапқа осы жерден тапсырыс беруге болады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары