Тікелей эфир

Жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар бар?

ukranews.com сайтынан алынды
ukranews.com сайтынан алынды
5, 6, 7- сынып оқушылары өз өлкесі туралы арнайы оқулықтан оқитын болады. Ал қыркүйектен бастап 3, 6, 8- сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшеді.

Оқушылардың мектепке баруына санаулы күндер қалған сайын мұғалім де, ата-ана да елеңдей бастайтын болды. Әрқайсысының көкейінде "Бұл жолы қандай өзгеріс болады екен?" деген сұрақ тұрады.

Біз де осы сұрақты Білім және ғылым министрлігіне қойдық. Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова informburo.kz тілшісіне арнайы сұқбат берді.

"Күнделік. Мектеп" пен "Күнделік. Мұғалім" мобильді қосымшасы іске қосылды

– Жазғы демалыста ата-аналар үшін электронды күнделікке екі функция енгізілді. Енді әрбір ата-анаға "Күнделік. Мектеп" деген қосымшаны ұялы телефонына тегін жүктей алады. Егер төрт-бес бала-шағасы болса, барлығының бағасын бір қосымша арқылы қарап отырады. Сонымен қатар әрбір балаға жеке логин берілді. Сол арқылы оқушы өзінің алған бағасын көре алады. Аға-әпкесі де бауырының алған бағасын біліп отырғысы келсе, ата-анасының рұқсатымен оларға жеке логин беріледі.

Ал "Күнделік. Мұғалім" қосымшасы арқылы мұғалім түзде жүрсе де, үйде жүрсе де өзінің қойған бағасын көріп, жұмысын жасай беруіне болады.

Электронды күнделік мәселесі біраз жылдар бойы қарастырылып келеді. Цифрландыру барысында қолға алынды. Министрлік "Күнделік" жекеменшік компаниясымен бірігіп, келісім-шартқа қол қойылды. Былтырғы көрсеткішке назар аударсақ, 5400 мектеп осы жүйемен жұмыс істеп жатыр. Ал биылғы нәтижені енді есептейтін боламыз, – дейді Шолпан Каринова.

Мектеп интернетке қосылған болса, құжаттарды қағаз жүзінде толтырудың қажеті жоқ

– Мұғалімдердің қағазбастылықтан арылмай жүргені аз айтылып жүрген жоқ. Осыны өзгерту үшін министрдің № 502 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Әрбір директор мұғалімдерге "18 форманы қағаз жүзінде толтырыңдар" деп қинамауы керек. Мектепте кеңжолақты интернет бар болса, құжаттардың барлығын электронды түрде толтырады. Керісінше мектепте интернет тапшылығы болса, амалдың жоқтығынан қағаз жүзіндегі күнделікке жүгінеді. Бірақ, осы бұйрықты жүзеге асыруға барлық мектеп мүдделі болғаны жөн, – дейді ол.

Мектеп мұғалімдері тек бес құжатты ғана толтырады

Ол – журнал, күнделік, әр сабақты жоспарлау немесе қысқа мерзімді жоспар, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар. Егер бұдан артық құжатты талап етсе, мұғалімдердің шағымдануға құқығы бар. Шағым міндетті түрде қаралады. Бұл – №32-ші бұйрық. Онда мектеп мұғалімі, сынып жетекшісі, оқу ісінің меңгерушісі қандай құжат толтыру керектігі шегеленіп көрсетілген.

Сынып жетекшілеріне:

  1. Сынып журналы;
  2. Білім алушылардың жеке іс қағазы (соның ішінде білім алушылардың сабақ үлгерімі туралы табелі);
  3. Тәрбие жұмысы жоспары (оқу жылының басында жылына бір рет толтырылады);
  4. Ата-аналар жиналысының хаттамалары;
  5. Күнделік.

Директордың орынбасарларына (оқу ісі, тәрбие жұмысы жөніндегі меңгерушілер):

  1. Оқу жылына арналған жалпы мектептік жұмыс жоспары;
  2. Оқу жұмыс жоспары;
  3. Тарификация;
  4. Сағаттар есебі;
  5. Жұмыс уақытын тіркеу табелі;
  6. Сабақ кестесі;
  7. Емтихан қорытындыларының хаттамалары;
  8. Ата-аналар жиналысының хаттамалары;
  9. Бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуды есепке алу журналы;
  10. Білім алушылардың мақтау қағаздарын және мақтау граматаларын, сабақ үлгерімі туралы табельдерді беруді есепке алу кітабы;
  11. Босатылған және ауыстырылған сабақтарды есепке алу журналы;
  12. Оқу-әдістемелік жұмыс бойынша құжаттар;
  13. Мектепішілік бақылау бойынша құжаттар;
  14. Ұстаздарды аттестаттау бойынша мәліметтер.

Күнделікке сумативті бағалар қойылады

– Күнделікті бағалау "формативті" деп аталады. Мысалы, сабақтан кейін оқушы мен мұғалім арасында "Бүгінгі сабақта мына тұсын дұрыс игеріпсің. Ал мына жерін қайтадан қарап шық" деген сыңайда диалог болады. Дәптеріне немесе тапсырманы орындаған қағаздарына пікірін жазып береді. Сол арқылы ата-анамен де кері байланыс орнатады. Мұндай критерилермен бағалаудың негізгі мақсаты – ата-анаға баласының білім деңгейін түсіндіру. Бұл – күнделік емес.

Оқи отырыңыз:

2018 жылғы білім саласындағы өзгерістерге шолу

Күнделікке баға қояр кезде формативті бағалар қойылмайды, ескеріледі. Сумативті бағалау дегеніміз – белгілі бір оқу кезеңіндегі қойылған балл немесе баға. Ол екіге бөлінеді. Біріншісі – өтпелі тақырып немесе бөлім үшін сумативті бағалау. Мысалы, 3-4 тақырып өткеннен кейін қорытындысын шығарып, бағалайды.

Тоқсан үшін сумативті бағалау – әр тоқсанның қорытындысы. Осы екеуі біріктіріліп, тоқсандық баға шығарылады. Міне, осы нәтиже күнделікке қойылады.


Мәліметтер edu.gov.kz сайтынан алынып, арнайы әзірленді

Мәліметтер edu.gov.kz сайтынан алынып, арнайы әзірленді / informburo.kz


3, 6, 8- сынып оқушыларына жаңа оқулық беріледі

– Бірнеше сатыдан тұратын сараптаманың нәтижелері аяқталды. Оқулық сатып алуға 28 млрд теңгеге жуық қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылып отыр. 3, 6, 8 сыныптағыларға ғана кітап сатып алынады. Толық дайын. Мектептерге жеткізу жағы ойластырылып жатыр, – деді Шолпан Каринова.

Мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізіледі

– Былтырғы оқу жылында министрлік Ыбырай Алтынсарин оқу академиясымен бірігіп, "Өлкетану" оқулығының мазмұнына қарай көлемін анықтады. Ол бойынша методикалық-әдістемелік ұсыныстар жасалды. Соны барлық облыстарға жібердік.

Одан кейін облыс әкімдіктері белгіленген бағыт бойынша кітапты жазу үшін жұмыс тобын құрды. Оған ғалымдар, мұғалімдер, әдіскерлер кірген. Мазмұны бойынша өздері әзірлеп, белгілі бір баспаларды таңдады.

Дайын болған оқулықтарын министрліктің оқу орталығына сараптамадан өткізуге берді. Онда ғылыми-педогикалық сараптама жасалып, сәйкестіктер бойынша нені алып, нені қосу керектігі айтылды.

Оқушы бұл кітап арқылы барлық өңірдің, облыс пен ірі қалалардың тарихы, географиясы, музыкасы, әдебиеті, мәдениетін жете танысады. Әр облыста дүниеге келген танымал тұлғалар жайлы да ақпаратқа қанығады.


 Әр облыстың "Өлкетану" оқулығы ерекшелігіне байланысты әр түрлі

Әр облыстың ерекшелігіне байланысты "Өлкетану" оқулығы әр түрлі / zhambylnews.kz сайтынан алынды


Ақмола облысында 5 автор бірлесіп 1 жылдың ішінде "Өлкетану" оқулығын жазып шықты. Төрт рет сараптамадан өтіпті. Бұл жоба "Рухани жаңғыру" жобасы аясында жүзеге асты.

Атырау облысының "Өлкетану" оқулығының сараптау жұмыстарына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылық құрамы, облыстық архив, тарихи-өлкетану, көркемөнер музейлерінің ғылыми қызметкерлері, өлкетанушылар, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясының қызметкерлері, облыстың білім беру ұйымдарының тәжірибелі педагогтары қатыстырылды.


Атырау облысының "Өлкетану" оқулығы "Жазушы" баспасынан шықты

Атырау облысының "Өлкетану" оқулығы "Жазушы" баспасынан шықты / atyraueli.kz сайтынан алынды


"Өлкетану" оқулығы төңірегіндегі дау – орынсыз

Бұл кітапты мектепте оқытуға бір жылға 20 сағат бөлініп отыр. Оның бесеуі 5 сыныпқа, жеті сағаты 6 сыныпқа, ал қалған сегіз сағат 7 сынып оқушыларына арналған. Бұл пәнді өткізу үшін арнайы маман қажет емес. 20 сағаттың 12-сін тарих пәнінің мамандары жүргізеді.

– Алматыда баспасөз туры болған кезде оқулықтың бірнеше нұсқасы көрсетілген болатын. Соның бірінде елді шулатқан ақпарат жүрген көрінеді. Бірақ, ол – әлі бекітілмеген нұсқасы еді. "Астана қаласы туралы жазылған кітапта Әсет Исекешовты блогерлер қатарына қосып қойыпты. Тележүргізуші Майя Бекбаева, журналист Динара Сәтжан танымал блогерлер қатарында жүр" деген жедел тарап кетті. Оқулықтың нақты бекітілген нұсқасында ол жоқ, – дейді Шолпан Каринова.

Оқи отырыңыз:

Мектепте биыл да өзгеріс. Жаңа оқу жылының басты жаңалықтары

Латын әрпіне көшу бойынша әлі жұмыстар басталған жоқ

– 2018 жылы нөлінші сыныптар латынға көшеді деп мүлдем айтылған жоқ. 2020 жылдан бастап мектепке дейінгі топтар латынға көше бастайды деп жоспарланып отыр. Әу баста осылай айтылған еді. Одан кейін саты-саты бойынша енгізіледі.

"Бес мектеп пен үш колледж латынға көшеді" деген – жалған ақпарат. Тіл білімі институтында латын графикасын қарастыру үшін жұмыс тобы құрылған. Терминологиялық, әдістемелік комиссия мамыр айында Алматының үш мектебіне бір жұма ғана тәжірибе жүргізіп көрді. Пилоттық жоба іске асайын деп жатқан жоқ, – деді мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры.

"Bilimland" жүйесі барлық мектепте бар

Әрбір мұғалімге әрбір пәннің ресурстарын қазақ, орыс, ағылшын тілінде қарай алады. Кеңжолақты интернеті жоқ мектептерге Bilimdesk жинақ дискке салынып берілді. Оның ішінде BilimLand, iTest, iMektep қосымшалары бар.

Біріншіден, мұғалімнің жұмысы жеңілдейді. Екіншіден, оқушылар қағаз жүзіндегі ақпаратқа қарағанда гаджеттердегі мәліметтерге қызығады. Электронды нұсқасын bilimland.kz сайтынан көре аласыздар.


Интернеті жоқ мектептердің компьютерлеріне жинақы диск арқылы орнатады

Bilimdesk интернеті жоқ мектептердің компьютерлеріне дискіден арқылы орнатады / bilimland.kz сайтынан алынды


Педагогикалық кеңестің құзіреті кеңейтілді

– Мектептердің педагогикалық кеңестері біраз мәселелерді өздері шеше алады. Нақтысы әлі көрсетілген жоқ. Бір типтік оқу жоспары қарастырылып жатыр. Әрбір мектептің өзіне ыңғайлы жоспарды қолданатыны жөнінде шешім шықпады. Сондықтан, ол туралы кесіп айту ерте, – деді Шолпан Каринова.

Мектеп пен ата-ана арасында келісім-шарт жасалады

– Біз мектеп пен ата-ана арасында келісімшарт жасауды алғаш рет енгіздік. Аталған құжатпен мұғалімдер мен мектеп әкімшілігінің құқығын қорғап, міндеттерін реттеуге болады. Себебі, біз екі тараптың өз міндеттерін және құқығын білетін және орындайтын жүйе қалыптастыруымыз керек, – дейді.

Мектеп директорлығына үміткер 4 кезеңнен тұратын байқаудан өтеді

Алдымен мектептің қамқоршылық кеңесінен өтеді. Одан кейін заңнама тесті, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі сұқбат бар. Мектеп директорлары тек төрт жылға тағайындалады.

"Барлық мектептер 100 пайыз роботты техника кабинеттерімен жабдықталады деген ақпарат – жалған"

– Цифрландыру барысында жол картасы бекітілген. Биылғы оқу жылында: "Мамандандырылған IT мектептер әр облыста ашылуы керек!" деген тапсырма бар. Былтыр 1500 роботты техника үйірмесі болды. Оқу жылы басталмағандықтан биылғы көрсеткішті әлі сұрастырған жоқпыз. Ол – нақты пән емес, қосымша білім беру аясы. Сондықтан, мектептердің барлығы 100 пайыз қамтылу керек деген бұйрық шығарылған жоқ, – деді Шолпан Каринова.

Қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәні екіге бөлінбейді деген сыбыс та – жалған

Орыс тілі қазақ мектептерінде екінші пән ретінде, орыс мектептерінде бірінші пән ретінде оқытылады. Мемлекеттік білім беру стандартында кейбір пәндер екіге бөлініп оқытылады. Олар: денешынықтыру, ағылшын, шетел тілі, көркем еңбек, информатика, қазақ мектептеріндегі орыс тілі.

Орыс мектептеріндегі орыс тілі екіге бөлінбейді. Ал, қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәні бәз баяғы қалпында сақталады. Бірақ, әлі мемлекеттік стандарт бекітілген жоқ. Шілде айында қабылданған Білім туралы жаңа заң бойынша оны Білім және ғылым министрі өз бұйрығымен бекіте алады. Осыған дейін үкіметтік қаулы бойынша бекітіліп келген еді.

Бірыңғай форма енгізу бойынша министрдің бұйрығына ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ

– Ата-аналар балаларына бұрынғы мектеп формасын кигізе берулеріне болады. "Барлығы бірыңғай болуы керек" деген бұйрық болған жоқ. Әр мектеп ата-аналар комитетімен бірігіп, форманың үлгісін таңдайды. Ең бастысы түсі мен стилі бірдей болуы қажет. Астана қаласының әкімдігі бірыңғай форма киюге шешім қабылдап жатса, барлық мектептің ата-аналарымен ақылдасты, – дейді мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры.

Астана оқушылары бірыңғай форма киеді

Бұл өзгерістің жекеменшік мектептерге қатысы жоқ. Бала мектептен мектепке ауысқан кезде форма ауыстырмайды. Оны кез-келген жерден алуларына болады. Тіктірсе де, дүкеннен алса да ата-ананың өз еркінде.

Астана қаласының білім басқармасының баспасөз қызметінің өкілі Жазира Асанова оқушылардың киім стандартының қандай болатынын айтты. Мектеп формасының үлгісі классикалық стильде, түсі – күңгірт көк. Ер балаларға арналған шалбардың тігісі кең және ұзындығы аяқтың тобығын жауып тұрады.

Қыз балағаның мектеп формасына кіретін белдемшенің ұзындығы кеңсеге арналған. Тізеден 5 см жоғары болмауы керек. Ал шалбар кең, аяқтың тобығын жауып тұрады. Мектеп формасына діни және түрлі конфессияларға тән үлгілерді киюге болмайды.


Әрбір ата-ана жаңа оқу жылында баласына жаңа мектеп формасын әперуге тырысады

Әрбір ата-ана жаңа оқу жылында баласына жаңа мектеп формасын әперуге тырысады / bilim.astana.kz сайтынан алынды


Астанадағы жекеменшік мектептердің бағасы төмендейді

2018-2019 оқу жылында Астана қаласының Білім басқармасы елордадағы жекеменшік мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады.

Мектепке дейінгі және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында жекеменшік мектептерді көбейту көзделіп отыр.

Жан басына қаржыландыру әдісіне сәйкес, бастауыш сынып оқушылары үшін бір айлық шығындар үшін 13 мың теңге, ал жоғары сыныптарда 21 мың теңге көлемінде қаражат бөлінуі жоспарланған. Осылайша, ата-ана төлемінің құны жылына 160 мың теңгеден немесе оданда артық қысқарады деп болжанып отыр.

Қазіргі таңда бағдарламаға қатысатын жекеменшік мектептер арасында:

  • "Ақбұлақ" балаларды дамыту орталығы;
  • "Экономикалық лицей";
  • "Алпамыс мектебі";
  • "Нұрорда" мектеп-лицейі және т.б. бар.

Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді

– Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Бұл – барлық мұғалімдердің 63 пайызы. Осы жылдың қыркүйек айынан аттестациядан өткен мұғалімдерге категорияларына қарай қосымша ақы төленеді. Ал аттестаттаудан өтпеген мұғалімдер қарашада қайта тапсыра алады.

Екі жылда шамамен 150 мың мұғалім жаңартылған бағдарламалар бойынша курстардан өтті. Биыл тағы 73 мың мұғалім оқып жатыр, – деген болатын 7 тамыз күнгі үкімет отырысында министр Ерлан Сағадиев.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары