Тікелей эфир

Зейнетақы жинағын медициналық мақсатта пайдалану тәртібі қандай?

Қызмет enpf-otbasy.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталдың бұл қызметі 25 ақпан күні іске қосылады.

Зейнетақы салымдарын медициналық мақсатта пайдалану жергілікті тіркелген медициналық ұйым дәрігерінің анықтамасы негізінде жүзеге асырылады.

"Дәрігерлік комиссия азамат жүгінген соң бес күннен кешіктірмей медициналық қызметтің тізіміне сәйкес рұқсат немесе одан бас тарту жөніндегі ақпарат беруі тиіс. Медициналық анықтама комиссия отырысы өткен соң екі күн ішінде беріледі", – деп түсіндірді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.

Тізімге кепілдендірілген медициналық қызметке кірмейтін қымбат процедуралар енгізілген. Олардың қатарында орфандық, яғни сирек кездесетін аурулар, оның ішінде диагностика және дәрімен қамтамасыз ету де кіреді.

Зейнетақы салымдарын Қазақстан аумағындағы клиникаларда:

  • стоматологиялық қызметтер;
  • протездеу, имплантациялау;
  • қалпына келтіруші оталар, соның ішінде пластикалық хирургия, туа бітті ақаулар, мастоэктомия үшін пайдалануға рұқсат берілген.

Бұл қызмет жарақат алғандар мен емдік шаралары мен отадан кейін қайтара отаны қажет ететін жандарға арналған.

"Мысалы, зейнетақы қаражатын омырау безінің ісігінен кейін қалпына келтіру мен емдеу ісіне қолдануғаа алады", – деді Гүлнәр Сәрсенбаева.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын қандай медициналық қызметтерді төлеуге пайдалануға болады? Толық тізім


Сонымен қатар, тағы бір қызмет радионуклеидтік емдеу мен радионуклеидтік терапияға бағытталған. Оны қазақстандықтар шетелдік клиникаларда ем алу үшін пайдала алады.

"Сол сияқты офтальмологиялық қызмет үшін де зейнетақы салымдарын пайдалануға рұқсат берілген. Оның ішінде лазерлік коррекция да бар. Бұл бағыттағы емге болашақта тұрғындардың сұранысына қарай өзгерістер енгізілуі мүмкін", – деді ол.

Анықтама алғаннан кейін азамат кез келген клиниканы өзі таңдай алады. Сондай-ақ, зейнетақы салымын жақын туыстардың емі үшін пайдалануға рұқсат етіледі.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын алуға өтінім қабылдайтын сайт іске қосылды. Азаматтар нені білуі қажет?


 

Зейнатақы жинағы арқылы ем алу үшін өтініш қашан қабылданады?

Қызмет enpf-otbasy.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Ол 25 ақпан күні іске қосылады. Өтінішті қабылдау бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде азамат өтініштің порталдан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтына жетуін күтеді. Ол 1 жұмыс күні мерзімінде іске асырылады.

"Бекітілген тәртіпке сәйкес анықтамалар толық болған соң, 5 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ арнайы есепшотқа ақша аударуы тиіс", – деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Зейнетақы жинақтарын медициналық мақсатта қолдану үшін өтініш беруші арнайы есепшот ашуы керек. Ләззат Ибрагимова өтініш беру тәртібін былай түсіндірді: 

"Электрондлық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып www.enpf-otbasy.kz платформасында "емделу" мақсатын таңдау қажет. Содан соң ЭЦҚ-мен қол қою арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражат алуға өтініш жолдайды. Қор 5 жұмыс күні ішінде емге қажет сомасын алушының арнайы шотына аударады. Қаражат шотқа түскеннен кейін алушы диагностика жасау үшін медициналық маманға жүгінеді. Оның қорытындысын алғаннан кейін алушы өзінің тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінеді және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса отырып, медициналық комиссияның қорытындысын беру туралы өтініш жолдайды".


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына қалай беруге болады?


 

Дәрігерлік комиссия өтініш берген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің бекітілген нысан бойынша емделуге жіберілуі туралы шешім шығарады немесе өтінішін растамайды. 2 жұмыс күні ішінде комиссия хатшысы клиентке қорытындыны береді. Оң қорытынды алғаннан кейін клиент өзі емделгісі келетін медициналық ұйымды таңдайды және онымен медициналық ұйымның осы қызмет түріне лицензиясын, аталған медициналық қызмет түрі мен медициналық комиссияның қорытындысы бойынша белгіленген диагнозы туралы ақпаратты қамтитын, медициналық ұйымның деректемелері жазылған келісімшартты құрады.

"Платформаға медициналық комиссияның қорытындысы мен медициналық ұйыммен жасалған келісімшартты жүктейді. "Отбасы банкі" 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың сәйкестігін тексереді және клиенттің арнайы шотынан медициналық ұйымның шотына қаражат аударады", – деп түсіндірді ол.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары