Статистика Covid-19
в Казахстане:
Заразились:
215 610
Выздоровели:
199 600
Умерли:
2 783 (2.03.2021)
Коронавирусная
пневмония:
Заразились:
49 418
Выздоровели:
42 957
Умерли:
635 (2.03.2021)

Зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына қалай беруге болады?

829 368 салымшы зейнетақы жинағының бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады.

Зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру құқығын:

  • зейнет жасына жетпеген және "ең төмен жеткіліктілік шегінен" асатын зейнетақы жинағы бар салымшылар;
  • БЖЗҚ шотындағы қалдық шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдер төлеуді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан салымшылар қолдана алады.

Бұл үшін салымшы зейнетақы жинағын бір не бірнеше басқарушы компанияға аудару туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтініш жазуы қажет. Өтінішті БЖЗҚ-ға жеке барып не БЖЗҚ интернет-ресурсы арқылы онлайн беруге болады. БЖЗҚ салымшының зейнетақы шотында қажетті соманың бар екенін тексергеннен кейін оны жеке компанияның басқаруына аударады.

Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қала береді. Қор салымшыларында өздерінің жинақ ақшасын басқа басқарушы компанияға аудару не Ұлттық банктің басқаруына қайтару құқығы сақталады.

Салымшының өз зейнетақы жинағының бір бөлігін басқарушы компанияға аударуы біржолғы зейнетақы төлемін алуға жатпайтынын атап өту маңызды, себебі жеке басқаруға берілуге тиіс зейнетақы жинағы қор жүйесінде қала береді. Осылайша, жеке басқаруға берілген зейнетақы активтеріне басқаруға берілген кезде табыс салығы салынбайды.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын баспана алуға қалай пайдалануға болады? Жобаны түсіндіреміз


Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева басқарушы компанияларға қойылатын талаптар туралы айтып берді. Мұндай компаниялар инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы және нарықта жұмыс істеу тәжірибесі бар, өздерін тиімді басқарушылар ретінде көрсеткен, жұмыс істеп тұрған компаниялардан іріктеп алынады.

Бұл компанияларға қосымша лицензиялар алу талап етілмейді. Зейнетақы активтерін басқаруды меншікті капиталдың мөлшері (кемінде 3 млрд теңге), клиенттердің активтерін басқару тәжірибесі (соңғы 3 жыл ішінде кемінде 5 млрд теңге сомасында инвестициялық портфельді басқару тәжірибесінің болуы) және соңғы бірнеше жыл қорытындысы бойынша қаржы-шаруашылық қызметінің оң нәтижелері, акционерлік капиталдың құрылымында ірі акционердің болуы, заңнаманы бұзу деректерінің болмауы және басқалары сияқты сандық және сапалық өлшем шарттарына сәйкес келетін компаниялар жүзеге асыра алады.

Сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтерін есепке алу мен сақтау БЖЗҚ басқарушы компаниямен үлестес емес кастодиан банкте ашылған шотында жүзеге асырылады.

Кастодиан банктің негізгі міндеттерінің бірі зейнетақы активтерінің нысаналы пайдаланылуына және зейнетақы активтері есебінен сатып алынатын қаржы құралдарының заңнаманың және басқарушы компанияның инвестициялық декларациясына сәйкестігіне бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

Салымшылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқару тәртібіне, ең аз кірістілігіне, зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарына, қаржылық орнықтылығына талаптар белгіленген.

"Басқарушы компанияның лицензиясы тоқтатыла тұрған, не одан айырылған, не банкрот болған жағдайда кастодиан банкте сақталатын зейнетақы активтері қордың Ұлттық банктегі кастодиандық шотына қайтарылады. Бұдан басқа, басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруға қабылданған зейнетақы активтері кірістілігінің ең аз деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті заңнамалық түрде белгіленген. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізбесе, басқарушы бұл айырманы салымшыға меншікті капиталы есебінен қайтаруы тиіс", – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы Азамат Кенже.

Қазіргі уақытта агенттіктің инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар 18 басқарушы компанияның 6-уы бекітілген талаптарға сәйкес келеді, атап айтқанда:

  • "First Heartland Jysan Invest" АҚ;
  • "BCC Invest"  АҚ ("Банк ЦентрКредит" АҚ еншілес ұйымы);
  • "Halyk Global Markets" АҚ ("Қазақстан Халық Банкі" АҚ еншілес ұйымы);
  • "Halyk Finance" АҚ ("Қазақстан Халық Банкі" АҚ еншілес ұйымы);
  • "First Heartland Capital" АҚ;
  • "Сентрас Секьюритиз" АҚ.

Басқарушы компаниялардың тізімі Агенттіктің сайтында жарияланды. Оларды бұл тізімге енгізу басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі қызметтерді көрсететінін білдірмейді. Шешімді компанияның өзі және оның акционерлері қабылдауы тиіс.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын кім және қай мөлшерде мерзімінен бұрын ала алады?


Зейнетақы жинақтарын бұл компаниялардың басқаруына беру үшін олар сенімгерлік басқаруға және кастодиандық қызмет көрсетуге шарттар жасауы қажет. БЖЗҚ-мен сенімгерлік басқаруға шарттар жасаған басқарушы компаниялардың тізімін қор өзінің интернет-сайтында жариялайды. Содан кейін салымшылар өз жинақтарын бұл компаниялардың басқаруына аударуға құқылы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару жөніндегі шарт тарабы ретінде басқарушылармен қарым-қатынастарда салымшылардың мүддесін қорғайды.

Инвестициялау стратегиясын басқарушы компанияның өзі айқындайды, оған Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ұйымдар шығарған үлестік және борыштық мемлекеттік емес бағалы қағаздар, сондай-ақ Қазақстанның екінші деңгейдегі банктеріндегі және бейрезидент-банктердегі салымдар кіретін болады.

Салымшылар зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан екіншісіне жылына бір реттен жиі емес беруіне болады, ал оларды екі жылдан кейін Ұлттық банктің басқаруына қайтара алады.

"Зейнетақы жинақтары азаматтардың зейнетке шыққан кездегі кірістерін қамтамасыз етуге арналған, осыған орай жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына берілетін зейнетақы активтері зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде сақталады. Олар зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін зейнетақы төлемдерін кесте бойынша төлеу, зейнетақы аннуитеті шартын жасау және заңнамада көзделген өзге де мақсаттар үшін қолданылады. Бүгінгі күні азаматтардың жеке компаниялардың басқаруына берілген зейнетақы активтерін толық не ішінара алу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан көзделмеген", – деді  Азамат Кенже.

Оның ақпаратына сәйкес, биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 138 мыңнан астам адам брокерлік шот ашып, қаржы нарығының қатысушысы болған.

Осы орайда айта кету керек, Агенттік зейнетақы активтерін қаржы құралдарының бір шығарылымына инвестициялау лимиттерін белгіледі – облигациялар үшін зейнетақы активтерінің 50 пайызынан аспайды және акциялар үшін 10 пайызынан, сондай-ақ бір ұйым және оның үлестес тұлғалары шығарған қаржы құралдарына 10 пайызынан аспайды. Шетел валютасымен қаржы құралдарына инвестициялау лимиттері зейнетақы активтерінің 50 пайызынан аспауы тиіс. Зейнетақы активтерін қандай да болмасын қаржы құралына инвестициялаудың нақты лимиттері басқарушы компания бекітетін инвестициялық декларацияда белгіленетін болады.

Следите за самыми актуальными новостями в нашем
Telegram-канале и на странице в Facebook

Присоединяйтесь к нашему сообществу в Instagram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter