Әділет министрлігі зейнетақы қорындағые мделуге берілетін біржолғы төлемдерді пайдалану туралы бұйрықты тіркеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің сайты хабарлады.
"Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жабылмайтын медициналық қызметтерді қосымша алуға мүмкіндік береді", – деп жазылған Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен төленетін медициналық қызметтер тізбесі:
- орфандық ауруларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, емдеу, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер;
- ҚР аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тісті протездеу, имплантация);
- операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, сондай-ақ мастэктомиядан кейін түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық);
- радионуклидтік және радиойодтерапия;
- радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, киберпышақ);
- протон терапиясы;
- офтальмологиялық қызметтер (мүйізді коллагеннің кросслинкингі, көзді лазерлік түзету).
Медициналық қызметтердің осы тізбесі халықтың қажеттілігін ескере отырып қайта қаралуы мүмкін.
Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін өтініш беруші:
- БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемінің қолжетімді сомасы туралы ақпаратты, оның ішінде БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы өз бетінше алуы қажет;
- Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және бейінді маманның қорытындысын қоса бере отырып, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы қорытындыны алу үшін тіркелген жері бойынша емхананың дәрігерлік-консультациялық комиссиясына жүгінуге құқылы;
- Дәрігерлік-консультативтік комиссия шешімді азамат өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдайды;
- Қорытындыны алғаннан кейін өтініш беруші шетелдік ұйымды (стоматологиялық қызметтерді қоспағанда) қоса алғанда, медициналық ұйымды таңдауы тиіс, онымен шарттың сканерленген нұсқасын әрі қарай тіркей отырып және уәкілетті оператордың интернет-ресурсындағы (Отбасы банк) өзінің жеке кабинетінде дәрігерлік комиссия жасасумен медициналық қызметтер көрсету туралы шарт жасасады;
- Уәкілетті оператор алушы ұсынған құжаттар біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатына сәйкес келген кезде алушыдан құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын алуға өтінім қабылдайтын сайт іске қосылды. Азаматтар нені білуі қажет?
Зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі
Өтініш беруші ЭЦҚ арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады, соманы және пайдалану мақсатын көрсете отырып, емдеуге арналған біржолғы зейнетақы төлеміне арналған электрондық өтінішті толтырады, ол өз ЭЦҚ-сын куәландырады.
Алушы жұбайының (зайыбының) және (немесе) жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған жағдайда, тараптар алушының жеке кабинетінде некені (ерлі-зайыптылықты) немесе туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, олардың ЭЦҚ-мен куәландырылатын біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады.
Уәкілетті операторда тіркелген төлемге өтініш туралы мәліметтер БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама шеңберінде БЖЗҚ мен уәкілетті оператор арасында жасалған тиісті келісімде белгіленген тәртіппен екі жұмыс күні ішінде келіп түседі.
БЖЗҚ уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын уәкілетті операторға аударады, ол оны өтініш берушінің уәкілетті оператор ашқан арнайы шотына есепке алады.
Беру кезінде біржолғы зейнетақы төлемдерін уәкілетті оператор бес жұмыс күні ішінде өтініш берушінің арнайы шотынан алушының арнайы шотына аударады.
Алушы қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін дәрігерлік комиссияның қорытындысын беру туралы өтінішпен өзі тіркелген жердегі медициналық ұйымға жүгінеді және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және бейінді маманның қорытындысын қоса береді.
Қорытынды беру үшін медициналық ұйым басшысының бұйрығымен дәрігерлік комиссия құрылады. Дәрігерлік комиссия өтініш беруші өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей:
- өтініш берушіні медициналық айғақтар бойынша біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы;
- медициналық көрсетілімдер болмаған жағдайда, өтініш берушіні біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберуден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына қалай беруге болады?
Медициналық ұйымның жауапты адамы уәкілетті операторға ұсыну үшін дәрігерлік комиссияның отырысы өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қорытынды береді. Өтініш беруші қорытындыны алғаннан кейін шетелдікті қоса алғанда, медициналық ұйымды таңдайды және одан әрі Шарттың сканерленген нұсқасын және дәрігерлік комиссияның қорытындысын уәкілетті оператордың интернет-ресурсындағы өзінің жеке кабинетінде тіркей отырып, онымен медициналық қызметтер көрсету туралы шарт жасасады. Алушы ұсынған құжаттар біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатына сәйкес келген кезде уәкілетті оператор алушыдан құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.
Емделуге ақы төлеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттар:
- Қорытынды;
- Медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызметтер көрсету туралы шарт және (немесе) сатушы мен алушы арасындағы дәрілік заттарды сатып алуға арналған шарт. Шарт шет тілінде жасалса нотариалды куәландырылған аудармасы қоса беріледі. Шартта медициналық қызметтердің түрі және дәрігерлік комиссияның қорытындысынан белгіленген диагноз көрсетіледі.
Алушы құжаттарды ұсынбаған жағдайда, қаражат арнайы шотқа келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде қорға қайтарылады.
Біржолғы зейнетақы төлемдері тізбеде көзделген медициналық қызмет түрлерін шектемей, шектеусіз рет пайдаланылады. Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады.