Шавкат Мирзияев билікке қалай келді?
27 жыл билікте болған Ислам Кәрімов 2016 жылдың 2 қыркүйегінде жүрек талмасынан көз жұмды. 13 жыл үкіметті басқарған Шавкат Мирзияев бұрынғы Президенттің саясатын жалғастыратынын айтқанымен, оның либералды көзқарастағы реформалары ашық экономикалық бағытта жол тартты.
Өзбекстан Республикасы Конституциясының 96 бабына орай, Кәрімов өлімінен кейін елді уақытша басқару міндеті Сенат жетекшісі Нигматулла Юлдашевке жүктелді. Бірақ Юлдашев 6 күннен кейін тәжірибесінің аздығын айтып, өз еркімен бұл лауазымнан бас тартқан болатын. Сөйтіп, Президенттік сайлауға дейінгі уақытша билікке Шавкат Мирзияев келді.
Соңғы екі жылда Өзбекстанның саяси және экономикалық даму бағыты айтарлықтай өзгерді. Көрші ел Президенті Шавкат Мирзияев сыртқы саясатта Орта Азия елдерінің интеграциясына аса мән беріп, ішкі саясатты либералды экономикалық экожүйе құру мен мемлекеттік басқаруды жаңартуға бағыттады.
88,61% – демократия ма әлде автократия ма?
2016 жылдың 4 желтоқсанында Өзбекстанда мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өтті. Бір турдан тұрған сайлауға халықтың 87,73 пайызы (17 951 667 адам) қатысып, оның 88,61 пайызы (15 906 724 адам) Шавкат Мирзияевке дауыс берген.
Ташкенттегі "Ма´no" зерттеу бастамаларының орталығы директоры Бахтиёр Эргашев informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында 3 айда жасап үлгерген реформаларының арқасында Шавкат Мирзияевтің халық сеніміне ие болып, асқан танымал тұлғаға айналғанын айтады.
– Шавкат Мирзияев уақытша билікке келген бойда халықпен тығыз байланыс орнатты. Өзбекстан азаматтары көп қолданатын Фейсбук әлеуметтік желісі мен Телеграм мессенджерінде Президенттің ресми парақшалары ашылып, халықтың арыз-шағымын онлайн түрде қабылдау жүзеге асырылды, – дейді Бахтиёр Эргашев.
Өзбек саясаттанушысының айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарына берілген еркіндік те халықтың ел саясатына араласуына жол ашқан.Мемлекеттік қызметкерлердің орнынан алынуы немесе жаңа басшының тағайындалуы жайлы ақпарат Ислам Кәрімов кезінде медиа ресурстарда берілмеген. Ал Мирзияев халық білуі тиіс кез келген өзгерісті, не жаңалықты ашық жариялауға мүмкіндік жасады.
– Одан бөлек, халықтың шағын және орта бизнес ашып, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасала бастады. Осындай реформалардың арқасында Шавкат Мирзияев аз уақытта халық арасында кең танылды, – дейді Эргашев.
Бюрократиядан прагматикаға
Ташкенттегі экономикалық даму орталығының директоры, тәуелсіз сарапшы Юлий Юсупов informburo.kz тілшісіне Өзбек үкіметіндегі жасалып жатқан реформалардың іс-жүзіндегі тиімділігі жайлы айтып өтті.
– Өзбекстанда ашық экономикалық саясатқа бет бұру түбегейлі қолға алынды. Бірақ бұл әрбір реформаның жоғары деңгейде тиімді жасалып жатқанын білдірмейді. Үкіметтегі мемлекеттік қызметкерлер әлі де қағазбастылықтан арыла алған жоқ. Десе де, кез келген мәселенің шешімін табуға нақты қадамдар жасала бастады, – дейді Юлий Юсупов.
Белгілі экономистің айтуынша, Өзбекстанның барлық экономикалық секторларына қатысты реформалар жасалды. Мемлекеттік қызметтегі азаматтар ел экономикасындағы барлық өзгерістер туралы уақытылы есеп беріп, статистикалық көрсеткіштерін ашық түрде жариялап отыруды үрдіске айналды.
– Осыған дейін Өзбекстанның экономикалық көрсеткіштері ашық түрде жарияланбайтын. Қолжетімді мәліметтердің өздері көтермелеп көрсетілетін. Өткен жыл қорытындысы бойынша, экономикалық статистика объективті көрініске ие бола бастады, – дейді Юлий Юсупов.
Айта кетсек, өткен жылдың соңында Өзбекстанның Қаржы министрі Джамшид Қошқаров Олий Мажилис Сенатының кезекті отырысында келесі жылы инфляция деңгейі жоғары болатынын ашық мәлімдеді. Министр айтқандай, 2018 жылы Өзбекстан сумы 13 пайызға дейін құнсызданды.
Өзбекстандықтар валютаны енді еркін айырбастай алады
Экономист Юлий Юсупов Өзбекстан халқының түбегейлі өзгерістер кезеңін басынан кешіп жатқанын айтады. Ал жасалып жатқан қаржы реформалары өз нәтижесін бере бастады.
– Валютаны банк арқылы еркін алмастыруға да үйреніп қалдық. Банк пен базардағы валюта бағамдарының айырмашылығы жойылды. Атқарушы билік маңызды шешім қабылдар алдында қоғам және сарапшылармен ақылдасу қажет екенін түсінді. Көрші елдермен қарым-қатынас жақсара түсті, – дейді Юлий Юсупов.
Сарапшының айтуынша, бұрын валютаның 3 түрлі бағамы болған. Экспорт және импорт операциялары Ұлттық банк жетекшілігімен жасанды жолмен бекітілген валюта бағамы негізінде жүзеге асырылса, валюта нарығындағы сауда мен базардағы ақша бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде өзгеріп отырды. Нақтылап өтсек, Ұлттық Банк шешіміне орай, 1 АҚШ доллары 4300 сумнан сатылса, қара базарда оның бағасы 7900 сумға (2016 жылдың қыркүйегіндегі дерек) дейін жеткен.
Бұрын экспортпен айналысатын кәсіпкерлер Өзбекстан Ұлттық Банкінің ұсынған валюта бағамына тәуелді болған. Ұлттық Банк өкілдері ішкі нарықта шетел валютасының қолданылмауы үшін экспортшыларды шетел валютасындағы табысын сумға ауыстыруды міндеттеген. Ал оны Банк бағамымен ауыстырған кезде экспортшылар екі есе ұтылатын. Себебі шынайы нарықтағы бағам банктердің ұсынысынан екі есе жоғары.
Өткен жылдың 5 қыркүйегінде Шавкат Мирзияевтің қаулысымен азаматтардың банк арқылы валюта айырбастауына да еркіндік берілді. Ал бір күннен кейін Өзбекстан валютасын еркін айналымға жіберу процесі басталып, өзбек сумы екі есеге құнсызданды.
Бұған дейін шетелге шығуды жоспарлаған турист визасын көрсетіп немесе экспортпен айналысатын кәсіпкер арнайы өтініш жазып қана шетел валютасын сатып алса, қазір кез келген өзбек азаматы ешқандай арнайы рұқсатсыз банк бөлімшесі арқылы өзі қалаған валютаға айырбастай алады.
Өзбекстанда әзірге жеке-жеке ақша айырбастау бекеттері жоқ. Валютаны тек банк бөлімшелерінде айырбастайды. Сонымен қатар, Өзбекстан территориясында шетелде шығарылған банк карталарымен төлем жасау мүмкін емес. Бұл мәселе де бүгінгі таңда шешіліп жатыр.
Шағын және орта бизнеске жол ашық
2018 жылы 18 қаңтарда Ақтөбе облысында Самара – Шымкент тас жолында Ресейге жұмыс істеуге бара жатқан бір топ өзбек автобуста өртеніп кетті. Көліктегі 57 адамның 52-сі опат болған. Юлий Юсуповтың айтуынша, бұл оқиға Өзбекстандағы шағын және орта бизнес секторына көзқарасты түбегейлі өзгертіп, жаңаша дамытуға үлкен қарқын берді.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев қайтыс болған отандастарының отбасы мүшелеріне көңіл айтып, бұдан кейін Өзбекстан азаматтарының шетелде жұмыс істеуге кетпеуі үшін ел ішінде оларға жағдай жасау керек екенін алға тартты.
– Өкінішке қарай, Өзбекстан азаматтарының ішіндегі жұмысқа жарамдылары шетелде жұмыс істеуге мәжбүр. Өзбек үкіметі әрбір отбасының шағын немесе орта бизнеспен айналысуы үшін мүмкіндік жасау арқылы табыс табу мақсатында шетел асатын отандастарымыздың санын азайтуды мақсат етіп отыр. Осыған орай, қарапайым азаматтарға жеке кәсібін бастауға банктен несие беру қолға алынды. Ал бизнес ашу үшін қажет құжаттар тізімі азайтылып, тексеретін мекемелерге де қатаң шектеулер қойылды, – дейді Юлий Юсупов.
Экономистің айтуынша, аймақтық мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлықпен күресу қатаң қолға алына бастаған. Себебі жемқорлық аймақтардағы бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр.
Өз өкілеттігін асыра сілтеп, ақша талап ететін мемлекеттік қызметтегі азаматтарға да шектеу қойылды. Мысалы, өрт сөндіруші және санитарлық қызмет өкілдері, салық департаментінің мамандары жеке кәсіпкердің өндірістік орталығын немесе кеңсесін жылына бір рет қана тексере алады. Кез келген кәсіпкер себепсіз тексеруге келген мемлекеттік қызметкердің үстінен Президент Мирзияевтің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы шағым түсіре алады.
Мұндай шектеулер Өзбекстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) өкілдеріне де қойылды.
Заң барлығына бірдей
Ислам Кәрімовтың өлімінен кейін ҰҚҚ-де көптеген өзгерістер болды. Себебі Өзбекстанның тұңғыш Президентінен кейін билікке келуі мүмкін потенциалды тұлғалардың қатарында елдің қауіпсіздік қызметін 22 жыл басқарған Рустам Иноятов та болатын. Ол 2018 жылдың 31 қаңтарында қызметінен босатылды.
2017 жылы 10 тамызда Өзбекстанның Жоғары Әскери сотының шешімімен ҰҚҚ басшының бұрынғы орынбасары Генерал Шұхрат Гулямов өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Ол Ислам Кәрімов билігі кезінде Әндіжандағы қақтығыстағы еңбегі үшін "Өзбекстан қаһарманы" атағын алған.
Генерал Гулямов қару саудалап, ел территориясында қылмыстық топ құрып, заңсыз әрекеттерге барғаны үшін сотталған. Одан бөлек, ақша жымқыру мен заңсыз жолмен жеткен табысын шетелге шығарғаны анықталды. Сот шешіміне орай, оған мемлекетке келтірген 1,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі шығынын өтеу міндеттелді. Интернеттегі бейресми мәліметтерге сай, ол Ислам Кәрімов қайтыс болған кезде өз отбасын АҚШ-қа көшірген.
– Өзбекстанның Ұлттық Қауіпсіздік қызметі КСРО ыдыраған кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ – ред.) ең үздік мектебі негізінде құрылған болатын. ҰҚҚ мамандарының арқасында Өзбекстанда аса қауіпті қылмыстардың алдын алу мүмкін болды. Айта кетсек, елімізде Әндіжан оқиғасынан кейін ешқандай террористік әрекет болмады, – дейді Бахтиёр Эргашев.
Саясаттанушының айтуынша, Кәрімов кезінде ҰҚҚ-не берілген мүмкіндіктердің Өзбекстанға тиімді де, тиімсіз де жақтары болды. Еліміздің қауіпсіздігін басты назарға алсақ, олардың еңбегі елеулі еді. Ал өз қызметін асыра сілтеп пайдалануы ішкі нарықтағы бизнестің дамуына үлкен кедергі келтірді. Бұл тиімсіз жағы еді.
Ашық экономикалық саясатты ұстанып отырған Мирзияевке ҰҚҚ мүмкіндіктерін шектеу қажет болды. Себебі онсыз аймақтарда шағын және орта бизнесті дамыту мүмкін емес еді.
"Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі"
Қазақстан территориясында өзбектер мінген автобустың өртеніп кетуі Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегі көпсалалы өзгерістердің жылдам өріс алуына түрткі болды.
Сол автобус өртеніп кеткен күннің ертеңіне Шавкат Мирзияев ҰҚҚ мамандарымен өткізген селекторлық жиынында қарапайым халықтың өз өңірінде бизнеспен айналыса алмауының себептеріне тоқталып өтті. Жиында ҰҚҚ мамандарының өз өкілеттіктерін пайдаланып, жергілікті бизнес өкілдеріне қысым жасайтындары да айтылды.
Аталмыш жиында Өзбекстан Президенті жасаған қаулысына орай, ҰҚҚ өкілеттігін аймақтардағы облыс, қала және аудан әкімдеріне бағынуын міндеттеді. Енді әкімдер олардың қызметін бақылайды.
Ал осы жылдың 14 наурызында, Шавкат Мирзияевтің жарлығымен Ұлттық Қауіпсіздік қызметі "Мемлекеттік Қауіпсіздік қызметі" болып өзгертілді.
Үкімет жиындары ашық өтетін болды
Шавкат Мирзияев билік басына келгеннен бастап, үкіметтің атқарушы билігі өкілдерімен видеоселектор жиындарын ұйымдастыра бастады. Айта кетсек, Президенттің қатысуымен айына 3-4 рет осындай жиын өтеді.
Мысалы, Шавкат Мирзияев мемлекеттік басқарудағы мәселелерді талқыға салу үшін 12 облыс пен Қарақалпақстан атқарушы билігі өкілдерімен тікелей видеобайланысқа шығады. Ал облыстарға ресми сапары кезінде сондағы аудан басшыларын видеоселектор жиынына жинайды.
Президент тағына отырған алғашқы жылында Шавкат Мирзияев видеоселектор жиындарда өз міндетін атқара алмай жүрген мемлекеттік қызметкерлерді қатаң сынға алып, кейбіреулерін бірден орнынан алуды бұйырған кездері көп болды. Ал бүгінде мұндай жиындарда стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру талқыланады.
Мысалы, Мирзияев Ферғана облысы атқарушы билігі өкілдерімен кездесуінде салық, қаржы және әкімдіктегі бірқатар лауазымды тұлғаларды орнынан алып, тағы біразына сынақ уақытын берді. Ал олардың орнына жас мамандарды қоюды міндеттеді. Жұмысқа алу кезінде жұмыс өтілі маңызды емес екенін де ескерді.
Атқарушы биліктің аймақтағы өкілдерімен талқыланатын басты мәселесі субвенцияға қатысты болып отыр. Нақтырақ айтсақ, әр облыс, оның ішіндегі әр аудан өзін өзі қаржымен қамтамасыз етуі тиіс. Субвенциядан шығару процесінде әр ауданның табысы шығынынан асуы керек.
Ресми мәліметке орай, әзірге Ташкент, Самарқан облыстары мен Ташкент қаласы ғана республикалық бюджеттің субвенциясына тәуелді емес.
Инвестиция тарту қолға алынды
– Өзбекстан Президенті ішкі туризмді дамыту сырттан инвестиция тартудан басталатынын айтты. 2017 жылы елге келген инвестиция көлемінің күрт өсуінен жасалған реформалар нәтижесінің оң болғанын біле аламыз, – дейді Юлий Юсупов.
Өзбекстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің мәліметіне орай, 2017 жылы Өзбекстанға сырттан келген инвестицияның көлемі 2,4 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылғымен салыстырғанда 20,4 пайызға өскенін көрсетті.
2018 жылдың қаңтар айында Шавкат Мирзияев Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерімен видеоселектор жиыны кезінде кейбір елшіге сын тағып, қатаң тапсырма берді.
Өзбекстан Президентінің тапсырмасына орай, Өзбекстанның шетелдегі әрбір елшілігі апта сайын қанша турист немесе инвестор жіберіп жатқаны жайлы есеп беріп отыратын болды. Қолынан келмеген елшілерді ақпанның басынан алып тастайтынын мәлімдеді.
Соның нәтижесі болса керек, 2018 жылдың алғашқы 4 айында Өзбекстанға 1 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция тартылған. Оның басым бөлігі АҚШ (28%), Қытай (10%) және Ресейден (6%) келген.
Ішкі мәселелерді ашып жазуға мүмкіндік берілді
"Ма´no" зерттеу бастамаларының орталығы директоры Бахтиёр Эргашев медиа саласында қуантарлық өзгерістер болып жатыр дейді.
– Қазір халықты ақпараттандыру дұрыс жолға қойыла бастады. Үкіметтің жұмысы, ішкі және сыртқы саясаттағы өзгерістер туралы өзбекстандықтар ашық әрі анық ақпарат алып жүр. Кәрімов кезінде шектелген мәселелер туралы жазуға мүмкіндік енді туып отыр. Мысалы, осыдан 6 ай бұрын жазуға болмайтын тақырыпты бүгін жаңалықтардан оқуыңыз бек мүмкін, – дейді Бахтиёр Эргашев.
Айта кетсек, Өзбекстан жыл басынан бері "Reporters Without Borders" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі бойынша жасаған рейтингінде 4 сатыға көтеріліп, 165-орынға жайғасты. Бұл рейтингте Қазақстан 158 болып тұр.
Ал 2018 жылдың мамыр айында Өзбекстан Президенті Мирзияев шешімімен журналистерді дайындайтын жаңа университет ашылды. Журналистика және Бұқаралық коммуникация университетінің ректоры болып Өзбекстандағы Халықаралық Баспасөз клубының жетекшісі Шерзод Кудратходжаев тағайындалды.
ЖОО-лар санын көбейту керек
Ташкенттегі "Ижтимоий фикр" зерттеу орталығының сараптамасына орай, 2010-2011 оқу жылында Өзбекстан жастарының небәрі 30 пайызы жоғары білім алуды жоспарлаған екен. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 76,5 пайызға дейін өскен.
– Өзбекстанның білім беру секторы көрші елдердің тәжірибесімен салыстырғанда айтарлықтай артта қалған. Оны мойындау керек. Балалар 9 сыныпты бітіргеннен кейін колледжде немесе лицейде оқуын жалғастырады. Ал оны тәмамдағандардың өте аз бөлігі жоғары білім алуды жоспарлайды. Одан бөлек, университеттер бөлетін білім квотасы да жастардың сұранысын толық қамтамасыз етпейді, – дейді Юлий Юсупов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда кәсіби орта білім беретін колледждер мен лицейлерді жауып, жастарды жоғары білім алуға үгіттеу жүріп жатыр.
Өзбекстанның Жоғары және орта кәсіптік білім министрлігінің ақпаратына орай, көрші елде 58 ЖОО (20 университет, 36 институт, 2 академия) жұмыс істейді. Одан бөлек, Ташкентте шетел университеттерімен біріге ашылған 7 ЖОО бар.
Бұл 32,6 миллион халық үшін айтарлықтай аз. Себебі Қазақстанның 18,3 миллион халқына 127 ЖОО жұмыс істейді.
Ресми ақпаратқа орай, 2017 жылы Өзбекстанда 1465 колледж мен 86 лицей болған. Олардың үштен бір бөлігі абитуриенттерді қабылдауды тоқтатты. Ал әзірге университеттер саны жеткіліксіз болғандықтан, қалған колледждер бұрынғы тәртіппен жұмысын жалғастырып келеді.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің 2017 жылдың маусымында шығарған қаулысына орай, барлық мектептерде 10-11-сыныптар қайта ашылады. Сонымен қатар, мектеп оқушылары әр күздің алғашқы екі айында мақта теру міндетінен босатылды.
Айта кетсек, Өзбекстанның білім беру саласын реттеумен екі министрлік айналысады. Өзбекстанның Жоғары және орта кәсіптік білім министрлігінің жастардың білім алуына жауапты болса, Халықтық білім министрлігі елдегі білім құрылымы мен оның даму стратегияларын жүзеге асырумен айналысады.
Айта кетсек, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев 2018 жылдың мамыр айында Халықтық білім министрлігі жұмысын сынға алып, қызметкерлерді жаңартуды бұйырған болатын. Нәтижеде, осы жылдың маусым айында жаңадан тағайындалған Шерзод Шерматов министрліктің негізгі аппаратындағы қызметкерлердің барлығын жұмыстан шығарып, жастарды жұмысқа шақырған болатын. Төмендегі мәліметке қарасақ, министрліктің құрамы әлі де толыққанды толықпағанын көреміз.
Өзбекстан мен Қазақстан: қарсыластар ма, әлде серіктестер ме?
Экономикалық даму орталығының (Ташкент) директоры Юлий Юсуповтың айтуынша, Өзбекстанның қарқын алып дамуынан Қазақстан пайда көрмесе, зиян шекпейді.
– Көршіңнің бай болғаны кімге болса да жақсы ғой. Кедей көршісі бар АҚШ елінде заңсыз шекара асқан мексикалықтар толып жүр. Сол үшін аймақтағы экономикалық даму екі елге де тиімді болары анық, – дейді экономист.
Өзбекстан Қазақстан экономикасына небәрі 10-12 жылда жетіп алады деген кейбір сарапшылардың пікірлері интернет желісінде тараған болатын. Informburo.kz тілшісі бұл сұрақты өзбек сарапшысына да қоюды жөн көрді.
– Елде жаппай реформалар жүргізіліп жатқанда, көп жылға дейін болжам жасау қиын. Ал екі елдің экономикалық мүмкіндіктерін салыстырсақ, Өзбекстанның 10-12 жылда Қазақстанның қарқынына жетуі екіталай. Себебі Өзбекстанның ЖІӨ Қазақстан көрсеткішінен 4,5 есеге аз. Ал адам басына шаққан кезде, одан да төмен болады. Содан кейін, табиғи Өзбекстанда Қазақстандағыдай табиғи минералды байлықтар көп емес, – дейді Юлий Юсупов.
Оның айтуынша, Өзбекстанның бүгінгі билігі енгізіп жатқан қарқынды реформалардың жүзеге асырылу барысы да болжамға әсер етеді.
– Тәуелсіз сарапшылар 20-30 жылда биліктің қай бағытта өзгеруін дәл болжай алмайды. Сондықтан, мұндай асығыс пікірлерді айтуға асықпау керек, – дейді белгілі экономист.
Десе де, Юлий Юсуповтың айтуынша, Өзбекстан экономикасы соңғы 30 жылда дәстүрлі "өзбек моделімен" дамыған. Ал қазір бұл түбегейлі либералды бағытқа көшіп жатыр.
– Екі жыл экономикадағы либералды реформаларды жүзеге асыру үшін өте аз. Бірақ бұл уақыт реформаларды қабылдауға қажет саяси биліктің талабын ұштауына жеткілікті. Ел экономикасына осындай өзгеріс қажет еді, – дейді Юлий Юсупов.