Тікелей эфир

Жарамдылық мерзімі, құрамы, сақтау шарты. Азық-түлік өнімі қаптамасындағы қандай жазбаларға мән беру керек?

Дүкен жапсырмасынан гөрі өндірушінің заттаңбасында жазылған ақпаратты мұқият оқу керек.

Базарға не дүкенге барғанда азық-түліктің жарамдылық мерзіміне ғана емес, сондай-ақ, қаптамасында жазылған ақпаратқа, сақтау шарттарына назар аударған жөн. Informburo.kz сапасыз, тағамдық құндылығы аз, мерзімі өтіп кеткен немесе бүлінген өнімге тап болмау жолын түсіндіреді. 

№1. Тауар қаптамасында неге зер салған жөн?

Азық-түлік тауары туралы ақпарат сатылатын елдің тілінде жазылуы тиіс. Заттаңбада:

  • өнімнің, оны өндірушінің атауы;
  • өндіруші, қаптаушы, экспорттаушы мен импорттаушының мекенжайы;
  • өнімнің дайындалған уақыты мен қапталған уақыты;
  • өнімнің жарамдылық мезімі мен сақтау мерзімі;
  • сақтау шарттары;
  • салмағы, көлемі, саны;
  • өнімнің құрамы;
  • тағамдық құндылығы және басқа да ақпарат көрсетулі міндетті.

Өнімнің шығарылған уақыты, жарамдылық мерзімі нақты және анық жазылуы керек. Тауар қаптамасындағы үлкен әріппен жазылған сөздерге ғана емес, артқы жағындағы кіші қаріптерге де назар аударған жөн. Кіші таңбалармен жазылған ақпаратты толық оқу арқылы өнімнің шынайы сипаттамасын білуге болады. Кей жағдайда тауардың нақты атауын көрсетпеу өндіруші үшін тиімді. Мысалы, ірімшік пен сүзбенің орнына "ірімшік өнімі" немесе "құрамында сүт бар өнім" деп сатылуы мүмкін.

№2. Құрамына қарап өнім неден жасалғанын қалай түсінуге болады?

Құрамы деген жазудан кейін қай ингредиент бірінші тұрса сол көп деген сөз, яғни тізімдегі компоненттер өнімдегі массалық үлесінің кему ретімен көрсетіледі. Мысалы, шұжықта ең бірінші сиыр еті жазылса сол көп болуы керек. Ингредиент тізімнің жоғарғы жағына қаншалықты жақын болса, өнімде соғұрлым көп болады. Нанның құрамынан бірінші кезекте ұн, ал шоколадтан какаоны іздейміз. 

Азық-түлік өнімдерінің құрамын мұқият зерттеңіз. Тағамдық қоспалар тізімі көп өнімдерден абай болыңыз. Кейде өндірушілер өнімнің нақты құрамын жасырады, сол себепті сапасын өзіңіз тексеруге тура келеді. Сақтау мерзімінің ұзақ болуы көп жағдайда консерванттардың көптігін білдіреді.

№3. Тағам құндылығының қандай көрсеткіштеріне назар аудару керек?

Толыққанды тамақтанатындар үшін өнімде май мен ақуыздың болуы маңызды. Бұл туралы ақпаратты таңбалаудан табуға болады. Тағам құндылығы жоғары өнім құрамында көп мөлшерде негізгі қоректік заттар (ақуыз, пайдалы майлар, тағамдық талшықтар, минералдар және тағы басқа) болады. Мұны көкөністер, жеміс-жидектер, дәнді дақылдар мен майсыз етте кездеседі. Тағам құндылығы төмен өнімдер – қант, балмұздақ, торт және т.б.

Нақты көрсеткіштер өндіруші мәлімдеген көрсеткіштермен сәйкес келе бермейтінін есте ұстаңыз. Мұны заттаңбадағы сандарға қарап тұспалдауға болады. Бірақ, оған толықтай сенудің қажеті шамалы, өйткені нақты деректердің орнына "орташа мәнін" жазып, тұтынушыны арбайтын өндірушілер жоқ емес. Көрсеткіштерден өнімнің биологиялық құндылығыны қаншалықты екенін бағалай аласыз. Егер компонент тағамдық қоспалармен бірге көрсетілсе, онда оның құрамы 2%-дан аз дегенді білдіреді. Мұндайда құрамында тағамдар мен қоспалардың рет-ретімен орналасуы маңызды болмай қалады. 


Оқи отырыңыз: Карантин кезінде қалай тамақтанған дұрыс? ДДСҰ ұсыныстары


№4. Нені мұқият қарау керек: дүкен жапсырмасын ба, әлде өндіруші заттаңбасын ба?

Дүкеннің заттаңбасы мен баға көрсеткішінде тауар туралы жазғылған ақпарат әрдайым шындыққа сәйкес келе бермейді. Сондықтан өндіруші заттаңбасында жазылған ақпаратпен мұқият танысу қажет. Буып-түйіп өлшеп қойған тауарларды сатып алғыңыз келсе, онда тауар қорабындағы өндірушінің таңбалауына зер салыңыз.

Салмағы өлшенген тауарларға арналған заттаңбаларда көбінесе ақпарат жазылмайды. Бұл да бұзушылық болып есетеледі. Өлшенген тауарда сізді қызықтыратын ақпарат болмаса оны сатушыдан талап етуге толық құқығыңыз бар.

№5. Е әрпінен басталатын кодтар нені білдіреді?

Маркетологтар өнімге назар аударту үшін бәрін жасайтындықтан өндіруші көрсеткен ақпаратты міндетті түрде зерттеңіз. Тағамға технологиялық мақсатта тағамдық қоспалар қосылады. Қоспалардың құрамы "Е" әрпінен басталатын арнайы кодтармен белгіленеді. Е коды бұл қоспаның қауіпсіздікті бағалаудың тиісті процедурасынан өткенін және Еуропалық Одақта қолдануға рұқсат етілгенін білдіреді. Код 1-мен басталса – бояғыш заттардың, 2 – консерванттардың, 3 – тотықсыздандырғыштардың, 4 – тұрақтандырғыштың, 5 – эмульгаторлардың, 6 саны иісі мен дәмін күшейткіштің барын білдіреді. Төрт таңбалы индекс тәттілендіргіштің бар екеніне дәлел. Дұрыс тамақтануды ұстанатындардың рационында өңделген өнімдер аз болғаны жөн.

Жергілікті өндірушілердің өнімдеріне басымдық беріңіз. Алыстан әкелінген тауарлар өте балғын боп көрінсе онда қосымша тағамдық қоспалар қосылған болуы мүмкін.

№6. Неліктен жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын анықтап қарау керек?

Әрбір өнімнің жарамдылық мерзімі бар. Ол мерзім аяқталса жарамсыз болып қалады. Сақтау мерзімі неғұрлым қысқа болса, құрамында консерванттар мен тұрақтандырғыштар аз болады. Қаптамасынан бірнеше рет жапсырылған сақтау мерзімін байқасаңыз өнім ескірген деген сөз. Мерзімі өтіп кеткен өнімді сатып алсаңыз оны қайтаруға толық құқығыңыз бар. Дүкен бүлінген тауарларды қабылдауға және сатып алушыға ақшасын қайтаруға міндетті.

Тез бұзылатын заттарды (ет, балық, сүт өнімдері, ірімшік) сатып аларда абай болыңыз, жарамдылық мерзімін іздеп, сақтау шарттарын мұқият оқу керек. Жарамдылық мерзімін дүкен жапсырған заттаңбадан емес, өндірушінің заттаңбасынан ғана тексеру керек. Шығарылған уақыты жақында болса да, егер ол 4°C емес, 12°C температурада сақталса бұзылып кету қаупі жоғары.

Кей өнімдердің сақтау мерзімі сағатпен есептеледі: мысалы, сүзбе қаптамасында өнімнің 72 сағат бойы балғын болып тұратыны жазылған. Демек, қаптамадан шығарылған күнінен бұрын нақты уақытты табуымыз керек. Сүзбе дүйсенбі таңғы сағат 8.00-де шығарылса, бейсенбі таңертең 8.00-ден кейін оны пайдалануға болмайды.

Сауда орындары көбінесе мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату үшін түрлі қулықтарға барады, акциялар ұйымдастырады. Адамдар сөреде көрініп тұрған тауарларды алады. Жарамдылық мерзімі жақын арада бітетіндіктен оларды алдыңғы қатарларға қояды. Сақтау мерзімі ұзақ өнімдерді сатып алмауға тырысыңыз.


Оқи отырыңыз: Covid-19 жеңу үшін қалай тамақтану керек? Төрегелді Шармановтың кеңестері


№7. Дүкенде тауардың сақталу шарттарын қалай тексеруге болады?

Азық-түлік бұзылмас үшін дұрыс температурада, яғни өндіруші көрсеткен режимде сақтау керек. Барлық өнім екі үлкен топқа бөлінеді:

  • салқындатылмаған бөлмелерде сақталатындар; 
  • төмен температурада ұстауды қажет ететіндер.

Өндірушілер ұсынған сақтау шарттарын қаптамадан көруге болады. Содан кейін дүкенде осы талаптардың орындалу-орындалмауын қадағалай аласыз.

Бірқатар тауарлар үшін стандарттардан айырмашылығы бар арнайы режимдер белгіленеді. Мысалы, тұздалған балықтар мен консервілер үшін көбінесе -4 ... -8°C сақтау режимі қажет. Көптеген сауда орындары тауарларды арнайы режимде сақтамайды. Заттаңбасында "+20°C-тан аспайтын температурада сақтау керек" деп жазылған өнімдерді ыстық әрі қапырық жерде сақтау бұзушылық болып саналады.

Өнімнің қаптамасын тексергенде бүтін, зақымдалмаған, мыжылмаған болуы керек. Мұздатылған өнімдер қаптамасын ашқанда қырау немесе қар болса сақтау шарттарының бұзылғандығын көрсетеді.

Азық-түлікті дұрыс сақтау үшін салыстырмалы ылғалдылық, жарықтандыру, желдету де маңызды, бірақ оларды көзбен бағалау қиын. Сондай-ақ, тауарлар сөреге жинақы қойылып, бір-біріне зақым келтірмеуі керек. 

№8. "ГМО-сыз", "қантсыз" деген жазуларға сенуге бола ма?

Әдемі заттаңбаға бірден сенім артпаңыз. "ГМО-сыз", "консервантсыз", "табиғи", "тағамдық қоспалар жоқ", "жоғарғы сапа", "+витаминдер" деген жарнама сөздер жазылған өнімдерді сатып аларда мұқият болыңыз. Біріншіден, бұл сөздер рас болмауы мүмкін. Екіншіден, өндіруші өнімнің басқа кемшіліктерін бір артықшылығымен жасыра алады. Құрамында консерванттар жоқ, бірақ қоректік заттар аз тауарларды кездестіруге болады. Өндірушілердің мұндай айла-шарғысына алданбаңыз.

Мысалы, "қантсыз" деген жазуды көрсеңіз өнім қаптамасын аударып, кокос қантының, сірне немесе глюкоза шәрбаты бар-жоғын тексеріңіз. Олардың өзі қант.


Оқи отырыңыз: Сапалы тағам, жағымды эмоция. Ерте қартаймау үшін есте ұстау қажет негізгі 5 кеңес


№9. Өнімнің сыртқы түрін қалай тексеру керек?

Тауар қаптамасының жай-күйіне назар аударыңыз: ол тұтас және зақым келмеген болуы керек. Қаптама клиенттердің назарын аудару үшін ғана емес, ең алдымен өнімді сақтау үшін жасалғанын есте ұстаңыз. Өнімнің қаптамасы ұсқынсыз көрінсе сапасы нашар дегенді білдірмейді. Жоғары сападағы өнімнің қаптамасы қарапайым, көзге түспейтін болуы мүмкін. 

Мыжылған қаптамаларды, формасы өзгерген банкілерді, ескі дақтарды көрсеңіз немесе жағымсыз иісті сезсеңіз ол тауарды алмаңыз. Мұның бәрі дұрыс сақталмағандықтан немес тасымалдау шарттары мен жарамдылық мерзімінің бұзылуынан болады. Дастарханға қоятын тағам асқазанды ғана емес, көзді де қуантуы керек.

№10. Азық-түлік тауарларын акция не жеңілдікпен сатып алу қаншалықты қауіпсіз?

Жарнамалық акциялар мен жаппай сатылымдарға үнемі сену дұрыс емес. Акциялар әдетте пайда табу үшін ұйымдастырылатынын ұмытпау қажет. Мысалы, акция кезінде ескірген, тіпті жарамдылық мерзімі өткен өнім сатылуы мүмкін. Сол себепті "жеңілдік" берілетін тауарларды сатып аларда мұқият тексеріңіз.

Сауда орындарында көп жағдайда жарамдылық мерзімі бүгін-ертең аяқталатын тауарларға үлкен жеңілдіктер жасайды. Мұндай өнімдерді сатып алар болсаңыз оларды сақтау шарттарына назар аударып, тезірек қолданып тастаңыз. Ал жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды сатуға заңмен тыйым салынады.

Серіктестер жаңалықтары