Тікелей эфир

Қылмыстық кодекстің 4 бабы бойынша айып тағылған. "Олимп" букмекеріне қатысты сот басталды

Сурет ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтынан алынды
Сурет ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтынан алынды
Айыптау актісіне сәйкес, қылмыстық топ мүшелері мемлекетке 95,6 млрд теңге көлемінде зиян келтірген.

Алматының Алмалы аудандық сотында "Olimp KZ" ЖШС, "Alpha-Bet" ЖШС және "Onlybet" ЖШС букмекерлік кеңселерінің өкілдері жасаған қылмыстық іске қатысты сот басталды. Олар букмекерлік кеңсенің атын жамылып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны, қылмыстық жолмен тапқан табысты иемденгені және салық төлеуден жалтарып, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіргені үшін істі болып отыр. Тергеу дерегінше, қылмыстық топты Анарбек Жауыров пен Дмитрий Давыдов құрған. Аталған ұйымдасқан қылмыстық топқа 20-дан астам адам мүше болған. Сотталушылардың әрқайсының рөлін қылмыстық топқа жетекшілік еткен жоғарыда аталған екеу бөліп берген.

"Жауыров Давыдовпен бірге ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны басқарды. Олар 2014 жылдың қаңтар айынан бастап 2019 жылдың желтоқсанына дейін әрекет еткен. Осы уақыт аралығында "Olimp" букмекерлік кеңсесінің директорларына, бөлім басшыларына, программистеріне компанияның серверлерінің орнын Қазақстаннан тыс жерлерге ауыстыру жөнінде жеке нұсқаулар берді. Сондай-ақ, букмекерлік кеңселердің шоттарынан миллиондаған қаржыны шешіп, шетел валютасына ауыстыру арқылы Қазақстан аумағынан шығару бойынша әрекет етті", – деді мемлекеттік айыптаушы.

Оқи отырыңыз: Карантин кезінде блок бекетте жантүршігерлік жол апатын жасаған алматылық экс-полицейге үкім шықты

Қылмыстық топтың басындағы екеу бухгалтерлерге салық органдарына тапқан табыс пен шығыс туралы бұрмаланған мәлімет беруді де жүктеген. Әрі бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған. Ал қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат пен өзге де мүлікті одан әрі заңдастыруға тырысқан. Салдарынан қазынаға миллиардтаған салық түспей қалған. Прокуратураның хабарлауынша, "Olimp KZ" ЖШС, "Alpha-Bet" ЖШС және "Onlybet" ЖШС букмекерлік кеңселерінің болжамды ұйымдасқан қылмыстық тобы мемлекетке 95,6 млрд теңге көлемінде зиян келтірген.

Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 4 бабы бойынша айып тағылған:

  • 307-бап: заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру;
  • 245-бап: ұйымдарға салынатын салықты немесе бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару;
  • 262-бап: ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу;
  • 218-бап: қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру.

Оқи отырыңыз: Түрмеде трансгендер әйелді зорлаған ҰҚК экс-қызметкеріне үкім шықты

Айта кетсек, қылмыстық топтың заңсыз әрекеттерін былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы бойынша департаменті әшкерелеген болатын. Олар прокуратура органдарымен бірлесіп, "Олимп" букмекерлік кеңсесі әкімшілігінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуге бастамашы болды. Нәтижесінде Қазақстан шегінен тыс ақшалай қаражатты заңсыз шығару арналары анықталып, оқшауланды. Әрі 2019 жылы 29 қарашада Алматыдағы Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "Олимп" БК сауда белгісімен "Only bet" ЖШС және "Alpha bet" ЖШС-не берілген лицензия қолданысын 6 ай мерзіміне тоқтатқан болатын.

Серіктестер жаңалықтары