Бүгін Алматы облысы Қарасай ауданының сотында блок бекетте жол апатын жасап, екі полиция қызметкерін жазым еткен Азат Азаматовқа қатысты сот үкімі шықты. Бір айдан астам уақыт сотта қаралған істе бұрынғы полиция қызметкері Азат Азаматовтың кінәсі толық дәлелденді. Сот шешімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оның өмір бойы көлік тізгіндеуіне тыйым салынды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде (қоныс колониясында) өтейді.
Сот Азат Азаматовтан жәбірленушілерге көмек көрсету қорына 41 670 теңге, мемлекет пайдасына 1 млн 266 мың теңге сомасындағы сот шығындарын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сондай-ақ, судья жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толығымен қанағаттандырды. Жол апатынан қаза тапқан қос полиция қызметкерінің отбасы одан 60 млннан астам теңге көлемінде материалдық-моральдық шығын төлеуді талап еткен болатын. Ал, Алматы Полиция департаменті соттан жол апатынан сау тамтығы қалмай қирап қалған полицейлердің қызметтік көлігі үшін Азаматовтан 5 млн теңге өндіріп беруді сұраған.
Үкім шығарған кезде сот Азат Азаматовтың кішкентай баласының барын және кінәсін толық мойындағанын ескерді.
"Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлімінің санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Іспен бірге сотқа түскен айыптау актісінде жазаны ауырлататын мән-жайлар көрсетілмеген болатын. Бұл жайт, істі берілген айыптау шегінде ғана қарастырып, тағайындалуы мүмкін максималды жазаны 5 жыл мерзіммен шектеді. Осыған байланысты сот мемлекеттік айыптаушыға жаңа айыптау актісін дайындауға уақыт берді. Жаңа актісіне сәйкес жазаны ауырлататын мән-жай ретінде полиция департаментіне келтірілген зиян көрсетілді", – деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.
Жәбірленуші тарап, сотталушыға тым жеңіл жаза берді деп қынжылды. Басты сот талқылауы барысында олар Азат Азаматовқа еш кешірім бермейтінін айтқан еді. Дегенмен, қара жамылған отбасылардың соттың шығарған үкімімен келіспеске амалы қалмады.
"Ол өзі полиция қызметкері болған, тәртіпті де біледі. Бірақ, тәртіпті біле тұра арақ ішіп, рөлге отырды. Соның кесірінен мен баламнан айырылып отырмын. Үш бірдей отбасы оның опасыздығының құрбаны болды. Екі отбасы қара жамылды. Әйелдері күйеуінен, балалары әкесінен айырылды. Бізде заңның жұмсақтығы сол, осы іс аяқталмай жатып естіп жатырсыздар Щучинскте тағы екі полицей қаза тапты. Біздің елде заңды барынша қатаңдатпай, арақ ішіп көлік жүргізу тоқтамайды деп ойлаймын. Заң қатаң болса ғана елдің санасына кірер ме еді? Судья заңнан артық шыға алмаймын деп 10 жыл мерзім жаза тағайындап тұр. Енді заң солай болса, біз қарсы не айта аламыз? Алла берсін жазасын", – деді марқұм Дастан Әбдіқановтың әкесі Маратжан Әбдіқанұлы.
Оқи отырыңыз: "Қатты өкінемін". Блок бекетте әріптестерін жазым еткен алматылық экс-полицей сотта жауап берді
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Арыстан Әлікенов 26 жастағы сотталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Сондай-ақ, Азат Азаматовтың жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу керектігін алға тартып, оны өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұраған.
Соңғы сөзінде сотталушы жантүршігерлік жол апатын жасағанын толығымен мойындап, бұл әрекеті үшін марқұмдардың отбасынан өкініп тұрып кешірім сұраған еді.
"Мен өкінемін, қателестім. Сол үшін кешірім сұраймын. Мұның барлығын әдейі істеген жоқпын. Егер мен оларды танымасам бір жөн екен. Бірақ мен оларды білемін және сол жаныма батып тұр. Егер уақытты кері қайтаруға болатын болса, мен олармен бірге өлер едім. Бірақ бізді не күтіп тұрғанын ешкім білмейді және тағдырдан құтыла алмайды екенсің. Болған оқиға үшін кешірім сұраймын. Мен одан сабақ алдым", – деді Азат Азаматов.
Оқи отырыңыз: "Жаппай жазаланса да, сабақ алмады". Алматы полициясы блок бекеттегі көлік апаты туралы шындықты неге бұрмалады?
Еске сала кетсек, Алматы полиция департаментінің экс-қызметкері Азат Азаматов 25 мамыр күні Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай шағын ауданындағы блок бекетте жантүршігерлік жол апатын жасағаны үшін сотталды. Тергеу дерегінше, BMW көлігін тізгіндеген Азаматов жоғары жылдамдықпен келіп, бақылау-өткізу пунктінің бетон қоршауын қақ бөліп өткен. Одан әрі жолдың арғы бетінде тұрған патрульдік көлікке соғылған.
Апат салдарынан қызметтік көлік ішінде отырған екі полицей Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқанов қаза тапты. Тағы бір тәртіп сақшысы Ербұлан Сейдазым қатты зардап шегіп, ұзақ емнен соң оңалды. Кейін анықталғандай, Азат Азаматов сол күні автокөлікті мас күйінде басқарған. Алматы Полиция департаментінің дерегінше, ол 21 мамырда, яғни, апаттан 4 күн бұрын жұмыстан босатылған.
Бастапқыда Азат Азаматовтың ісі Қылмыстық кодекстің 99-бабы – "Кісі өлтіру" бойынша тергелді. Кейін оған 345-1-бабының 4-бөлігіне сәйкес, мас күйінде көлік жүргізіп, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол апатын жасағаны үшін айып тағылды.