Тікелей эфир

Ұлттық банк: "7-20-25" және "Баспана хиттің" жабылуы ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігіне әсер етпейді

Қазіргі таңда "Отбасы банкінің" тұрғын-үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы да ипотекалық несиелендіру белсенді түрде жүзеге асып жатыр.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы мен "Баспана хит" ипотекалық өнімі туралы түсіндірме берді.

"Мемлекет басшысы халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің дұрыс шешілуіне үнемі ерекше көңіл бөледі, сондықтан біз айтып отырған бағдарламалармен қатар Үкімет өзге де көптеген жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында 25 жылға дейін 5% жеңілдікпен (бастапқы жарна 20% кем болмаған жағдайда – "5-20-25") жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) тарапынан әлеуметтік несие беріледі", – деді Берік Шолпанқұлов.

2019 жылы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға арналған бастапқы жарнасы 10%, жеңілдетілген мөлшерлемесі 2% "Бақытты отбасы" бағдарламасы басталған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған "Шаңырақ" (5-10-20) атты әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған халық тобына арналған жоба жүзеге асырылып жатыр.  Бұл бағдарлама арқылы 20 жылға дейінгі мерзімге 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен баспана алуға болады. Айта кетейін, Ұлттық банк осы жобаны жүзеге асыруға қатысып, "5-10-20" жобасы бойынша "Отбасы банкі" арқылы кезекте тұрған адамдарға несие беруге 210 млрд теңге қаржы, ал ЖАО арқылы несиемен алынатын баспана құрылысына 180 млрд теңге бөлді.


Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі


Қазіргі таңда "Отбасы банкінің" тұрғын-үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы да ипотекалық несиелендіру белсенді түрде жүзеге асып жатыр. Банк халыққа ипотекалық несиелендірудің үлкен таңдауын ұсынып отыр. Мысалы, жас отбасылар жылына 6% мөлшерлемемен "Жас отбасы" бағдарламасы арқылы баспаналы бола алады. Ал әскери қызметкерлер "Әскери баспана" бағдарламасымен 3,5%-8% аралығы мөлшерлемемен (бастапқы жарнаның сомасына байланысты) үй сатып ала алады. Сонымен қатар, жуырда  мөлшерлемесі 12% "Ұмай" атты әйелдер ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.

"Қазіргі уақытта ипотекалық несие нарығын одан әрі дамыту үшін Үкімет, Ұлттық банк және "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ нарықтық механизмді қолдана отырып, ипотекалық несие портфелін секьюритизациялауды енгізу мәселесін қарастыруда. Жоба туралы егжей-тегжейлі  мәлімет мүдделі тараптармен толық талқылаудан кейін қосымша хабарланады", деді Ұлттық банк төрағасы.


Оқи отырыңыз: "7-20-25" және "Баспана Хит" бағдарламалары лимитіне жеткен кезде тоқтатылатыны белгілі болды


Осылайша, несие нарығында жасын, әлеуметтік мәртебесін, кәсібін ескеретін әр-түрлі санаттағы адамдарға арналған жеңілдікпен берілетін ипотекалық бағдарламалардың үлкен таңдауы бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан, Ұлттық Банк тарапынан қаржыландырылып, жүзеге асырылып жатқан ипотекалық несиелендіруді қолдау бағдарламалары бойынша бөлінген лимиттердің игерілуі ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігіне әсер етпейді. 

Серіктестер жаңалықтары